ҒЫЛЫМ ӨРІСІ: ҚАЗАҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЛЕМДІК АРЕНАДАН ҮМІТТІ
13.06.2023
383
0

Жарты жыл бұрын «Astana Hub» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі «TechOrda» бағдарламасын іске қосты. Соның арқасында қазірдің өзінде бірнеше жоба жүзеге асып үлгерді.
Сондай бағдарламалардың бірін техник-бағдарламашы Елдар Құдайбергенов жасап шықты. «Transcribe.kz» жобасының авторынан бағдарлама туралы, оның медиакеңістіктегі қызметін, жалпы ІТ саласына байланысты ойларын сұрап көрген едік.


– Transcribe.kz жобасы жайлы айтып беріңізші? Бұл қандай бағдарлама, мұны жасау туралы алғаш қашан ойладыңыз?
– Transcribe.kz сайтын жасауды бұрыннан ойлап жүргенмін. Өйткені әйелім журналист. Оның алған сұхбаттарын мәтінге айналдырамын деп қиналғанын талай рет көрдім. Бірақ бұған мән бермеппін. Кейін өзім сабақ беретін «подкастинг» курсында оқитын бір оқушым әлдекімнен сұхбат алып, оны әуелі қағазға түсіретінін, қағаздан компьютерге көшіретінін айтты. Одан «Аудионы мәтінге айналдыратын бағдарлама пайда болса, қолданар ма едіңіз?» деп сұрағанымда, ол: «Әрине, бізге керегі осы», – деп жауап берді. Сұрастыра келе үшбу мәселе көп журналистің «бас ауруына» айналғанын түсіндім. Тіпті кейбірі осы үдеріс үшін мамандығын жек көріп кететінін жасырмады. Міне, осынау жағдай Transcribe.kz сайтын жасауыма түрткі болды. Бұл – Қазақстан медиясындағы революция емес. Алайда революцияға алып баратын жоба деп ойлаймын. Себебі аталған жоба журналистердің ғана емес, дыбысты, аудионы немесе видеоны мәтінге айналдыратын қызметкерлердің жұмысын біраз жеңілдетеді.
Мұндай қызметтер жер-жаһанда жеткілікті және оны пайдаланбайтын ағылшын тілді редакция қалмады десек жағымыздан жаңылмаспыз. Сондықтан олар жаңалықтарын тез даярлайды, жылдам жариялайды. Журналистері де кәсіби қызметін зор ынтамен атқарады. Мен де отандық БАҚ-қа осындай «бақ» сыйлағым келеді.
Айтпақшы, еліміздегі тілшілердің айлығы аз, ал сайт ақылы. Сол себепті сайттың қызметақысын тілшілер үшін редакция төлей алады. Бұл журналистерге үлкен көмек болар еді.
– Бағдарламаны жасақтауда қандай кедергілерге тап болыңыз немесе қолдау көрсеткендер болды ма?
– Мұндай деңгейдегі бағдарламаны бірінші рет жасап жатырмын. Бұған дейін код жазып, кәсіби түрде жұмыс істеп көрмеппін, тек дайын құралдарды қолданатынмын. Сондықтан оңай тиіп жатқан жоқ.
Бұл ретте Бағдат Мусин басқаратын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне және «Астана Hub-қа» ерекше алғысымды айтамын. Олар бағдарламалауға үйрететін алты айлық курстарды бастаған. Оқу құны – нөл теңге, яғни тегін. Сол курстардың бірінен өткен соң осындай бағдарлама жасап шығуыма мүмкіндік ашылды.
Осы курста сабақ берген Райым деген мұғаліміме де айтар алғысым шексіз. Курсты аяқтағанымызбен, мұғаліміммен әлі де хабарласып тұрамыз. Ол маған осы жобаға байланысты көп көмектесті.
Transcribe.kz-тің мемлекет тарапынан қолдау тауып, субсидия бөлінуіне ықпал ете алмадым. Ондай ұсыныстар болып жатса, әрине, керемет болар еді. Өйткені кез келген ірі жобаның алғашқы жылы оның өміршеңдігіне жауап береді. Ал біздің Қазақ­станмен шектеліп қалғымыз жоқ, әлемдік деңгейге шығуды мақсат етіп отырмыз. Қазақ тілі мен ағылшын тілінің интернеттегі таралымын салыстыру өте қиын. Сондықтан әлемдік деңгейге көтерілгенше бізге демеуші, инвестор немесе субсидия сияқты көмек керек-ақ.
Егер мемлекеттік газеттің осы қызметті қолдануын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі төлеп беретіндей жағдай жасалса, оның да ретін тауып береміз. Бұл Қазақстанның БАҚ-ы үшін де, бізге де қолдау болмақ.
– Бұған дейін қазақ тілінде қызмет көрсететін мұндай бағдарлама болған емес. Transcribe.kz қазақ тілінің дамуына әсер ете ме?
– Бұған дейін мұндай қызмет көрсететін бағдарламалардың түрлері болған. Бірақ ол жерде дайын аудионы салу мәселесі қарастырылмаған. Біздің жобаның ерекшелігі осында.
Сұраққа көшсек, жоба қазақ тілінің дамуына тікелей әсер етеді деп айту қиын. Бірақ маған біраз адам хабарласып, «Мұндай бағдарлама бұрын-соңды болмаған, бәріміздің күткеніміз осы еді» деген мазмұндағы лебіздерін айтып жатыр. Осыған сүйеніп айтар болсам, Transcribe.kz қазақ тілінің интернетте дамуына әсер етеді деп ойлаймын.
Өзім негізінен подкастингпен айналысам. Дегенмен әрдайым айта жүретін бір сөзім бар: медиадағы контенттің ханы – мәтін. Бәрі мәтіннен басталады, мәтінмен бітеді. Сол үшін қазақ тіліндегі мәтін көбейген сайын интернеттегі қолданысы дами түсетін шығар. Қазақ тілінің өзі соған орай түрленуі де ғажап емес. Шынымды айтсам, бұл қызметтің түбі неге апарып соғарын білмеймін. Жоспарларым бар, бірақ қандай жолдар болатыны маған әлі белгісіз.
– Технологиялардың даму үдерісі көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп барады? Біз тағы қандай бағдарламаларға зәруміз, оны жүзеге асыруға қазақ ІТ мамандарының әлеуеті қаншалықты жеткілікті?
– Мынаны түсінуіміз керек, технология қаншалықты дамыған сайын бізге мамандар соншалықты жетпейді. Сондықтан бізге сапалы бағдарлама жасайтын бағдарламашылар өте көп керек.
Бәрінен бұрын кезек күттірмейтін мәселе, Қазақстанның IT саласын дамытуымыз керек. Оның ішінде жасанды интеллектіні жақсы қолданатын, осы тұрғыда жұмыс істей алатын мамандарды қазірден бастап даярлауға тиіспіз. Жасанды интеллектінің кетіп бара жатқан пойызына секіріп мініп, қосылып кетуге әлі де кеш емес. Иә, «Той» басталып кетті, бірінші бөлігін тәмамдаған жоқ. «Антрактке» жеткенше үлгеруге тиіспіз. Әлемде кеңінен қолданылып жүрген теңдесіз бағдарламаларды жасап шыққан мамандарды Қазақстанға алып келсе үлкен серпіліс болатыны сөзсіз.
IT-ді, бағдарламаны үйрететін қазақша курстар мен кітаптар тапшы. Сол себепті де қазақ тілінде сөйлеп, қоғамды түсінетін, қоғамдағы түйткілдерді түсінетін мамандар аз. Transcribe.kz секілді жобаны бұдан екі-үш жыл бұрын жасауға болатын еді. Алайда бағдарламашылар қазақ қоғамында осындай мәселенің бар екенін білмеген болуы да мүмкін.
Міне, бізге қоғамның осындай мәселелерін шешетін жобалар қажет. Ал түйіні тарқатылмай жатқан мәселеміз шаш-етектен.
Мәселен, Қазақстанда тәуелсіз медиа жоқтың қасы. Жасанды интеллектінің көмегімен тәуелсіз, объективті жаңалық беріп отыратын құрылғы жасап шығуға болады.
Тағы бір мәселе. Қазақ тілінде сауатты жазатын құрылғы жоқ. Мысалы, қазақ тіліндегі орфографиялық, синтаксистік, граматикалық заңдылықтар мен ережелерді жасанды интеллектіге бағдарламалап, сол арқылы жүктелген мәтіннің қате-кемшілігін түзеп-күзеп отыруға болады. Егер осындай жоба іске асса, талай жанның «сауабын алары» сөзсіз және тіліміздің дамуына да айтарлықтай әсер етер еді.
Жіпке тізе берсек, керек бағдарлама өте көп. Осы жобамды әлемдік аренаға шығарсам, біртіндеп қолға аламын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір