БІЗДІҢ АУЫЛДЫ МИСТИКА КЕЗІП ЖҮРЕТІН
21.10.2016
2000
0

12711188_1685785555011604_5323193264163757204_oТәуелсіздіктің 25 жылында атақонысқа ат басын бұрған ағайынның қазақ руханиятына қосқан өз үлесі бар. Рухани қалпымызды қайта түлету үшін жасалып жатқан әр қадам – қазақ игілігі үшін. «Өмірге ең жақын өнер қайсы?» деген сауалға әркім өзінше уәж айтып, таласып жүрсе де, солардың бәрі өз нүктесінде ең жақын боп көрінеді. Қойшыбек Мүбарактың қаламынан туған шығармалар да – тіршіліктің жүрегін сезу шығар, бәлкім. Жазушының сөзі не дейді?

 

– Тәуелсіздіктің 25 жылы көз ал­дыңызда. Атажұртқа келу сізге ал­ғаш қандай сезім сыйлады (жазушы ретінде)?

– Атажұртқа, тәуелсіз Қа­зақ­стан­ға оралу – шет елдегі кез келген қа­­зақтың басты арманы. Аны­ғында, мен кешегі қазақ даласының бір пұш­пағында дүниеге келдім. XVII ға­сырда басталған Жоңғар шап­қын­­шылығы кезінде Алтайды тас­тап Сыр бойына дейін ауған бабала­рымыз XVIII ғасырдың соңында ежел­гі жұртына қайта оралған екен. Бірде жоңғар, бірде қазақ жайлаған сол байтақ мекен бүгін Қытайдың сызығының ішін­де қалды. Ақи­қа­тын­да, ол қазақтың әлмисақтан бер­гі өз мекені еді. Менен бастап са­нағанда он үшінші атамның басы сол Алтайдың ақбас шыңының бау­ырында жатыр. Жер кеше менікі бол­ғ­анымен бүгін Қытайға тиесілі. Сол қарғыс атқыр сызық жерді елі­мен қоса екіге бө­ліп кетті. Жер кет­ті деп өзім де сон­­да қалуды жөн са­­намадым. Сол үшін де Қара­шаңы­рақ, ақтылы ордама, егеменді еліме жат қолында қалған атақонысымды қимай-қи­май бір уыс топырағын тұмар етіп мен де жеттім.

Атамекенге келгелі баспа саласын жағалап келемін. Анау айта­тын­­дай атақты болмасам да өзіндік қол­таңбам бар дизайнермін. Өзім ең­бек еткен бірсыпыра баспалармен қатар ұлт руханиятының өсуі­не үлес қосып келе жатқан «Ер Жә­нібек» халықарылық қоғамдық қо­ры шығарған кітаптардың дизайны менің қолымнан шықты. Осы өнерді қазақ баласына үйрет­сем деген оймен соңғы 8 жылда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті, Баспа ісі және дизайн кафедрасында дәріс беріп келемін. Ұлттық құн­ды­лықты арттыру үшін ұлттың әр дү­ниесінің мазмұнымен қоса сырт­қы бейнесінің де өзіндік айрықша бел­гісі болу керек. Қазақ баспасынан шыққан кез келген өнім бір қа­рағаннан қазақы бояумен көз тар­туы тиіс. Сол үшін де ұлттық ди­зайнды қалыптастыру керек екен­дігі бәрімізге аян. Осы арман­ның жетегінде келешек ұрпаққа бас­па саласындағы  ұлттық  ди­зайн­­ның үлгісін қалыптастырсам дей­мін.

– Не жазам деп ойладыңыз келе сала. Қазір сіз қалам тартып жүрген мис­тика жанрының қайнар көзі не болды сіз үшін?

– Менің туып-өскен жерім Қы­тай­дың Алтай аймағына қарасты Шің­гіл ауданының Ағашоба деген ауы­лы. Шіңгіл, Шағанғол, Бұлғын де­ген үш үлкен өзеннің құйған тұ­сы. Бұл өңірдің табиғаты да, та­би­ғатына сай адамдары да өзгеше. Қа­дым заманғы қанды тарихтың таң­басы әр тасының бетіне бә­діз­дел­ген сырлы да сиқырлы жер еді.

Бала кезімізде біздің ауылды мистика кезіп жүретін. Қайтыс болып жерлегелі жатқанда қайта тірілген, тірілгенде де кешегі жай ауыл адамы емес ғаламның тілін біліп, адамның пешенесіндегі жазуды да оқи алатын, екі дүниенің арасына еркін жүретін айрықша қасиетті бақсылар болып оралатын. Сондай-ақ, жыланның да ті­лін білетін апалар, перімен сөй­ле­се­тін аталар, жыны буғанда көз ұшын­­дағы Маралтының (жер аты) басына сүт пісірімде шығып, қаже­тін тауып келетін желге мінген­дер, адамдары ғана емес, иесіне төнген қауіпті сездіретін жылқы, қораға жақындаған сайтанды сүзіп қуатын ешкі, иесінің қабіріне барып күнде зиярат етіп отыратын ит, болмаса қазір ғана балағыңды түріп жалаң аяқ өтіп кеткен өткел, артыңа қа­ра­саң ат салсаң ағызатын асау өзен­ге айналып кететіні, екі ауыл­дың арасында көшіп жүретін құм төбелері, кеше ғана ат арқандаған қа­зығың ертесінде алып ағаш болып көктеп тұратындығы. Сом те­мірді демімен үрлеп балқыта ала­тын ұсталар… Қойшы әйтеуір, ауыл­дың бар болмысы сырлы бола­тын. Міне, осының бәрі-бәрі тұнып тұр­ған мистика. Кез келгенімен сөйлессең адамның ақылы бойламайтын бір тылсымның сырын ашып бере-тұғын. Технократтық за­манда өмір сүрсек те осы аңызға бергісіз ауыл әңгімелері санамызға сіңді, бүгінде жасым қырыққа кел­генімен, мен сол бала кездегі тыл­сымдарға әлі де сенемін.Қазақтың кез келген ырым-тыйымының, салт-дәстүрінің, қарапайым тұр­мыс-тіршілігінің астарынан аршып алын­ған миф ешбір дәлелсіз-ақ біздің ауылда аңқып тұрар еді. Осы­ның бәрі мені әдебиетке мис­тика деген жанрмен келуіме түрткі болды.

Менің туып-өскен ауылымда Дөң­ті деген жер бар-тын. Наға­шы­ларым сонда тұратын. Дөңті менің көз алдыма Гарсиа Маркестің Макондосын елестететін. Макондо­ның әр тұрғыны Дөңтіде жүргендей әсер беретін. Алатасты құлдап (жер аты) сығандар асыл әйнектері мен тыл­сым хикметтерін алып келе жат­қандай сезілетін. Анау тұрған шо­лақ  теректің түбінде Маликадес­пен әңгіме құрып отырған саятшы шал, Хосе Аркадиомен бірге қан­жа­рын қайрап отырған еңгезердей ер адам, Урсуламен бірге немереле­рін қуалап жүрген кемпірлер де көз алдымда.

Бала кезімде тілімен қып-қы­зыл күректі быж-быж еткізіп жа­ла­ған бақсыны, жоғалған жоғыңды тура өз қолымен матағандай айтып беретін құмалақшыны, болмаса, жауы­рынға қарап отырып, бір ай­дың ішінде үйіңе келетін қо­нақ­тарды қай күні қандай көлікпен, қан­дай киім киіп келетініне дейін тап басып айтып беретін жауырыншыны өз көзіммен көрдім. Шапқан атқа жеткізбейтін жынды да біздің ауыл­да болды. Сол ел қорқатын жын­дылардың өзінің өзгеше бір қасиеттері бар болатын. Біреуі шие бо­лып шырмалып қалған арқан­ның түйіншегін әп-сәтте тарқата сал­са, енді біреуі буырқанып жат­қан асау өзенге жол бастап түсіп кет­се арқырап жатқан өзеннен өт­кел ашылатын. Міне, осының бәрі менің сана-сезіміме бала кезімнен әбден орнығып қалды.

Өзім көріп өскен ауыл тұрмысы ме­нің шығармаларыма өзек болды. Орталау мектепте өзіме сабақ берген мұғалімім жолаушы жүріп бара жатып жолдан бір түйіншек тауып алған екен, содан жол бойы сай­тан­ның кесапатынан ұшынып ауы­рып, көрші ауылға әзер жете құ­­лап­­ты. Содан ұзақ уақыт қи­налып қат­ты ауырды, бүгінгі медицина кө­мектесе алмаған сол кісінің жанын ауылдың бақсы-балгерлері алып қалып еді. Сол деталь «Айдың соңғы сәрсенбісі»  атты шығар­мам­да қолданылды. Сосын жақын бір құ­дашамыз бар еді, жаңадан тұр­мыс құрған. Сол кісінің жаңа киім­дері өзді­гінен туралып қалады екен. Ол туралы ауылдың әңгімесі тұнып тұрған мистика болатын. Осы хикая «Ақ көйлекті қыз» атты шығар­мамда айтылды. 1940 жыл­дар­дың бас кезіндегі аумалы-төк­пелі жау­гершілік заманында ұсақ баласы көп шағын бір ауыл таудың қуы­сында қалып қойыпты да, өзге жұрт Еренқабырғаға қарай ауыпты. Араға төрт-бес жыл салып қай­та орал­ған ел әлгі шағын ауылдан екі кем­пірді ғана көріпті. Кешегі көп ба­ладан біреуі де жоқ, ал ана екі кем­пір адамды көрсе көзі шырадай жа­нып атылғалы тұр дейді. Ба­лалардың бәрін екі кемпірдің жеп қойғанын білген жұрт екеуін де атып тастапты. «Сол жерде адам же­­гіш екі кемпірдің аруағы әлі жүр» дей-тұғын. Осы бір аңыз ма­ған «Құбыжық», «Аушы» атты ша­ғар­маларды жазуыма себеп болса, Сүлейменнің қаһарынан қорқып аспанға көтеріліп кеткен жетпіс екі мың пері туралы аңыз менің «Ай­ған» атты шығармама ойтүрткі бол­ды. «Күмістің құйғаны (Ертеде ас­паннан метеорит ағып түсіп, содан бас­тап «Күмістің құйғаны» атал­ған жер) сол аспанға ұшып кет­кен перілерге апаратын жол» – деп айтылатын. Үш өзенді мекендеген су перісі туралы естіген аңыз­дарым «Ескексіз қайықты» жаздырды. Су пе­рісін күтіп Шаған­ғолдың жаға­сында  жаздың ұзақ таңын  аңсау­мен өт­кізген кездерім күні бүгінге де­йін көз алдымда. Сол сияқты, бар­лық шығармашылығыма өз ауы­лымның мистикасы сіңген. Әр кей­іпкерімнің өмірде де өз про­то­типі бар. Бәрі де қарапайым ауыл адам­дары. Айырмашылығы тек өз тыл­сымымызға өзіміздің өлердей се­нетіндігімізде.

Жалпы, мистикалық бағытта шы­ғарма жазу үшін мифке байлана оты­рып, тек сананың түкпіріндегі түйсікке сүйенуің керек. Адамның ақыл-ойының ең биігін тек түйсік арқылы ғана таба аласың. Күні бү­гінге дейін әлем халықтарының аңыз-ертегілерін сүйіп оқи­мын (әрине, қолым жеткенінше). Бізде «аңыз-ертегі тек балалар үшін ғана ке­рек» деген жаңсақ ұғым қалып­тасқан. Кез келген аңыз-ертегі адам­ның жасының өсуіне қарай жаңа ой салып отырады.

Қазақтың көшпелі өмірімен бір­ге ұмыт болып, ел есінен ұмы­тылып бара жатқан дәстүрлі дүние­лер­ді қайта жаңғыртып оқыр­ман­ның санасына салсам, қазақы мис­­тиканы қазақ прозасында қай­та жаңғыртсам деген ой алғаш қа­лам ұстағандағы арманым еді.

– Қазақ әдебиетіндегі аударма туралы ойыңыз?

– Қазақ әдебиетінде аударма ісі кен­же қалып бара жатқан сияқты. Шетел әдебиетінің бізге аударылып жетуі және қазақ әдебиетін шет ел оқырмандарына аударып жет­­кізу мүлдем жоқ  деп көз жұм­ба­сақ та, ауыз толтырып айтатындай өркендеп тұрғаны шамалы. Осыдан біраз жыл бұрын «Аударма» баспасынан «Әлем әдебиетінің 100 томдығы» деген атпен шетел ақын-жазу­шыларының кітаптарын шы­ғару қолға алынып еді. Өз басым соның 68 томын ғана көрдім, ары қарай шықпады ма, әлде шық­са да менің қолыма жетпеді ме, біл­медім. Сосын «Фолиант» баспа­сының жанынан ашылған Кеңес Юсупов ағамыз басқарған «Әлем әдебиеті» де­ген тамаша журнал бар еді. (Кейін бұны Думан Рамазан ағамыз бас­қарды). Осы басылым арқылы бі­раз әлемдік ақын-жазу­шыларды танып қалып едік. Соңғы кездері одан да көз жазып қалдық. Айналып келгенде, осы­ның бар­лы­ғына мем­лекет тікелей иегер­шілік ету ке­рек еді. Мемлекет тарапынан ар­найы аударма агенттігі ме, әлде сол сияқты бір ұжым құ­ры­лу тиіс. Сосын бүгінгі қазақ ба­ла­­сына керек әде­биет қазақшаға аударылып, қа­зақты әлемге танытатын ақын-жазу­шылардың озық шығармалары әлем тілдеріне аударылуы керек. Қа­зірге бұл тек бола­шақтың енші­сінде.

– Қазақ жазушысына әлемге та­­нылудың жолдары қандай? Нобель сыйлығы туралы ойыңыз?

– Бізде әлемдік деңгейде жа­зыл­ған шығармалар жетерлік. Солай бола тұра «қалайша әлемдік өре­ге көтеріле алмаймыз?» деген сұ­рақтың тууы заңды. Меніңше, бұл арадағы түйткіл жазушыға емес, ұлттың қуаттылығына бай­ла­ныс­ты. Ұлттың әлемдегі орны қан­ша биік болса, әдебиеті де сон­ша­лықты бағаланады. Нобель сый­­­­лығын алған шығармалардың біразын оқыдық. Арғысын айт­пағанда солардың көбісі Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағам­бетов­тен асы­рып жазып жүргендері жоқ. Сол сыйлықты иеленгендердің бі­разынан осы ағаларымыздың бәсі басым, қай-қайсысы да сол биікте тұрып әлем алдына сөз айтуға қау­қары әбден жетеді. Тіпті, кейде ор­тан­қол жазушыларда Нобельдің сах­насында қасқайып тұрады. Неге? Өйткені, оның жазғанынан гөрі артында тұрған елі қуатты, ұл­ты мықты. Біздің егемендік ал­ғанымызға ширек ғасыр ғана болды. Алдағы уақытта мемлекет қуат­танып, ұлт озықтанса біздің де жазушылар әлемдік дәрежеде бағаланары даусыз деп ойлаймын. Шын мәнісіне келгенде Нобель әдебиетке өлшем бола алмайды. Сон­дықтан әдебиетті, өнерді әлем­ге таныту үшін әуелі ұлттың әлем­дегі орнын биіктету керек. Бар бол­ғаны он миллион ғана қазақ, оның жартысына жуығы орыс тіл­ді. Сонда нақты қазақы оқырман мил­лионға да жетпейді. Егер жан санымыз кем дегенде елу мил­лион­ға жуықтаса біз жанымыздағы орыс­тан да, іргедегі қытайдан да әлдеқайда қуатты болар едік. Өйт­кені, біз әуелден даналықтың шыңы­на шыққан халықпыз.

– Әлемде авторлық кино әде­биет­пен тығыз байланысты. Кино­ның әдебиетпен байланысы көрер­мен­ге не береді? Киноға ше?

– Әрине, бүгінгі адамдар үшін кітапқа қарағанда киноның өтім­ді­лігі ауқымды. Дейтұрғанмен, бір кітапқа сыйған дүние екі сағаттық ки­ноға сыйып кетеді деу қиын бо­лар. Десе де киноның да өз құдіреті, бей­нелеуі, жеткізуі бар. Өкінішке қа­рай бұл сала да бізде кенже қалып тұр. Қазақ жазушыларының шы­ғар­масының негізінде түсірілген киноларды саусақпен санап ала­сың. Оны қойып, сапалы қазақ ки­носы санаулы ғана. Бұл жағында өзгелерден көп қалып қалған жайы­мыз бар. Болмаса бізде де ки­ноға айналдыруға татырлық шы­ғармалар жетерлік. Соны көрер­менге жеткізу – қатардағы қалам ұста­ған жазушы мен сценаристің, болмаса режиссердың құзыретінде емес. Оны да мемлекет қолдап-қуаттауы керек. Әдебиеттің киноға ай­налуы өнерді асырмаса құнын тү­сірмейтіні анық. Кино өнері тари­хы жүз жылға толмаса да адаммен қатар жасап келе жатқан әде­биет­тен қазіргі таңда озып бара жат­қанын ескеруіміз керек. Әде­биет пен кино бірін-бірі толық­ты­ратын егіз ұғымға әлдеқашан айналып үлгерді. Көркем әдебиетті оқуға құлқы жоқ көрермендер үшін кино арқылы санасына аз да болса сәуле шашуға болады.

– «Қай жанр әдебиетте жетекші бол­са, басқа жанрлар да соған қарай икем­деле бастайды» дейді Бахтин. Сіздің ойыңызша қазақ әдебиетіндегі же­текші жанр қайсы? Және оның бас­қа жанрларға ықпалы бар ма?

– Қалай десек те қазақ әде­бие­тін­де поэзия көш бастайды. Өйт­кені, біздің  ұлттық  болмысымыз­дың өзі сол поэзияға жақын. Сосын біз­ге жетіп, санамызға құйылған ұшан-теңіз мол мұрамыздың көп бөлігі жыр тілінде сақталған. Содан кейін де біздің барлық шы­ғар­машылығымыз поэзиялық үлгіде. Бәрі бір қалыпта, бір арнада. Осыдан екі ғасыр бұрын өзге ұлт жазушылары қалыптастырып кеткен измдердің бізге әлі толық дендеп еніп кете алмағаны, күні бүгінге дейін оқырмандарымыздың сол измдерді жатырқайтындығы, сол поэ­зиялық оймен ойлайтын­ды­ғы­мыз­да болса керек. Ал бұның ар­тық­шылығы қазақ жазушылары­ның қайсысы қалам ұстаса да сол поэ­зиялық ойлау жүйесінен ал­шақ­­тамайтындығында. Ұлт дің­ге­гіне байланатындығында болса ке­рек.

Сұхбаттасқан  Б.АРЫҚБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір