Құбылыс
«Жетпісінші жылдың аяғында екі жыл әскер қатарында болып, Алматыға оралсам, Атыраудан келген ақын қыз Фаризаның жырлары астананы әбден шулатып жатыр екен». Әбіш Кекілбаевтың «Фариза» атты эссесінің қолжазбасынан осы жолдарды оқығанда авторына телефонмен хабарласқанмын. Әбекеңе: «Ол өлеңдер, тіпті ауылды да шулатқан. Сіздің жазғаныңыз есіме бір оқиғаны түсіргені. Баяғыда Фәкеңнің өлеңін оқимын деп мені машина қағып кете жаздаған», – дегенмін. Қалай болғанын айтып бергенімде, Әбекең әуелі лекітіп күліп алып, артынша: «Қой, бұл күлетін нәрсе емес екен, бұл жазатын нәрсе екен. Қағазға түсіріп қой», – деп еді. Содан бастайын онда.
Қаламдас қарындасым Гүлсім Оразалиева хабарласып: «Фариза апаймен жақсы аралас-құралас болғаныңызды білеміз. Сіз туралы жазғанын да оқығанбыз. Апай жайындағы естеліктерден жинақ құрастырып жатырмыз. Сізден де естелік күтеміз», – дегенде, кезінде Әбіштей ағам айтса да қағазға түсіре қоймаған сол бір жайды қайта ойға оралтқанмын.
…Аулымыздың пошташысы Өмірбек деген кісі еді. Қызы Гүлбара бізбен бір класта оқыған. Ол кісі поштаны совхоз орталығынан алады. Атпен жүреді. Хат-хабар, телеграмма, журнал болмаса, жаңбыр, қар жоқ күндері үй иесінің атын айтып айқайлайтын да, газеттерді аттың үстінен үйдің тұсына қалдырып кете беретін. Ол кезде қазіргідей әр үйдің биік дуалы жоқ, көше жақ беттің бәрі ашық, ауылдың шаңы шығып та жатпайды, жердің құйқалы кезі, жолдың жиегі тұтасқан ажырық. Балаларды көрсе, солардың қаумалағанын қызықтап: «Мә, газет! Мә, газет!» – деп әр газетті жеке-жеке лақтырып, тұрып алатыны есте. Кішкентай күнінде үлкен ұлым Асқардың ауылдан келген соң үйдегі газеттерді жан-жаққа лақтырып, «Мә, газет! Мә, газет!» деп пошташы боп ойнағаны да бар. Қойшы, қысқасы, бір күні Бесқұбырда (совхоз орталығы, мектебіміз сонда) жүрсем, Өмірбек ағай поштадан шығып келеді екен. Қос қоржыны толы. Атына мінгелі жатыр. Көре қалып: «Біздің үйдің «Лениншіл жасын» беріңізші!» – дегенім. «Ой, мына көп газеттің арасынан қайдан табамын? Үйге барған соң оқисың» десе де, көңілімді қимай, қоржынына қолын әрі сұғып, бері сұғып, бір кезде шекесіне «Батырбек» деп сияқаламмен жазып қойған газетті ұстатты. Батырбек – ағамның аты. Ауылда жұрттың бәрі атымен аталады ғой. Сұрап алған жаңағы газетті тап сол жерде оқи бастадым. «Лениншіл жастың» дүрілдеп тұрған кезі. Таралымы үш жүз мыңның маңайында (осы тұсты жазып отырып, Жанболат Аупбаевтан нақтылап едім, «Сейдахмет аға газеттен кетерде таралым жазылым бойынша 289 мың, киоскілердегі сатылым бойынша
11 мың болатын» деп жаңылыстырмайтын жады бойынша сарт еткізді)! Үшінші бетіне бір топ өлең беріліпті. Топтаманың жалпы тақырыбы – «Мен саған ғашық емес ем…» Беттің жартысынан астамын алып жатыр. Авторы – Фариза Оңғарсынова. Әр өлеңнен кейін кішкентай штрих суреттер салып безендіріп, әбден әрлеген. Фотосы да бар. «Өлең де жазады екен ғой» деп ойлап қойдым. Газеттің республиканың батыс облыстарындағы меншікті тілшісі екенін білемін, очерк, мақала, суреттемелері екі-үш күн сайын борап шығады да жатады. Жарайды, өлеңдерін де оқып қарайық. Оқып қарасам, түрі басқа. Үні, сөзінің сазы, ырғағы басқа.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
Сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,
«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»
демесең,
Мен саған ғашық емес ем.
Ғашық адам ғашық екенін айтушы еді. Бұл ғашық емес екенін айтады. Дұрысырағы, ғашық екенін сөйтіп айтады.
Келесің дәйім шілденің,
От күні болып ынтығып.
Құшағыңда құрып сүлдерім,
Шыға алмай қалам бұлқынып.
Кетеді сонда жон аттап,
Тәкаппар менің өрлігім.
Жанарда жүрген қонақтап,
Қоңырқай күздей сорлы мұң.
Әр шумағын оқыған сайын әкетіп барады, әкетіп барады бір жаққа. Бөлек бір әлемге. Қайталап оқыдым. Енді дауыстап оқи бастадым…
Бір кезде оқыс шыққан үннен шошып кеткенім. Қарасам, жолдың дәл жиегінде тұрмын. Анандай жерге барып, бір жүк машинасы тоқтады. Жанымнан зу етіп өте шыққан көрінеді. Шопыры маған қарай келе жатыр. Түтігіп алған: «Есің дұрыс па, өзі?! Қағып кетсем қайтесің?!» – дейді. Жаңағы өлеңдерді оқи-оқи орнымнан жылжып кеткенмін бе, әлде о баста жолдың дәл жиегінде тұрғанмын ба, ұқсам бұйырмасын. Шопыр жігіт зеки ұрсып, бетіме бажырая қарап, кетті де қалды. Жолдың шетінде дауыстап газет оқып тұрған бала туралы не ойлап кеткенін кім білсін!..
Фариза Оңғарсынова жырлары, ақын сырлары менің өміріме, бозбала жүрегіме осылай оқыс енген болатын. Кейін білсем, бұған дейін, 1966 жылы «Сандуғаш» деген атпен тұңғыш жыр жинағы жарық көрген екен. Одан хабарсызбын. Қатты қайран қалдым! Сол газеттегі оншақты өлеңімен Фариза Оңғарсынова менің санамда бір сәтте ту биікке көтеріліп кеткен еді.
Фариза одан кейін де таңдандырудан танбады. Бірінші курста жүргенімізде әдебиет әлемінде бір тосын оқиға болды. «Жұлдыз» журналына кітап жарияланды! Иә, кітап. Фариза Оңғарсынованың «Мазасыз шақ» деген кітабы. Бас-аяғы бүтін, тұтас жинақ. Басталуынан, аяқталуынан, тақырыптарға бөлінуінен кәдімгі кітап етіп дайындалғаны, сол күйінде (редакция ішінен таңдағанын алар деген оймен) ұсынылғаны көрініп тұр. Әдетте, әдеби журналдың жылдар бойы қалыптасқан құрылымы болады. Роман, повесть, өлеңдер, әңгіме, публицистика, очерк, әдеби сын, рецензиялар, библиография деген сияқты. Сонда өлеңдерге шамамен он пайыздай ғана орын тиеді, оның өзі 3–4 авторға бөлінеді. Бұл жолы бір автордың өлеңдері қалың журналдың ширек бөлігіндейін керіп тұр. Жұрт айран-асыр болды. Осынша орынның бір авторға берілгені бір таңдандырса, ол автордың бұдан бұрын «Тұңғыш кітап» деген биттің қабығындай сериямен жалғыз жинағы жарияланған жас ақын екені екі таңдандырды. Ал мен жаңа жаздым ғой, бұрын кітабы шыққанынан да хабарсызбын. Қысқасы, құлақ естіп, көз көрмеген жағдай. «Сол бойда-ақ, «бас редактор жерлестікке салынып, енді шығып келе жатқан жас ақынның бүкіл жыр кітабын журналдың бір санына түгел жариялап жіберді» деген дабыл жоғары жақтарды жағалап кетті. Оның есесіне, оқырман қауым аспаннан меруерт жауғандай әдемі жырға бір кенеліп қалды. Ақын Фаризаның даңқы аспандай түсті» (Әбіш Кекілбаев).
Расында да, аспаннан меруерт жауғандай болып еді-ау. Ойпырмай, сонша өлеңнің ішінде «Шынында да көлемі тым қомақтылау екен. Дәл мынаны баспаса да болады екен» дегізетін бір өлең болсайшы! Бірінен-бірі өтеді.
Сенің от құшағыңда,
Дүниені ұмытып, талықсыдым,
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ далада тек екеуіміз,
Жүргендейміз айналып
ғарышты мың.
Көзімді ашсам,
шырын сәт көзден ұшып,
Кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Фаризаға дейін әйел жанының жан жүректі өртейтін ыстық жалыны, сөзбен суреттелмейтіндей сезілетін сансыз сиқырлы сырлары қазақ тілінде «Қасиетті Алла атымен ант етем, Періштелер жаннатымен ант етем, Жалындаған біздің ыстық түндердің, Тұншықтырған ләззатымен ант етем!» деп келетін аударма өлеңдерде ғана жеткізіліп жүрген еді деудің өзі де күмәнді болуы әбден мүмкін. Кім біледі, Хамит Ерғалиев атақты Анна Ахматованың бұл жырын да Фариза өлеңдерінің әсерімен аударған шығар, бәлкім. Өйткені қанша жерден түбі татарға жиеншар дегенмен, нағашы әжесінің фамилиясын әдеби псевдоним етіп алған дегенмен, рухы жағынан тап-таза орыс ақынына (өз аты-жөні – Анна Андреевна Горенко) Алла атымен ант еткізбес еді ғой. Өйткені Хамаңның өзі: «Біздер (еркек ақындар) тек қана әйел табиғатына тән құпия құбылыстарды, қанша талантты болсақ та, өзіміздей-ақ таланты бар әйел ақындай дәл байқап, суыртпақтың оңайлықпен қолға ілінбейтін жерде жатқан ең нәзік те, ең қажетті тінін суырып ала алмай қаламыз. Өйткені… өйткені біздің көңіл көзімізде ол тінді басқа тіндерден ажыратарлық қабілет жоқ болуы мүмкін. Басқаша айтқанда, табиғаттың өзі оны бізге білгізбей қойған болуы ғажап емес», – деген ғой.
Ахматова демекші, бізде өзімізді-өзімізбен, бір-бірімізбен салыстырып тына беретін әдет бар. Өзіміздің арамыздан суырылып шыққанын көргеннің өзіне сұқтанып бітеміз. «Шеңберден шығу керек, Фариза!» – деп Мұқағали айтқандай, шыр айналып, шиырлап біткен шеңберден шығу, өзімізге өзіміз белгілеп алған өлшемдерімізді өзгертуіміз керек. Планеталық планкалар белгілеу керек. Ұмтылар биігің жоғары болған сайын ұмтылысың да ұрымтал бола түседі. Негізінде, әлемдік әдебиеттің ең әйдік ақындарының ең бір жақұт жырларымен салыстырып қарағанда да, Фариза Оңғарсынова өлеңдері поэтикалық бейнелерінің қара қағазға ақ бояумен өрнек салғандай ашықтығымен, айқындығымен, татаусыз төгіліп келетін тіл кестесімен, ағыл да тегіл құйылып жататын тың теңеу, оқыс ойларымен атақ-даңқы аспандаған талай классиктердің тұсынан табылатынын қадап көрсету шарт. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты авторлық антологиямыздың Фариза жырларынан құралған топтамасына жазған алғысөзімізде осы тұрғыда айтқанбыз: «Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ жырындағы қыз-келiншектер өлеңдерiне ғана емес, жалпы ұлттық рухқа, халықтық болмысқа қатысты көптеген қасаң қалыптарды қақыратып өткен қасиетiмен қымбат танылады. Бiз қай заманда да халқымыздың әйел-анаға, сүйген жарға, қыз балаға құрметi бөлекше болды десек, қазақ қызды жасытпай, жарқылдатып өсiрдi десек, олардан батыр да, ақын да, көсем де, шешен де шықты десек, соның бәрiне даусыз дәлелдi Фариза жырларынан табамыз. Оңғарсынова өлеңдерi қазақ қызының бiз айрықша ардақтайтын асыл қасиеттерi – жан тазалығын, ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдылығын, ақылдылығын, аяулы сезiмi мен қаяулы көңiлiн кiр шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгiлте түсiрiп бергенiмен қымбат.
Ә дегеннен әдеби ортадан жырақтау жүрiп, жыр жарысына жетпiсiншi жылдардың бас жағында ғана қосылған Фариза өлеңдерi қазақ поэзиясына өзiндiк үнiн ала келдi дей салу аздық етедi. Фариза – қазақ рухына әсер еткен ақын. Сексен алтының желтоқсанында Алматының қақ ортасындағы қарлы алаңға шыққан қарындастарымыздың арасында Фариза жырынан жанына жылу алғандар аз болмағаны анық. Онсыз да қыз баланы бөлекше қастерлейтiн халқымыз Фариза өлеңдерi арқылы әйел затының қадір-қасиетiн бұрынғыдан да биiк бағалай түстi деудiң ешқандай артықтығы жоқ. Фариза өзiне дейiн «қыз-келiншектер поэзиясы» деп аталып, кеңдiкпен, кейде тiптi кешiрiммен қаралып келген ұғымға да басқаша сипат бердi. Поэзияда жаңа өлшем орнатты. Бiз ақын жырларының жұмсақ лиризмiн, жұмбақ табиғатын әлi де ашып көрсете алмай жүрмiз. Автордың күнделiктi өмiрдегi қалпына қарап оның жырларынан бiрыңғай асқақтық, кiлең бiр өрлiк iздей беру де қате ұғым. Шынтуайтында, әйелдiң әлсiз әлемiнен шыққан Фариза жырларының табиғаты нәзiк, тiптi қорғансыз болып келедi. Ақын жырларының күшi де сол әлсiздiгiнде.
Антологияның бұл ұсынымындағы «Әйелдiң монологі» соншалықты дәл табылған поэтикалық ырғағымен де, шыңғырған шындығымен де, сыздатар сыршылдығымен де, адамның ең бiр жан түкпiрiнде жататын интимдiк сезiмдердi жалаңаштай жаздап барып қайтадан жарқыратып алып кететiн ғажайып шеберлiгiмен де қайран қалдырады. Сұрапыл сезiм суретiнiң мұндай үздiк үлгiлерiн әлем әдебиетiнiң қазынасына қысылмай қосуға болады. Ашығын айтар болсақ, Фаризаның махаббат лирикасындағы жекелеген өлеңдер Ахматова мен Цветаеваның сөз қадiрiн бiлер жұрт мiнәжаттай жаттайтын жауһар жырларынан бiрде-бiр кем емес. Сондықтан да Фариза Оңғарсынова поэзиясы өткен ғасырдың соңғы ширегiндегi қазақ әдебиетiнiң бөлекше құбылысы болды, сондықтан да Мұқағали «жiгiтiнен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегiн жегiдей жеген жан сырын Фаризаға айтты, сондықтан да Фариза жырларының рухы нәзiк өрлiктiң, сыршыл ерлiктiң бейнелi баламасына айналды. Қазақ өзiнiң Фаризасын, аяулы ақын қызын сол үшiн де қадiрлейдi, қастерлейдi».
Қалай қадірлемесін, қалай қастерлемесін, егер Фаризаның лирикалық кейіпкері адамды тірідей жерлеп келіп, жаны шыңғыра былай дейтін болса.
Өзiңдi жерлеп келiп,
Жапа-жалғыз отырмын.
Меңiреумiн.
Айналамда қыстыққан еңiреулi үн…
Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып,
Жел соғады әйнектi сыртта налып,
Есi ауысқан шығар бұл
сығыр Құдай,
Сосын, сосын… денемдi
бұрынғыдай
Аймалаған секiлдi сенiң ернiң.
Буынымды босатып
сыбырлаған үздiгiп сенiң үнiң,
Сосын менiң тек саған жерiк үнiм…
Жанарымыз тек үнсiз ақтарған ой
(тек екеуiмiз бiлетiн сәттер бар ғой?)
Алақандар тигенде, бұлақ-құмар
Дiр еткiзiп жүректен бiр-ақ шығар,
Барлық елес таптады менi бүгiн.
Жерлеп келiп…
Жоқ, жоқ! Иә, өзiңдi жерлеп келiп,
Отырдым сен деп семiп,
Өмiр деген өзiңсiз қараң қалып,
Керең болып кеткендей
Тамам халық…
Осы менiң бүгiнгi есiмдегi.
Сенi осылай жерлегем. Кешiр менi.
Қалай қадірлемесін, қалай қастерлемесін, егер Фаризаның лирикалық кейіпкері біреудің құшағында басқаны ойлап былай дейтін болса.
Қуанышты мендегi,
Сенiң қайғың улайды.
Ешбiр адам жердегi,
Бiлмейдi бұл мұң жайлы.
Сүйсе, бақыт емес пе?
Мен бiреуге тәттiмiн.
Түсесiң де сен еске,
Сап болады шаттығым.
Аяз шарпып дененi,
Сүйген болам бекер кеп.
Сенi iздегiм келедi,
Қай жерде отыр екен деп.
Сен жайлы ойды жасқадым,
Қалмасын деп ол бiлiп.
Құшағында басқаның,
Сенi ойлаймын. Сорлылық.
Шабыттың шаңқай түсінде тұрған жылдарында Фариза қаламынан осындай ғажайып жырлар талай-талай төгілді. Оның кітаптарынан жаныңа не керектің бәрін табасың.
Түн.
Аспан – жасыл жайма.
Жұлдыз – ақық.
Бұлақ – қыз шолпы таққан
сылдыратып.
Көк – заңғар. Дала – шалқар,
бұл сұлулық
Тұр менің жүрегімнен жыр құлатып.
Рымғали Нұрғали «Мінезді жырлар» атты мақаласында айтатын «поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті» осы емей, немене?
«Мазасыз шақ» – ұлттық өлең өнеріндегі өлшемдердің талайын өзгертіп жіберген, талап-талғам планкасын көтеріп жіберген жинақ. «Бұл кітаптың сонылығы сонша, қазақ поэзиясындағы жаңа құбылыс – қыз ақындардың махаббат лирикасының тоғанын бұзып, бұрынғы бүркеме сезімдеріміз шымылдықтарын серпіп тастап, шынайы қалпы жыр болып буырқанды. Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді» деп жазды сол кезеңдегі Фариза фуроры туралы Күләш Ахметова. Оны Күләш қалтқысыз айтып отыр. Арғыдағы Ұлбике, Сарадан тартатын, бергідегі Шолпан, Зияш, Мәриям, Тұрсынхан, Күләштармен жалғасатын, өзіндік дәстүрі бар қыз-келіншектер поэзиясы Фаризадан кейін көктемгі даладай дүр сілкінді, сан түрлі себептермен тұншығып келген жыр бұлақтарының көзі ашылып, арнаға айналды, бірте-бірте «тоған бұзып» өзенге, одан теңізге ұмтылды. Осы тұрғыдан қарағанда, Фариза Оңғарсынова өзінің екінші жинағында-ақ таңданарлықтай талант күшімен танытқан тізгінүзді үлгісімен қазақ поэзиясында ақын қыздарға жаңаша сүрлеу салған жолбасшыға айналды дей аламыз. Бұл – бер жағы. Әдебиетке қатысты жағы. Бұл құбылыстың арғы жағы бар. Өмірге қатысты жағы бар. Фариза осы жинағымен, одан кейінгі бүкіл өнерімен әдебиетімізге, жалпы, мәдениетімізге ғана емес, біздің өмірімізге де өзінше өзгеріс әкеле алды. Фариза арқылы біз қазақ әдебиетіндегі ақын қыздарымыздың ғана емес, жалпы, қыздарымыздың аз-аздап болса да өзгере бастағанын көрдік. Фаризаның сөзін оқып, өзін көріп, мінезін танып барып, халықтың сана-сезімінде қазақтағы қыз баланың еркөңілділігі, еркіндігі, еркелігі дегендердің бәрінің бағасы білініп, бәсі артып шыға келді. Фариза арқылы қазақта қыз бала қадірлірек бола түсті. Онсыз да «қыз – қонақ» дейтін халық едік, Фариза жырлары әйел әлемінің қатпар-қалтарыстарын қопара қозғай отырып, ана, апа, әже, әпке, қарындас, сіңлі, қыз бала, жалпы әйел заты ұғымдарының ұлағатын сана-сезімімізге сіңіре түсті.
Ақын жырлары, жалпы, өлең өнерінің де бағасын биіктетіп жіберді.
Өмірдің өткелдерінен
Қиындық көп көргеніммен,
Өртеніп от басқаныммен,
Өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
Азапты, қайғы-мұңымды
Өзіммен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау
тағдырым болып,
О баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!
Фариза Оңғарсынова өмір бойы өзінің осы «өмірлік программасына» (Ғабит Мүсірепов) адал болып өтті. Өлеңге өліп-өшіп қызмет етті. Ыстығына күйді, суығына тоңды. Өлеңімен ауырды, өлеңімен жазылды. Қуанғаны да, қиналғаны да, жұбанғаны да, жылағаны да өлеңмен жазылды. Дара күндерінің, нала түндерінің серігі болған, сенімі болған өлеңді аялады, жүрегі сыздаған кезде, жаны мұздаған кезде өлеңді саялады, барын да, қанын да, жанын да өлеңнен аямады. Бір кітаптан кейін бір кітапқа өсумен, өрлеумен болды. Әсіресе «Сенің махаббатың» (1977), «Шілде» (1978) жинақтарынан соң ақынның атағы тіпті аспандап кетті. Ол сол тұста-ақ қазақ поэзиясының даусыз мойындалатын дара дарындарының қатарына қосылды. 1983 жылғы «Сұхбат», 1984 жылғы «Жүрек күнделігі» жинақтары ақынның қай жағынан да әбден кемеліне келгенін көрсетті. Кеңестік заманның бас газеті «Правданың» бетінде оқырмандар Фаризаны «жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақындарының қатарынан табылады» деп бағалады. Фаризаша жазуға тырысқан ақындар көбейді, Фаризаға арналған жырлар көбейді. Фариза сөзі өлеңнің өресінен асып, халықтың арман-аңсарына айналды, ұлттың ұятын жүктей бастады. Темір тордың ар жағындағы Асанбай Асқаровқа жазған өлеңінің мәтіні мәшіңкеге басылған күйінде қолдан-қолға тараған кезі де есте. Оған сонау Бішкек түрмесінен «Үшбу хат арқалаған қыран жүгін… Зынданға даусың жетті, шынар гүлім! Тас керең сарайлар да өр үніңнен, асылы, бір сілкінген шығар бүгін» – деп басталатын, «Сарғайдым, сауалым көп жанымда шын, Ел-жұртты, мекеніңді сағынғасын, Үзгендей болдың маған темір торды, аман бол, жігер-жүрек қарындасым!» – деп аяқталатын жауап хат жазылғанынан да ел-жұрт хабардар болып отырды.
Иә, ол жылдарда өлеңде ғана емес, өмірде де Фариза культі пайда болған еді деудің еш артық-кемі жоқ. Ақынның басына бақ тұрды, сөзіне халқы тақ тұрды. Жазған балаң жырына берер бағасын білуге, батасын алуға ұмтылған жастарды былай қойғанда, баласын оқуға түсірудің әуресімен жүрген ата-аналардың, жұмысқа тұрмақ болған, пәтер алмақ болған, жер алмақ болған жастардың, тіпті жақынын жазықсыз жазаланды деп санап, түрмеден шығарып беруді сұраған шерменделердің Фаризаның алдына жетуі, солардың бірде дұрыс, бірде бұрыс ісіне араласамын деп бар беделін салып, басы қатып, жүйкесі жұқарып жүруі, біразының разы, біразының наразы болып кетуі, өзінің содан бірде қуанып, бірде қуарып қалуы ол жылдарда қалыпты жайға айналғанын апаймен бір ғимаратта – редакциялар үйінде талай жыл бірге жұмыс істеген мына біз білеміз. Ақын абыройының дәл осылайша асқақтаған мысалын кейінгі кезден табу оңай емес.
Қайран қазағымыз жақсы көрген адамына абыройдың бәрін аямай арқалата береді ғой. Фаризаға да сөйтті. Бір облысқа барып, жиналысқа қатысыпты. Сол жиында обкомның идеология жөніндегі хатшысы сөйлепті, сөйлегенде қағаздан басын алмапты, қағаздан басын алса-ақ сөзінен жаңылыпты. Соған Фәкең: «Сен өзің қандай идеологсің?! Не айтып, не қойғаныңды білмейсің!» – деп салыпты. Оған жиналған жұрттың айызы қаныпты. Араға аз күн салып әлгі хатшыны орнынан алыпты. Сол-ақ екен, «Фариза бір ауыз сөзімен обком секретарын ұшырып түсіреді екен» деген әңгіме ауыздан ауызға таралыпты… Партияның заманында, тіпті оның Орталық комитетінде жұмыс істеген адам ретінде айтайын, ойын шешен тілмен, өз сөзімен жеткізе білмегені үшін, айтарын қағаздан оқып бергені үшін орнынан алынған хатшыны естіп-білген емеспіз, ол кезде ілуде біреу болмаса жұрттың бәрі-ақ қағаздан басын көтермейтін, бұл жолы да олай болмағаны анық. Ал халықтың көңіліндегі келісті көрініс мынандай. Фариза сол сапардан Алматыға орала салысымен, Орталық комитет басшылығына телефондайды (ол кабинетке өз аяғымен барып жатпайды, әрине), сөзін «Кадрларға талапты әбден төмендеткенсіңдер. Кім болса соны обкомға хатшы қоясыңдар. Әнеу күні ана облысқа жолым түсіп еді…» – деп бастайды, содан кейін-ақ көп ұзатпай әлгі хатшыны орнынан алады да тастайды…
Халықтың адамға жасайтын жақсылығының ең үлкені – көзі тірісінде аңызға айналдыруы. Фариза сол бақытты көрген адам. Көзі тірісінде аңызға айналған адам қазақта аз. Ондай адам қай халықта да, жалпы, аз болады. Сол аздың бірі – Фариза.
Аумайтын тұрымтайдай түрі құстан,
Бойына мың өзгерген құбылыс тән.
Бұл апаң Маңғыстаудан Атырауға,
Бір ұшақ жалғыз өзі мініп ұшқан.
Еңсеңді мысы басып құптары анық,
Өзінен ішкі сәуле тұр таралып.
Сөмкесі крокодилдің терісінен,
Бет сүртер орамалы – бір таналық.
Басылған өз-өзінен бұрқап алып,
Қобалжып, бір сілкініп,
бір таранып.
Дастарқан жайылады қайда барса,
Татпайды, қазақы емге
жүр қаралып.
Қолында домбырасы –
жыршы қалып,
Тартады тыңқыл-тыңқыл
үн шығарып.
Шетелге бір барғанда әкеліпті,
Көрейік топылайын жүрші барып!
Жақсы пұл, шынайы асыл ұстағаны,
Соғым мол,
жайлы қыстау қыстағаны.
Барамын деген жерден
айнып қалып,
Бармаймын деген жерге үш барады.
Шәмшия Жұбатованың осы жазғанының бәрі рас. Қайда барса да қалың қазақ аяулы ақынына қоғадай жапырылып құрмет көрсететін, иіліп жастық, жайылып төсек болып жататын. Ерлігін, өрлігін қадірлейтін. Еркіндігіне ерік беретін. Еркелігін көтеретін. Артық кетсе де, айыпқа бұйырмайтын.
Шет жағасын өзіміз де көргенбіз. 2011 жылы Фәкеңмен Катонқарағайда бірге демалдық. Сондағы достарымыз Ерен мен Айтжамал Фариза апайды қонаққа шақырмақ болды. Араға бізді салды. Апайдың келісімін алды. Дастарқан қамына бір күн қалды. «Апай не ішетін еді?» – дейді Айтжамал басқа мәселенің бәрін шешіп болған соң жарым Мәрияға, аудан орталығы Үлкен Нарынға бара жатып. «ХО» ішеді. Ол мұнда табылмас. Табылғанын қоя бер», – дейді Мәрия. Табылғанын қоя беретін Айтжамал ма? Содан ол ауданнан асып, Бұқтырмадан пароммен өтіп, төрт жүз шақырымдай жердегі Өскеменге жетіп, француздың «ХО» коньягының екі бірдей бөтелкесін алып, қайтарда түнге қарай паром тоқтап қалатындықтан, Зырянь арқылы жүретін айналма жолмен қалаға барғандағыдан да ұзағырақ жол шегіп, Катонқарағайға түннің бір уағында оралады. «Екі бірдей» демей қайтейік, сол «иксоның» бір бөтелкесінің құны елу мың теңгенің үстінде болса… Осының бәрі – ақынға қалтқысыз құрметтің, шын мәніндегі, бүкілхалықтық махаббаттың көрінісі. Еліне еркелей алған, елі еркелете алған ақынның баянды бақыты.
Оның үстіне Фаризаның бір бақыты, өзі қанша жерден «Мені ақын еткен – тоқырау заманы» дегенімен, мына дүние өзгерген, екі қоғамдық жүйенің тайталасы тікелей жаулықтан идеологиялық текетіреске көшкен, кеңестік қоғам еркін ой иелерінің бәрінен «халық жауын» көрмеуге ауысқан, диссиденттердің өзін әрі барғанда елден шығарып жіберумен шектеле бастаған уақытта әдебиетке араласқаны дер едік. Ол тұста әдебиетке, мәдениетке қамқорлықтың тәп-тәуір болғанына біз кепілдік ете аламыз. Ақын өзінің өмір жолында ондай қамқорлық көрсеткен кісілерді, бір сәтке демеп жіберген жақсы адамдарды ұмытпайды, алғыс сезіммен еске алады. «Облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология хатшысы Мұхамбетқазы Тәжинге кіріп, өзім творчестволық орта іздеп жүргенімді, аздап өлең жазатынымды айтып ем, ол кісі редактормен сөйлесіп: «Біздің облыста мына Фаризадай өлең жазатын, мәдениет, әдебиетке жанын салатын қыздар көп қой, шамасы?» – деп, бірден отырған орындығының салмағын сездірер дауыспен тіл қатты» деп жазады Фариза мектепте сабақ беріп жүрген жерінен облыстық газет редакциясына орналасуының жайын айтқанда. Газет редакциясы демекші, Ф.Оңғарсынованың қаламгерлігі журналистіктен басталғанының кейін өзіне көп пайдасы тиген. Нақтылық, дәлдік, айқындық оның қай жазғанына да тән болып келеді.
Бір топ балауса жырларынан, бірер балаң мақаласынан-ақ болашақтағы тамаша ақынның, жақсы журналистің талантын танып, түкпірдегі облыстық газеттен, редакцияның партия тұрмысы бөлімінде «хат қорытумен» жүрген жерінен алып келіп, ол жылдарда журналистиканың жолында жүрген әр жастың ұйықтағанда түсіне кіретін «Лениншіл жасқа» сарт еткізген Шер-ағаңа айтар разылығы, тіпті бөлекше: «Осы тағдырым үшін біреуге қарыздар болсам, осы үш кісіге – әкем Оңғарсын, анам Халима және Шерхан ағамызға қарыздармын. Өйткені бұл дүниеде талантты болып туу аз. Табиғат берген дарын ұшқынымен талант иесі болып қалыптасу – ұзақ процесс, ұзақ жол. Сол жолда сенің өнеріңнің ашылуына, бабына келуіне жақсы адамдар кездессе, өнердегі жолы болу деген немесе шырағы жану деген, міне, осы».
Түкпірдегі облыстық газеттен демекші, осы тұста бір тосындау ойды ортаға салайық. Сыншылар Фариза шығармашылығын сөз еткенде, оның көпке дейін әдеби ортадан жырақта жүріп қалғанын жиі айтып жатады. Кейбіреулер соған өкінеді де. «Мен институт бітіріп, ауыл мұғалімі болып, өлең де жазбай, өзіммен-өзім күн кешіп кете барғам» деп өзі де еске алған. Тіпті «Мен ақын болам немесе болсам деп ойлап не армандап көрген емеспін» дегені де бар. Бала күнін еске алғанда, «Өзен-көлі, бұлағы бар ел – ең бақыты ел ғой десіп, ауыл адамдары суды армандайды» дей келіп, «Сол шақтан бастап, менде бір арман пайда болды: ертең өсіп, үлкейгенде осынау құмайт, қурап бара жатқан жердің бәрін сулы өлкеге айналдырсам деймін. Ол суды қайдан, немен әкелем, бұл жағын ойлап жатпаймын» деп жазған. Бірақ кім біледі, осының өзі де Фариза талантының әу бастан таптаурынға түсіп қалмауына, бойындағы буырқанған бұлқыныстардың бәрін бірден ақ қағазға ақтара салмай, ішке түйе беруіне, Атыраудан Алматыға «орда бұзар отызынан» асқанда бір-ақ келген ақынның ақыл мен сезімнің аражігін ажырата алатындай жаста, сонымен бірге сезімі тұнық күйінде, аман-есен жетуіне ықпал еткен болар, бәлкім? Сондықтан да Фариза «Несіне тіктің көзіңді, сүйілмей қалған ерінге…Сарғая күтіп өзіңді, сағына түссін дедің бе?» деп келетін бастапқыдағы балауса өлеңдерін бөздей тозған деп саналатын «көзіңді» мен «өзіңдіні» ұйқастырудан қысылмайтын, лирикалық кейіпкердің сөзін сөйлеуге үйрене қоймаған, өзінің жан жүрегінен өткергенін ғана қағазға түсіретін кезінде жазған…
Оның Алматыға алғаш келген бетінде: «Әбіш, осы жұрт Евтушенкоға неге өліп-өшеді? Анна Ахматованы неге әз әулие көреді? Марина Цветаеваға неге талып жығылады? Осы Уитменді не үшін мақтайсыңдар? Верхарннан қандай ат басындай алтын тауып жүрсіңдер? Асқар Сүлейменов екеуің Поль Элюар мен Шарль Бодлерге әуелі өздерің түсінесіңдер ме, әлде жұрттың басын қатыру үшін әдейі мақтайсыңдар ма?» – деп ұрынып сұрағыштай беретінін провинциялық примитивизммен де, сол тұстағы әдеби әлемінің ауқымымен де түсіндіре салу оңайдың оңайы, бірақ бұл арадағы мәселе басқашалау. Осы тұрғыдан қарағанда кезінде айтқан «Данышпандықтың бір белгісі – адамның (қолбасының, қайраткердің, суреткердің, ғалымның т.б.) ешқандай беделге бас имеуі, өзін ешкімнен кем сезінбеуі» деген өз сөзімізді еске түсіргіміз келеді. Фаризаның мықтылығының бір сыры өзінің мықтылығын білгенінде, өз күшіне кәміл сенгенінде де жатыр. «Үлкен тұлғалардың, әдебиеттегі классиктердің алдында бас ию кейде бізді дәрменсіз етеді» дейді бір мақаласында. Ақын ешкімге бас имей-ақ ұлы дарындардан үйрене білді. Атыраудан келген бетінде сұрағыштап жүретін сөз зергерлерінің талайынан солардың өздерін аудару арқылы да тағылым алды. Фаризаның татаусыз төгілетін тіл шеберлігінің, мінсіз сөз мәдениетінің бір бастауы аудармашылығында жатыр. Ф.Оңғарсынова шығармаларының басы біріктіріліп, 2004 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген онтомдықтың алтыншы томы түгелдей ақын жасаған аудармалардан құралған. Бұл – енді, басқа әңгіменің тақырыбы.
Фариза атты феномен құбылыстың қыр-сырына зер салғанда, біз ақынның бүкіл шығармашылығы өмірдің өзекті өртер өкініштерімен, өзінің де, өзгенің де басынан өткен қияметтей қиын қоғамдық катаклизмдермен өрілгенін көре аламыз. «Если не трагичен, значит не поэт». Пушкиннің осы сөзіне Фариза Оңғарсынова бірнеше рет сілтеме жасаған. Мақалаларында да, сұхбаттарында да бар. Трагизмнің кернеу күші Фаризаның жекебасының тағдырынан да, ең бастысы, елінің арғы-бергідегі қиын өмірінен де арна тартады.
Неше түрлі жоқтауларды есі кірмей жатып естіп өскен кішкентай Фариза. Бірінен кейін бірі келген төрт бірдей қайғы соларды бастан кешірген адам тұрмақ, солар жайлы жазылған жолдарды оқыған адамның өзінің еңсесін езіп жібереді. Алдымен, әке өткен өмірден. «Әкем Оңғарсын осыдан екі жыл бұрын бір үйде отырып ауырып, сол үйде дүние салыпты. Қазір ойласам, жүрегі қабынғанға ұқсайды». Екі жыл өткенде, мұны «Фәруім өскенде тек жібек пен мақпалдан киім алып беремін», – деп мойнына мінгізіп жүретін ағасы Бақтығұл 2-3 күн ауырып, қайтыс болған. Одан тағы екі жыл өткенде, мұғалім болып жұмыс істейтін апайы Рәбилә бір жұмадай ғана ауырып, ол да көз жұмады. Бауыр дегеннен енді қалған жалғыз ағасы Махиз жасы он жетіге толғанда, Гурьевтің мұнай техникумына оқуға түседі. «Үйде, анамның жанында, күні кешегі үй толы жаннан әлі мектепке жасым жетпеген мен ғана қалдым. Күндіз-түні анамның қасіретін көріп, кеш сайын үйдің ішін рулы елдей думандатып жүретін апайымның, ағаларымның ұшты-күйлі жоқ болуы, қаңыраған үй, анамның сыңсығанына ұқсап терезе сыртында бір қалыпты ызыңдайтын жел – осының бәрі мені әрі ерте есейтіп, әрі тым сезімтал, жаны жараланғыш, көрінген жылтыраққа, кез келгеннің мақтауына жарқ ете қалмайтын, балаға жаттау, байсалды етіп өсірді», – дейді Фариза «Соқпақтар» атты өмірбаяндық жазбасында. Міне, ақын осылай қалыптасқан. «Ақын осылай қалыптасқан» дегенге таңданбаңыз. Ақын болып қалыптасу үшін адамның дәл сол кезеңде өлең жаза бастауы, тіпті де шарт емес. Оны айтасыз, бізге салсаңыз ақын болу үшін, тіпті өлең жазудың өзі шарт болмауы да мүмкін… Жарайды, ол енді таласты әңгіме. Фаризаның бала күніне оралайық. «Біз үшін қиындау мезгіл – кеш. Іңірде бірер малды қораға жайғастырғасын, анам екеумізге түн баласы қасіреттей көрінеді. Анам сүйген жарын, сүйкімді балаларын ойлайды. Мен анамды ойлаймын. Күрсінгенін, көз жасын көргім келмей безек қағамын. Мен анама ештеңе ойлатпайын дейтін болуым керек, үйді басыма көтеріп, жырларды соғамын. Мен бейуақ тымсырайып қалсам, анам маған ертегі айта бастайды. Сөйтіп, екеуміз бір-бірімізді жұбатуға тырысатынбыз». Қайғы-қасірет мұнымен де бітпеген. Ақын сіңлілерінің бірі сұхбат сәтінде тақымдап қоймаған соң, ана бір жылы ол жайында да айтып өткені бар. «Өзім өте жақсы көрген бір жігіт болған. Дүниеден ерте кетті. Мотоциклмен келе жатып жол апатына ұшырады. Мен содан кейін көп жыл ауру адамдай сүлесоқ болып қалдым. Ол күйімнен өлең жазғаннан кейін ғана арыла бастадым». Жыларман жырды жаны қаламайтын ақынның:
Жүректен шыққан жолдардан,
Жанымның жасы тұр тамып.
Тайпалып жортқан жорға арман,
Кеткендей менен бұлтарып, –
дейтіні содан.
Бірақ Фариза шығармашылығын көктей өтіп тұратын жібек желі, алтын арқау – қайсарлық. Қайғыны жеңген жасампаздық. Елінің арғы-бергіде басынан кешкен қиындықтарын айта отырып, ақын халқының жарқын жолын да кестелейді. Қайғыра білмеген қуана да білмейді. Мұңдана білмеген мақтана да білмейді. Фаризаның қайғысы да, қуанышы да, мұңы да, мақтанышы да жалқыдан өтіп, жалпыға жетуімен бағалы. Ақын поэзиясын керіп тұратын трагизм де, кернеп кететін оптимизм де табиғи шығатыны содан.
Сырт көзге суықтау көрінетін ақынның жүрегі жібектей жұмсақ, жаны даладай дарқан, тұла бойы тұнып тұрған мейірім болатын. Тағы да Әбіш ағамды сөйлетейін.
«Сондай қайсар адамның жүрегінің қандай жұмсақ екеніне кейін көзіміз жете түсті. Қасымыздағы Фаризаның аңыздағы Фирюзадай алты ағасы жоқ еді. Бірақ алты ағаға бергісіз, жанындай жақсы көретін жалғыз ағасы бар еді. Бәріміз «Мәке» дейтін Махиз ерте дүниеден өтті. Науқас ағасын көруге томағасын сыпырған қаршығадай ширыға аттанған Фариза марқұм бауырын жерлеп оралғанда, ұшақтан шүйкедей болып әзер түсті. Қарсы алуға барғандар тілімізді жұтып қойғандай, ештеңе дей алмай, тұрған-тұрған жерлерімізде бордай егіліп, сілейдік те қалдық.
Фариза шын батырлығы мен шын қайсарлығын, сосын, көрсетті. Мәкеңнен қалған жеті-сегіз баланы бірінен соң бірін оқытып, үлпершектей ұл, қызғалдақтай қыз қылып өсірді. Бәріне жоғары білім алып беріп, әрқайсысын өз алдына үй етті. Енді олардан өрбіген ұл мен қызды жетілдіруге кірісті. Ешқайсысының бетінен қағып, көңілдерін жығып көрген емес. Қашан барсаң да, үлбіреген гүлді баптағандай үпек қағып жүргені…»
Үпек қағып жүргенінен ғой, 1996 жылы, ол кезде Мәдениет министрінің бірінші орынбасары едім, Жамбылдың бір жарым ғасырлық тойын Ленинградта атап өтпекке жиналып, делегация құрамына ақын-жазушылардан Шер-ағаң мен Фәкеңді қосып, ұсыныс айтқанымда: «Жеті жасар немерем Анитаны бірге апаруға болса, қарсылығым жоқ», – деп, шарт қойып барып келісім бергені. Ол сапарымызда атақты Таврия сарайындағы Дума залында салтанатты мәжілісті жүргізгеніме (жиналыс спикері ретінде маған кезінде, яғни 1906–1917 жылдар аралығында, Мемлекеттік Дума председателі отырған ең төрдегі орын тиген) апай сондай ризалық танытып еді. Кейін оны «сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез келгенді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып қошемет көрсетумен болды. Президумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырғаным есімде» деп жазды да. Жалпы, апай жақсы көрген адамы жайында асырыңқырап айтуға да бейім болатын. Өзім деген жанға өзегін үзіп беруге дайын тұратын.
Оңғарсынова таланты – озық ойдың да таланты. Оның әдебиет туралы толғамдарын оқығанда талғамының соншама нәзіктігіне, бір ауыз сөзбен қаламгердің басты қасиетін, негізгі ерекшелігін айқара ашып сала беретініне сүйсінбеу қиын. «Сәкеннің жырларынан өз басым, ең алдымен, мәрт мінез халықтың ұлттық табиғатын – аңқау-аңғалдығын, кешірімді кеңдігін, мейірімі мен адалдығын көремін» дейді Сәкен Иманасов туралы жазғанында. Қандай дәл айтылған. Жеке кітапханаңнан дереу Сәкен кітаптарын тауып, қайтадан оқығың келеді. «Біз, сауатты заманның оқымысты ақындары, жырды тумаймыз, әп-әдемі етіп әшекейлеп, өрнектеп, қашап, қиюластырып жасауға машықтанғанбыз. Ал Мақатаев әр өлеңін өмірге адам әкелген анадай туған, босанған». Міне, мәселе қайда! Сондықтан да Фариза «Мақатаев поэзиясы – бүкіладамзаттық әдебиеттің алтын қорына енуге тұрар қазына» деп ақтарыла айтады. Ана бір жылы Сырбай ақын өмірден өткенде, Фаризаның Торғайға барғандағы жазғаны еске түсіп еді.
Желпінді торғайлықтар
үй бұзардай,
«Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді, жүрсем сізді,
Қазақтың аспанына сыйғыза алмай.
Фариза да қазақтың аспанына сыймайды. Қазір, еліміздің мәдениетін әлемнің ең кең тараған алты тілінде насихаттауды ойластырып жатқан кезде, құнттылықпен қолға алар шаруалардың бірі қазақтың ғажап поэзиясын бар бояуымен аудартуға кірісу десек, бұл істе біздің әдебиетіміздің абыройын алысқа асыра алатын ақындардың бірі – сөз жоқ, Фариза Оңғарсынова.
Ойшыл адам еді. Жұрттың бәрі дерлік, әсіресе жастар жағы Фаризадан қорқатынын жазады, айтады. Рахымжан Отарбаевтың «Қорқып сыйлаушы ек. Сыйлап қорқушы ек. Жас кезде жөнсіз қылық көрсетсек, «Фариза апам ұрсады» деп зыр-зыр қашатынбыз» дегені бар. Осы жайдың сырын Әбділда ақын туралы мақаласында («Семсер жырдың қорғаны») Фаризаның өзі тамаша ашып еді: «Өнер адамының қай-қайсысында да кереметтей табынатын, таңданатын, қорқатын («қорқу» деген, меніңше, сыйлаудың ең жоғары шегі) бір құдіреті болады деп ойлаймын. Өмірде де солай шығар». Фаризаның өлең өнері жайындағы пайымдары да тағылымды: «Поэзия көп тобырдың бәріне бірдей түсінікті болса, ол ғұмырсыз поэзия болғаны»; «Поэзия, шын мәнінде, мәдениетті тәрбиелейді»; «Жасандылық – біздің ғасырдың болмысы»; «Қоғам – адамның ата-анасы тәрізді, ең бірінші қамқоршысы»; «Өз басым ақынға деген құрметтің азаюын, саябырсуын дүниені жалғыз жаратушы Алла тағалаға деген сенімнің жоғалуынан деп білемін. Себебі ақиқатқа суарылған оттай ыстық сезімімен ғұмыр кешкен парасатты ақын – өзге пенделерден гөрі Алланың шапағат-шуағымен ғұмыр кешетін жан. Құдайдың сөзін жердегілерге жеткізетін тағдыр иесі де – ақын! Демек, ақынды елемей, ескермей, оның тағдырын пүшәйман халге түсіруге тырысу – сол қоғамға түскен жара, жуылмас дақ!» «Біз, көбінесе, «азамат ақын» деген тіркесті қолданамыз. Меніңше, бұл тіркес «ағаш өскен орман» дегенмен бірдей: ақын деген ұғымның өзінде сан қилы мән-мағына жатыр. Азаматтық үні жоқ адам ақын да болмайды, әншейін өлең ұйқастырғыш деп қабылдауымыз керек».
Фәкеңнің тағы бір қасиеті – әзілді жақсы көретіні, әзілдей білетіні, орынды әзілді бағалай білетіні еді. Соған бір мысал келтірейін, 1999 жылы Әбіш Кекілбаев алпыс жасқа толды. Арнайы бөлінген ұшақтың жартысы Алматыдан, қалған жартысы Астанадан толып, ұбап-шұбап Маңғыстауға бардық. Ағыл-тегіл ақтарылған ақ тілек, қым-қиғаш көрсетіліп жатқан құрмет. Тұлпардың түр-түрі көлденең тартылып, шапанның неше түрі жабылып жатыр. Сондай бір тұста Фәкеңнің: «Атырау ғой, мына бізге ештеңе бермейді!» –дегені. Елге еркелеп жүретін ақынның өзімсінген сөзін жұмсартқым келіп, сол сәтте: «Фәке, Атырау сізге қайта-қайта дауысын беріп жүрген жоқ па?..» – деп қалдым. Әлгі бір әзірде сәл тосылыңқыраған жұрт жарыла күліп жіберді. Әзіліме апай да риза болып, жымиып басын изей берді. Кейін де сол сөзімді бір жерде күліп еске алғаны бар.
Енді Әлібек Асқаровтың маған айтқан бір әңгімесін тыңдаңыз. «Сен мұны жаз. Фәкеңнің портретін ашатын жай ғой бұл», – дегенмін. Жазыпты. «Қойға шапқан қара аю» кітабының «Боямасыз баяндар» деген бөлімінде былай келтіріпті: «Кеңес заманында мен ұзақ жылдар бойы алты газет-журнал редакциясын біріктірген бастауыш партия ұйымын басқардым. Алты редакцияны алты редактор: «Балдырғанды» – Мұзафар Әлімбаев, «Білім және еңбекті» – Ақселеу Сейдімбеков, «Дружные ребята» газетін – Ирина Боронаева, «Қазақстан пионерін» – Уәлихан Қалижанов, «Спорт» газетін – Сматбек Төребеков, «Пионер» журналын – Фариза Оңғарсынова басқарады. Бәрі де – өкірген бастық, бірақ олар бастық болса да, мен үшін бастауыш партия ұйымының қатардағы мүшелері.
Бірде әлгідей партия шаруасымен Фариза апамды іздеп, есігін ашсам, алдында алпамсадай бір жігіт отыр екен. Есікті қайыра жаба бергенде, Фариза:
– Әй, Әлібек, сенен жасыратын мұнда түк те жоқ, кіре бер! – деді.
Жайлап басып ішке кірдім де, әңгімелерін бөлмеуге тырысып, былайғы бір орындыққа үнсіз жайғастым.
–Жөн-ақ! – деді Фариза апам ойға батып. – Жалпы, осы біз сені жұмысқа қабылдайтын шығармыз…
Мен бұрылып, редакцияға жаңадан қабылданғалы жатқан жігітке назар салдым. Әуесқойлықпен зерттей қарадым. Қалай десеңіз де, партия ұйымының жетекшісімін ғой, жаңадан келген қызметкерлерді танып, біліп жүру – менің коммунистік парызым.
Апамның алдындағы отыздарды молынан қыдырып қалған, мығым денелі шойқара жігіт екен. Бірақ байқаймын (өз тәжірибемнен де білем ғой), жігітім кеше аздап тойлаған сияқты, көзінің алды ісіңкіреп, бет-жүзі күреңітіп тұр.
Ойға батқан Фариза апам қабағын көтеріп, алдында отырған жігіттің бет-жүзіне көз тоқтата қарады да:
– Ал, шырағым, осы сен ішімдікке қалайсың? – деп сұрақты төтеден қойып қалды.
Шойқара жігіт не айтарын білмей қипыжықтап, қызарған көзін бас редакторға бір, маған бір төңкерді:
– Жоқ, апай, ішпеймін! – деді басын шайқап.
Жаны шықсын, өтірік соқты…
Апай жігіттің жауабына біртүрлі қабағы түсіп, маңдайы тырысып ренжіп, үнсіз отырып қалды.
– Мұның дұрыс емес, шырағым, – деді сәлден соң. – Біз шағын коллективпіз. Бәріміз бір үйдің адамдары секілдіміз. Той-томалақ, қуаныштарымыз ортақ болып жатады. Сондай кезде біз аздап болса да ішімдіктен тартынбаймыз. Ал қуанышымызға ортақтаса алмайтын, анда-санда коллективпен бірге көңіл көтеріп, іше алмайтын қызметкердің бізге қажеті жоқ. Бара ғой, шырағым!
Мен болсам бұл жігітті жазбай таныдым, пошымы да, түрі де «өзіміздің» азамат екен, яғни ішетін жігіт. Ішкенде біз секілді тышқаншылап емес, нағыз алысқа шабар аламанның сәйгүлігі. Түбін түсіріп, «запоймен» кететін ағайынның өзі сияқты көрінді.
Көлгірсуді білмейтін, жалғандыққа жаны қас, қашан да турасын айтып сап қарап отыратын Фариза апам да соны сезген секілді. Қызметке қабылдасам деп ниет білдіріп отыр еді, әлгі жауаптан соң құжаттарын қолтықтатты да, қолын бір сілтеп, жігітті жөніне қоя берді».
Әншейін күлкілі жай сияқты көрінгенімен, бұл әңгімеден де Фаризаның жалғандықпен жағаласып жүретін жүрегін, жасандылық атаулыны жатсынып тұратын таза жан дүниесін тани аламыз.
Байқаймын, мына мақаланың көлемі қампиып кетіп барады, кетіп барады… Естелік ретінде қолға алған сияқты едік, бұл жазғанымыз ақынның бар қаламгерлік қырын қамтуға ұмтылып барады… Әрине, ол мүмкін емес. Фариза Оңғарсынова шығармашылығы – көлемі жағынан да бай мұра. Жанры жағынан да сан алуан. Тек журналистік еңбектерінің өзін алсақ та, талай-талай тағылым табарымыз талассыз. Әйтсе де осының бәрі, яғни айтқан сайын айта түскіміз келетіні, Фариза апай дегенде жан жүрегіміздің бөлектігінің белгісі ғой. Дегенмен тізгінді тартпаса болмас. Әйтпесе апаймен соншалықты ежіл-қожыл араласып кетпеген мына біздің өзіміздің де елжірей еске алатын сырлы сәттеріміз жетіп жатыр. Кейбіреулері, міне, кино кадрларындай көз алдымнан көлбеңдеп өтіп те жатыр…
…Ел аузында «Китайская стена» аталып кеткен ұзын үйдегі ескі пәтеріміздің он алты шаршы метрлік тар залын кеңейтіп, Әбіш ағамен, Клара апаймен, сол кездегі Білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаевамен бірге емін-еркін отырған кезі, дәл сол күні кенже ұлым Әнуардың туған күні екені сөз арасында байқаусыз айтылып қалып, апай: «Ой, мен мұны білмедім ғой, білгенде саған сыйлық алып келетін едім», – дегенінде, аузына қалай түскенін қайдам, бастауыш сыныпта жүрген баламның: «Сіздің келгеніңіздің өзі – сыйлық», – деп салғаны, соған апайдың аузы ашылып қалғаны… Немереміз Сейітжанның тұсаукесерінде «Егеменнің» кафесінде ақтарылып сөйлегені, көңілінің қошы түсіп, бір кезде Шәмшінің «Әнім сен едіңін» орындағаны… Кенже қызым Әселдің Астанадағы ұзату тойында ресторанда туфлиін шешіп тастап, жалаңаяқ билегені, апайды көріп, ортада жүрген өзге қыз-келіншектердің туфлилерін шетке ысырып-ысырып жібергендері… Алпыс жылдығымда, «Қазақ әдебиетіне» тақырыбын «Парасат биігі» деп қойып тұрып, мөлдіретіп мақала жазғаны, сонда «Сауытбектің поэзия туындылары туралы зерттеулері мен пікірлерін оқығанда, оны өзім жақсы көретін Николай Добролюбовпен қатар қоямын» деп тым-тым аспандата мақтап, Өзекеңнің – қазақтың Өзбекәлісінің мен туралы айтқан өзім үшін аса қымбат пікірін келтіргені… Мерейтойды атауға Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы шақырғанда бір ауыз сөзімді қимай, шашбауымды көтеріп, сонау Қазығұрттың биігіндегі мен туған ұя деген ұядай ғана ауылға Әбіш, Сәбит, Сейіт ағаларыммен бірге таулы-тасты жолмен жеткені… Әселдің ауылдағы тойына Абайға барғанымызда, Қоңырат құдамның үйінде «Балқадишаны» домбырамен айтып, әйгілі әннің хикаясын әдемілеп әңгімелеп бергені… Біздің үйіміздің кіре берісіндегі көнетоздау диванға жайғаса салып, қыз-келіншектердің ортасында қосыла ән айтып, жан досым Заманбектің аяулы жары Кәбираға ән салдырып, Оңтүстіктің ыстық күніне де, ауыл адамдарының ыстық ықыласына да балқып бір отырғаны… Дүниеден өтерінің алдында Мәскеу көшесіндегі ауруханаға барғанымыз, жарым Мәрияның соның алдында ғана «Казахстанская правдаға» шыққан «Родник Фаризы» деген көлемді мақаласына разылық сөзін айтқаны… Қайсыбірін жазарсың. Қайран, бақытты күндер!
Осының бәрі бүгін нақты өмірде болмаған, тәтті түсте көрген елес суреттер сияқты сезіледі кейде. Елес емес екеніне қалта телефонындағы бейнекөріністер, үйдегі фотолар куәлік етсе де, «Ойпырмай, мына өмірде Әбіш, Фариза сияқты заңғарлар өтті-ау, сол заңғарлармен мына біз араласып-құраластық-ау, дастарқандас болдық-ау, талай бірге сапар шектік-ау, талай сөйлестік-ау, тіпті сырластық-ау, сол заңғарлар бізді де елеп-ескеріп, жылы сөзін айтты-ау» дегенді ойласаң, шынын айтқанда бар ғой, кей-кейде тіпті жанарыңа жас үйіріле жаздайды.Тәубе, тәубе дейсің.
Фаризаның өзі де соны айтып кеткен.
Тағдыр ғұмыр кештірмей
малша маған,
Кемтар етпей,
кенде етпей ар-санадан
ғұмыр бітті.
Мен кешкен сәттің бірін
сезіне алмай өтеді қаншама адам.
Әбубәкір Кердерінің «Талайлар өтті-ау жалғаннан, көрген адам таңғалған» дегені бар. Сол сөзді біз Фариза Оңғарсыноваға да қаратып айта аламыз.
Көрген адам таңғалған Фариза феноменін, әрине, алдымен ақынның өзі жасады. Оның телегей-теңіз таланты, дарқан дарыны, жомарт жүрегі, ешкім ақыры еліктей де алмай-ақ қойған бөлекше мінез бітімі, жан жүректі жібітіп жіберетін жайсаң жаны мен тіліп түсетін тік сөзінің бір бойына таңғаларлықтай қабысуы деген сияқты санай берсең, саусағыңның бәрі бүгіліп бітетіндей қымбат қасиеттері жасады. Ол солай. Екінші жағынан, Фариза феноменін қазақ деген халықтың өзі де жасады. Жұртты жаппай жайлаған конформизм кезінде, сананы сансыратқан тоқырау тұсында қоғамға Фариза сөзі сынды сара сөз, Фариза мінезі сынды дара мінез керек болып тұрған еді. Оның алдында қазақтың осындай қажетін батыр Бауыржан барынша өтеп берген-ді. Бұл жөнінде Мырзатай Жолдасбеков жеріне жеткізе жазған: «Бауыржандай дара тұлғаларды табиғат ана қай заманда да, қай халыққа да сирек сыйлайды. Сондықтан да Баукең өмір бойы ел махаббатына бөленіп, халқының қадірлісі, аяулысы, еркесі болып өтті. Халқы Баукеңді алақанында аялап, ол жөнінде неше түрлі аңыз-әңгімелер де шығарды, абзал атын ардақтап, Бауыржан есімін мың-мыңдаған нәрестелеріне ырым етіп қойды. Соғыстан оралғаннан кейінгі қырық жылдың ішінде халықтың Баукеңе деген ыстық сүйіспеншілігі бір сәт те суымай, соған сай батырдың биік бейнесінің сынық сүйем аласармай өткені – қалай дегенде де қызыға қарайтын ғажап жайт. Бүкіл бір ұлттың мұрат тұтар арман-бейнесіне айналған Бауыржандай аңыз-адамның ХХ ғасырдың екінші жартысында, жүрек дүрсілін мотор гүрілі естіртпей кеткен ызу-қиқу уақытта өмір сүргені – расында да, таңғаларлық құбылыс. Момышұлы феноменінің тағы бір сыры біздің қоғамдық организміміздің тамыр-тамырын қуалай сіңіп кеткен дерттерде, социализмнің әу бастағы асыл мұраттарын бұрмалап, бұтарлап жіберген әміршіл-әкімшіл жүйенің табиғатында жатқандай. «Жұрт айтса болды, көп айтса көндінің» заманында, еркін ой тұмшаланып, ең батыл байламдар әрі кеткенде ас үйде айтылған кешегі кезеңде халық көлгірсуді, жалтақтауды, жарамсақтануды білмейтін, мән-мансап, шен-шекпен іздеп шаршамайтын, ойындағысын қай жерде де ірікпей айтып, қасқайып жүре беретін Баукеңді көріп, көрмесе алыстан атына тойып, туралықтың туы жығыла қоймағанына көз жеткізетін, соны дәтке қуат ететін». Әрине, бұлай дегенде біз Фаризаны Баукеңнің қасына апарып қоя қоймақшы емеспіз. Бауыржан – Бауыржан. Ұлттық символ. Бірақ Фаризаның алабөтен таланты мен сол талантына сай келген адамдық тұлғасы арқылы да барша халықтың «Міне, біз қандаймыз! Қазақтың қызы осындай болады, апа-әжелеріміз осындай болған, қыздарымыз, қарындастарымыз, сіңлілеріміз осындай бола алады» деп ойлағаны, Фариза арқылы да ұлттық мақтаныш сезімінің орныға түскені тағы талассыз. Ең қызығы, ең тамашасы да мынада – Фариза феноменін ақынның тұрақты оқырмандары, талантына тағзым етушілер ғана емес, оның кітаптарын дұрыстап оқымағандар да, бірен-саран жырын үзіп-жұлқып қана білетіндер де, жалпы, кітап оқи қоймайтындар да, әсіресе өлең кітаптарын қолға ала бермейтіндер де, көзі әріп көруден қалған, тіпті атымен қара танымаған ата-әжелеріміз де жабыла жасағандығында. Ауыл-елге барғанында «Пәризашымыз келіп қалыпты ғой», деп айналып-үйіріліп алдынан шығатын адамдардың бәрінен бұрын біздің ұлтымызда осындай асылдардың барына қуана, мақтана дүрлігісіп жүргенінің өзі – қадірін білген адамға ғажайып құбылыс!
Сондай ғажайып құбылысты жасай алған адам еді Фариза Оңғарсынова.
Санам өзгерсін, санам өзгеріп, адам өзгерсін, адам өзгеріп, қоғам өзгерсін, қоғам өзгеріп, заман өзгерсін деп, жалпақ жұрт болып жаңғыруға жұмылып жатқан, алдымыздан ашылатын жаңа тарихи кезеңге ауысудың ұлы белесінің басында тұрған ұлтымызға Фариза – дәл қазір қай кездегіден де қымбатырақ, қастерлірек. Жанталас заманның жаһандық жарысына жасқанбай түсетін жаңа қазақты қалыптаудың бір жолы – үздік үлгілерден үйрену.
Сауытбек Абдрахманов
филология ғылымының докторы