САХА ЕЛІНДЕГІ ЖЫР МЕРЕКЕСІ
30.10.2023
204
0
Өткен аптада бауырлас Саха Республикасындағы (Якутия) «Үлкен қардың игілігі» атты халықаралық поэзия фестиваліне қатысып қайттым. Алматыдан ұшаққа отырарда мына бір шумақтар ойға орала берді:
Алматы. Әуежай.
Күздің бір тамаша түнінде,
Жол тартып барамын Сібірге.
Алдыда жеті мың шақырым –
Ұшаққа отырдым
Дұғамды күбірлеп…
Жақұтты мекенге қонармын,
Таң атар мезгілде сібірлеп.
Күт мені
Ей, Саха бауырым,
Қарсы алып
Олонхо-жырыңмен.
Түбі бір Түркіміз біз деген,
Сен маған туыссың 
Түріңмен, тіліңмен, үніңмен.
Қазақтың сәлемін ап барам,
Тайганы толтырып дүбірге!
  
Алматыдан Красноярскіге, одан ары Якутскіге жеті мың шақырымдай әуе жолымен ұшып барып, қара орманы самсаған Сібірдің ортасына келіп қондық.
Біз ойлағандай емес, бұл жақта күн жылы болып тұрды. «Үлкен қардың игілігі» деп аталатын жыр мерекесін қарсыз қарсы алсақ та, Саха бауырлардың ақ қардай ақ пейілін көрдік.
Ақындарды Якутияның халық ақыны, «Үлкен қардың игілігі» фес­тивалі жобасының авторы, ақын Наталья Харлампьева, Якутия Жазу­шылар Одағының жаңа сайланған Төрағасы, ақын Гаврил Андросов қарсы алды.
Қарт Сібірдің ең суық нүктелерінің бірі – Якутск қаласында өткен жылышырайлы поэзия фестивалінде Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан және Ресей құрамындағы Татарстан, Якутия, Башқұртсан, Дағыстан республикаларының ақын­дары бас қосты.
Фестиваль қонақтарын алдымен Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаев арнайы қабылдап, «Біз бауырлас елдермен рухани ынтымақтастығымызды, достық қарым-қатынасымызды өте жоғары бағалаймыз. Әдеби бай­ланыстар халықтарды рухани біріктіріп, жақындастырады» – деп атап өтті. Халықаралық поэзия фестивалінің ашылу салтанаты Солтүстік-Шығыс федералды университеті жанындағы Мәдени Орталықтың үлкен концерт залында өтті.
Фестивальдің екінші күні ақындар Саха елінің мақтанышы, ағайынды қаламгерлер – ақын, аудармашы Семен Данилов пен жазушы Софрон Даниловтың туған өлкесі – Мытах елді мекенінде, Бердигестях ауылында және тағы бірнеше ауылдарда кездесулерде болды. «Үлкен қардың игілігі» («Благодать большого снега») деп аталатын фестиваль атауы – Семен Даниловтың әйгілі өлең жолдарынан алынған.
Фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Якутияның Мәдениет және рухани даму министрлігі, Сыртқы байланыстар министрлігі және Солтүстік-Шығыс федералды университеті қолдау көрсеткен.
ТМД мемлекеттерінің, Түркітілдес халықтардың әдеби-мәдени байланысын дамытуға бағытталған рухани іс-шара аясында әр елден келген ақындар ортақ әдеби жобалар мен аударма мәселелерін талқылап, шығармашылық кездесулерге қатысып, тәжірибе алмасты.
Биыл жетінші рет ұйымдас­ты­рылып отырған әдеби іс-шараға бұған дейін әр жылдары Тұрсынай Оразбаева, Танагөз Толқынқызы, Саят Қамшыгер, Құралай Омар, Дәулеткерей Кәпұлы қатысқан.
Соңғы жылдары Қазақстан Жазу­шылар одағы халықаралық әдеби байланыстарын күшейтіп, алыс-жақын шет елдердегі шығармашылық одақтармен ортақ жобаларды іске асырып келеді.
Өткен жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде «Саха поэзиясының антологиясы» кітабы мен Саха жазушысы Николай 
Лугиновтың «Шыңғыс хан әмірімен» романы жарық көрген. Антология Қазақстан Жазушылар одағы мен Якутия Жазушылар одағының ынтымақтастығы аясындағы игі жұмыстардың нәтижесі. Жинақтағы Саха ақындарының өлеңдерін бір топ қазақ ақындары аударса, романды белгілі жазушы, драматург, аудармашы Өтен Ахмет тәржімалаған. Алдағы уақытта қазақ ақындарының өлеңдері Саха тіліне сөйлейтін болады. 
Төрт күнге созылған фестиваль аясында ақындар «Сахамедиа» ақ­парат­тық-баспа холдингінде баспасөз конференциясына қатысып, Якутия қаламгерлері, студенттері, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, Саха елінің кітапхана, музейлеріне және көрікті жерлеріне саяхаттады.
…Қайтарда «Үлкен қардың игілігін» күткен Саха аспанында қар қылаулап тұрды.
Алмат ИСӘДІЛ, 
ақын, аудармашы
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір