Өнерлінің өрісі кең

Сырлы да сиқырлы саз мектеп ішін шарлап кетті. Тұңғиығына тартып, өне-бойыңды шымырлатып, жан-дүниеңді бебеу қақтырған үн бұл дүниенің баянсыз екенін жеткізгісі келгендей. Қоңыр үнге ұласқан қоңыр күй халқымыздың тағдырындай шерлі үнді баяу толғап барып жарқын болашақты меңзегендей шаттық үнге ұласып кете барады. Қорқыт бабамыздан қалған қыл қобыздың жетілдірілген заманауи түрі – прима қобыздың құлағында ойнайтын арудың есімі – Перизат Турсунжан.

Перизат Турсунжан
Талғар балалар өнер мектебіне 6 жасынан келіп бүгінде ұстазы Асқарбекова Гауһар Мысабекқызының тәлім-тәрбиесі арқасында қазақ композиторлары ғана емес шет ел композиторларының да шығармасын шебер орындайтын өнерпаз болған. 7-сынып оқушы Перизаттың «Ғажайып, сазды қобызым» атты шығармашылық концертінде оған өзіміз де куә болдық. Мектептің ғана емес ауданның, облыстың, тіпті республиканың намысын қорғап жүрген қаршадай қыздың аспапта орындау шеберлігі кәсіби музыканттардан кем түспейді екен. Композитор Х.Тастановтың «Алтай аясында» шығармасымен ашылған кеш бірден маңыздылығын аңғартты. «Қазақ өрнектері» сюитасы (примаға өңдеген Ғалия Болтаева), Н.Тілендиевтің «Сарын», Е.Үсеновтың «Абай әуендерінен фантазия» шығармалары тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, сүйсінтпей қоймады.

Өнер мектебінің директоры Гүлбағила Мұсабекқызы
Талдырмаш қыздың музыкаға деген сүйіспеншілігі, өзін ұстауы, аспапты еркін меңгеруі – «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген мақалды еске салды. Өнерді ғана емес шәкірттерін де шексіз сүйіп, қанатын қатайтып, белін буып жүрген өнер мектебінің директоры Гүлбағила Мұсабекқызының қамқорлығын, Перизаттың ұстазы Гауһар Мысабекқызының дарынды баланы танып, шабытын аша білген таланттылығын айтпай кетуге болмас. Тіпті концерт кезінде де шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластық, сүйіспеншілік аңғарылып тұрды.

Перизаттың ұстазы Асқарбекова Гауһар Мысабекқызы
Перизаттың өнерде қатар келе жатқан достары да концертте қолдау көрсетті. Сыныптасы Ұлпан Құрманғалимен бірге орындаған «Атбасар» (авторы Е.Үсенов), 3-сынып оқушылары Айару Абжапар, Ақсәуле Қауметова орындаған «Ақботам» (авторы М.Ильясов) күйлері ерекше әсерге бөледі. Қобызбен қатар фортепиано аспабын да еркін меңгерген Перизат бір адамға жеті өнер аз емес екендігін байқатты.
Сиқыр үнді фортепианода Гендельдің, Бетховеннің шығармасын шебер орындап, мектепішілік пианистер байқауында 1-орынды бекерге алмағанын дәлелдеп берді.

Бұдан кейін де қобыз үнінің әуеніне елітіп бірнеше атақты шығармаларды тыңдап, әлем музыкасына сапар шегіп қайттық. Баланың бойындағы ең ізгі қасиет алдымен Алладан, кейін ата-анадан берілетіні ақиқат.

Ортада: Перизаттың ата-анасы Ерқанат Оразакиев пен Жанерке Тілеуқабыл
Бала бойындағы дарынды ұштап, шыңдалуына себепкер болған Перизаттың ата-анасы Ерқанат Оразакиев пен Жанерке Тілеуқабылға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Білім мен тәрбиені құстың қос қанатындай бере білген осындай ата-ана өзгеге үлгі дер едік. Кеш соңында сөз алған мектеп директоры Г.Асқарбекова да осы жағын баса айтып, ата-анасына және Перизатқа алғыс білдіріп, сый-сыяпат көрсетті. Республикалық «Ұлы дала рухы» (бас жүлде), «Ақ көгершін» (бас жүлде), «New Vision-Muzic» (ІІ орын), «Ұлы дала ұрпағы» (бас жүлде), Бакуде өткен халықаралық (ІІ орын) және «Turkestan Grant Festival» халықаралық (І орын) байқауларында топ жарған Перизат Турсунжанға сәттілік тілеп, жарқыраған жұлдыздай қазақ өнерінің рухын асқақтата беретініне сеніп қайттық.
М.Мәулет

