Жастар прозасы – тірі құбылыс
Жастар проза жанрының ең көлемді, аса күрделі түрі –романға жүйелі қалам тартуымен ерекшеленеді. Жаңа ғасырда романның ішкі жанрлық түрленімдерінің көбеюіне байланысты қазақтың жас қаламгерлері де сол жаңашыл бағытты ұстанып, модернистік, постмодернистік сарында даралануға талпынуда. Қазіргі қазақ жастарының прозасын саралау – бұл тек әдебиетке емес, уақытқа, қоғамға, санаға баға беру. Себебі жастар шығармашылығы – заман айнасы, жаңа толқынның рухани портреті. Енді жас қаламгерлердің романдарына жеке-жеке тоқталайық.

Жазушы Әлібек Байболдың «Мұтылған» романы – 2024 жылдың тың жаңалығы. Туынды романның метароман жанрында жазылған. Метароман — бұл постмодернистік әдебиеттің маңызды құбылыстарының бірі. Ол классикалық баяндаудан бас тартып, автор мен кейіпкер, шындық пен қиял арасындағы шекараларды әдейі бұзады. Роман банк менеджері Мұраттың жұмыстан келіп, темекі шегіп тұруымен басталады. Сол сәтте оның санасында өзге бір тұлға оянады. Ол Мұратқа мінез, болмыс, азаматтық ұстаным тұрғысынан мүлде кереғар. Бүкіл роман Мұтылғанның іс-әрекетіне, оның ішкі толғанысына, қоғамдағы қасіретті жайттардан запыран шеккен зарлы халіне негізделеді. Романның соңында темекі тартып тұрған Мұраттың бастапқы ішкі болмысы, өзін сезіну деңгейі сөзбе-сөз беріледі. Мұраттағы бар өзгеріс – шылым шегуден бас тартуы. Туындыда интертекстуалдылық басым. Автор Шәкәрім Құдайбердіұлынан бастап, қазіргі көптеген ақындардың өлеңдерін Мұтылғанның жан әлемін ашуға, оның ой-толғаныстарын жеткізуге жұмсаған. Шығармаға метафизикалық романның белгілері – философиялық сұрақтарды, болмыс, ақиқат, сана сияқты ұғымдарды көркемдікпен зерттеу де тән болып табылады. Бұл тұста шығарма философиялық романның элементтерін бойына молынан тоғыстырған. Оқиға орны – Т ауылы. Жазушы т әрпінің ежелгі әліпбилердегі мағынасына ғылыми түсінік келтірген. Осы орайда роман өзінің көркем әдеби бояуынан алыстап, ғылыми келбетке ие бола бастағандай еді. Мұтылғанның хикаясын аты-жөні белгісіз бір кейіпкер баяндайды. Иә, роман жалпы баяндауға құрылған. Постмодернистік сарында жазылғандықтан, жүйелі, бір өзектен тарайтын оқиға жоқ. Мұтылған әр бейнеде, түрлі сюжеттік иірімдердің тоғысынан табылады. Мұтылған – бүгінгі заманның хас батыры, өзі із кесуші, қылмысты ашып, зорлық-зомбылықтың төркінін әділ бағалаушы, отасына ақша жетпеген балаға өз қалтасынан қаражат бөліп берген жомарт, шындықты ғана айтып, ақиқатты әйгілеп, қолына қалам алып, радиодан сөйлеп, әділеттің ақ туын желбіретуден еш тайынбаған жүрегінің түгі бар айтулы азамат. Мотиватор, психолог-коучтарға оның жаны қас. Т. ауылына мотивациялық кеңесін беруге келген Томас Андерсенді таяққа жығу оқиғасынан Мұтылғанның ірі, кесек образы оқшаулана түседі. Ол – ойдың адамы, өлеңді пір тұтады, шетел әдебиетінің тұңғиығына бойлайды. Жазушы романда Мұтылғанның портретін бермеген, тек жасы қырықта екенін ғана аңдатқан, себебі әрбір оқырман өз санасында өзінің Мұтылғанын көңілі қалағандай түр-тұрпатта тудырып алары анық. Алайда автор кейіпкерінің мінездемесін беруден аянбаған. Әрбір жаңа тарау Мұтылғанның тосын қасиетін баяндаудан басталады. Жазушы кейіпкерлеріне ат іздеп әуре болмайды, халық ауыз әдебиетінде типтік тұрғыда әбден қалыптасқан көркем бейнелердің есімдерін берген. Аула сыпырушы Көлтауысар, бірақ керең, Ертөстік – тергеуші. Жалпы Т. ауылы тұтас еліміздің символында сипатталған. Оны автордың ауылдың көркейгенін, дамыған отыздыққа енгенін, ендігі меженің ондыққа іліну жайын баяндаған тұстары дәлелдейді. Роман Мұтылғанның қандықол қарақшының қолынан ажал құшуымен аяқталады. Реалистік кейіпкер Мұрат санасындағы Мұтылғаннан рухы оянып, өмірін жаңаша сүруге шешім қабылдайды. «Мұтылған» романы – жанрлық сипатта төл әдебиетіміздің тарихына тұңғыш метароман болып енген тың туынды.
2024 жылы роман жанрына барып, ұлт әдебиеті қоржынына олжа салған қаламгер – Ғылымнұр Кәдірбай. Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тау ішінде» өлең-әнімен аттас туындысын автор роман деңгейінде атаған. Оқиға тау ішінде орналасқан А. қаласында өтеді. Қаланың кіре берісі де, шығар қақпасы да қорыммен шектеседі. Оқырманның көз алдына суық ызғар шашқан тау қойнауындағы қаланы елестете басталған роман Мәулен кейіпкердің өмірін баяндауға ұласады. Мәулен – қарапайым еңбек адамы, ақсақал. Қырық жыл жүрегіне көме алмаған қасіреті – алғашқы махаббаты Ділдәнің белгісіз жағдайда өмірден өтуі. Мәулен күнделікті тірлік күйбеңімен жүрсе де, өткен өмірінің елестерінен құтыла алмайды. Кейіпкерін осындай психологиялық күйзелісте сипаттай отырып, автор лирикалық шегініс көркемдік тәсілін ұтымды қолданып, бұрынғы күндердің елесін оқырман назарына ұсынады. Өткен күн –қазан-ошақ маңының ұсақ әңгімесі емес, ірі, әрі қасіретке толы тарихи оқиғалардан көрініс беретін айшықты сәттер. Кейіпкер Байкенженің образы арқылы ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ахуал айнытпай суреттелген. Байкенже қанша еңбекқор болғанымен, ешқашан басшылықтың көзіне ілінген емес. Оған кінәлі – Байкенженің «ірінің тұқымы, алашшыл» болғандығы. Мәулен бір естелігінде Қара теңіз асып, Қазақстанға жер ауып келген гректердің тағдырын баян етеді. Грек Пименди ақсақалдың басынан кешкендері типтік сипат алып, саяси зобалаң жылдар оқырман көңіліне бар шындығымен қонақтайды. Күншілдіктің құрбаны болған әкесі Баубек туралы Мәуленнің ішкі толғанысы терең, перзенттік мейірі қанбаған көңілі шерлі. Бар оқиғаға құшағын жайған А. мекені қала деп аталғанмен, романда қазақ ауылының тұрмысын кешеді. Мәулен күнде таңертең ірі қараларын өріске айдайды. Пұшық кемпірі Зылиха үй шаруасымен әуре. Құрдасы Ысқақтың бес-алты есегі бар. Маскүнем көршісі Володя күн сайын аруақтарды көріп, солармен сөйлеседі. Володя тұрғындары үдере көшіп, адыра қалдырып кеткен бес қабатты үйде жалғыз өзі тұрады. Ол осы тұрғын үйдің базарлы шағына қайтып оралғысы келгені сонша, ақыры сол қызықты дәурен шындыққа айналғандай, елес бере бастайды. Бұл мекенге қала сипатын берген шахтерлер өмірі суреттелген кез. Өкіметтің тапсырмасымен кеннің жаңа көзін тапқан шахтерлер тауға жарылғыш зат қояды. Ақыры кеннің мол қорын тапқандары аздай, ордалы жыланға кез болады. Осы тұста роман қиял-ғажайып сипат алады. Ордалы жыландардың патшасы, онымен тілдескен тарымшы, мәмілеге келуден бас тартқан жыландар, қаланы қаптаған қарабас құрттар қиял-ғажайып ертегінің кейіпкерлеріне көбірек ұқсайды. Жылан қаптау оқиғасынан кейін қаладан береке қашады. Тұрмысы титықтаған тұрғындар өлместің күнін көреді. Роман Мәуленнің жалғызы Бекнұрдың ақын болып, А. қаласына бір топ өнерпаздармен бірге концерт қоя келіп, әкесінің мәңгілік махаббаты туралы өлең оқуымен аяқталады. Реалистік роман мен фантастикалық романның элементтері араласып берілсе де, туындының өз айтары, оқырманға ақтарар шындығы бар. Романның көркемдік деңгейіне келсек, автор құрғақ баяндаудан аулақ болып, суреттей отырып баяндау әдісін қолданған. Образ жетілдіруде көбінесе авторлық тұрғыдан араласу бар. Кей тұста автор лексикалық нормадан ауытқып, мағыналық тұрғыда өзара тіркесе алмайтын сөздердің басын «күшпен» иіп қояды. Мысалы, шомбал бетон тіркесіндегі «шомбал» сөзі «етжеңді, алпамса, шымыр» мағынасын береді әрі адамның сырт тұлғасына қарай орынды жұмсалады.
Оқырмандарын өз романымен қуантқан жастар әдебиетінің өкілі –Есбол Нұрахмет. «Бейтаныс» романы он үш тараудан тұрады. Нейропсихолог Нығыметтің Василийді медициналық аппарат арқылы уақытша өлімге душар етіп, оның миындағы барлық ақпаратты жазып алып, жазушы Айбек Бұлғынбайға таныстыруымен басталады. Ғылыми-фантастикалық роман жанрының белгілері көптеп ұшырасқандықтан, аталған туындыны осы жанрға жатқызуға толық негіз бар. О дүниелік болған жанның санасында ойлары самсап қалатыны жайлы қазір ғылымда дерек бары жасырын емес. Ал романның тұтас оқиғасы Василийдің әрбір тарихи кезеңде дүниеге келіп, ажал құшып, бас-аяғы төрт рет өліп-тірілу оқиғаларына негізделген. Алғашқы өмірінде ол Кенесары ханның сарбазы болып қызмет етеді. 1837–1847 жылдардағы Кенесары көтерілісі жайлы тарихи шындық осы алғашқы өмірде баян етіледі. Жазушы кейіпкерлеріне образына сай портрет жазып берген. Толық портрет пен шымыр диалогтар көркем образды мейлінше ашып, өсіре түседі. Кейіпкер Василий әр жаңа өмірінде белгілі бір тарихи кезеңде қайта оянады. Сол тарихи шақта елді соңына ерткен көптеген ұлт көшбасшыларының есімдері шынайы күйде аталған. Тарихи шындыққа құрметпен қараған, бұрмалауға салмаған. Ерсейіт орыс мұжығы болып та, қыз болып та дүниеге оралады, тракторшы Серікбай болып та жарық дүние есігін ашады. Соңында қазақшаға шорқақ Василий деген қазақ болып ұшпалы жан тұрақтайды. Ғылыми-фантастикалық романның элементтерін тиімді қолданған жазушы қиял арқылы тарихи шындықты түйдегімен сөйлетіп өтеді. Роман Василийдің батыр бабасы Ерсейіттің атын алып, есімін қазақшалап, ана тілін толық меңгеруімен тәмамдалады. Тарихи шындықты сенімді суреттегендіктен, туынды тарихи роман түріне де сай келеді. Жанрлық көпқырлылық – Есбол қаламына тән шеберліктің бір айғағы. Енді романның тілдік келбетіне тоқталсақ, жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Бүтін ұлттың табиғатын танытуға жұмсалған сөйлемдерде автор тым талғампаз болса игі еді. Кейіпкер Гүлбаршынның сөзі: «Мен білгенде қазақ арасында бозбалалық қылмайтын адам аз». Күллі қазаққа қатысты айтылған бұл сөз орынсыз-ау! Лексикалық нормадан адасу көріністері көз алдыма қалқып шықты. Көркемдік, стильдік тұрғыдан өңдеп, түзетіп шықса, роман өзінің екінші тынысын ашар еді.
Тарихи тақырыпқа көлемді хикаят арнап, халық сүрген нағыз ақиқатты көркем шындыққа айналдыра білген жас жазушы – Әлішер Рахат. Қаламгердің «Күз. Жел. Бұлттар, Ғажайып» хикаяты үлкен романның ілкі бөліміндей әсер қалдырады. Туынды пейзажды әдемі суреттеуден басталады. «Ерте күз. Гулеген желде ызғар бар. Аспанда үйір-үйір бұлттар көшіп жүр». Бұл ызғарлы күз атышулы 1928 жылдың қасіретінен хабар береді. Кәмпескеге ілінуден сескенген Дәулеткелді отбасын алып, Әулиеатадан Қытай аспақ. Отбасының жалғыз қызы Зейне – нағыз махаббатты армандайтын бұла бойжеткен. Автор Зейненің осы образын аша түсу үшін Айша бибі туралы аңызды оқиғаның ең орайлы тұсында жемісті қолданған. Кесенеде таңбаланған «Күз. Жел. Бұлттар. Ғажайып» сөздері туындының бүкіл мазмұнын ашатын символдық қуатқа ие. Дәулеткелді – ата қонысынан амалсыз ауа көшкен кешегі қазақ баласының жиынтық бейнесі. Қызы Зейнені қарақшы Серғалиға лажсыздан ұстап беріп, Қытайға жеткенде көргені қорлық: шекарадан өткізбеді, қолындағы малын талан-тараж етті. Ақыры арғы бетке өте алмай, қазақ жерінде колхоздастыру басталғанда, амалы құрып, жұмысшыға айналады. ХХ ғасырдың басында қазақ еліне нәубет болып тиген саяси оқиғалар суреттелгендіктен, хикаятта бақытты кейіпкер жоққа тән. Жаппай аштыққа ұрынған қазақтың мүшкіл күйін автор суреттей отырып, тоқыраған жан әлемінен де көрініс береді. Жазушы аштық тұралатқан елді өліммен бір аймақта тұрып жатқандай деп шебер суреттейді. Бірақ қайсыбір тұста тарихи шындыққа емес, өз қиялына көбірек сүйенетіндей көрінеді. Оқиға шешімі аяқсыз қалған туынды негізгі түйінді оқырманның өзіне сыбаға етіп ұсынып отыр. Әлішер жазушы тарихи шындықты көркем құбылысқа айналдыруда қандай тіл кестесін қолданды? Табиғат құбылысын сипаттауда қаламгер сөзден сурет салады. Моншақтай мөлдіреген сұлу портреттер жасады. Алайда жазушы кей тұста ойлы-қырлы жолға түсіп кеткендей көркем тілінің тізгінін тартып, ауызекі сөзге сүйей салады. Тіпті кейіпкер тілінде емес, авторлық баяндауларда осындай ауызекі сөйлеу стилінде жазылған сөйлемдер ұшырасып қалып жатты. Автор кейіпкерін суреттеу кезінде тым шұбалаңқы сөйлемдерге орын берген. Сөйлемнің шұбалаңқылығының салдарынан бір сөзді әлденеше рет қайталау олқылығы орын алған. Бұл орайда қаламгерге сөз саптау әдебінің көркем қалыбын қашан да сақтауға, әдеби стильдің жүйесінен жаңылмауға ұсыныс айтуға болады.
Бес жазушының көлемді, ойы терең туындылары жайындағы талдау осы. Қуанарлық жайт, жас қаламгерлер бүгінгі әдебиетке жаңа кейіпкерлер легін әкелді. Әлібек Байбол қаламынан бүгінгі қоғам идеал тұтатын Мұтылған бейнесі туды, Ғылымнұр Кәдірбай ізденісінен Мәуленнің күрделі образы пайда болды. Ал Есбол Нұрахмет пен Әлішер Рахат ұлт тарихына терең бойлап, алыс өткеннің ақтаңдақ беттеріне қалам ұшында саяхат жасады. Ал дамытуды қажет ететін мәселе – азба тіліміздің бар көркемдігін қанып ішу, оқырмандарға тұнық, мөлдір тілмен өрнектелген өрелі туындылар ұсыну. Жастар прозасы – әдебиеттегі көктемгі буын: жаңашыл, сыршыл, жарқын әрі кейде бұлтты. Ол өседі, кемелденері хақ, өйткені ол – тірі құбылыс.
Айзат Рақыш
жазушы, сыншы,
ҚР Мәдениет саласының үздігі
ПІКІРЛЕР5