Қазаққа біткен құбылыс…
14.01.2025
234
0

Ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебие­тінің негізін қалаушы Абай (Ибраһим) Құнан­байұлының туғанына биыл 180 жыл толады. Осы орайда біз тоқсанның бесеуіне шығып отырған абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлына хабарласып, бүкіл саналы ғұмырын арнаған Абай феномені турасында көкейімізде жүрген сауалдарды жолдаған едік. 4–5-бет­тегі осы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Мекемтас ата, сіздің Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келгеніңізді, балалық, жастық шағыңыз еліміздің басына қара бұлт үйірілген ашаршылық нәубеті мен екінші дүниежүзілік соғысымен тұспа-тұс келіп, талайлы тағдыр кешкеніңізді білеміз. Соған қарамастан үлкен ғылымға жол салып, қазақ халқының ұлы тұлғалары әл-Фарабиді, Қожа Ахмет Ясауиді, Абай мен Мұхтар Әуезовті, Бауыржан Момышұлын халқымен етене табыстыруға еңбек ет­тіңіз. Қарапайым ауыл баласын осынау жанкешті еңбекке итермелеген не күш?
– Иә, өзің айт­қандай, мен өмірге келген кезең халқымыз үшін аса күрделі де қасірет­ті болғаны рас. Қазақ халқына үлкен нәубет әкелген қызыл қырғын мен бүкіл әлемге ажал сепкен дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын өз басымнан кешірдім десем де болады. Соған қарамастан бізде болашаққа, білім мен ғылымға деген ұмтылыс керемет еді. Әке мен анадан ерте айы­рылып, бір құрсақтан шыққан 12 баладан үшеуіміз ғана аман қалыппыз. Алдымен, ағайындардың қолында тұрып, 8 жасымда мектепке бардым. Ке­йін балалар үйі мен мектеп-интернат­та тәрбиелендім.
1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тамамдадым. Аспирантурада білімімді жалғастыруға әкемнің досы Бауыржан Момышұлы септігін тигізіп, 31 жасымда оқуға қабылдандым. Осылайша, үш жыл Баукеңнін үйінде жатып оқыдым.Үйдегі ұстазым – Бауыржан Момышұлы, оқу орнында Абайды тануға жетелеген ұстазым – Қажым Жұмалиев еді. Міне, осындай ұлы тұлғалардың тәрбиесін көріп, тәлімін алған мен үшін халыққа адал қызмет жасаудан басқа жол қалмағандай еді.
– Абай қазаққа біткен құбылыс болғанын айтумен келесіз. Жекелеген көзі ашық тұлғалар болмаса, жалпы мүлгіп жатқан қазақ даласынан осындай дара дарынның шығуы кез­дейсоқтық па, жоқ әлде заңдылық па?
– Абайдың шыққан ортасы оңай болмағанын жұртшылық жақсы біледі. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Абайдың анасы Ұлжан да текті жердің ұрпағы екені мәлім. Абай бала кез­ден Өскенбай әулетінің Үлкен әжесі атанып кеткен Зере ананың қолында өсті, Зере Ибраһимді болмыс-бітіміне қарай «Абай» деп еркелетіп атаған. Содан бері Абай есімімен тарихқа енді.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түскен екен. Балаға сыншы әкесі осы ұлынан қат­ты үміт күтеді. Әкесі оның зеректілігін байқап, 10 жасқа толған кезінде Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Медреседе төрт жыл оқығаннан ке­йін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани дүние­сімен, мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан ке­йін, ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бұл қарекетінен нәтиже бола қоймағаннан ке­йін халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе – өлеңмен насихат­тамақ болады. Абай, бір жағынан, шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан, Александр Пушкин, Александр Герцен, Михаил Салтыков-Щедрин, Николай Некрасов, Михаил Лермонтов, Лев Толстой, Иван Крылов, Фёдор Достоевский, Иван Тургенев, Николай Чернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған. Батыс әдебиетінен Гете, Джордж Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюис, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерт­тейді.
Абай шығармалары қазақ халқының көпғасырлық қасиетін бойына жиған ерекше қазына екенін, ақынның туған халқының және күллі адамзат­тың өнер, ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні, үш қайнар бұлағы бар екендігін жеке-жеке қарастырған абзал.
Мұның біріншісіне – қазақ халқының бағзы заманнан есте сақтап, дамытып келе жатқан ауыз әдебиетінен Абай көп нәр алып, сол арқылы өз поэзиясын көркейтумен қатар, өзіне де­йінгі ақындар шығармашылығын зерделей отырып, Еуропа мәдениетінен үлгі алуға шақырады. Қоғамды қайта құру мен тәрбиелеу арқылы халыққа қызмет етуді өзі негізін салған жаңа поэзияның жоғары мақсаты, тарихи парызы екендігіне оқырман назарын аударады.
Екінші рухани қайнар бұлақ – Абайдың Шығыс поэзиясымен байланысы да өзгеше болып, оған Фирдауси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Бабыр шығармалары қат­ты әсер еткендігі белгілі.
Ұлы ақын поэзиясының үшінші рухани нәрі – орыс және Еуропа әдебиетінің әсері нәтижесінде екені даусыз. Осылайша, Абай қазақ поэзиясына өлеңнің жаңа түрлерін, жаңа тақырыптарын енгізді, жаңа әлеумет­тік мазмұн берді. Бұның өзі қазақ поэзиясының сапасын жаңа бір деңгейге көтергені анық. Енді өзіңіз ойлана беріңіз, Абай – қазақ даласындағы кез­дейсоқтық па, жоқ әлде құбылыс па?!

– «Мен Абайды өмір бойы зерт­тедім. Сонда да түсіне алмадым», – депсіз бір сұхбатыңызда. Мұның сыры неде?
– Қазақ елінің ойшыл хакім Абайдың әдеби мұрасын танып білуіне биыл 136 жыл толып отыр (1889–2025). Бұл аз уақыт болмаса керек. Осы аралықта абайтану тарихының үш кезеңін бастан өткізіппіз. Әуелі абайтану тарихының «Мұхтар Әуезовке де­йінгі зерт­телу тарихында (1889–1934) Абайды танытудағы Алаш арыстары халықтық таным тұрғысынан мақала -зерт­теулері арқылы насихат­тау әрекет­тері дұрыс жолға түсіп еді. Бірақ кеңестік билік тұсында тұрпайы социологиялық, компоратавистік, формалистік танымдағы идеялық саяси шабуылдар қараборандатып ушығып тұрды. Бұлар тіпті ұлы ақын мұрасын терістеп, әдеби құндылық ретінде мансұқтауға де­йін барды. Абайдың әдеби мұрасы таптық, саяси-әлеумет­тік тегіне қарай бағаланып жат­ты. Бұлардан бағыт-бағдары мен мән-мағынасы мүлде аулақ М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен профессор Қ. Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген зерт­теу мақаласы абайтанудың сол тұстағы болашағына ғылыми жаңа бағыт-бағдарына тыңнан жол салған көсем ойлы танымдар болатын.
1933–1934 жылдан 1961 жыл аралығында қанаты кең жайылған «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі» дүниеге келді. М.Әуезовтің Абай мұрасы туралы іздену, зерт­теу, ақын мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру жолында атқарған қызметінің қол жетпес екі шыңы болды. Бірінші шыңы – көркем сөз өнері арқылы, әсіресе «Абай жолы» эпопея­сын әлем халқы жарыса оқып, ХХ ғасырдың ұлы туындысы деп бағаланып жат­ты. Екінші шыңы – абайтану жолындағы ғылыми-зерт­теу еңбегі «Абай Құнанбаев» деп аталатын ғылыми монографиясында ақын туындысы терең талданып жүйеленді. Осы кез­де абайтану саласында тұңғыш рет кандидат­тық, докторлық диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер басылым көріп жат­ты. М.Әуезов абайтануды биік деңгейге көтеріп кет­ті. Абайдың жүзжылдық мерейтойында ақын мұрасы жан-жақты зерт­теліп, баспасөзде кең тұрғыдан насихат­талғаны мәлім.
1961 жылы Мұхаң өмірден өткен соң, «Абайтанудың М.Әуезовтен
ке­й­­інгі дәуірі» басталып кет­ті. Біршама үзілістен соң жаңа буын, жас талапкерлердің ғылыми-зерт­теу еңбектері басылым көре бастады. Осы жаңа буын, жас толқын жастар өкілі ғылыми тұрғыдан ізденіп, жаңа таным, тың көзқарас тұрғысынан келіп, Абай мұрасының шығыстық рухани қазына көздеріне қарым-қатынасы жайлы күрделі мәселелер көтерілді. М.Әуезов танымын бастапқы табиғи қалпына келтіруге қызу атсалысып, оны ғылыми ортада қалыптастырды. Мұндағы бір ескерер жағдай, космополитизм туралы қаулы қатаң бақылауда тұрған кез­де, сол сая­си қысымнан сескенбей, «Абайдың шығысы М.Әуезов зерт­теуінде» деген төрт тараудан тұратын еңбектің ең үлкен тарауы 1982 жылы жарияланып кеткен еді. Тұңғыш рет бұл сала ғылыми тұрғыдан өз шешімін тауып, 1989 жылы докторлық дисертация қорғалғаннан ке­йін Абай мұрасының шығысына орай кандидат­тық диссертациялар да қорғала бастады.
Соңғы жылдарға де­йін Абайдың әдеби мұрасын танып білу, оны насихат­тау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерт­теліп, насихат­талып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Абай туралы көркемөнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетаным қалқан етіп қойылғаны белгілі.

– Абайды тануда соңғы кезге де­йін бір-біріне қарама-қайшы пікірлердің айтылып келгенін білеміз. Мұның басты себебі жайлы тоқталсаңыз?
– Абайды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеумет­тік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де кешегі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келді. Осы әрекет, әсіресе Абайдың 150 жылдық мерекесінде Қазақ­стан философтарының ұжымдық еңбегі «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғылыми зерт­теулерінде көрініс тапты. Бірақ философтардың бәрі де Абайдың жетінші қарасөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан («Абай». 2-том, – Алматы, 1995, 165-бет) деген даналық сөзіне назар салмай келді. Абай дүниетанамын танып білуде Абай айт­қан бұл ой пікірдің мән-мағынасы, болмысы, тіпті бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Абай бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңында айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе?

– Бүгіндері Абайтану саласында жаңа толғамдар мен ғылыми тұжырымдар айтылуда. Бұл жан мен тән іліміне қатысты болса керек…
– Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің құпия сырға толы рухани әлемімізді меңзеп айт­ты емес пе. Бұл іспет­тес терең пікірді Ясауидің «Девони хикметінен де» ұшыратамыз. «Тән ғалымы залымдарға ұқсар ерміш (Ясауи «Девони хикмет», Түркістан, 1993, 74-бет») деп ой толғауында «дүниенің көрінбеген сырымен жан ғалымы айналысады» деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сырымен айналысса, тән ғалымы «дүниенің көрінген сырымен» бір жақты айналысып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқор, дүниеқоңыз болып қалатынына назар аударатынын ашық аңғартады.
Абай айт­қан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы (технократ ғалымдар) болып шыға келеді де, дүниенің көрінбейтін сырын ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хаким Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі болып шығады емес пе? Өйткені Абай 1898 жылы жазылған 38 қарасөзінде жантану ілімі ой танымдары біздің заманымыздағы квант­ты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы, ойшыл ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді. Абай «дүниенің көрінген сыры» мен «дүниенің көрінбеген сырын» бірлікте қатар алып танып білуді меңзейді.
Испан ғалымы Рена Декарт болмыс пен сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерт­тейік, ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерт­теп қайтеміз?!.» – деп, адамзат­тың рухани әлемін танып білуден теріс айналды. Мұның нәтижесі бүгінгі Еуропа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұзылып, моральдық қасіретке алып келді әрі олар ғылымды имансыздық жолға түсірді.
Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып білуді мақсат тұт­ты. Абайдан бастап түп иені танып білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге, яғни дүниенің көрінбеген сырын ашып, танып білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірт­тері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады.
Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерт­теу жұмыстарымыз қандай бағыт бағдарда болатындығын айқындау­ға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Абайтану саласында 136 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми творчестволық зерт­теулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен баға беріп, бағалайтын боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.
Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми-зерт­теу жұмыстарында объективті шындық тұрғысынан ашылуы – басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақынның дүниенің көрінбеген сырын танып білуге ұмтылу арқылы жол салған жантану ілімі мен «толық адам» ілімінің құпиясын ашып, адамзат­тың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып білуге ұмтылу, себебін білуге ұмтылу, ке­йінгі ұрпақтың үлесіне қалып отыр. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып білу. Абай ой танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған. Соның бір тармағы жан мен тән туралы:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағнасы – екі.
Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, –
деп, өлең сөздің өрнегімен сыртқа шығарған ой қазынасын бір шумаққа сыйдырған ақынның пәлсапалық ой толғаныстарының сыры мен мән мағынасы бүгінге де­йін толық жан-жақты шешімін таппай келеді.
— Онбірінші ғасырда әл-Фарабидің «Парасат­ты адам» ғылымы жасалды. Одан ке­йін «Құтадғу білік», ХІІІ–ХІV ғасырда Ясауи ілімі, одан ке­йін Абайдың «Толық адам» ілімі, ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің «Ар ғылымы» дүниеге келгені белгілі. Абайдың өз заманынан ілгері кетуін қалай түсіндірер едіңіз?
– Абай «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп жазған еді ғой… Сол жұмбақтың жауабын тапсам деген жолда 60 жыл ізденіс жүргіздім. 90 жасқа келгенде тоқтам жасап, Абай армандаған «толық адам» формуласын түздім. Ол үш нәрседен тұрады екен – ақыл, әділет, рақым.
«Толық адам» ілімінің тамыры терең, тарихы алыста жатыр. Біздің заманымызға де­йін V–VІ ғасырда «ахи» ілімі пайда болған. «Ахи» сөзі – жомарт деген мағынаны білдіреді. Біз ХХІ ғасырға де­йін осы іліммен сусындап келдік. Он бірінші ғасырда, өзің айт­қандай, әл-Фарабидің «Парасат­ты адам» ғылымы жасалды. Адамгершілік тақырыбын қаузайтын бұл деректер ар ғылымының алты сатысы болғанын айғақтайды. Ал біздің заманымызға де­йінгі бес жүз жылдықта «Оқымысты адам» ілімін көкке көтеріп жүрген қытайлардың өзінде ке­йін «Конфуций ілімі» шықты да әрі қарай ол дамымай, тоқтап қалды
Мен осыған де­йін тек қана Абайдың бірен-саран жұмбақтарының буындарын шештім. Соңында Абай деген – феномен деген тұжырымға тоқталдым. Ол жай адам емес. Себебі мектепте оқыған жоқ. Университет бітірген жоқ. Бар болғаны үш жыл медреседе оқыды. Сол кез­де Шығыстың ақындарын мықты оқып, қуат­ты бойына жиып алған. Осы «Толық адам» ілімі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз. Алланың бойындағы сегіз сипат адамда да бар, бірақ Алладағыдай толық емес. Сондықтан бойымыздағы сегіз сипат­ты Аллаға еліктей отырып күрделендіріп, жөндеуіміз керек. Соған ұмтылуымыз керек. «Толық адам» ілімі содан барып шығады.
Абай толық адам іліміне айрықша мән беріп, неге ой толғанысына түскен деген сұрақ мені үнемі мазалап келді. Қазақ елінің мінез құлқының бұзылуы – тікелей отаршылдық саясат­тың нәтижесі екенін Абай білді. Білді де осы қасірет­тің отына күйер елінің алдын алу үшін толық адам ілімімен емдеп, мінез-құлқын бұзылудан аман алып қалатын жолын ізденді. Міне, осы жол Абайды толық адам іліміне алып келді.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың
Бірі – қан, бірі – май боп екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Неге ғана бұзылды сартша сыртың…
Өздеріңді түзелер дей алмаймын
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын, –
деп халықтың мінез-құлқын бұзудың түп төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп отыр емес пе?
Бүгіндері Абайдың «толық адам» ілімі мен «жантану» жүйесін ерекше әрі жан-жақты терең зерт­теу – мезгілдің өзі межелеген тақырып десек, қателеспейміз. Ол ілім қазақ жерінің туындысы болумен қатар, бүкіл түрік халықтарының келешекте қабылданар моральдық кодексінің іргетасына, қажет десеңіз, күллі әлем халықтарының кемел адам қалыптастыруында толық адам іліміне тең түсер өзіндік ілімі болмауы себепті де, бар күшті осы мәселені шешуге салып, тереңірек зерт­теуді басты мақсат етіп қоюға міндет­тіміз.
Абай мұрасын танып білу тарихына 136 жыл болды деп әлгінде айт­тым. Қазақ елі асқан ойшыл, ақын ұлын ғасырдан астам уақыт ішінде қалай зерделеу жолында, ғылыми тұрғыдан талдап, көп мәселенің бар болмысын өз деңге­йінде шешуге талпынуда. Осы міндет­ті жүзеге асыру үшін Абайды танудың күрделі жолында, ғылыми зерт­теулерде жіберілген сан түрлі кемшіліктеріміз бен қол жеткен жетістіктерімізді тағы бір ой елегінен өткізіп, сараптауымызға тура келеді.
Жалпы, Абайтану тарихы – филология, тарих факультет­терінде арнайы курс, арнайы семинар сабақтары ретінде оқытылуы қажет деп есептеймін. Өйткені бұл сала студент­терге Абайтанудан терең мағлұмат берумен бірге Абай мұрасының рухани, тарихи болмысынан кең, жаңаша соны танымдар беруімен ерекшеленеді. Ол үшін «Абайтану тарихы» оқулығы мен хрестоматиясы, бағдарламасы мен арнайы библиографиялық көрсеткішті қоса жазып беруі – заман талабы болмақ.
Ал барлық университет­тер мен мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институт­тарда, орта мектептер мен арнаулы оқу орындарының барлығында «Абай: Толық адам ілімі» деген арнаулы ортақ оқулық пен хрестоматия бағдарламасы мен библиографиясымен қамтамасыз ету – рухани қажет­тілікке айналуы керек. Өйткені бұл ілім жас ұрпаққа жетілген, кемелденген мінез-құлықты қалыптастырып, сырт­тан еніп жатқан жат қылықтардан сақтайтын «қазақ қорғаны» болатынын назарда ұстау – әділет­ті жол болатыныне кәміл сенемін!

Қуат Қайранбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір