«ҒҰНДАР –БІЗДІҢ ТІКЕЛЕЙ АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ…»
12.09.2022
1139
0

Николай Лугинов 1948 жылы Якутияның орталығындағы Кобяй ұлысында туған. Ол – Якутияның халық жазушысы. 1986 жылы француз тілінде басылып шыққан «Таас Тумус» повесі үшін «Мәдениеттер тоғысындағы Алжир» халықаралық сыйлығын алған. 2001 жылы қаламгерге «Шыңғыс ханның әмірімен» романы үшін Ресей Жазушылар одағы Ресейдің үлкен әдеби сыйлығын берген. 2013 жылы Саха Республикасындағы П.А.Ойунский атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Н.Лугинов шығармаларының желісімен бірнеше фильм түсірілген. Қазір ол ғұндар тарихын зерттеп жүр. Қаламгер кешегі, бүгінгі әдебиет жайлы сөз қозғап, тарихтан сыр шерткен еді.

Толыққанды мемлекет құру үшін алдымен шекараңды қорғай алуың қажет…

– Биыл қазақ шайырлары саха-якут ақындарының жырларын аударып, антология қылып шығарды. Сәуір айында Нұр-Сұлтанға келіп, жинақтың тұсаукесеріне қатыстыңыз. Біздің еліміз жайлы қандай пікірдесіз?

– Қазақстанда алғаш рет 1980 жылы болдым. Содан соң 90-жылдары бірнеше рет бардым. Араға біраз уақыт салып, биыл да жолым түсті. Керемет әсер алдым. Қазақ елі қатты өзгерген. Бірақ Кеңес заманында Алматының қуатты баспалары кітаптарды жүздеген мың дана таралыммен шығарғанын ескерсек, ол кезде де Қазақстанның әдеби өмірі қыз-қыз қайнап жататын. Жалпы, қазақ ақын-жазушыларынан Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменовтерді оқыдым. Ал бүгінгі қаламгерлерден Ұлықбек Есдәулет пен Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылығымен ғана емес, өздерімен де жақсы таныспын.
– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?
– Саха әдебиетінен Платон Ойунскийдің «Ұлы Куданса» кітабы мен Анемподист Софронов-Алампаның өлеңдерін жақсы көремін. Ал әлем әдебиетінен Александр Пушкиннің, Михаил Лермонтовтың, Лев Толстойдың, Оноре де Бальзактың, Эрнест Хемингуэйдің, Эмиль Золяның, Анатолий Кимнің, Олжас Сүлейменовтің, т.б. сөз зергерлерінің туындылары ұнайды. Сонымен қатар Лао Цзының, Конфуцийдің даналық сөздерін және ежелгі үнді эпосы «Махабхаратаны» қайталап оқып тұрамын.

– Қазақстанда саха-якут ақындарының антологиясы шыққанын жоғарыда айттық. Саханың атақты ақыны Анемподист Софронов-Алампаның «Отаным менің» деген өлеңін мен тәржімалаған едім. Онда біздің Міржақып Дулатұлының жырларындағыдай азаттыққа деген сұрапыл ұмтылыс, бостандықты аласұра аңсау сарыны бар. Ал қазіргі сахалар Тәуелсіздікті дәл солай армандай ма?

– Якутияның жер көлемі 3 миллион шаршы шақырымнан асады. Яғни, біздің территориямыз Қазақстанның аумағынан сәл үлкенірек болғанмен, халық саны небәрі бір миллионға жуық. Ал сахалардың саны 500 мың адамға жетпейді. Толыққанды мемлекет құру үшін алдымен өзіңнің шекараңды күзетіп, қорғай алуың керек. Біздің қазіргі жағдайымызда бұл мүмкін емес. Сондықтан аз ұлттарға алып империяның құрамында өмір сүру анағұрлым тиімді.

Тақырып жазушыны таңдайды

– Өмірбаяныңызды айтып берсеңіз?

– 1948 жылы Якутияның орталығындағы Кобяй ұлысында, үш жыл бұрын ғана соғыстан оралған колхоз директорының отбасында тудым. 1972 жылы Якутия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін тәмамдадым. 1983 жылы Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітірдім. Алғашқы кітабым 1975 жылы шықты. Семен және Софрон Даниловтарды, Лев Гумилевті, Георгий Куницынды, Шыңғыс Айтматовты, Анна Дмитриевнаны, Анатолий Кимді, Омор Сұлтанов пен Олжас Сүлейменовты ұстаздарым деп санаймын. 1986 жылы француз тілінде басылып шыққан «Таас Тумус» повесім үшін «Мәдениеттер тоғысындағы Алжир» халықаралық сыйлығын алдым. 2001 жылы «Шыңғыс ханның әмірімен» романым үшін маған Ресей Жазушылар одағы «Ресейдің үлкен әдеби сыйлығын» берді. Сондай-ақ 2013 жылы Саха Республикасының П.А. Ойунский атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері атандым. Бұдан бөлек Халықаралық «Алаш» және Халықаралық Иван Гончаров атындағы сыйлықтардың, т.б. марапаттардың лауреатымын. Кітаптарым көптеген тілге аударылған. Якутияның Халық жазушысымын, Ресей Жазушылар одағының тең төрағасымын. Бүкілқытайлық Лао-Цзы ғылыми қоғамы төрағасының орынбасарымын. «Шыңғыс ханның әмірімен» атты романымның желісімен 2009 жылы «Шыңғыс ханның құпиясы» деген кино түсірілді (режиссеры – А.Борисов). Ал «Таас Тумус» деген повесім 2019 жылы түсірілген «Аспанымда күн батпайды» киносына (режиссеры – Л.Борисова) негіз болды.

– Физика-математика саласында оқысаңыз да, әдебиетте осыншама жетістікке жетіпсіз. Сонда жазушылыққа қалай келдіңіз?

– Қалай жазушы болдым? Шын мәніндегі, нағыз сөз өнеріне адам келем деп келмейді. Қаламгер болам деп болмайды. Жасөспірім бозбала «жазушы болам» деп алдына өмірлік мақсат қойғаннан сөз зергері болып қалыптаспайды. Қалай жазушы болғаныңды өзің де сезбей қаласың. Шамасы, әлдебір тылсым құбылыс шығар. Үлкен әдеби тақырыптарды да жазушы таңдамайды, тақырып жазушыны таңдайды. Мысалы, мен 90-жылдары Шыңғыс хан туралы роман жазуға бел байладым. Бұл Кеңес Одағының ыдырауымен тұспа-тұс келді. Мұқият зерделеп қарасаңыз, империялардың құрылуы мен құлауы әрі ұқсайды әрі бір-біріне мүлде қарама-қайшы.

Жастарымыз көркем әдебиетті оқыса да, ештеңе түсінбейді

– «Өзім үшін ең ыстық, ең қымбат туындым» деп қай кітабыңызды айтар едіңіз?

– Жазушылығымды үш кезеңге бөліп қарастырамын:
1) 90-жылдарға дейін жазғандарымды ең табысты жұмысым дер едім. Яғни, «Кустук», «Қара қарға туралы повесть», «Сэргэ» повестерім. Ал «Таас Тумус» повесім үшін халықаралық сыйлықтың лауреаты атандым және Ресейдің мемлекеттік сыйлығына ұсынылдым;
2) 1991-2009 жылдар аралығындағы екінші кезең мен үшін ең ауыры болды. «Шыңғыс ханның әмірімен» деген үш кітаптан тұратын эпопеяны жазу үшін біраз қарым-қабілетім мен қажыр-қайратымды жұмсадым;
3) Ал 2010 жылдан бергі уақытты «Ғұн кезеңі» деп атаймын. Яғни, 12 жылдан бері осы тақырыпта жазып жүрмін. Өйткені ғұндар – біздің тікелей ата-бабаларымыз. Олар туралы 2013 жылы «Ғұн повестері», ал 2018 жылы «Өзгерістер уақыты» деген кітаптарым шықты. Көптеген тілге аударылып жатқанына қарағанда, повестеріме сұраныс бар секілді. Келесі жылдарға қарай ғұндар туралы тағы бір шығармамды аяқтаймын деп үміттенемін.
– Қазір саха жастары кітап оқи ма?
– Якутия Ресей Федерациясындағы ең көп кітап оқитын өңір болғанмен, бізде де халық ізденуге соншалықты құштар емес. Жастарымыз көркем әдебиетті оқыса да, ештеңе түсінбейді. Бұрынғыдай кітап оқу мәдениеті қазір, өкінішке қарай, жоғары білімді ата-әжелерімізде ғана бар. Ондай аса сирек кездесетін интеллектуалдарды мен биыл сәуір айында Нұр-Сұлтанға барғанда көрдім. Олар тағылымды әңгімені үнсіз тыңдап, өзіне керегін іштей сұрыптап тұрғанын байқадым. Негізінде, әр мемлекеттің басты байлығы – мұнай мен газ емес, рухани бай әрі білімді азаматтар. Жастарымыз осындай таусылмайтын қазынаның қадірін біліп, кәдесіне жарата алар ма екен? Еліміздің ертеңі қандай болатыны осыған байланысты.
– Адамзаттың болашағы туралы не ойлайсыз?
– Егер ядролық соғыс болатын болса, ең алдымен, халқы тығыз қоныстанған елдер қырылады. Содан кейін желдің бағытындағы және Гольфстрим ағысының бойындағы мемлекеттер орасан шығынға ұшырайды. Ал жері үлкен, жұрты бір-бірінен қашық тұратын және жел бағыты мен мұхит ағыстарынан алыс жұрттар ішінара аман қалады. Мұндай сұмдықтан кейін ақымақ адамзаттың келешегі жөнінде ойланатын ештеңе қалмайды. Бәрі де құдіреті шексіз, ұлы Құдайдың ғана құзырында болмақ.
– Дәстүрлі сұрағымызды қойсақ. «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?

– Сіздің басылымға сайтынан бөлек кәдімгі дәстүрлі, баспадан басылып шыққан нұсқасын да сақтап қалуын тілеймін. Өйткені газетті парақтап, оқудың өзі бір ғанибет. Ең бастысы, адал, тұрақты оқырмандарыңызды сақтағайсыздар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Редакциядан: Якутия жазушысы Николай Лугиновтың сұхбат барысында: «Толыққанды мемлекет құру үшін алдымен өзіңнің шекараңды күзетіп, қорғай алуың керек. Біздің қазіргі жағдайымызда бұл мүмкін емес. Сондықтан аз ұлттарға алып империяның құрамында өмір сүру анағұрлым тиімді», – деп айтуы жан баласын әлдебір ауыр сезімге бөлейтіндей. Десе де қаламгердің бұл сөзі – Якутия халқы азаттықты аңсамайды дегенді білдірмесе керек. Алпамыс Файзулла тәржімалаған якутиялық тағы бір қалам иесінің мына жыр жолдары осы сөзімізге дәлел.

Анемподист Иванович Софронов-Алампа – (1886-1935)

ОТАНЫМ МЕНІҢ

Жер астында, көрде жатқан мүрдедей,
Өлкем жатыр қасат қардың астында,
Ал өзенім – қалың мұздың астында.
Қатпар-қатпар мұз – айдынға түрмедей.

Қар көрпесін жамылып ап орманым,
Қалғып кеткен самарқаулау пішінде.
Ал сахалар киіз үйдің ішінде,
Тас бүркеніп, ұйықтап жатыр, жандарым.

Қаһарлы қыс тұтқын қылды халқымды,
Жасақ сынды қалып қойған қоршауда.
Мұрша да жоқ жарқын күнді аңсауға,
Содан менің жанарыма зар тұнды.

Естен шыққан биіктер мен ай, шыңдар,
Шошып тұрмын жұртымның бұл сыйқынан.
Сахаларды оятатын ұйқыдан,
Бір рухты
Ән бастайтын қайсың бар?!
…Өзге елдерге бардым онда тіршілік,
Қайнап жатыр бұрқ-сарқ еткен сүт сынды.
Ол жақтардың жеріне нұр, құт сіңді,
Ойына да, қырына да гүл шығып.

Өзге елдерде сәулесі азат күн-айдың,
Адам да азат, өзен де азат ол жақта.
Жат өлкеде жанға рахат болмақ па?!
Бұғаудағы елімді ойлап мұңайдым.

Якутиям! Қайран менің Отаным!
Халің мүшкіл шынжырланған батырдай.
Есіл елім, кім сұрайды ақыңды-ай?!
Күйін кештім енесі өлген ботаның.

Ақын ұлың күңіренді, қынжылды,
Ұйқыдағы халқым, бабаң – ер түрік.
Мен сенемін, әйтеуір, бір күн серпіліп,
Оянарсың, үзерсің деп шынжырды.

Міне, сонда жерім, орман, өзенім.
Кіндік кесіп, туған өлкем – осы алап.
Қар мен мұздан біржолата босамақ.
Сахалар да әнге қоспақ өз елін.

Сахалар да қыс ызғарын еңсеріп,
Жаймашуақ көктем лебін сезінбек.
Түнек пенен надандықтан безінбек.
Еліне ер, ерлеріне ел сеніп.

…Күміс бұлақ сыңғырлап бір күлгені,
Естіледі, қасат қардың астында.
Киіз үйден, құлағыңды тос, тыңда,
Естіледі сахалардың үндері.

Жұрт ояна бастады, әне, сәт келді.
Ей, ертерек оянғандар, шапқылап,
Өзгелерді оятыңдар,
Қаттырақ,
Ән салыңдар, шақырыңдар көктемді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір