ҚАЗАҚ ПЕН САХА АРАСЫ
28.10.2016
2002
0

suret-sahaАлматыға бірінші рет ат басын бұрған Саха театрының ашылғанына биыл 110 жыл толыпты. Бір ғасырдан астам жасаған театрдың Қазақстанға келуі екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына оң әсер етері сөзсіз. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өнер көрсететін Саха театрының директоры, РФ-ның және Якутияның еңбек сіңірген артисі, РФ-ның және Якутияның халық артисі Анатолий Николаев сөзін «Алматыға бірінші рет келуім, Алматы шынымен де жасыл қала екен, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Медеуді көре алмағанымызбен  Көктөбеге бардық, Алматының әйгілі апортынан ауыз тидік», – деп бастап, әрі қарайғы әңгімені өнер сапары жайында жалғады.


dsc_8820-1Анатолий НИКОЛАЕВ,
Саха театрының директоры

– Саха театрының алғашқы спектаклі 1906 жылы қойылды. Сол жылдан бастап ұлттық театр өз  жұмысын бастады деуге болады. Бұл жолғы гастрольдің ауқымы өте үлкен. «Саха театры аңыздары» деген атпен Еуразия, яғни Еуропа пен Азия аумағын қамтиды. Ал­матыға театрымыздың аңызына айналған екі спектакльді алып келдік. Біріншісі Шыңғыс Айт­матовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасының желісі бо­йынша ең алғаш 1982 жылы қо­йыл­­ған «Мен аңсаған жаға­лау» атты пьеса. Биыл оның осы сахнада қойылып келе жатқа­нына 35 жыл болды, қазір оны жаңа құрам ойнайды. Алматылық көрерменге көрсеткіміз келген екінші спектакль әйгілі «Лир патша» еді, техникалық ақаулықтарға байланысты У.Шекспирдің «Тиит Андроник» драмасының желісі бойынша сахналанған «Тиит» тра­гедия­сын көрсететін болдық. Бір қызығы, Шекспирдің бұл шығар­масы Кеңес өкіметі аума­ғын­да да, Ресейде де қойылмаған екен. Тек батыс еуропада және ме­нің білуімше, Англияда қойылған. Ре­жиссері Сергей Потапов. Сер­гей­дің есімі қазақстандық театр сүйер қауымға таныс, ол бұдан біраз уақыт бұрын Астана қала­сында «Шие бағын» қойды. Ал Астана қаласына біз Федерико Гарсиа Лорканың «Бернард Альд­тің үйі» (мұнда тек әйел адамдар ойнайды) спектаклі мен кемеңгер ойшыл, философ, жазушы  А.Кулаковский­дің шығармасы бойынша «Ша­ман­ның түсі» спектак­лін­ қоя­мыз. Жалпы, біздің театр­дың репертуарында 35 қойылым бар. Ал мына гастрольге театры­мыздың партитурасын, шы­ғарма­шылық ойын, идеясын, деңгейі мен рухын толық көрсете алатын қойылым­дарды алып шықтық. Әйтпесе бізде Островский де, Гоголь да, өзіміздің Саха драматург­терінің де, шетел­дік классиктердің пьесалары да бар.

– Алматылық көрерменнің қойы­лымдарыңызға деген ықыла­сын қаншалықты сездіңіз?

Алматылық көрермен Ш. Айтматовты да, оның «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығар­ма­сын да жақсы біледі. Оның үстіне бұл шығарма осы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық­ Балалар мен жасөс­пі­рімдер театрының сахнасында қойылды. Тіпті кей көрермен аударманы қажет етпеді. Олардың бұл қойылымды бүге-шігесіне дейін жақсы білетіні көрініп тұр. Бастапқыда қаржы мәселесіне байланысты Алматы мен Астана қалаларының бірін таңдау керек болды. Алайда, мәдениеттің мекені Алматыдан аттап кетуге дәтіміз шыдамады. Ал Астана – елдің ордасы, саясат пен экономиканың орталығы, кейінгі жылдары Астана қаласын әлем халықтары әлемнің орталы­ғы деп атай бастады, оған бармай қоюдың да жөні жоқ.

– Саха еліндегі заманауи режиссура қалай дамып келеді?

– Дәл осы У.Шекспирдің «Тиит» трагедиясы бұдан екі жарым жыл бұрын ғана қойылды. Шетелдегі және ел ішіндегі бірне­ше фестивальдерге қатысты. Ре­жис­серлік жұмысқа жаңа леп берді. Сергей Потаповты жаңа заманның, жаңа дәуірдің режис­сері деп толық айтуға болады. Руслан Траховский де жас режиссер М.Шепкин атындағы Мәскеу­дің жоғары театр училищесінің түлегі. Театрымыздың негізгі ұстанымы театрдың жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесін негізге ала отырып, заманауи режиссураға икемделе жүріп, Саханың ре­прессияға ұшыраған ұлы ұлдары туралы айту. Бұл тақырып 1983 жылға дейін жабық болды. Сон­дықтан да театр сондай азамат­тардың өмір жолын, күрескерлігін халқымызға таныстыруға күш салуда.

– Қазақстан театрларының репертуарымен қаншалықты таныссыз?

– Әрине, әзірге менің білетінім тек жалпылама мәлімет қана. Сол үшін де нақты бір қойы­лымдар туралы айта алмаймын. Осы театрдың режиссері Жанат Ах­мадиевпен бір оқу орнында оқыдық. Қазақстаннан барып, білім алған көп режиссерлерді танитынбыз, алайда бұл театрдан олардың барлығын көрмедім. Мүм­кін олар ел ішіндегі өзге театрларда жұмыс істеп жүрген болар. Аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов бізге «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» фильмдері арқылы жақсы таныс, оны біз ұлы актер ретінде жоғары бағалай­мыз.

Қазақстанның замануи театр­лары туралы өкінішке қарай, көп біле бермеймін. Дегенмен, осы сапар екі елдің театрлары арасын­да­ғы көпір болады деген ойдамын. Екі елдің өнері мен өнер адамдары арасында жақсы қарым-қатынас орнайды деген сенімдемін. Сәтін салса екі театр режиссерлері тә­жірибе алмасып келіп, кетіп жүретін күн туар. Тек театр ғана ем­ес, екі елдің музыкасы мен әде­биеті үшін де осы сапар тиімді болатынына үміт көп. Осы бір аяулы театрдың әкімшілігі қазір­дің өзінде Якутияға келуді ойлас­тыра бастады. Біз бұл театрды аса үлкен қуанышпен қарсы алуға дайынбыз. Біздің елде қазақ -қыр­ғыз бауырлардың  диаспорасы бар. Якутск – театрға етене жақын қала. Бір қалада жеті театрдың бол­уы қала мәдениетінің жоға­рылы­ғынан хабар берсе керек. Ендеше, қазақ театры біздің елге гастрольге барса қойылымдар аншлагпен өтетініне сенім мол.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

 

• МАМАН ПІКІРІ •

Сания КАБДИЕВА,
өнертану кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– П.Ойунский атындағы Саха академиялық театрының Қазақстанға келуі елдің мәдени өмі­рін­­дегі үлкен әрі маңызды оқиға. Якутия театры Ресейдің ұлттық театрлары арасындағы көш­бас­­шы орынға ие. Якут ұлттық театрының 110 жылдығына арналған «Саха театрының аңыз­дары» атты Еуразиялық гастрольдік тур аясында 20-21 қазан күндері Алматыда Ш.Айтматовтың «Же­ланный голубой берег мой» және У.Шекспирдің шығармасы бойынша «Тиит» трагедиясы көр­сетілді.

Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінің желісімен қойылып, аты аңыз­ға айналған «Мен аңсаған жағалау» спектаклі – Саха театрының төлқұжаты. 1982 жылы оны ГИТИС-тің режиссерлік факультетінің (А.Гончаров курсының) түлегі Андрей Бо­ри­сов пен ленинградтық сценограф Геннадий Сотников қойған еді. Дипломдық жұмыстың көр­кемдік деңгейі жоғары болғаны сондай, ол Кеңес өкіметі мемлекеттік сыйлығына иеленді. Күл­лі Кеңес өкіметіне танымал болып, көптеген шетелде көрсетілді. Осы жылдар ішінде ак­терлік құрам өзгерді. Мәселен, көп жыл Кириск баланы сомдаған халық артисі Ефим Сте­панов енді Орган тай­пасының ақсақалын ойнап жүр. Спектакльдің режиссурасының мығымдығы бұрынғыдай, көр­кемдік тұтастығы мен актерлік ойынның жетілгені таңғалдырады. Режиссер А.Борисов мета­фо­ралық театр құралдарын қолдана отырып, адамзатты сақтап қалу жолындағы адамның таңдауы жайында сахналық аңыз тудырып, әлемнің терең философиялық картинасын ашады.

А.Борисов якут режиссерлік мектебінің негізін қалаушы. Оның спектаклдерінде ұлттық ерекшелік заманауи театр тілімен нәзік үйлеседі. Оның үстіне  ол фольклор мен шамандық рә­сімдерді қосып, сахнада Саха халқының ұлттық эпосын жаңғырту үшін Олонхо театрын құрды.

Якут театрындағы жалынды жас режиссерлердің бірі – Сергей Потапов. Ол«Ленком» театрының бас режиссері Марк Захаровтың шәкірті әрі Ресейде Шекспирдің «Тит Андроник» трагедиясы бойынша «Тиит» спектаклін қойған алғашқы адам.

Якут театрының сахнасындағы Шекспирдің қанқұйлы трагедиясы дыбысталу ерекшелігі, актерлер қуатының мықтылығымен таңдай қақтырады. Дәл осы қойылым 2015 жылы Қазанда өткен түркі халықтары театрларының халықаралық «Наурыз» фестивалінде қазақ театрларының директорлары мен режиссерлерін тәнті еткен. Содан бері Қазақстанның үш театрында Потаповтың режиссерлығымен заманауи стилде үш қойылым қойылды. Саха театрының гаст­ролі екі ел театрларының әріптестігін нығайтып, бірлескен жобаларды іске асыруға мұрындық болады деп сенеміз.

• КӨРЕРМЕН ПІКІРІ •

Назерке ЖҰМАБАЙ,
Астана Жастар театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

– Түркітілдес мемлекеттердің ішінде Саха театрының шығармашылық мысы да, бәсі де басым. Оны халықаралық театр фестивальдерде көргеніміздей  шынайылығымен, сахна тілін суреткерлік, бейнелілік тұрғысынан шебер меңгеруімен, актерлік құрамның мықтылығымен дәлелдеп те жүр. Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» пен У.Шекспирдің «Тиит» трагедиясы Алматы жұртшылығы үшін шын мәнінде жаңалық болды десек, артық  болмас.

Әсіресе, соңғы жылдары бұл театр режиссура, сахна тілін суреткерлік сараптау тұрғысынан алдына жан салмайды. Мәселен, режиссер Андрей Борисов сахналаған Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымынан бірде-бір басы артық дүниені, әсірелеу мен жасандылықты көрмейсіз. Өйткені, режиссер алғашқы планға техникадан бұрын адам жанын, күллі ғаламға ортақ адами проблемалар – ұрпақ жалғастығы, туыстық тіннің беріктігі, ұлт болып қалу, тіл мен ділді сақтау сынды ғаламдық түйткілдерді шығарады. Оқиға бір ғана орында өткенімен, актерлердің ішкі толқынысы, эмоциясы үнемі әрекетке жетелейді. Сол ішкі әрекет, рухани тынымсыздық өзімен бірге залды да жалқы сәтке ырқына жібермейді. Әсіресе, сахна ортасындағы тербелмелі қайықтың теңіз толқынымен бірге көрермен залына дейін жеткендегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Режиссураның қарапайым-ақ әдістері, бірақ әр деталі соншалықты бір шынайылықпен, мұқияттылықпен ойластырылып, орындалғандығынан болар, театрда емес, шығарма кейіпкерлерімен қосарласа теңіз бетінде Сіз де бірге арпалысып жүргендей күйді бастан кешесіз. Өнердің шынайылығы деген осы болар, бәлкім.

Ал актерлік ойын жайлы әңгіме тіпті бөлек. Сахнагерлердің ішкі органикасы, фактурасы мен дауыс игеруі де ұлтық бояуы мен ерекшелікті сақтай отыра өз сүрлеуін тапқан. Актерлер эмоциясының қуаттылығы сондай, аудармашының көмегінсіз-ақ, сахнагерлермен сырласып кете бересіз…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір