Қоғам және әйел келбеті

Арнайы кітапханадағы зағип азаматтар үшін негізгі ақпарат көзі нүктелі-бедерлі қаріппен, яғни Брайль жүйесі бойынша басылған кітаптар болып табылады.
Осы орайда кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімі орасан жұмыс атқарып жүр. Аталған бөлім қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларын зағип жандар үшін арнайы нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығарып, шығарма авторларымен кездесу ұйымдастырып, Брайль қаріпте шығарылған кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырып, өскелең ұрпаққа насихаттап келеміз.
Бүгін мен сіздермен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, тағдырлы тұлғалардың ішкі әлемін шынайы бейнелейтін жазушы – Бибігүл Иманғазинаның шығармалары арқылы өмірлік мотивация жайлы ой бөліскім келеді. Оның қаламынан туған «Бибі-Сана», «Назым» романдары және «Үйіме барғым келмейді…» повесі – тек әдеби туындылар емес, тағдырмен бетпе-бет келген адамның қайсарлығы мен рухани күресін бейнелейтін өмір сабақтары.
«Бибі-Сана» романы – өмір үшін күрестің символы.
Бұл шығарма – қазақ әйелінің күрделі тағдырын, өмірлік қиындықтарға мойымай, өз орнын табуға талпынған жанның хикаясы. Бибі-Сана есімді кейіпкердің басынан өткен ауыр сынақтары арқылы біз ерік-жігердің, табандылықтың, үміттің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.
Өмірде қандай қиындық болмасын, адам өзін жоғалтпауы керек. Сенім мен сабыр – адамның ең үлкен қаруы. Бибі-Сана осыған дәлел.
«Назым» романы – нәзіктік пен рух мықтылығының тоғысы.
Назым – сырттай қарағанда нәзік, бірақ ішкі жан дүниесі өте берік кейіпкер. Ол махаббат, отбасы, қоғам арасындағы қақтығыстарда өз болмысын жоғалтпай, өз жолын табуға тырысады. Оның ішкі жан арпалысы арқылы біз шынайы әйелдің тағдырын көреміз.
Өмірде бәрі бірдей болмайды. Махаббат та, үміт те, сатқындық та қатар жүреді. Бірақ ең бастысы, өзіңе деген сенімді жоғалтпау.
«Үйіме барғым келмейді…» повесі – еркіндікке ұмтылу.
Бұл шығармада қазіргі қоғамдағы жастардың ішкі қайшылығы, бостандыққа деген құлшынысы мен өзін табуға деген талпынысы терең сипатталады. Бас кейіпкердің «Үйіме барғым келмейді» деген сөзі – жай ғана өкпе емес, бұл ішкі еркіндікке, түсіністікке, жаңа өмірге деген ізденіс.
Кейде өз орныңды табу үшін алыстау қажет. Өз-өзіңе сұрақ қойып, жауап табуға талпыну – тұлғалық өсу жолындағы маңызды қадам.
Жұртшылыққа қазақтың «Тереза ана», «Бибі-Ана« деген есімдерімен таныс белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет, Парасат, Бірінші дәрежелі Барыс ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Бибігүл Иманғазинаның туындылары бізге не үйретеді?
Қандай жағдай болмасын, үміт үзбеу керек.
Өмір – күрес, ал адам – сол күрестегі жауынгер.
Әйел заты – тек нәзіктік емес, ол – рухтың мықтылығының белгісі.
Өз жолыңды табу үшін ішкі дауысыңды тыңдай білу керек.
Әрбір кейіпкердің тағдыры арқылы біз өзімізді тани аламыз. Мүмкін біз де Назым сияқтымыз, ішімізде дауыл болса да, сырт көзге сабырлы. Немесе Бибі-Сана сияқтымыз – өмірден соққы алсақ та, мойымайтын жандармыз. Әлде «Үйіне барғысы келмейтін» жан шығармыз – өз орнымызды әлі іздеудеміз…
Бірақ бір нәрсе анық. Өмір – күрес. Ал күресуден шаршамаған жан жеңіске жетеді.
Нұрия Баймұратова,
Брайль кітаптарын шығару
бөлімінің қызметкері