Құбылыс
07.10.2022
1331
0

Бұл күнде Дулат – қазақ­тың классик жазушысы. Оның қаламынан туған шығармалар халқымыздың руханиятын байытқан асыл қазынаға айналды, әлем тілдеріне аударылды. Оның пьесалары шетелдерде, Еуропаның беделді театрларында қойылып жатыр. Қазақ драматург­терінің ішінде мұндай дәрежеге әлі ешкім көтеріле қойған жоқ.

Әдетте осындай мәртебеге жазушы ұзақ жылдарға созылған тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында жетті деп айтар еді. Бірақ маған осы дәрежеге ол сонау өткен ғасырдың 70-жылдарының басында, 30-дан асар-аспас жасында-ақ жеткен секілді көрінеді де тұрады. Сол кезде жазылған «Дермене», «Сүйекші», «Тіршілік» хикаяттары, одан кейін жазылған «Қарғын» романы қазақ әдебиетін бір белеске көтерген үлкен құбылыс болды. Бірақ әдеби ортада құбылыс болды деп мойындалғанын байқамадық. Жылдық қорытындыда жақсы шығармалардың қатарында ғана аталып өтті.
Әдебиет негізінен болмысты сезім арқылы таниды. Нағыз көркем шығарма ақылдан бұрын жүрекке әсер етуге тиісті. Әдебиет ақыл айтпайды, кейіпкердің тағдыры арқылы оқырманды ойға, мұңға батырады, сілкіндіреді, Дулат осы бір ұстанымды жақсы меңгерген. Әлеуметтік астары терең юмор, өмір суретінің қапысыз сендіретін шынайылығы, сан алуан характерлер галереясы, трагикокомедиялық ситуациялар, психологизм – осының бәрі оның шығармашылығына тән сипаттар. Ол жас кезінде Достоев­скийді өте жоғары бағалайтын. Қатал өмірден қорғансыз, момын жандардың көретін әділетсіздігі мен қиянаты, жан азабы, күйзелісі біздің де жанымызды күйзелтетіні, сол арқылы оларды өзіңнің бауырыңдай сезінуің, адамды аяу адамзатты жақсы көруге бастайтын бірден-бір жол екені туралы ойлар, бәлкім, сол ұлы жазушының әсерімен келген болар.
Дулаттың жоғарыда айтылған хикаяттарын оқыған бір белгілі жазушының «Мен мынандай бір шығарма жазсам, ханға сәлем бермес едім» депті деген сөзін естіген едік. Мұқағалидің: «Дулаттың «Сүйек­шісін» оқып, жыладым» дегенін өз құлағыммен естідім. «Әпке» пьесасы М.Әуезов театрында қойылғанда дауыс шығарып еңіреп жылаған бір әйелді көріп таңғалған едім. Өнердің құдіретінің өзі осында. Дулат – сол құдіретке қол жеткізген қаламгер.
Екеуміз әдебиетке қатар келдік. Дос болдық. Тіпті бірге туған бауырлардай араласқан кездеріміз болды. Балаларымыз бір балабақшаға барады. Дулатта машина бар. Таңертең Айман мен Шолпанды алып біздің үйге келеді. Қалғып-шұлғып отырған кішкентай Дарханды киіндіруге Айман, Шолпан көмектеседі. Сөйтіп, балаларды балабақшаға алып барамыз. Сол күндер есіме түссе, «апыр-ау, қандай бақытты күндер болған өмірімізде?!» деп таңғаламын.
Сол достықтың жылуымен, мінеки, қарттық ауылына келдік.
Маған еліктеп, Дулат та 80-ге келіпті. Мерейтойы құтты болсын! Шын жүректен құттықтаймын. Жарынан айрылып жабырқап жүрген көңіліне халықтың ықыласы демеу болсын!
Қазір сұхбат алған жастар әңгіменің соңында: «Аға, Дулат аға екеуіңіз бір-біріңіз туралы анекдот айтып, әзілдеседі екенсіздер, соның біреуін айтып бересіз бе?» дейтін болды. Дулатқа да соны айтатын секілді. Дәстүрді бұзбай мен де біреуін айтып берейін.
Кезекті жинағының қаламақы­сына Дулат машина сатып алды. Өзі де көптен армандап жүретін. Сары «Жигули». Енді оны жүргізу үшін «право» керек. Дулат ерінбей-жалықпай шопырлық курсқа барып, оқуын бітірді. Енді емтихан секілді бірдеңе болады екен. Қырсықтау инспектор Дулатқа қитұрқы сұрақтар қойып отыр:
– Машинамен тар қуысқа тап болдыңыз дейік. Алдыңызда, – дейді инспектор қолымен көрсетіп, – мына жерде бір кемпір, ана жерде бір қыз тұр. Ал қайсысын басасың?
Дулат ойланып-ойланып:
– Кемпірді басам, – депті.
– Неге? – депті инспектор шошып кетіп.
– Енді… кемпір асарын асады, жасарын жасады, ал жас қыз, өмірі алда, обал ғой, – дейді гуманист Дулат.
– Жоқ, Исабеков жолдас, тор­мозды басу керек, тормозды! Кем­пірді басуға болмайды! – депті сонда инспектор басын шайқап.
Екеуміздің арамыздағы достық – мен үшін үлкен байлық. Жақсы дос болу үшін әзіл жарасуы керек. «Бір сөз үшін жау болып, бір сөз үшін дос болатындармен» тіл табысу қиын. Біздің әзіліміз елге таралып кетіпті. Осы әзілмен 90 жаста да осылай бас қосуға жазсын. Әржағын көре жатармыз.

Төлен ӘБДІК,
жазушы

Ұлтын
сүйген үлкен жүрек

…Қазақ жазушылары өзіміз тіршілік еткен уақыт шындығын (кеңестік шындық деп те жүрдік) жамырай жаза бастағанда Дулат жұрттан жырылып, қайдағы бір қайғысы мол, қара бояулы болмысқа барып кірді, қайдағы бір өмірде жолы болмаған «қияли» тағдырлар жайында қалам тербеді. Бүгінгі күн шындығы хақында жаза қалғанда да («Дермене»), адамның адамға көрсеткен зәбірі, азабы, өмірдің опынды сипаты жайында жазды. Кейін «кеңестік шындық» опа бермесін білген қазақ жазушылары ұйқыдан оянып, тарих қойнауына тереңдеп, тарихи шығармаларға жаппай ден қойғанда Дулат шартты тарихи тақырыпты тастап, бүгінгі күн шындығына келіп килікті. Саналы әрекет жемісі ме? Жоқ па? Кім білсін. Әйтсе де, Дулат Исабековтің осы әрекетінде шын жазушылық болмыс бар. Неге десеңіз, жазушылық – желдің өтінде жасалатын жұмыс. Жазушылық – өзіне жайлы болу емес, өзіне керек болу емес, жазушылық – қоғамына жайсыз болу, халқына жайлы болу, өзі қорлық көру, халқына шындықты сезіндіру, халқына керек болу. Халыққа керек болсам деген арман – жазушылық! «Қай тақырып табысты, қай жанрға ақша жақсы төленеді?» деп жанрды кебіс ауыстырғандай ауыстырмай, «қайда керегірекпін?» деп жүректің жетегімен, ар-ұяттың әмірімен өріс өзгертіп жүрген Дулат Исабеков әрекетінен әрі азаматтық, әрі шынайы халықтық қаламгер болмысын көреміз.
Біздің бұл өміріміздің шындығын ашуға күле отырып – жылау, жылап отырып – күлу ғана лайықты еді. Өйткені тумысынан дана, табиғатында бала, алаңсыз ақкөңіл, сондықтан да аңғал қазақ халқы кеңдіктен – кемдік, жомарттықтан – таршылық, аңғалдықтан – апат, нарлығынан – нәубет, қасиеттілігінен – қасірет тапты сол жылдары. «Адамның қалуы үшін адам болып» (Ш.Айтматов) дегендей, дана халықтың дарақыланып тозып кетпей, халық болып сақталып қалуы үшін көзіндегі шелді алуы, көңілдегі шерді ашуы, сөйтіп, қаумалаған қасіретті көрсетуі керек еді. Дулат Исабековті бүгінгі күн тақырыбына жетелеп әкелген де – міне, осы азаматтық, қаламгерлік міндет, ұлтын сүйген үлкен жүрек.
Дулат Исабеков мейлі өткен күн тағлымын айтсын, мейлі бүгінгі күн шындығын жазсын, қайда да, қашан да – шынайы суреткер. Айтарын характерлер арқылы бейнелей айтады, жазарын көркем детальдарды ойната құбылтып жазады, шығармаларының көркемдігі жұтынып, композициясы дөңгеленіп, шып-шымыр шығады. Оның «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» хикаяттары мен жаңарған уақытпен жарыса туған бертінгі әңгімелерін қазақ әдебиетінің классикасына жатқызуға әбден болады. Бұл туындылар Дулаттыкі ғана емес, халықтікі бүгінде. Бүгінге ғана емес, ертеңге де қызмет ететін дүниелер.
Дулат Исабеков – бар болмысымен ұлт­тық жазушы. Ол қандай кейіпкерді соқталауды ойласа да, қандай тағдырды талдауды ойласа да ұлттық мінез, ұлттық орта, ұлт жағдайынан ғана туындар әлеуметтік ой айтады. Оның Салтанаты өз бойындағы ән тұнығын ата-енесінің көзінше сыртқа шығара алмай қыр асып кетіп, табиғатпен сырласа шырқайды. Оның Доскейі мен Шерәлісі атадан балаға мал, малдың жайылымы үшін жалған намыс жыртып, кек қалдырады. Өзгенің тағдырын аяусыз езген Үкітай төрт баласы бірдей өлгенге дейін мейірімі оянбайды. Оның Дәулетбайы өзінің туған перзентіне иілмейді. «Гауһартастағы» төңірегін көз қиығымен жұмсап үйренген қарт әке, дермене орып, үш мың сом таптым деген пендешілік сеніммен сарқынды жүз елу сом ақшасынан айырылып қалатын Тоқсанбай («Дермене»)… бәрі де – ұлттық характерлер.
Сахнаға арнап драматургия жазған, шығармалары киноға айналып сөйлеген, новелласы хикаятқа, әңгімесі пьесаға, кинодраматургияға ұласқан жазушының бірі де бірегейі – Дулат Исабеков. Оның драматургиялық, кинодраматургиялық туындыларын қолжазбасынан оқыған, сарапшы ретінде пікір айтқан, көрермен ретінде қызықтаған жайымыз бар. Шоғыр ішінен шоқтықтысы – «Ескерткіш» болар, сірә. Ал кино жайына келсек, Дулат шығармалары бойынша жасалған көркем картинаның бірде-біріне көңіл толған емес. Сөйте тұра Дулат Исабековтей шынайы суреткердің әр шығармасынан, бар шығармасынан келешекте кино түсірілетініне көңіл сенеді. Ол үшін киноның оқуы өтіп кеткен «оқымысты» режиссерлерден құтылу керек, ол үшін жалған бедел жеткіліксіз, қазақы білім керек, ол үшін әдеби туынды кино жетегіне ермей, кино әдеби туынды жетегіне еруі керек. Сонда Исабеков шығармаларының экрандағы бағы жанады.

Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы, сыншы

ЖӨНІ БӨЛЕК, ЖОСЫҒЫ ЕРЕК…

Біз бұларды «тетелес тәтелер» дейміз. Себебі біздің жылы жақта ағаны «тәте» дейді. Тетелес тәтелеріміз сексеннің сеңгіріне шығып жатыр. Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Кәдірбек Сегізбай, Төлен Әбдікұлы, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков…

Дулат Исабеков туралы талай да талай жазыңқырағанбыз. «Дулат және оның құрдастары», «Дермененің дәні», «Аға-досқа арзу хат», тағысын-тағылар дегендей. Дулаттың және оның құрдастарының қайран қазақ әдебиетіндегі орындары өзгеше екені аян-дүр. Әулие жанрыңыз – әңгімедегі үлестері үздік. Хикаят жанрындағы еңбектері ерекше. Романдары ерен. Көсемсөздері кемел. Тіпті тәтелеріміздің ауызша анекдоттары мен жазбаша әзілдеріне дейін басқаша. Бөтенше де төтенше ғой, шіркін!
Міне, аға-досымыз, жаһанның жарты­сын жаулап алған жауһар жазу­шы­ңыз, дүниенің дара елдерін баурап алан дарабоз драматургіңіз – Дулат Исабеков сексен жаста! Қырық екінші жылғы алтынсары күзде, айналайын Арыстың бойында туған ғой.
Тәтелеріміздің, олардың ішінде аға-досымыз Дүкеңнің тағдыры тіпті де оңай болмаған. Сұрапыл соғыс жүріп жатқан. «Бала шетінеді. Ертең жер­лейміз» деген жерінен жымиып күлетін өзгешелігінің арқасында аман қалғанын оқырмандары жақсы біледі. Сол «кісі өлтіретін күлкісімен» қазақ әдебиетінің классигі, дара драматург атанды Аға-досымыз.
Сексеніңізбен тетелес інілеріңіз құт­тықтайды. Алаштың ардақтысы, мемлекет мақтанышы деп бағалайды Сізді, Аға-дос!
Кенен атаңыз:
«Жасым келді сексенге…
Екі Кенен тумайды –
Алатауға ексең де», – деген ғой.

«Дүкең келді сексенге,
Екі Дулат тумайды –
Алатауға ексең де,
Қаратауға сепсең де,
Арысқа «көң» төксең де…» – дейміз біз.

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы

ӘДЕБИ ПСЕВДОНИМІ –МОНТАЙ

Біз осы Арыс пен Сарыағаш қалаларының арасындағы шөлейт далада, теміржолдың бойындағы Монтайтас ауылында туып-өстік. Біздің ауылда Дулат ағаның Нәбиалы, Пәрмен деген ағалары тұратын-ды. Олардың балалары Сәбит, Сәкендермен бір мектепке барып, бірге ойнап жүрдік. Сондықтан да болар, «Алматыда үлкен жазушы ағамыз бар. Кейін ержеткенде біз де сондай болсақ екен» деген арман көңілімізге ерте ұялады.

Өз басым, ауылда жүргенде Дулат ағаны бір-ақ рет, онда да алыста-а-ан, әрең-әрең көргенмін. Жаңылмасам, жетпісінші жылдардың ортасы еді-ау деймін, жазғы клубта «Гауһартас» фильмі көрсетілетін болды. Жан-жақтан келген жұрт кішкентай клубқа сыймай, көбі сыртта қалып, фильмді дуалға асылып тұрып тамашалады. Кино біткен кездегі ду қол шапалақтан соң сахнаға бір жіп-жіңішке, шашы иығына төгілген жап-жас жігіт шықты. «Әне, Дулат ағаларыңның өзі де келіпті! Дұрыстап қарап алыңдар!» – деп жатты аға-жеңгелеріміз қуанысып.
Дулат ағаның шығармаларында жиі кездесетін Арыс, Қараспан, Аршабай секілді жер аттары бізге өте жақсы таныс. Бала кезден көріп-біліп өскен жерлеріміз. Дулат ағаның әйгілі «Дермене» хикая­тындағы: «Адырлы даланың бірте-бірте биіктеп барып аспан тебетін шоқтығын әлдекім қылышпен қиып түсіп, айналаны қоршап алған сағым теңізіне шым батырып жіберген секілді. Сәскеге дейін немесе бесін ауғаннан кейін сонау-сонау алыстан бозарып тұратын Алатау да, қапталдағы нар өркеш Қазығұрт та көзден ғайып болған. Қай жағыңа қарасаң да – тұңғиық теңіз, енді бірер сағаттың ішінде бұл аралықты да су қаптап алатындай. Жолдың май топырағын жалаң аяқ бассаң, табаның күйеді. Шұбар жыланның бауырын қарып, арқасын жидідетін осындай аптапты далаға да бір кезде қыс түседі дегенге иланғың келмейді», – дейтін жолдар – біз туып-өскен өлкенің ақ қағазға түскен таңғажайып картинасы.
Мектепте бізге әдебиет пәнінен сабақ берген Пиянбек ағай кейде Дулат ағаның жаңа шығармасы жарық көрген «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын алып келіп: «Оқыдыңдар ма?!» – деп сұрайтын. «Оқыдық!» – деп шу ете қалатынбыз. Бірде сол Пиянбек ағайдың сабағына кешігіп келген бір кластасымыз: «Неге кешіктің?» – деген сұраққа, «Ағай, бір пиалай шай ішемін деп… кешігіп қалдым», – деп жауап бергені үшін Киеван атанып кете барған еді. Бұның өзі де Дулат ағаның «Тіршілік» повесіндегі Молдарәсілдің неге Киеван болғанын әрдайым еске салып тұратындай бір күлкілі оқиға сияқты әсер ететін.
Мен 1977 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, республикалық басылымдарда алғашқы бір-екі әңгімем жарияланғаннан кейін «Жалын» баспасына әдейі іздеп барып, Дулат ағамен таныстым. Кішкентай ғана бөлмеде екі кісі шахмат ойнап отыр екен. «Сәл күте тұр! Партия аяқталуға жақын қалды», – деген соң, дәліздегі терезенің алдына барып тұрдым. Аздан соң Дулат ағаның өзі де шықты.
«Иә, кел? – деді маған сұраулы жүзбен қарап. – Бізге әңгіме әкелдің бе?» «Жо-жоқ, – дедім мен өз-өзімнен қысылып. – Жай… сізбен танысуға…» Дулат аға енді маған таңырқай қарағандай болды. Сол сәтте ол кісінің әдеби псевдонимі «Монтай» екені есіме түсе кетті. «Мен Монтайданмын… Монтайтастанмын, аға», – дедім қызарақтап. «А-а… Кімнің баласысың?» «Балтақараның». «Е-е, солай де?! Балтекең қалай, Нәбиалы екеуі әлі де сол жарысып штангы көтеріп жүр ме?» – деп күлді Дулат аға. «Білмеймін». «Білмегенің қалай?..» «Мен – студентпін, аға. Ауылға тек каникулда ғана барамын.». «Қайда оқисың?» «ҚазМУ-де, журналистика факультетінде.» «О-о, біздің ауылдың жігіттері СХИ-ға немесе Зооветке ғана келуші еді ғой. Сенің мұның дұрыс болған екен!»
Міне, содан бастап өте жақын араласып кеттік.
Студенттік шағымызда Дулат ағаның «Қарғын» романы жарық көріп, әдеби ортада үлкен резонанс туғызды. Бұл романды, әсіресе жастар сүйіп оқиды. Қазір де солай ғой. Бірақ сонау сексенінші жылдардағы әдеби атмосфера бүгінгіден мүлде басқа еді. Біздің факультетте оқитын бір жас жігіттің «Қарғын» романына елтігені сондай, өзін біраз уақытқа дейін қыздарға «Жасынмын» деп таныстырып жүрді. Тіпті паспортындағы аты-жөнін де «Жасын Мәдиев» деп өзгертіп алмақ болған екен, жора-жолдастары «қой, қой-лап» жүріп әрең тоқтатыпты деп естідік. Ол, расында да, сол кездегі «социалистік реализм» әдісіне бейімделе бастаған қоғамның ой-санасына қозғау салған, әдет-дағдысына сын көзімен қараған жаңа, тың көзқарастағы кейіпкер болатын. Сондықтан да оның әдеттегі, өзіміз үйренген, қалыпты тіршіліктегі көзқарастар мен пікірлерге қайшы көрінетін ойлары оқырманды қызықтырып, ақыл-парасат биігіне қарай бастағанын алғаш сезінген де сол жастар еді.
Ол кезде біз – студенттер – театрға жиі баратынбыз. «Әпке» пьесасы алғаш рет М.Әуезов театрының сахнасында қойылған кезде спектакльден алған әсерімізді бір-бірімізге жеткізуге сөз таба алмай, таңдай қаққанымыз да дәл күні бүгінгідей есімізде. Сол жылдардан бастап драматургия жанрында Дулат ағаның жұлдызы жарқырап биіктен көрінді. Кешегі «Әпкеден» бүгінгі «Бөртеге» дейінгі дүниелерінің барлығы да қазақ сахнасының классикасына айналды. Бұл күнде оның шет мемлекеттерде табыспен қойылып жатқан пьесалары –тек драматург Дулат Исабековтің ғана емес, ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің рухани табысы, жетістігі екені анық.
Дулат ағаның қай шығармасын оқысаңыз да, тағдыр-талайы қиын да күрделі жандардың (кейіпкерлердің) өмір жолында қуаныш пен қайғы, күлкі мен көз жасы, ой мен сезім қатар өріліп, қатар төгіліп жататынын көресіз. Осы ретте, өткенде бізді телестудияға әдеби дискуссияға шақырған тележүргізуші жігіттің: «Оқырманды күлдіріп отырып жылату, жылатып отырып күлдіру жазушының іздене келе қол жеткізген шеберлігі ме, әлде әу бастан-ақ бойында бар табиғи қасиет пе?» – дегендей сауал қойғаны бар-ды. Оған әрқайсымыз әртүрлі жауап бердік. Ең соңында Дулат ағаның өзіне қарап еді, о кісі: «Қарақтарым-ау, ол – өмір ғой!» – деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп берді.
Иә, өмір демекші, жазушы Дулат Исабековтің әрбір шығармасын оқыған сайын оқырман қауым «Неге?» деген бір үлкен сұрақтың жүгін сезінеді. Айталық, оның «Тіршілік» хикаятындағы Қыжымкүл «Байдың қызы боп дүние қызығын көрмей, адам болып алысқа ұзап жол қызығын көрмей, әйел болып әуелгі жар қызығын көрмей, ана болып бала қызығын көрмей, жетпіс жыл ғұмыры күйбең тіршілікпен тураған еттей зу етіп өте шығып, бұ дүниеден (Неге?) аттанып кете барды.»… Неге?..
Немесе «Дерменедегі» Тоқсанбай қарттың «Жалғыз баласын жетілдірем деп баяғыда көрген барлық тауқыметі қартайған шағында (Неге?) алдынан шықты».. Неге?
Бұл өзі, тек Адамзат баласына ғана емес, Алла тағалаға да қойылған сұрақ емес пе екен?..
Бір өңірде туып-өскен жандардың көңіл түкпірінде әлдеқандай рухани жақындық, тамырластық болатыны рас. Ол, әсіресе туған жерден алыста жүргенде анық байқалады. Кездесе қалған жерде шүйіркелесіп, әңгімеміз жараса кетеді. Осындай арқа-жарқа отырыстардың бірінде бір досымыз: «Дулат аға, сіздің «Гауһартас» хикаятыңызда айтылатын Аршабай өзені бар емес пе?» – деп бір әңгімені бастап кеп жіберген-ді. Ағамыз болса, жымиып, ақырын ғана басын изеп отырып тыңдады да, кенет: «Қазір сол жерлерге барып, аралап көргім келеді. Таза ауасын жұтып, өзіңмен-өзің оңаша ой кешіп тұрғанға не жетсін, шіркін!» – деді. Бұл ағаның Еуропаға сапар шегейін деп отырған кезі еді-ау деймін, өйткені мен іштей таңғалып: «Англияға ұшайын деп отырған Суреткердің адырдағы Аршабай өзенін еске алғаны қандай қызық», – дегенмін сонда.
Қазір ойлаймын: «Ол әлемнің қай түкпірінен қарасаң да көзге шалынатын алып бәйтерек секілді биіктеп, бұтағын қаншалықты кеңге жайса да, әу баста өзі бір түйір дән боп түскен туған өлкесінен әманда рухани нәр, қуат алып тұрады екен-ау» деп…

Нұрғали ОРАЗ,
жазушы

«Әдебиет деген –канондарды бұзу…»

Қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков – қашанда өз пікірін бүкпейтін, ашық айтып, еркін жазатын кісі. Төменде оның әр кезеңдерде бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарынан үкілі үзінділер ұсынылып отыр.

Кез келген тақырыпты ести сала жазу – кемшілік. Оны пісіріп, кілтін таба білу керек. Менде де талай тақырып тұр. Соларды жазып, көрерменді жылатуға да болады. Бірақ мәселе онда емес. Ең бастысы – оқиғаны екшей білу…

Қазіргі көп пьесалар – драма емес, сахналық поэзия. Оны пьеса деп беру – қателік! Мұны драматургияға қарсы жасалып жатқан әрекет деп есептеймін.

Біз «капитализм келді, нарықтық экономика табалдырықты аттады, енді таза әдебиет қана шығып, «халтура» тоқтайтын болады» деп ойладық. Қазір таза әдебиет тасада қалды да, арзанқол дүние алға шығып кетті. Содан кейін біздің оқырман шатасып жатыр: «Осы бір кітапты оқиыншы» деп сатып алса, болмайтын бір дүние болып шығады. Ал жақсы кітаптар бар болғаны 2000 данамен тарайды. Ол кімге жетеді? Содан кейін «халтуралар» жақсы кітаптардың алдын орап, жарнаманы да солар иеленіп жатады.
Бала кезімізде «қызық кітап» іздеуші едік қой. Қазір оқырманға сондай «қызық кітаптар» керек. Мәселен, бір оқиғаны 10 адам бірдей көруі мүмкін, бірақ соның ішінде сол оқиғаны қызықтырып айта алатын бір адам болады. Жазушылық деген – шеберлік. Майын тамызып, қызықты етіп жеткізе білу, оқыған адам сол шындықтан бір ғибрат алатындай, көкейіндегі сұраққа жауап табатындай, бей-жай қалмайтындай жазу қажет. Оқырманның көкейіндегісін дөп басып тауып, ол «түу, бұрын мен мұны қалай байқамағанмын?» дейтіндей болуы керек. «Мен де осылай жазып, айта алатын едім ғой» дегізсе, ол – шығарманың шыншылдығы, шынайылығы. Ал соны өзің тыңнан жазып көрші. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Шыншыл әдебиет, суреткерлікпен жазылған шығарма өміршең болады. Қандай шындық болсын, егер шебердің қаламынан шықпаса, құнсыз, жансыз күйінде қалады.

Жазушылар одағына жеті жүз ақын-жазушы мүше дейді. Солардың көпшілігін мен танымаймын да. Оның ішінде менің құрдастарым да бар. Атын естімегем. Солардың көбі – зейнеткерлікке шығып барып, жазушы болған ғой. Онда да жергілікті тақырыпты жазып… Тіпті кейбірі өздерінің жерлестері туралы жазатын болды. Руының шежіресін зерттеп, немесе кездейсоқ аудармалар жасап, жазушы болғандар да бар. Олар әдебиеттің домна пешінде қайнамаған, әлі руда күйінше қалып отыр. Жазушылардың көбейіп кеткендей көрінуі содан. Әйтпесе әлдебір оқиғаға байланысты жазушылардың тізімін жасайын десем, өз басым жиырма-отыздан асыра алмаймын.

«Гауһартас» хикаятының желісімен кино түсірілгенде қиналғаным сонша, «әй, енді киноға жоламаспын» деп едім. Ол кезде фильм түсірудің сан-сапалақ қиындығы, адамның ойына келмейтін күлкілі кедергілері болатынын қайдан білейін. Бір ғана монтаждың машақатының өзі жас авторды әп-сәтте қартайтып жіберерліктей. Одан басқа сценарная коллегия, Госкино, ЦК дегендер бар. Олардың әрқайсысының қырық түрлі пікір айтатын (енді… білгірлігін танытуы керек емес пе?) қырық «уәзірі» болады екен. Содан ал кеп талқылау, түзету, өзгерту басталды. Әуелі бас кейіпкер – Ыбыштың аты өзгертілді. Орысша айтқанда ыңғайсыздау бейәдеп сөзге ұқсап кетеді дегесін, оны «Тастан» деген есіммен алмастырдық. Сосын кейіпкердің мінез-құлық, болмысына түзету енгізілді. Ол кездегі шығармаларда бас қаһарман үнемі қоғамдық жұмыстан қолы тимей жүретін белсенді күрескер болуға тиіс еді. Сондықтан да әлгі «уәзірлерге» Тастанның жеке қойшылығы ұнаған жоқ. Олар қайтсе де кеңестік коллективизмнің артықшылығын көрсетуге тырысып, ақыры комплексная бригада деген бәлені сценарийге күштеп енгізді. Сөйтіп, әлгі… естеріңде шығар, киіз үйдің ішіндегі жиналыс көрінісі пайда болды. Режиссер марқұм Шәріп Бейсембаевтың да оны түсіргісі келген жоқ, бірақ оны енгізбесе, фильм мүлде шықпай қалар еді. Әлі күнге теледидардан тамашалап отырып, сол көрініс бастала бергенде темекі тартуға балконға шығып кетемін. Көргім келмейді…

Ешқандай жүлде алмаса да, түсірілуі мен техникалық жағынан кемшілігі болса да, қазақ үшін «Қыз Жібек» қымбат. Қазақ өз өмірін экраннан көрді. Бізге «Оскарды» бермейді, ешқайсысы дәметпей-ақ қойсын. Қалған-құтқан бірдемелерді ұстата салатын шығар, бұлар соған мәз боп жүреді. Мылқау, тамдары құлағалы тұрған, көрген адамды өмірден түңілдіріп жіберетін, әбден тозып біткен, кружкамен арақ ішетін әйелдер, базардағы будканың ішінде секспен айналысатын жігіттер – Құдай-ау, осындай ұлт бола ма? «Шынайы өмірді көрсетеміз» дейді де, біздің режиссерлер әбден құрып біткен жерлерді іздеп жүреді. Жарайды, жаманымызды жасырмай-ақ қояйық, бірақ бүтін қазақ ондай емес қой!

Тарихи фильмдерді көріп отырып, «бұ қазақтарда жаздық киім болмаған ба?» деп ойлап қаласың. Менің «Тіршілік» хикаятым бойынша түсірілген Ұлжан Қолдауованың «Тауқымет» картинасын алыңыз. Жаз мезгілі, алтыбақан тебіліп, ақсүйек ойналып жатыр. Кейіпкерлер болса басына құлақшын, үстіне күпі, аяғына саптама етік киіп жүреді. Өлді ғой сорлылар, биттеп-құрттап!

Қазір шындықты айтатын адам аз. Жағымпаздардың, үндеместердің бүтін бір буынын қалыптастырып жатырмыз. Жазушыларымыз да «мен емес, басқалар айтсын» деген ұстанымға көшті. Егер бір мақала жазып, ащылау сөз айтсаң: «Сен айтпағанда кім айтады?» деп жорта көтермелеген болады. «Өзің неге айтпайсың?» десең, «Мені кім тыңдайды?» дейді. Олар өздерін солай үйретіп алған, өз үнін өздері өшіріп алған.
Бізде театрға баратын көрермен мәдениеті төмен. Дамыған елдерде театр­ға адам авторға, режиссерға, актерға бола барады. Бізге бәрібір, әйтеуір үйден шығып кетсек болды. Театрда отырып алып, телефонмен сөйлеседі, балалар жылап жатады, біреулер кешігіп келіп, енді біреулер ортасынан шығып кетіп жатады. Шеттен келгендер «Мына елге театр керек пе өзі?» деп қалатындай жағдай. Қайбір жылы Англиядан келген қонақтарды театрға апарғанда қатты ұялдым.

Біздің театрларда талай пьесам қойылды. Шүкір. Бірақ бізде автормен санасу деген жоқ, тексті алады да, нағыз керек жерлерін қиып алып тастайды. Мүмкін, мен ол туындыны сол екі-үш сөз үшін жазған шығармын? Петерборда бір пьесам қойылды, сонда режиссерлер «осы бір сөзді алып тастасақ қайтеді?», «мына сөзді былай өзгертсек деп едік…» деп күнде хабарласып жатты. Мәдениет деген сондай болуы керек.
Қазір кітап шығарып, тұсау кесуге құмарлар көбейді. Бірақ ертеңгі күні бәрі ұмытылып қалады. Себебі тың көзқарас, жаңашылдық, батыл ой жоқ. Баяғы сары уайым, әйтеуір «ұлтым», «тілім» деп өлең жаза беретін «күшеншек» ақындар шықты. Мен ондайларды «Ішінде баласы жоқ әйелдің толғағы сияқты» деймін.
Оқу – рухани оттегі. Оқуды тоқтатқан адамның шығармашылық өнері де тоқырайды.
Кейде мен өзімді өз ойларымның сек­ретарь-машинисткасы сияқты сезінемін.

Қазір жұлқынып көзге түсіп жатқан шы­ғармалар аз. Техникалық жағын жақсы, аздап ойы бар, сезім бар, бірақ дүр­лік­тіретіндей проблема, образ, таң-тамаша қалатындай оқыс оқиға, сюжет, характер жоқ. Әдебиет «ненормальный» болуы керек, әдебиет деген – канондарды бұзу, бұрынғы сезімдерге басқаша көзбен қарау. Мен студенттерге үйге тапсырма беремін. Ескіше жазады. «Біз секілді жазбаңдар, мен түсінбейтін бірдеме жазып әкеліңдерші. Біз бірінші курста ғашық болып, төртінші курста үйленетін едік. Қазір бірінші курста ғашық болып та, үйленіп те, ажырасып та үлгереді. Осының себебі неде? Осыны жазыңдаршы» дей­мін. Олар баяғы бізше жазады, ұзақ баяндау көп. Бұл – драматургия емес, әдебиет емес.

«Қарғын» шыққан сексенінші жылдан бері Жасын образы әлі қозғалып келе жатыр. Әркім әртүрлі пікір айтады. Прототиптің Асқар Сүлейменов екені ақиқат. Бірақ Асқар ондағыдай әрекеттерге бара ма, бармай ма? Мәселе одан күрделірек. Асқар – кейде қатыгез адам. Тіпті бірде, Омархан Қалмырзаев деген радионың дикторы бар, бәріміз коньяк ішіп отырғанбыз. Сол кезде темекіні алып, жанып тұрған қалпында Омарханның басына мыжып-мыжып өшірген болатын. Оның себебі не екенін білмейсің. Мен кітаптарды қалай оқу керек екенін, нені оқуға тиісті екенімді содан үйрендім. Асқар «Адамның басы үйдің шатыры емес, кез келген нәрсені лақтыра беретін. Көрінген нәрсені оқыма. Бастың да сыйымдылығы (бүгінгі жастардың тілімен айтқанда, мегабайты – Д.И.) бар» дейтін…

«Қарғынды» оқыған алғашқы оқырманым – Асқардың өзі. Машинкада басылған соң үйіне апарып бердім. Демалыс күндері қолына тиді. Дүйсенбі күні жұмысқа келсем, Асқар «оқып шықтым» деді. «Қалай екен?» десем, «Детектив оқығандай болдым» дейді. Өзі пікірге сараң еді. «Е, қалай екен деймін?» деп тергей түстім. Ол былқ етпестен «Шик» деді. «Әй, «шик»деп шиқылдай бермей әрі қарай айтсай, шигіңнің мәнін түсінейік» деймін. Ол еш ойланбастан: «Айтылды. Түсінетін адамға сол жетеді», – деді де, кетіп қалды. Осылай айта салады өзі адамды күйдіріп… Асқардың бір мінезі бар. Егер туынды ұнап жатса, қоңырау шалған кезінде сол шығармадан үзінді айтады немесе кейіпкердің есімін тіліне тиек етеді. Ол «Сонымен, сары сиыр да соғысқа аттанды ма?» немесе «Бұл Әштен ғой» деп жиі қоңырау шалатын.

Мен кітапты екіге бөлемін. Бірі – баспадан жай ғана шығатын, екіншісі – дүниеге келетін кітаптар. Мысалы, мына үстел үстінде телефон анықтамалығы мен Құран кітабы қатар жатыр. Анықтамалық – өркениет, Құран – мәдениет. Былай қарасаң, екеуі де – кітап. Біз қазір осы екеуін теңестіріп қойдық. Осыны саудаға салсаң, телефон анықтамалығы тез өтіп кетіп, Құран жатып қалуы мүмкін. Соған қарағанда Құран кітабы бәсекеге қабілетті емес-ау. Қазір «жазсаң, бәсекеге қабілетті, өтімді кітап жаз» дейтіндер шықты ғой. Біз қазір не құнды, не құнсыз – ажырата алмайтын халге жеттік…

Қайталанбас тағдырлар мен мінездер

Исабеков – көп қырлы тұлға. Әдебиет пен театр өнеріндегі шығармашылығынан бөлек жазушының сценарийімен бірнеше кинофильм («Гауһартас», «Дермене», «Тауқымет», «Лотерея», «Бақыт құсы», «Балуан Шолақ») түсірілгені баршаға мәлім. Атақты Асқар Сүлейменов: «Кем талант мүмкіндігінше, шын талант қалағанынша жазады» деген екен. Кино өнері – театр сахнасы мен әдебиеттен мүлде бөлек форматтағы өзінше ерекше сала. Алайда Д.Исабеков қаламынан туған киносценарийлер негізінде нағыз ұлттық ерекшелікке ие, көпшілік сүйіп көретін фильмдер өмірге келді.

Белгілі кинорежиссер Шәріп Бейсембаев 1975 жылы «Гауһартас» филь­мін түсірді. Бұл Д.Исабековтың сценарийі бойынша көпшілікке жол тартқан алғашқы туынды болатын. Ки­нокартина жазушының осы ат­тас хикаяты негізінде экрандалды. Туынды қазақы дүниетанымды, оның ішінде отбасылық қарым-қатынастың ұлттық үлгісін айна-қатесіз көрсете алуымен құнды. Ұлт­тық кинематографиямыздың тари­хында бір отбасы мүшелерінің бей­несі толық, һәм шебер ашылған фи­льм­дер санаулы. «Гауһартас», міне, осыған мысал бола алады. Экрандық шығармада Тастан өзінің ақылына көркі сай Салтанат есімді жарының қадірін кеш түсінеді. Белгілі тұрғыда «Гауһартасты» келін туралы фильм деп айтуға да болады. Киношығарма дәстүрлі қазақ отбасындағы әйел затының арқалайтын жүгі мен атқарар рөлінің қаншалықты ерекше болғанын шебер көрсетеді. Жаңа әулет­тің бір мүшесі болып келген Сал­танат арқылы қазақ ұғымындағы келін бейнесін танып-білуге болады.
1994 жылы жазушының «Тіршілік» хикаяты бойынша кинорежиссер Ұлжан Қолдауова «Тауқымет» кар­тина­сын түсірді. Фильмде басты рөл­дерді Тұңғышбай әл-Тарази, Баян Әлімақынұлы, Шынар Асқарова секілді актерлер сомдады. Фильмнің аты айтып тұрғандай, онда күйбең тіршілік қамына түскен жандардың ауыр тағдыры бейнеленеді. Жалпы, Исабеков қаламынан туған кинос­це­нарий­лер желісімен түсірілген бар­лық фильмдер адам баласының басына түсетін түрлі ауыр кезеңдер, кездейсоқ қиындықтар, күтпеген сәттер әр қырынан суреттеледі. Бір сөзбен айтқанда, әр фильмдегі әр кейіпкердің қайталанбас өзіндік тағдыры мен мінезі бар.
Д.Исабеков сценарийі бойынша түсірілген келесі фильм «Лотерея» деп аталады. Туындыны 2013 жылы белгілі кинорежиссер Дәмір Манабай экрандады. Картинадағы оқиға өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасын суреттейді. Қазақстанның оң­түстігіндегі шағын қалалардың бірі. Жетім бала, мектеп-интернаттың оқушысы Әулет кездейсоқ лотерея билетінің ұтыс иегері болады. Күтпеген жаңалық оның өмірін бірден өзгертеді. Бағы жанған Әулеттің ендігі жерде «қамқоршылары» күрт көбейіп, оны белгісіз туыстары іздей бастайды. Тұтас фильм драматургиялық тартыстардың шебер өрбуімен ерекшеленеді. Фильм авторлары экранда ақша мен ар-ұят алдында таңдаудан жаңылған қоғамның бейнесін аса сәтті ашып көрсетеді. Шығармадағы әрбір кейіпкер мінезінің нанымды ашылуы киношығармаға өзіндік салмақ беріп тұрғандай. Біз өмір сүріп жатқан қоғамның шындығы мен екіжүзді адамдар психологиясын шебер көрсете алуы картинаның ең басты артықшылығы деуге болады.
Дулат Исабековтің «Балуан Шолақ» пьесасы негізінде киносценарийге өзгер­тіліп, 2019 жылы түсірілген тағы бір айтулы туынды «Балуан Шолақ» бо­латын. Фильм атақты халық ком­по­зиторы, ат өнерінің шебері, балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлының балалық шағынан бастап, өмірінің ең бір маңызды кезеңдерін суреттейді. Балуан Шолақтың ел арасындағы әділетсіздікпен күресі, патшалық Ресейдің отаршылдық басқыншылығына қарсы ерекше ерлі­гі аса нанымды бейнеленуімен де бұл фи­льм көрерменнің ықыласына бөленді.
Фильм режиссері Нұргелді Сады­ғұлов тарихи жанрдағы картинада шебер драматургиялық желіні сақтай отыра, ұтымды режиссуралық шешімдерге бара алған. Кинокартина атмосферасы мен шымыр актерлік ойын көрерменге қазақ қоғамындағы ер, батыр тұлғасының типтік бейнесін дәл жеткізе алды деуге болады. Актерлік ойын демекші, Балуан Шолақ рөліндегі Еркебұлан Дайыровтың шебер рөлі – фильмнің сәтті шығуына тағы бір себеп.
Қазақ киносы тарихында ұлттың болмысы мен мінезін, дәстүрі мен дүниетанымын экран тілімен көрсеткен туындылар аз емес. Міне, солардың қатарында Дулат Исабеков қаламынан туған шығармалар арқылы түсірілген фильмдер де бар. Жазушының шығар­ма­лары бұдан кейін де экрандала беретініне кү­мән жоқ. Қалай дегенмен, кейінгі ұр­пақ өз ұлтының бітім-болмысын, елдік си­патын кино арқылы да танып-білуге міндетті.

Әлімақын ЖАНБОЛАТ,
кинотанушы

БҮГІНГІ КҮННІҢ КЛАССИГІ

Жалынан оңайлықпен ұстата қоймайтын драматургия жанрына өткен ғасырдың 80-жылдары аралығында келген Дулат Исабековтың ерекше қолтаңбасы оқырманы мен театрсүйер қауымды сол кездің өзінде-ақ елең еткізген еді. Жазушының «Әпке», «Мұрагерлер», «Алыстан келген ананас», «Тыныштық күзетшісі», «Ескі үйдегі екі кездесу», т.б. драмалық шығармалары күні бүгінге дейін қазақ театрларының репертуарынан түскен емес. Әрине, мұны драматург шығармаларындағы айтар ойдың ашықтығынан, уақыт ағымындағы сан салалы сұрақтарға көркемдік тұрғыдан нақты жауап беруінен, қаламының оқырманы мен көрерменін баурап алатын тылсым құдіретінен дейміз.

Қаламгердің қай драмалық шығармасын алып қарасақ та, барлығында ең алдымен адамның талайлы тағдыры, гуманистік ұстанымдары көрінеді, әрі олардан тұлғалық деңгейге көтерілген бірбеткей, батыл, өзіндік ойы мен мінезі бар кейіпкерлерді кездестіреміз. Жалпы Д.Исабековтің прозалық шығармалары мен драмалық туындылары идеялық мазмұн, құрылымдық форма, қисынды оқиғалар желісі мен тосын характерлер жасау жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әрбір кейіпкерінің кешкен өмірі, оның әлеуметтік ортасы әр алуан: бірі – соғыстың зардабынан «есалаң» атанған, бірі – жалғыздықты серік еткен, енді бірі –махаббатта жолы болмаған, тағы бірі – отбасылық қақтығыстарды бастан кешкен, т.с.с. Қаламгерлік шеберлік, көркемдік көрегендік деген осы болар, сірә.
Ал «Әпкедегі» Қамажай, «Мұрагерлердегі» Салиха, «Тыныштық күзетшісіндегі» Ардақ, «Мұңлық-Зарлықтағы» Мұңлық, «Актрисадағы» Айгүл, «Бөртедегі» Бөрте, т.б. әйел тағдырының күрделілігін, олардың қоғамдағы тарихи-әлеуметтік орнын айқындап беретін қаһармандар. Әйелдер әлемінің жұмбақ келбеті мен тылсым күшін өзгеше штрихтармен, келісті бояулармен суреттеп беру кез келген жазушының қолынан келе бермейтіні анық. Негізінен пьесаның экспозициясынан финалға дейін­гі аралықта драма теориясының негізгі канондарын, оның өзгеше құрылымын сақтай отырып, театр өнеріне ғана тән атмосфераға лайықты кейіпкер тудыру үрдісінің жоғары деңгейі – Д.Исабеков пьесаларының құндылығы. Мәселен, бүгінгі күнде өз болашағы мен өмір қызығын көруден саналы түрде бас тартып, керісінше, туған бауырларының тағдырына алаңдайтын әпкелер жоқ деп айта алмаймыз. Жазушының дәл осы «Әпке» пьесасынан ұлттық тәрбие, қазақы бауырмалдық сезім айқын байқалып тұрады. Сол сияқты, қай қоғамда да «Мұрагерлердегі» Сызғановтар сияқты оңай олжаға жеңіл жолмен қол жеткізгісі келетіндердің де кездесетіні рас. Олардың бейнесінен рухани құндылық саналатын моральдың, ар мен ұяттың материалдық құндылықтардың тасасында қалуын көреміз. Алайда аталған пьесадағы Салиха бейнесі Сызғановтардың жиренішті әрекетіне тосқауыл болып, жақсы мен жаманды таразылап береді.
Тәуелсіздік жылдары жазылған «Мұңлық-Зарлық», «Жаужүрек», «Жүз жылдық махаббат», «Бөрте» пьесалары Д.Исабековтың қазақ фольклоры мен тарихына да немқұрайлы қарамайтынын байқатады. «Жүз жылдық махаббатта» ұлы ақын Мағжан мен оның жары Зылиханың арасындағы мәңгілік махаббат сарыны баяндалса, «Жаужүректе» сал-сері, композитор, жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлының зорлық пен өктемдікке қарсылығы, күрескерлігі ашылады, ал «Бөрте» тарихи драмасында жарты әлемді жаулаған әмірші Шыңғыс ханның жұбайы Бөртенің өткір мінезін, қайсарлығын, ақылдылығын танимыз.
Осындай шығармалардағы драматургтың жүйрік қиялы мен қарымды қаламының сүзгісінен өткен кейіпкерлерінің драмалық ахуалы терең өлшеммен беріледі және олардың мінезінің даралығы өзгеше сарынмен баяндалады. Автор өз заманының үнін барынша ашық та анық сезінуімен ерекшеленсе, пьесалары ішкі тартысы мен сыртқы мазмұнының біте қайнасып жатуымен өміршең. Бұдан бөлек, жазушы шығармаларындағы идеялар қай заманда да, қай ортада да өткір, өзекті. Жалпы, заманның зары мен дәуірдің маңызды мәселелерін ерекше рухта жырлайтын қасиетке ие Д.Исабековтің пьесаларын оқи отырып, оның адамтанушылық, өміртанушылық, қоғамтанушылық ұстанымын байқаймыз.
Драматург Демесін атты кейіп­кері арқылы бейбітшілікті, әлемнің тыныштығын, Құлахмет арқылы үлкен адамгершілікті, тазалықты, Салиха арқылы мейірімділік пен адалдықты, Қамажай арқылы сабырлылықты, Айгүл арқылы өнер адамының нәзік те күрделі өмірін, халқына Балуан Шолақ деген атпен танылған Нұрмағанбеттің көркем бейнесі арқылы батылдық пен өжеттікті жырлады. Олай болса, Дулат Исабеков – өмірдің кедір-бұдырлы соқпағында небір кедергілерге кездесіп, психологиялық-моральдық теперіш көрсе де мойымайтын қаһармандар галереясын жасаудың хас шебері.

Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы, өнертану кандидаты,
Т.Қ.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық
өнер академиясының профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір