БҮГІНГІ ӨЛЕҢ ӨРІСІ: КЕМЕЛІ мен КЕМІСІ
05.05.2025
240
0

Біз бүгін биылғы Әдеби жыл қорытындысында 2024 жыл ішінде поэзия жанры бойынша қандай жаңа кітаптар баспа жүзін көрді, жеткен жетістіктеріміздің де, кемшін кеткен тұстарымыздың да қай тарапта екенін зерделеу үшін ортақ ой қорытып, салмақтап, саралауға бас қосып отырмыз. Соған орай, ақындарымыздың толағай табыстары мен аламан шабыстарын ой таразысына тарту, алуан тақырыптарды жанрға сай жіктеу, олардың шеберлік шамасын дәл бағалау біз үшін де, әлбет­те, ақ сөйлеп, ағынан жарылып айтарға керек мерейлі міндет болмақшы. 

Әуелгі қолға алған кітабымыз көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Үсенбаевтың былтыр «Мезет» атауымен шыққан көлемді жыр жинағы болды. Бұл кезекті «Мезет» жыр кітабының кезінде өзі салған соны сүрлеу, жаңашылдық қалпынан бір танбағанын жинақты бастан-аяқ түгел оқып шығу барысында тағы да анық байқадық. Мәселен, «Уақыт құны» деп аталатын өлеңінде ол:
Уақыт төрде малдас құрды,
Күнді күндер алмастырды… –
деп ұлт­тық этнографиялық аңсар әлеміне жетелей жөнеледі. Былайша ойлап қарағанда, бұрын-соңды ешкім айтпаған ой, тосын теңеу сом алтындай жарқырап өлеңнің тұлабойына бедерлі де бейнелі болмыс болып тұтас бітіммен құйыла салғандай әсер береді.
Келесі жампоз жыр иесі, қазіргі таңдағы қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы, дара дауысы бар белгілі ақынымыз Абзал Бөкен болып отыр. Оның былтыр қалың оқырманға жол тартқан «Күміс кісе» қомақты өлең кітабы ақынның ұлт­тық поэзиямызға салған тағы бір сыбағалы олжасы деп орынды түрде бағалаған болар едік. Біз бағзыдан білетін Абзал ақын қазір де үнемі өсу, өрлеу үстінде екен. Ақынның осы қалың жыр кітабы тұтасымен философиялық ой-толғамдарға, кейде қысқа қайырылатын притчаларға толы тамаша тың туындылар болып шығыпты. Мысалы, қарапайым оқырмандар үшін аты да, заты да мүлде тосын көрінбек «Тәбет-Табыт» ат­ты өлеңін алып қарайық. Ащы мысқыл, улы сарказммен шегіне жеткізіліп, ширықтырыла жазылған бұл үздік шығарма әдебиет­тегі айшықтау, күшейту, көркемдеу тәсілдерінің бірі – гипербола арқылы мына төмендегідей ретпен айрықша құнды бола түскен:
… Алмағайып ұнауыңыз,
Асатпасаң майын дөй.
Ақын емес
Мынауыңыз,
Аузын ашқан жайын ғой.
… Жалмай-жалмай құрақ көкті,
Жақындатып қабыққа;
Ақындығы құлап кет­ті
Асқазандай табытқа.
Ал өзінің қашанғы терең білімдарлық дағдысымен, кез келгенге оңайлықпен дес бере қоймас дегдарлық тіл қатысу қалыбында қалыптасқан алда тоқталар ақынымыздың өз әдеп-әуеніне сүйеніп айтар болсақ, яғни қазіргі қазақ поэзиясы маэстроларының бірі деп баға беруге әбден лайық Байбота Қошым-Ноғайдың кітабының ныспысы «Түн жамылып отырмын…» екен. Қалың жинақ «Аһ, дүние», «Ғашықтық, сірә, күна ма, жаным?!», «Баллада, хикая және дастандар» болып жіктелген үш бөлімнен құрылған. «Қас-қағым ғұмыр өлеңі» өмір жайлы жалқы шумақ рубаилардан бас құраса, «Ажал жайында ғазалдар» топтамасы алуан көңіл күй әуеніндегі философиялық жырлармен әдіптелген. Ал ақынымыздың осыған жалғас былтырғы жылы жарық көрген тағы да бір мазмұндас жинағы «Тәңірі таразысы» деп аталады… Өткен жылы сондай-ақ қалың оқырманға есімі етене таныс қазақтың тамаша ақыны Шаяхмет Алжамбаевтың «Тырналар қайт­қанда» ат­ты тағы бір жаңа жыр жинағы жарық көріпті. Жинақтың атының өзі-ақ айтып тұрғандай онда көңілге мұңлы сағыныш ұялататын күзгі аспанның әдемі көріністерін көз алдыңызға әкелетін тамылжыған табиғат сурет­тері мен алуан әсерлі көңіл күй лирикалары да молынан ұшырасады екен.
Мәмілелі мәнде, жарасымды бір ыңғайда үзеңгі қағыстырып, «ақырын жүріп, анық басып» келе жатқан ағалық жастағы ақжарма ақындарымыз Қорғанбек Аманжол мен Толыбай Абылаевты атап өткен абзал. Бұлар – ұлан асу жол жүріп өткен қазақ өлеңінің ұзын сонар-ұзақ сапарын қазіргі жас ақындардың жыр керуеніне сәт­ті жалғастырған алғы буынның белді өкілдері. Қорғанбек ақын «Сырұйық» кітабында көбіне айтулы тұлғалар жайлы өміршең өлеңдер өрнектесе, Толыбай шайырдың «Балалық шақ балладалары» жинағындағы «Шатауат Атағұлла», «Ақ ешкі жетектеген агент», «Жақайдың тракторы» сынды тың туындыларында бейнеленген, кеңес заманының алыс қойнауында қалған кешегі өмір сурет­терінің тұтас галереясы шұрайлы поэзия тілімен шебер жазылған прозалық повестей ой-санамызда ұмытылмас носталь­гиялық әсер қалдырады.
Алдаспан мінезді белгілі ақын Ғалым Әріптің жанам деген жалын жүректерге маздаған алаулы от беріп, сергек сананы тіліп өтіп ширықтыра сілкіп алар отаншылдық рухындағы поэмалардан, балладалардан, топтама өлеңдерден тұратын, бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбына арналған «РухСана» ат­ты поэтикалық толымды туындысы осылайша, әлі күнге де­йін орнықты тұғырына діт­теп қона алмай келе жатқан толғауы тоқсан ардақты тіліміздің ащы ақиқатын ақ қағаздың бетіне алмас жыр арқылы ағынан ақтарыла жайып салады. Бұған қоса төл поэзиямыздағы ақиық ақынымыздың мұңлы жырымен мінездес, сарындас келетін өзінің әсем лирикасында «Бозқараған гүлдепті! Бозқараған! Сонау жерден жалт етіп көз қарыған…» деп тамылжыта жырлаған тұлғалы талант Нұрлан Қалқаның жаңа кітабы «Жанымның жалауы» деп аталыпты. «Бозқараған», «Махаббат па?», «Жанымның жалауы» сынды және өзгедей шуақты да қуат­ты өлеңдері дара көш бастаған бұл туынды соны серпінімен, ерекше екпінімен көңіл қуантады. Сол сияқты оқырманға бұрыннан танымал өлең өкілдері Қуат Қайранбаевтың «Жүрегіме тіл бітсе» жинағындағы «Қапал», «Егінсу», «Іле», «Матай» өлеңдері жыр Құлагері – Ілияс Жансүгіровтің Жетісу өңірінің сұлу да көркем табиғаты жайлы бай фольклорлық үлгідегі айтулы туындыларымен іштей өзектес сияқты айрықша әсер беріп, көңілге жылылық ұялатса, Есей Жеңісұлының былтыр баспа жүзін көрген «Көкжиектің арғы жағы – әлем» толымды шығармасы өмір өрнектеріне арнала келе, адамның құпияға толы жан сырларын тереңінен ашуға, көңіл көкжиегінің арғы жағындағы өзгеше әлем құбылыстарын тап басып, жыр тілімен түйсінуге өзінше талпыныс жасайды.
«Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзат­тық асқақ сезімнің дәрежесіне де­йін көтереді…» – деп кезінде атақты әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев айт­қан болатын. Бұл аталған дәреже биігіне абыроймен көтеріле білген тамаша талант­ты ақын деп Әлібек Шегебайұлын айт­қан болар едік. Оның «Көңілімнің көктемі» ат­ты жаңа туындысы – ізгілік асыл мұрат­тарды, өмірдің диалектикалық даму заңдылықтарын классикалық форма мен мазмұн шеңберінде, өлеңдік құрылымның ырғақтылығы мен әуезділігін еркін ұйқастық мәнермен өрістеткен кең тынысты шығармалар жиынтығы. Мәселен, ол «Көктем әлі келген жоқ…» пейзаждық бейне-бедерге тұнып тұрған өлең-картинасында:
Көктем әлі келген жоқ,
Шуламаңдар,
Шуламаңдар сендер де, шулы алаңдар.
Ұнатпайды көктемнің келгендігін,
Қураған шөп, қуарып, қураған тал.

… Шұғыласын байлаған бұрымына,
Сендірмейді Күннің де нұры мына.
«Көктем келді» дегенің,
Бар болғаны,
Назымқоңыр – Наурыздың бірі ғана! –
деп өзіне тән гротескілік метафорамен сюжет­тік финалды сәт­ті аяқтайды. Бұл жерде оқырман нені аңдап байқар еді? Тағы да қайталап айтарымыз мына төмендегідей болмақ, біздер бұл екпінді жыр желісінен қаланың қарбалас тіршілігін, урбанизациялық өмір толқындарын, әлеумет­тік қоғамның кескін-кейпін жете танып отырмыз. Қаламдас қауым, яғни біздер, өзара көбіне-көп, баспасөз бет­терінде қала өмірін жырлау керек, оны реалистік шынайы болмыспен жазу керек деп өзімізге ұдайы өтініш-үзір айтып, талап та қойып жататынымыз рас. Соған сай ақын осы тұрғыдан алып қарағанда, бұл үдеден де олжалы шыға білген.
Ал енді ке­йінгі кез­дері өзінің әсем сазды жырларымен республикалық мерзімді басылымдарда жиі көрініп жүрген ақын қыздарымыздың бірі жаны нәзік, тың туындылары оқырман үшін қашан да рухани азық саналатын Алтыншаш Жақиянова­ның «Көңіл назы» қалың поэзия жинағын атап айта кету мейлінше орынды болмақ. Оның ауыл, туған жер, адами бауырмалдық қадір-қасиет­тер тақырыптарын жеріне жеткізе жырлап жүрген ыстық жүректі, ақеден көңілді авторлардың бірі екеніне кітапты саралай оқи отырып тәнті болдық. Әсем полотнодай келісті де көркем бедерленетін арнау жырларында үнемі ағынан жарылатын ақ пейілді ақын қыздың бұл жолғы «Пойызда», «Анам тіккен шыт көйлек», «Ескі үй», «Жалғыз жиде» сынды таңдаулы өлеңдерінің сан алуан оқиғалар мотиві психологиялық жан толқыныстарымен астасып жатыр, айтылатын ой желісі, оның өрбу барысы барынша нақтылы түрде эволюциялық даму бірізділігімен жүзеге асып отырады, ырғақ, бунақ сәйкестіктері мейлінше дәл рет­тілікпен сақталған, шашыраңқылық жүйеден ада. «Анам тіккен шыт көйлек» лирикасы түр мен мазмұн барынша құп жараса келе былайша төгіліп тұр:
… Етегі, жеңі бүгілді,
Қадалып түйме тігілді.
Кие сап көрші-көршіден,
Байғазы сұрап жүгірдік.
Біз мысалға келтіріп отырған осы әдемі жырдағы экспрессивтік-эмоционалдық көңіл күйінің кейпі шебер суретшінің қылқаламынан туған жанды картинадай өткен балалық шақтың қайталанбас келбетін тура көз алдыңызға әкеліп, тамаша туынды етіп тарта қояды. Мұнда этностиль, ұлт­тық сипат, қайталанбас қазақи мәнердегі ішкі психологиялық әрекет­тер нанымды көрініс тапқан. Алтыншашқа алдағы уақыт­та да осы бет алған сара бағытынан еш таймауды тілейміз.
Ендігі бір табиғаты тосын, поэзиялық ой өрімдері бүгінгі таңдағы жаһандану үрдістерімен етене өрілетін қазіргі ұлт­тық модернистік ағымның дарабоз өкілі Бекжан Әшірбаев десек, аса қателесе қоймаспыз. Ол – ұлт­тық салт-дәстүрді жақсы меңгерген, кешегі тарихын таразылап, трагедиясына терең бойлаған, осы кітабының кіріспесінде өзі де қайта-қайта ұғындырып өткен және ұдайы мазасыздана үн қатып келе жатқан ХХI ғасырдың жаңашыл сөз иесі. Бұл айтып отырған орынды уәжіміздің бодауы ретінде оның «Жігерлендіру маршы», «Айлық пен шайлық арасы», «Әдеби Меккедегі пәтерақы», «Махамбет мандаты» сияқты ауыздығымен алысқан аламан жырлары қай-қай мінберден болсын таңдаулы өлеңдер даңқымен беделі бес батпан кәделікке жүрген болар еді деп те ойлаймыз.
Сонымен қатар өзінің «Қоңыр күз» кітабында Кенжеғали Серікбайұлы Қошым-Ноғай табиғат сурет­терін, әлеумет­тік қоғам көріністерін зерделі көзбен көре білсе, ал «Жұлдыздар сөйлеген түн» деп аталатын жыр жинағында Жанайым Ауғанбайқызы өмір сырларына терең бойлауға ұмтылған. Үкілі үмітпен ақын қыздың өлең өлкесіндегі біршама сәт­ті қадамдарына көңіл тоғайта қарасақ та, біз үшін әт­теген-айы сол, ол қашан да қалғымайтын, қыр желкеден төніп тұратын жіті жауапкершілік парызы – әлбет­те, шын ақынның айнымас серігі, Пегас ат­ты поэзия пырағының қырағы күзетшісі болуға тиіс екенін бір сәтке естен екі елі шығарып алғандай өкінішті әсер қалдырып отыр. Әйтпесе «Жүрегімнің қысылғаны, Бұлт­ты аспанның күркірі, Кірпігімнің ұшындағы, Көз жасымды сілкіді», – деп тағдыр таланы өзгеше жасын жырларды төгілдіре жырлаған жаны нәзік лириктің: «Мен Ауғанбай Жанайым, Өмірдің көрдім талайын, Ақ таңды күліп қарсы алып, Сүйемін күннің арайын» деген іспет­ті қарабайыр тақпақ дәрежесіне түсіп кеткен, оқырман еш күтпеген, алдыңғы бөлімдердің жинақы топтамаларына қабыспай қиюы қашқан сәтсіз шумақты жыр кітабына ешбір талғаусыз енгізіп жібергенін қалайша түсінуге болар еді?
Ешбір жасыратыны жоқ, жасы бар, жасамысы бар қазіргі біршама жыр иелері өздерінің тынбай толғаған ұзын-сонар поэма-толғауларының кіріспесін есте жоқ ескі ғұн, сақ замандарынан шиырлап бастап, бүгінде сан қайтара жазыла-жазыла саусақ мүйізгек, қағаз ақжем болған сан қилы дәуір дастандарының нүкте қояр қорытындысын Мәңгілік ел ордасы – қазіргі арайлы Астанамен ажарлап-көріктендіре, оның алаулап атар ақ таңының ал қызыл шапағымен шырайландыра һәм шабыт­тана аяқтап жатады. Мысалы, белгілі ақын Мақсұтқан Баркөл-Дәлейұлының «Хандықтың дәурені» тарихи роман-жыры – біртұтас көріністегі толымды да тынысты шығарма. «Тіршіліктің майданы». Жаңа кітабын киелі өлең өлкесінде әбден тәжірибесі толысқан, білім-білігінің көкжиегі кемеліне келген, нені болса да ағынан айтып, ақтарыла жырлайтын жырлау стилі өзгеше тегеурінді ақын Биғайша Медеу осылайша атапты. Оның басты бөлімдегі «Дерекнама» топтамаларында аруақтана атой салып тұратын сақ заманындағы қаһарман қыздардың асқақ рухын елдік пен ерлік туы қылып жырласа, «Намыс алауын көтерген Отан» поэмасындағы Үз Темір Тайшы, Әбілқайыр, Керей, Жәнібек сынды кесек тұлғалар арасында алма-кезек өрбитін бір ізді, бір желілі монологтер талайлы тарихымыздан тамыр тартқан сан межелі мазмұнды баян етеді.
Бұл қатарға елге танымал ақын Мұхтар Қалиұлының да «Жүректегі жазулар» жинағындағы «Елге сапар», «Ескелді батыр, би еді…» ат­ты көлемді поэмаларын орынды түрде жатқызуға болар еді. Оған қоса, «Түрікпенбай палуан» поэмасы мен «Дала философиясы» толғауымен дараланатын ақын Есен-Түгел Әзидің «Ақ ұшан», «Жүректің жанартаулары», «Қыс шілдесі», «Жайдақ шам» сияқты өрнекті өлеңдердің авторы Нұрлыбек Қалаудың «Тереңдегі толқындар», «Ай туған сәт», «Қарғалдақ», «Қайыңға жазылған жыр» сияқты шырайлы шығармалары топтастырылған өн бойы азамат­тық әуенге толы, жасампаз заманның жаңа лебі есіп тұрған қаламы жүрдек қаламгер Жангелді Немеребайдың «Арман аялдамасы», «Күз. Сіз. Мұң.», «Жүрек түбіндегі жалғыздық» деп аталатын жұлдызды жырлардың авторы Жұлдыз Қожабекованың «Ақын мен ақыл», «Бесқонақ. Мұң. Ана», «Жапырақтар дірілдеп тоңды бүгін» элегиялық лирикаларының иесі Фарида Сарышеваның «Сырғамды қайық қылып» жинақтарын бүгінгі ойлы оқырманға арналған сүбелі дүниелер деп баға берген абзал. Сонымен қатар Берлібек Аманбаев дейтін ақсақал автордың «Қазаққа дарыған қасиет» жинағында халқымыздың ұлт­тық салт-дәстүрі, имандылық асыл қасиет­тері шынайы дәріптелген. Ал ақжарма шайыр Қайрат Бестібайдың «Ғасырға сыр» поэзия туындысында қазақы мінез ашықтығына риясыз түрде тәнті боласыз.
Енді, жоғарыда ат­тары аталып өткен ақындардың тиісті кезеңде түрлі баспалардан жарық көрген кітаптарын зерделеп, ой таразысынан өткізе келе, ке­йінгі уақыт­та сан арналы ұлт­тық поэзиямызға кең тыныс, жаңаша леп әкелген бірқатар танымал авторлардың да орталық газет­ пен журналдар бет­інде жарияланған толымды туындыларына арнайы тоқтала кетпекпіз. Атап айтар болсақ, «Қазақ әдебиеті» газетінде мына төмендегідей қазыналы қазақ жырының белді өкілдері: Күләш Ахметованың «Азат­тық – жүрегімнің асыл әні»; Әбубәкір Смайыловтың «Үміт, бізді өлтірмей келіп-кетіп тұрсаңшы»; Ақылбек Шаяхмет­тің «Үміт қой жетелейтін адамды алға»; Олжас Керейханның «Келер шақтан үміт күт­тім күнде мың…»; Батық Мәжитұлының «Қорғаны бол қазақтың!»; Сайлау Байбосынның «Өмірге деген өкпемді өлеңге барып айтамын»; Ғалым Жайлыбайдың «Қобызым зарлап кетсе зарлы інгендей…»; Ханбибі Есенқарақызының «Ала алмайды алтыныңның буы да, әлдеқашан буға айналып кеткенмін»; Баян Бекетованың «Аққулар мамырлайды су үстінде»; Темірхан Медетбектің «Кешегі күндер жырлары»; Сабыр Адайдың «Уыз ана – ұлт­тың тілі – ақ бөкен»; Ерлан Жүністің «Ержет­ті, далам, ұлдарың»; Темірғали Көпбайдың «Ей, ұлы намыс, қалғыма!» деп аталатын топтама жырлары көпшілік назарына ұсынылған. Ал бұған қоса «Жұлдыз» журналы да жаңа заманғы ұлт­тық поэзиямыздың есімі елге мәшһүр бірегей талант­тары Есей Жеңісұлының «Қайда барасың, уақыт?» өлеңдер циклын, Даража Балапанның «Изафет» поэма-реквиемін, Бақтыбай Айнабековтің «Мұқағали мен Қабылиса» толғауын, Болат Үсенбаевтың «Күйдіреді өмір, сүйдіреді өмір…» топтама жырларын, Мырзан Кенжебайдың «Өт­тің дүние!» толғауын, Бақытжан Абызовтың «Қайда күндер жалындап жана-тұғын?!» өлеңдер циклын, Светқали Нұржанның «Пәруана – көбелек қой ақын жазған…» ат­ты бір топ өлеңдерін, Жұмабай Құлиевтің «Беу, дүние, екенсің ғой осындай… » деп аталатын топтама жырларын және өзге де авторлардың туындыларын талғамы зор қалың оқырман қауымға тарту еткен.
Ал 2024 жылы «Жалын» республикалық әдеби-көркем журналында жарық көрген мына қаламгерлердің, атап айтар болсақ, жақсы адамдар, сезім, бақыт жайлы толғанатын Нағашыбек Қабылбектің «Туған жер саған алаңмын» толғауы, тарих тағылымын, сөз киесін, сезім сырын арқау еткен кең тынысты, жан-жақты ақын Даража Балапанның «Бір үзік сыр» көлемді жыр дүние­сі, өмір жырлары мен дүние сырларының бекзат жыршысы Бекжан Әшірбаевтың «Сүйеді екен гүлзарларды Күндей кім?!» өлеңдер топтамасы, Ахмет Сүлейменовтің «Жарқын дүние жанарымда ойнайсың…» ат­ты қазақы мәнердегі қарапайым жырлар циклы, Жұмаш Кенебай-Көкбөрінің тарихи трагедиялық фрагмент желісін тотемдік кейіпкердің ішкі толғанысымен астастыра жырлаған «Хан Кене» дастаны, әрдайым өзінің өршіл өлеңдерімен ерекшеленетін айбоз ақын Аманғазы Кәріпжанәулетінің «Пәниді әлі қозғап тұр Алашорда!..» сынды асқақ патетикалық рухтағы толғауы, болашағынан үлкен үміт күт­тіретін шайыр Нұрғали Сердалиевтің әлеумет­тік өмір шындығымен суарылған «Үміт сәуле жыл етші…» туындысы, ақын, драматург әрі сыншы Ардақ Нұрғазының «Түннен суырып алған түсім…» деп аталатын жаһандық жан толғанысына толы монологтері осы аталған есепті кезең ішіндегі ұлт­тық поэзиямыздың көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге көтерген, туған әдебиетіміздің сан қырлы шығармашылық әлеуетінің одан әрі кемел өрістей түсуіне соны серпін берген, жыл құсындай жаңалық әкелген айрықша қуанышты оқиғаға айналып отыр.
Сонымен қатар соңғы жылдары әдебиет айдынында алға ілгерілеуші ілкімді ізденістерге толы жаңаша бағыт-бағдарымен желкенін керіп, өзінің бай өлең қоржынын қабырғалы қаламгерлермен қатар қауырсын қалам иелерінің де балауса шығармаларымен толықтырып отырған беделді басылым «Таң-Шолпан» әдеби-көркем көпшілік журналы «Поэзия», «Жаңа есім» «Үкілі үміт» айдарларымен 23 ақынның топтама өлеңдерін жариялаған екен. Оның ішінде, баршаға белгілі айтулы ақындардан Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ғалым Әріп, Ақсұңқар Ақынбаба, Бауыржан Жақып, Бекжан Әшірбаевтар бар.
Бір айта кетерлік ерекше жайт, «Мұқағали» журналының 2024 жылғы шілде-тамыз айларында шыққан кезекті санында «Кеудемде сығырайып сөнбес үміт!» ат­ты жып-жинақы жыр топтамасы орайы келген осы бір сәт­те көңіл қылын әсем әуендей нәзік шертіп, көзімізге алабөтен жылыұшырай көрініп қалып еді. Әдет­тегі ынтызарлықпен жақын үңіле оқып қарасақ, топтаманың ешкімге ұқсамайтын өзгеше ішкі нәзік иірімдері, өрнекті өлеңнің сан түрлі бедер-бояулары қайнаған өмір кейпіне еніп, жанды қозғалыс арқылы бізді әп-сәт­те өзіне еріксіз тартып әкетіп барады. Ал авторы дүбірлі топтың ішінде бойын жасырып ұстайтын бұйығы хас тұлпардай көрінген Сұлтанбек Құдайберген ақын өзгелерге ұқсамайтын ұлтымыздың мәйекті тілін шебер меңгерген, жергілікті тіл диалектілерін ұтымды қолдана білетін, сонысымен де қоңырқай ауыл тынысын ақ қағазға бейнелі мүсін етіп ептілікпен қондыра қоятын дара талант екенін «Күз», «Гүл сыйлама қыстыгүн…», «Түн», «Ыстық дүние», «Сыр бойында», «Қадір түні» ат­ты жырларымен бізді осылайша, еріксіз бас изетіп, мойындатып та қойғандай болып еді. Мәселен, «Сыр бойында» өлеңінде ол бізге жалаңаяқ балақ түрген, жаға бойлап жүгірген бала кезімізден жақсы таныс ақжал толқынды Сырдарияның сұлу келбетін:
Дарияның қом суын жырып алып,
Егістікке тартады бұрып арық… –
деп басталатын фольклорлық үлгідегі штрихты сәт­ті пайдалана біліп, әрі қарай былайша жалғап әкетеді де:
Құйқалы өріс әзелден бағы серік,
Есенғали жырынан таныс едік.
Гүл атады жағада топ тораңғыл,
Сыр-ананың ақ сүтін жарыса еміп… –
дей келе ол өлең өрнегін одан әрі келісті ете түседі. Әрі-беріден соң бұл шағын лирикалық топтаманы қандай да бір кітапқа бергісіз салмақты дүние деп бағаласа болады, осы себепті де біз Сұлтанбек Құдайбергенді бір сәт­тік сиқыр шабыт­ты қалам ұшына қондырып жауһар жырға айналдыра білген олжалы ақын ретінде ерекше атап өтпекпіз…
… Планета боп Есенин айналып жүр,
Есенғали ауылда қой бағып жүр… –
деп бүгінгі күнге қарата ашына жырлаған еді әрі-беріден соң сол кез­дегі жігері жасындай жас ақын, күні кеше ғана өзінің өлең өлкесінен мәңгілік мекеніне мезгілсіз көшіп кеткен поэзия мэтрі Есенғали Раушанов.
Мэтр Раушанов кейде көңілі күйрей басылып, кейде мейірлене ашылып өзінен ке­йінгілерге: «Поэзия» – ертеректе жазылған өлең. Кітаптарыма енбей қалып жүрді. Жоғалып кет­ті, ке­йін қайта тауып алдым. Басқа себебі жоқ. Жоғалтқаны көп адаммын ғой мен. Басқасын қайдам, өлеңге адал болдым…» – деп әділ ақиқатын айтып, ағынан жарылады. Біздің (яғни Б. А.) бүгінгі пайым: осы айтылған дәл әрі айқын аксиомадай көрінетін адалдық кредосы қазіргі үлкенді-кішілі ұлт­тық поэзия өкілдерінің айнымас ой серігіне, бағдар тұтар берік темірқазығына айналуға тиіс.
Әрбір жылдың өз жүгі басқа болатыны сияқты 2024 жылдың қазақ ұлт­тық поэзиясы үшін де айта қаларлықтай табысты кезеңге айналғанын атап көрсету әділет­ті парыз деп білеміз. Қазақтың айтулы ақыны, драматург, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың «Ғайып-Нама» ат­ты төрт томдық шығармалар жинағының басылып шығуы осы жыл бедерінде болып өткен рухани өміріміздің айта қаларлықтай мәдени оқиғасы қатарынан ойып тұрып орын алды. «Ғайып-Нама» ат­ты толымды туындылар шоғыры – автордың көп жылғы тынымсыз әдеби еңбегінің нақты қорытындысы саналатын қызығы мен қиындығы мол шығармашылық жолдың шоқтықты белестерінің бірі деуге болады. Оның өміршең , парасат­ты жыр көші – кеше мен бүгіннің өзара тығыз байланысты біртұтас бітім-болмысын, дәстүр сабақтастығын айшықтайтын сара жол, дара құбылыс ретіндегі өзіндік әлем.
