ӘДЕБИЕТТІҢ ЖАҢА ӨРІСІ
Белгілі жайт: бір кездері орыстар үшін Қазақ жері Азияның қақпасы саналса, біз орыстарды көпір қылып, Еуропа мәдениетімен танысыппыз. Заман жылдар бойы «құдайсыз» қалған қазақтың «қағбасына» айналған Мәскеу – қазақ интеллигенциясының да көз құртына айналыпты. Орыс тіліне аударылу, Мәскеуде жарыққа шығу – қазақ қаламгері үшін ең жоғарғы жетістік еді. Ұлы астана ортақ болғасын, қазақ-орыс жазушылары арасындағы байланыс та қоян-қолтық араласады деген тіркеске жауап бере алатын. Әдеби-мәдени байланыс тығыз еді. Тәуелсіздік алдық. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына», бәрі бір-ақ күнде адыра қалды. Қазақ топырағында екі ғасырдан аса жұртыңның құтын қашырып, төбесінен төніп тұрып алған қаһарлы «пушка» емес, көңілі жарым қазақты жырымен әлдилеген ұлы Пушкин қалды. Жаңа ғасырдың басында Мәскеудің қақ төріне барып Абай жайғасты…
Алмас НҮСІП
Екі тәулікке жетер-жетпес сапардың басы – осы Абай ескерткішіне тағзым жасаудан басталды. «Чистые пруды» бульварында адам аяғы сиреген, түн ауған шақ еді. «Қазақстаннан келдіңіздер ме?» – деп, арнайы бұрылып сұраған орыс кемпірінің сөзі – Абай ескерткіші Мәскеуге жолы түскен қазақ атаулының алдымен ат басын бұрар қасиетті орнына айналғандай әсер қалдырды. Атамызды айналып-толғанып жүріп алыппыз, кеткің келмейді…
Сапарымыздың екінші күні – «Қазақстан-Россия» әдеби альманахының тұсаукесеріне арналды. Екінші шығарылым. Алғашқысы – алыс-жақынға аты мәшһүр, тұлға дәрежесіне жеткен көрнекті жазушыларға арналған. Биылғысы – сөзі аузынан ұзай қоймаған жастарды топтастырыпты.«Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі. Сондықтан біз Тәуелсіздік жылдары өсіп-жетілген жаңа дәуір өкілдерінің шығармашылығын жариялауды дұрыс деп таптық», – дейді Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин. Бас елшінің: «Өнерде шекара жоқ» деген бар, екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыс аға буын өкілдерінің бір-бірімен етене араласуымен қалып қоймауға тиіс. Сіздер де қазақ қаламгерлерін Ресейде, орыс жазушыларын Қазақстанда аударып, насихаттап, өзара байланыс орнатсаңыздар екі елдің өнері мен мәдениеті үшін үлкен жетістік болар еді. Біздің мақсатымыз да осындай өзара тығыз қарым-қатынасқа жағдай жасау, қолдау білдіру», – деген сөзі аударма мәселесінде жолы болмай жүрген талай жастың көкейін тап басқаны анық.
Әдеби жиынның тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Қаламгер-Меdiа» орталығының директоры, ақын Жанарбек Әшімжан мен «Литературная газетаның» шеф-редакторы Максим Замшев қатар ұстады. Алдымен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хаты оқылды. Одан соңғы кезек салтанатты кештің бас баяндамасына берілді. Баяндаманы жиынның модераторы Жанарбек Әшімжан жасады.
«Роман-газета» журналының Бас редакторы, жазушы Юрий Козлов, «Художественная литература» баспасының директоры, белгілі жазушы Георгий Пряхин, ақын Сергей Мнацаканян, «Дружба народов» журналының Бас редакторы Александр Эбаноидзе бастаған бүгінгі Ресей әдебиетінің көрнекті өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Байқағанымыз, кім не айтса да аударма мәселесі, әдебиеттің қаржыландырылуы, қаламақы төлеудің дұрыс жолға қойылмай жатқанын айналып өте алмайды екен. Жарыссөз кезінде кезек алған екі тарап өкілдері де осыған баса мән беріп жатты. Сондай-ақ, кітап шығару, оны тарату, әдеби агенттіктер құру мәселелері әлемдік тәжірибеде қандай жолға қойылған, кімнен нені үйренуге болады деген сұраққа да жауап іздеп көрді. Екі елдің әдебиетшілері де өз тарапынан ұсыныстар айтты. Альманахтың шығуына мұрындық болған ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Литературная газета» басылымына алғыс білдірді.
Отырыс соңы жақындап қалған тұста орыстың жас ақыны қазақтарға қолқа салды: «Мен қазақша білмеймін, бірақ қазақ өлеңіндегі музыканы, ырғақты, рухты сезінгім келеді. Қазақша өлең оқыңыздаршы». Өлеңді әдеби альманахқа енген авторлардың бірі Әлия Дәулетбаева оқыды.
Қазақстандық авторлардың атынан барған Есей Жеңісұлы, Дархан Бейсенбекұлы, Есболат Айдабосын, Әлия Дәулетбаева, Қанат Омар, Илья Одегов, Наталья Карпова; ресейліктер Анастасия Чернова, Юлия Селиванова, Гала Узюртова, Елена Луканкина, Александр Филатов, Александр Антипов, Василий Попов бастаған жастар алдағы уақытта да бір-бірінің шығармашылығымен танысып, қай елдің әдебиеті қандай бағытта дамып жатыр, көркем шығармашылық өкілдері қай тақырыпта жазып жүр деген сұрақтарға жауап алғысы келетінін айтады.
Келесі жинақ – толықтай аудармамен шықса деген ұсыныс айтылды. Қазақ тіліндегі шығармалар орыс тіліне, орыс тілді шығармалар қазақ тіліне аударылып басылса, екі ел де бір-бірінің шығармашылығымен еркін таныса алар еді. Әйтпесе, Қазақстанда орыс тіліндегі туындылар оқылғанмен, орыстар біздің тілімізді түсіне қоймайтыны белгілі. Елші Марат Мұханбетқазыұлы бұл ұсынысты толықтай қолдайтынын білдірді. Басқасын айтпағанда, «Қазақстан-Ресей» әдеби альманахының тұсаукесеріне арналған салтанатты басқосудың ең үлкен жетістігі де осы болды деуге болады.
Алматы–Мәскеу–Алматы.