КЕЗДЕЙСОҚ ЕМЕС ҚҰБЫЛЫС
Ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдық мерекесінде той тойлаудан бұрын, жүріп өткен жолымызда не тындырдық, қандай мәселелердің шешімін тауып, әлі күнге «тісіміз батпаған» тұсымыз қайсы деген сауалдар да мазалауы тиіс қой. Осы орайда тәуелсіздік алғалы бері қазақ ғылымы қандай жетістіктерге жетті, қандай кемшіліктері бар деген сауалды әр сала мамандарына қойып, әр ғылымның проблемасына жекелей үңілуді жөн санадық. Әрине, бір ғана сұхбатпен қазақ ғылымының қыр-сырын түсіне кетпесіміз анық. Сонда да жекелеген мамандар арқылы бар мен жоқты елеп-екшеу үшін «Қазақ ғылымы және тәуелсіздік» атты айдарымызда әр ғылым өкілінің сұхбатын жариялауды құп көрдік…
Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымының докторы, профессор
– «Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл уақыт болды» дегенді қанша айтсақ та дербестікті сезіне түсу үшін не істеу керек деген сауалдан бұрын Қазақстандағы тарих ғылымы, бұл саланы зерттеп жүрген мамандар «Дүниедегі құбылысқа көзқарас өзгерістерін сезіне ме?» деген ой мазалайды.Бұлай сұрап отырған себебіміз, «тарих – ғылым» деген жалпы сенімге дүдәмал қарайтын күштер көптеп шығуда. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Тарихты ғылым деп санамаушылық қазіргі кезде жиі кездеседі. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің жаратылыстану-математика ғылымдарымен айналысатын әріптестерімізді алайықшы, олардың қалжың-шыны аралас «қойшы, сол тарих ғылым ба, ол ертек сияқты ғой» дегенін талай естідік. Бұл тарих ғылымын білмейтін адамның сөзі екені даусыз, алайда сол сөздерге біз, тарихшылар кейбір сәттерде өзіміз де мұрындық болдық па деймін. Өйткені, біз тарихтың ғылым ретінде өзіндік теориясы, «көбейту кестесі», формулалары мен аксиомалары бар екенін басқаға көрсетпек түгілі, өзіміз де ұмытып кеткен сияқтымыз. Кеңестік кезеңде біз мұндай мәселеге бас қатырған жоқпыз, өйткені формациялық теорияны мектеп қабырғасынан бастап меңгеретінбіз, тарихтың теориясын Ресейдің белгілі теоретиктері жасайтын, бізге тек дайын схеманы меңгеру қалатын. Ол схема әмбебап болғандығы сондайлық, кез келген тақырыпты сол шаблонға салсақ, жігі білінбей қиюласып кететін. Әрине, бұдан кеңестік кезеңнің ғылымы нашар деген сөз шықпайды, кейбір қолданбалы тақырыптағы еңбектер терең талдауы жағынан бүгінгі күнгі еңбектерді шаңына ілестірмейді, бірақ сол тамаша талдаудың соңында баға беру формациялық теория негізінде жасалатын. Шетелдің ғылымы тарихты плюреалистік тұрғыдан түсінуге негізделіп, адамзат тарихындағы бүкіл тарихи ой туғызған барлық теориялар мен тұжырымдамаларды пайдаланып жатқанда, біздер сол формациялық теория шегінде қалып қойдық. Формациялық теорияның Шығыс елдері тарихына сәйкес келмейтінін байқаған кейбір ғалымдар «азиаттық өндіріс тәсілі», «екісызықтық даму», «көпсызықтық даму» деген идеялар шығарды, бірақ олар да кеңестік идеологтардың сынына ұшырап, тоқырап қалды. Кеңестік кезеңде Қазақстанның тарихын марксистік теория негізінде терең талдаған қазақ тарихшыларының еңбектері болған еді, бұлар теорияны меңгерудің ғажап үлгісі болатын, мейлі марксистік болса болсын, ол теорияның да өмір сүруге қақысы бар, бірақ қазіргі жастар оны да меңгермеген. Ал бүгінгі күні біз «кеңестік формациялық теориядан бас тарттық» деп жар саламыз, бірақ соның орнына қандай теорияны, қандай философиялық тұжырымдаманы меңгердік деген сұрақ қойсаңыз, жауап таппайсыз. Ескіден бас тарттық, жаңаны меңгерген жоқпыз. Оған тарихшылар айыпты емес, бұл біздің жоғары оқу орындарының оқу жоспарында қарастырылмаған. Тарихтың теориялық негізін, тарих философиясын оқытатын жеке базалық пәндер жоқ. Кейбір профессорлар өзінің онсыз да жетімсіз бос уақытын бөліп, арнаулы (элективті) пәндер жасайды (мысалға, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде), бірақ олар сол оқытушы қызмет ететін кафедраға бөлінген студенттер мен магистранттарға ғана оқытылады. Сондықтан тарихтың ғылым ретіндегі теориясын, философиясын, категорияларын, формулаларын оқытатын базалық пәндер болмайынша, жас тарихшылар ешуақытта шетелдік тарих ғылымының бүгінгі теориялық деңгейін меңгеруге жете алмайды. Сондықтан бүгінгі зерттеулердің көпшілігі тек қолданбалы сипатта болып отыр, мұның өзі кейбір сәттерде тарихтың физика, математика, биология сияқты ғылым екендігіне күмән туғызады.Тарихтың теориясы мен философиясын меңгеру үшін аналитикалық ойлау қабілеті қажет. Сондықтан жоғары оқу орнына түсуге талапкерлердің математика пәнінен емтихан тапсыратынын өз басым қуана қолдаймын. Тарих – күрделі ғылым, оны меңгеру үшін анализбен қатар синтез де қажет. Анализ бен синтезді қатар меңгерген адам ғана жақсы тарихшы бола алады. Сіздер математиканы абстрактылы ғылым дейсіздер ғой, бірақ оның көрмесеңіз де, санай алатын сандары бар ғой. Ал тарих ғылымының объектісін қолға ұстай алмайсыз, көзбен көре алмайсыз, демек, бұл жерде абстракцияның аса жоғары деңгейі қажет.
Кеңестік кезеңде тарих ғылымы саясаттың құралына айналдырылды. Ғылыми идеясы кеңестік идеология мен саясатқа қарсы келіп қалған ғалым тарихшылар жазаға ұшырады. Бүгінгі таңда тарихи зерттеулерге идеологиялық, саяси және басқа шектеуліктер қойылып отырған жоқ. Демек, әлемдік тарих ғылымында жасалған барлық теориялар мен тұжырымдамаларды оқуға, меңгеруге, қолдануға ешкім тыйым салмайды. Сондай-ақ, физика, биология, тағы басқа ғылымдарда жасалатын эксперимент бізде де бар. Аталған ғылымдардың өкілдері экспериментін лабораторияда жасайды және бір ғылыми идеяны дәлелдеу үшін бірнеше ондаған, мүмкін тіпті жүздеген эксперимент жасау қажет. Ал біздің лабораториямыз – жер шарының адам мекендеген барлық аймақтары, ал экспериментіміз – әлемнің әрбір елінің тарихында болған, өткен оқиғалар, құбылыстар, үрдістер. Демек, Қазақстан тарихындағы бір оқиғаны, құбылысты, үрдісті талдау және бағалау үшін, оларды басқа елдерде болған ұқсас оқиғалармен, құбылыстармен, үрдістермен салыстыру қажет, бұл біздің экспериментіміз. Алайда, жыл сайын шетел тарихын оқытатын пәндердің саны мен сағаты қысқарып жатқан жағдайда біз осы экспериментіміздің 80-90 пайызынан айырылып қалып отырмыз. «Шетел тарихын оқытуды әлі де қысқарту керек» деген айғайлар тағы шығып жатыр. Бұл айғайдың құны физиктерге, медицина саласындағы ғалымдарға, биологтарға, тағы басқа беделді және керекті ғылым өкілдеріне «эксперимент жасауды тоқтат, идеяңды бір экспериментпен дәлелде» деген бұйрықпен тең. Демек, тарих ғылымын ғылымдық деңгейінен айыру осындай әпербақан шешімдерден туады.
– Қазақстанның ғылыми келбетінің дамуына тарихшы ғалымдар қосқан үлес қандай?
– Тәуелсіздік жылдарында мұрағаттардың ашылуы, бұрынғы кеңестік идеологиялық шектеуліктен құтылу Қазақстан тарихының бірқатар кенже қалған мәселелерін зерттеуге мүмкіндік берді. 25 жылда қаншама жаңа деректер ғылыми айналымға енгізілді. Бұл бағытта Ұлттық Ғылым академиясының Тарих және этнология, Шығыстану, Археология институттарының еңбегі айрықша зор. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Асылбеков сияқты мэтрлер, қазіргі кезде М.Қойгелдиев бастаған тәуелсіздік кезеңінің аға буыны бұрынғыны жаңартып, жаңаны бастап берді. Енді оны ары қарай алып кететін О.Қоңыратбаев, С.Смағұлова, Қ.Әлімғазинов, Н.Атығаев, Қ.Өскенбай, А.Көшкімбаев, тағы басқа орта және жас толқын да бар. Ең үлкен жетістік ретінде кеңестік кезеңде кенже қалып келген түркі халықтарының ортақ тарихы, түркі өркениеті, Қазақ хандығы тарихы, Ұлт-азаттық көтерілісі тарихы, Алаш қозғалысы, сталиндік жазалау, 20-30 жылдардағы аштық мәселелерінің зерттеліп жатқанын айтуға болады. Қазақстанның тарих ғылымына жалпы тарих ғылымының мэтрі Ж.Ибрашев бастаған шетелдер тарихымен айналысатын ғалымдар айтарлықтай үлес қосты. Олар дүниежүзілік соғыстар тарихын, Қазақстанның шетелдермен байланыстарын, халықаралық ұйымдардың қызметін зерттеп, Қазақстан тарих ғылымының әлемдік ғылым аясына тартылуына септесті.
Алайда, тағы бір қынжылатын жайт – «қазақстандық тарих ғылымы» деген түсінікті біз қазір «Қазақстан тарихы ғылымы» деген түсінікпен алмастырып жібердік. Түсінген адамға бұл екеуінің мазмұны мүлде бөлек: қазақстандық тарих ғылымына өз еліміздің тарихымен қатар, барлық шетелдердің тарихы, тарихнама мен деректану, тарихтың теориясы, тарихтың философиясы, археология, этнология, архивтану, тарихи география сияқты көптеген салалар кіреді. Ал «Қазақстан тарихы ғылымына» – тек қана Қазақстан тарихы, Қазақстанның археологиясы, этнологиясы, тарихнамасы мен деректануы, бір сөзбен айтқанда, еліміздің тарихына қатысты салалар ғана кіреді. Бірақ соған қарамастан, ғылыми жобалар тек қана Қазақстант тарихына қатысты тақырыптарға арналса ғана өтеді. Теорияға, тарихтың философиясына немесе шетелдердің тарихына арналған жоба өтпейді. Бұл тарих ғылымының аясын тарылтып қана қоймайды, жаңа теориялар мен концепцияларды меңгеруге бөгет жасайды.
– Қазақстандық тарих ғылымының мамандары негізінен қай кезеңді көбірек зерттеп, қай кезеңді ұмыт қалдырды деп ойлайсыз? Кезінде маркстік идеологияға қызмет еткен ұстаным иелері көзқарастарын өзгерткенінің куәгері болған шығарсыз. Жамандықтың бетін аулақ қылғай, ертең басқа жүйе орнай қалса, олардың ұстанымы тағы да өзгеріске ұшырап жүрмей ме?
– Кеңестік кезеңдегі тек қана формациялық теорияға негізделген, кеңестік марксизмге негізделген еңбектер жазғанымыз рас. Бұл жерде «кеңестік марксизм» деген түсінікті кездейсоқ алып отырған жоқпын. Кеңестік идеологтар марксизмнің өзін тегістеп, жұмырлап, оның бір қалыпқа сыймайтын ойларын алып тастап, таптаурын, қатып қалған схемаға айналдырды. Сондықтан кеңестік марксизм – нағыз марксизмнің тым қарабайыр бейнесі болды. Оны нағыз ғалымдар түсінді, олардың бірқатары марксизмнің шын мәнін түсініп қолданды. Сондықтан кеңестік кезеңнің ғылымын мүлде жоққа шығаруға болмайды. Біздің қазіргі міндетіміз – тарих ғылымында бұрын-соңды жасалған барлық теориялар мен тұжырымдамаларды меңгеру, зерттеулер барысында плюреалистік методологияға көшу, яғни бір тарихи оқиғаны, бір тарихи құбылысты әр түрлі теориялар негізінде зерттеу мүмкіншілігіне ие болу. Бұл мәселені кәсіби тарихшылар түсінеді, ал ғылымның ішінде емес, маңында жүргендер түсінбейді. Сондықтан «осы тарихшылар пікірлерін өзгерте береді» дейді. Ол пікір өзгерту емес, ол зерттеудің теориялық-методологиялық негіздерінің өзгеруі. Егер физиктер тек механиканың төңірегінде ғана қалып қойса, бүгінгі ғарыш зымырандары болмас еді. Ал неге біздер, тарихшылар, формациялық теорияға жабысып отыра беруіміз керек, неге біздер жаңа теориялар мен тұжырымдамаларды меңгермеуіміз керек? Жаратылыстану ғылымдарында ашылған кейбір жаңалықтар революция тудырады, бұрынғы көзқарасты түбірінен өзгертеді, бірақ оларға ешкім кінә қоймайды. Ал тарихшыларды айыптамайтын адам жоқ. Тарих ғылымында да революциялық өзгеріс туғызған теориялар бар, олар біздің көзқарасымызды түбірінен өзгерте алады. Егер сондай теорияны, сондай концепцияны меңгере алсақ, көзқарастың өзгергеніне ренжу емес, қуану керек.
– Тәуелсіздік алғалы жиырма бес жыл өтсе де тарихымыз тәуелсіз ел ретінде толыққанды жазылып біткен жоқ, елдің тәуелсіздігіне қатысты көптеген тарихи оқиғалар әлі де болса зерттелмей жатыр, еліміздегі тарих оқулығының өзі кезіндегі кеңестік идеологияның негізінде жазылған, тарихи тұлғалардың да ғұмырбаяны толық зерттеліп біткен жоқ деген пікірлер жетіп-артылады. Бұл оймен қаншалықты келісесіз?
– Кез келген ғылымда зерттелмеген мәселелер болады, бұл – ғылымның дамуының жалпы алгоритміне тән нәрсе. Сол сияқты, тарих ғылымында да «ақ таңдақтар» баршылық, оларды зерттеген сайын, жаңалары пайда бола береді. Қазіргі қазақстандық тарих ғылымында мүлде зерттелмеген дамудың альтернативтілігі, көпнұсқалылығы туралы мәселе дер едім. Мысалы, большевиктерді жамандаймыз, алайда олардың өкімет басына келуін революция дейміз, ал оған қарсы күрескендерді контрреволюционер дейміз. Мұндай парадокстар жеткілікті. Тарихтың анықтамалық-категориялық аппаратын реттейтін уақыт жетті ғой деп ойлаймын.
Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихтың зерттелмеген мәселелері көп дегенге келісемін. Тіпті, тәуелсіздіктің бастамасы болған 80 жылдардың екінші жартысындағы оқиғалардың өзі жетімсіз зерттелген, сондықтан бұрынғы бір мектеп оқулығында кеңестік республикалардың бірінен кейін бірі егеменділігін жариялағанының маңызын кемсітіп, «егеменділіктер шеруі» деп атаған. Бұл құбылыс кездейсоқ емес, өйткені бұрынғы метрополия ақпараттық кеңістікті билеп отырған жағдайда, сондай-ақ, оқулық жазуды ұйымдастыру жүйесін өзгертпейінше мұндай жағдайлар бола береді.
Тарихи тұлғалардың ғұмырбаянын зерттеу мүлде жоқ деуге болмайды, ғұмырбаяндық еңбектер бар. Бірақ кейде олар ғылыми еңбектен гөрі публицистикаға ұқсап кетеді.
Қарагөз СІМӘДІЛ