Сондай-ақ бұл аталған мезгіл мезетінде көрнекті ақын, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­стан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, дарабоз талант Қасымхан Бегмановтың 15 томдық толымды шығармалар жинағының үлкен көлемдегі таныстырылым салтанатының есте қаларлықтай мазмұнды іс-шарасы жырсүйер қалың көпшіліктің көзайымына айналған ерекше дүбірлі оқиға болғанын атап айту ләзім. Қасымхан ақынның көптомдық шығармалар жинағының алғашқы томына «Жалын» баспасынан шыққан «Бесіктен бейітке де­йін» (1997), «Өлке» баспасынан жарық көрген «Сағыныш» (2000), «Ол көктем оралмайды» (2006), «Атамұра» баспасы басып шығарған «Менің Түркістаным» (2008 ), «Ұшпақ» баспасынан жарық көрген екітомдық таңдамалысы (2008), «Қайнар» баспасынан оқырманға жол тартқан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010), «Дәстүр» баспасынан жарық көрген «Жапырақ жауған қоңыр күз» (2011) ат­ты жыр жинақтарына шыққан көптеген өлеңдері мен кейбір толғаулары енген екен.
Ақынның осы шығармалар жинағының екінші томына «Күреңбел» («Дәстүр», 2014), «Көкжиек» («Дәстүр», 2020), «Соны соқпақ, қоңыр мұң» («Атамұра», 2023), «Құланиек, құба таң» («Mereke baspasy», 2023) ат­ты жыр жинақтарында көрініс тапқан өлеңдері топтастырылыпты. Осы көп жылғы шығармашылық белестеріне биік баға беріліп, ат­тары аталып өткен ұлт­тық поэзиямыздың қос мақтанышына алдағы уақыт­та да тың табыстар, жаңа жетістіктер тілемекпіз.
Сәтін салып тұрғанда баршамыз үшін де осы жоғарыда мазмұндалғандарға нақты орайлас келіп қалған және көптен көкейі­мізде жүрген мынадай айдай ақиқат­ты айрықша атап айта кеткен жөн деп білеміз. Әлемдік кеңістікке шырқап кеткен ғажа­йып өлеңдеріне өзі сияқты сырбаз да әсем әшекейлі сәндік стильді, шабыты келген шақтарда верлибр үлгісін де жаңашылдықпен алтын арқау еткен және оны өмір бойы сиқыр сөздің қадірлі киесіндей берік ұстанып өткен, сондай-ақ «Өлең құр жазылмауы тиіс, өлең ұшырасуы тиіс» («Стихи не пишутся – случаются…») деп қайта-қайта шегелейтін тегеурінді тәмсілдің авторы, өткен сексенінші жылдарда абыройы жер-жаһанға асқақтап, атақ-даңқы жер жарған Олжас Сүлейменов досы арқылы өзіміздің Махамбет бабамыздың талайлы тағдырымен, адуынды «азиялық жырларымен» етене таныс болған (осылайша, «Читая Махамбета» ат­ты таңдаулы өлеңдер циклын жазған. – Б. А.) өткен күнгі Ресейдің айбынды да асқақ ақыны Андрей Вознесенскийдің қай заманда да аса мәртебелі өнер биігі саналатын бекзат поэзияға қояр биік талап-тілегін былайша, нағыз ақын ақ қанат періштедей қасиет­ті өлеңді зеңгір көкке қарап және қиялдана қолмен қармап аспаннан алмаған, керісінше, өлеңді хор қызындай аялап, жыр сапарында сәт­ті ұшырастырған деп түсіну қажет. Бұл – біздің қазіргі қазақ поэзиясына да қатысты бұлжымас бағыт-бағдар болуға тиісті айқын анықтама десек те болғандай. Жалпы, алып қарағанда, өнері озық өзге де көп жұрт­тармен бірге өсіп-өркендеп, алдыңғы лектегі қатарға келіп қосылуы бүгінгі күннің ең басты талабы болмақшы.

 

 

Бақытжан АБЫЗОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір