Қазақ пен саха арасындағы әдеби байланыстың жаңа кезеңі
Түркі халықтарының арасындағы әдеби байланыс ортақ тарихи тамырдан нәр алып, бауырластық рухпен ұштасқан рухани құбылыс. Әсіресе соңғы жылдары қазақ пен саха (якут) әдебиетінің арасындағы байланыс жанданып, жаңа деңгейге көтерілді.

Мәселен, 2022 жылы «Саха поэзиясының антологиясы» қазақ тіліне аударылып, жарық көрді. Бұл – саха ақындарының терең сырлы жырлары қазақ оқырмандарына жол тартқан айтулы мәдени оқиға болды. Антологияға алғы сөзді қазақтың көрнекті қаламгерлері Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, сондай-ақ Якут-Саха Жазушылар одағының төрайымы, халық ақыны Наталья Харлампьева жазып, жинақтың мазмұндық маңызын айқындай түсті.
Тілдік, рухани және тарихи тамырластықты танытқан бұл антология Түркі әлемінің поэзиясына қызығушылық танытқан көпшілік қауымның ыстық ықыласына ие болды. Саха мен қазақ ақындарының үн үндестігі, жыр сабақтастығы бауырлас елдер арасындағы әдеби байланыстардың жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.
Шыңғыс хан тақырыбы – әлем халқының тарихи қызығушылығын әлі күнге дейін оятатын, зерттелуі мен көркем бейнеленуі бір сәтке толастамаған мәңгілік тақырып. Осы бағытта жазылған үздік туындылардың бірі – саха әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Якутияның халық жазушысы Николай Лугиновтің «Шыңғыс ханның әмірі» атты тарихи романы. Үш кітаптан тұратын бұл көлемді шығарма бүгінде бірнеше тілге аударылып, оқырманның жоғары бағасына ие болған.
Аталған тарихи туындыны ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастама ұсынысымен қазақ тіліне көрнекті жазушы, білікті аудармашы Өтен Ахмет тәржімалады. «Фолиант» баспасы арнайы тапсырыспен бұл ауқымды жұмысты жүзеге асырып, кітаптың жарық көруіне мұрындық болды. Халықаралық кітап көрмесі аясында шығарма авторының қатысуымен қазақ тіліндегі басылымының тұсаукесері салтанатты түрде өтті.
2023 жылғы әдеби жыл қорытындысында «Шыңғыс хан әмірімен» романы қазақ тіліне сапалы аударылған үздік туынды ретінде танылып, сексеннің сеңгіріндегі Өтен Ахметке халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Бұл – тарихи прозадағы шығармашылық ізденістің, шебер аударма мен әдеби байланыстың лайықты бағасы.
Былтырғы жылы Алматыда өткен қазақ-якут әдеби байланысын нығайтуға арналған дөңгелек үстел де осы қарым-қатынастың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді. Жиын барысында қос елдің жазушылары мен әдебиеттанушылары ғасырлық тарихы бар байланыстарға шолу жасап, жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты. Екі елдің Жазушылар одағы арасында меморандумға қол қойылып, болашақ жобалар негізі қаланды.
Түркі кеңістігін рухани тұрғыдан біріктіретін мұндай ынтымақтастық жалпыадамзаттық құндылықтар мен ортақ тарихты терең ұғынуға жол ашады. Бұл бағытта ТҮРКСОЙ ұйымының атқарып жатқан жұмыстары да атап өтуге тұрарлық. Олар түркі халықтарының әдебиеті мен өнерін халықаралық деңгейде насихаттап, бауырлас елдердің шығармашыл тұлғаларын марапаттап, рухани ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуда.
Сондай-ақ жиында бірнеше маңызды әдеби туындылардың тұсауы кесілді. Атап айтқанда, якут жазушыларының қазақтың ақын әрі әнші қызы, саха халқының үлкен досы Тұрсынай Оразбаева жайлы естеліктері жинақталған «Незабывенная Турсунай» кітабы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің саха тіліне аударылған «Таас Балбаал Ырыата» атты жыр жинағы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әлібек Асқардың «Саха-Якутия. Ақ қар мен көк мұздар еліне саяхат» шығармасы, жазушы Сәуле Досжанның саха тіліне аударылған «Ауылдан шыққан миллионер» романы оқырманға жол тартты.
Якутияның халық ақыны Наталья Харлампьеваның өлеңдері қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» баспасынан «Саханың сандал садағы» деген атпан жарық көрді.
Бұған дейін орыс, ағылшын, әзербайжан, татар және тува тілдерінде жиырмаға жуық поэтикалық және публицистикалық кітабы шыққан қаламгер жақында қазақ тілінде сөйледі. «Саханың сандал садағы» кітабы Астана қаласында өткен «Eurasian book fair – 2024» Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде көпшілікке таныстырылды.
Бұл рухани сабақтастық биылғы «Eurasian Book Fair – 2025» халықаралық кітап көрмесінде жарасымды жалғасын тапты. Көрмеде «Мұздақ мұң» деген атаумен жарық көрген Якутия Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Гаврил Андросовтың өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Кітапты баспаға дайындап, оқырманға ұсынуға «Фолиант» баспасы мұрындық болды.
Аударма жұмысына елімізге танымал жиырмаға жуық ақын атсалысып, саха поэзиясының сүбелі үлгілерін қазақ тіліне шеберлікпен тәржімалады. Астана төрінде өткен салтанатты тұсаукесер жиыны – қос халық арасындағы әдеби ынтымақтастықтың жаңа парағын ашқан айтулы мәдени шара болды.
Шара аясында Якутия Жазушылар одағы басқармасының шешімімен қазіргі саха (якут) әдебиетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Якутия Жазушылар одағының ең жоғары марапаты Платон Ойунский атындағы медальмен марапатталды. Бұл құрмет – қос халық арасындағы әдеби байланыстардың тереңдей түскенінің және қайраткер ақын еңбегінің еленгенін көрсетсе керек.
Сонымен қатар Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Дәулеткерей Кәпұлына түркі әдебиетін жақындастыруға қосқан елеулі үлесі үшін өзінің ең жоғары марапаты «ТҮРКСОЙ алтын медалін» табыс етті. Ең мәртебелі марапатты ақынға ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың өзі салтанатты түрде кеудесіне тақты. Бұл марапат – ақынның шығармашылығына ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің түркі дүниесімен рухани байланысын нығайту жолындағы ұзақ жылғы еңбегіне берілген халықаралық деңгейдегі жоғары баға деуге болады.
Түп-тамыры бір, рухани өзегі ортақ қазақ пен саха халықтары арасындағы әдеби-мәдени байланыс жаңа кезеңге аяқ басты. Екі ел арасындағы мемлекетаралық келісім аясында Саха Республикасының тарапынан қазақтың көне жыры – «Қобыланды батыр» эпосын саха тіліне аудару қолға алынған болса, қазақ жағынан сахалардың әйгілі олонхо эпосы – «Нұргүн батыр» жырын тәржімалау міндеті көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетке жүктеліп отыр.
Саха мен қазақтың рухани туыстығы осындай әдеби аудармалар арқылы тереңдеп, жаңғырып, қайта түлеуде. Бұл – жалаң аударма емес, бұл – ұлт пен ұлттың рухын жақындастыратын мәдени көпір.
Түркі дүниесінің әдеби байланыстары – халықтар арасындағы шынайы туыстықтың, рухани жақындықтың айғағы. Ол – тарих пен мәдениеттің тоғысқан тұсында тамыр жайған, бүгінгі күнде жаңа мазмұнмен жаңғырып келе жатқан іргелі бағыт. Бұл ынтымақтастық жалғаса берсе, түркі халықтарының әдебиеті мен өнері әлемдік өркениет сахнасында лайықты орын алатыны сөзсіз.
Арман ШЕРИЗАТ,
ақын