«АСЫРАНДЫ КҮЙЕУ» немесе алаш даласын альфонс дерті кезіп жүр
Алғаш Алла Пугачева Филипп Киркоровқа тұрмысқа шыққанда басқа – басқа алаш баласы жаға ұстарлық жағдайда болғаны хақ. Қазір ондайға ешкім таңғалмайды. Тіпті селт етпейді де. Себебі бір-бір «балаларын» қолтықтаған өз «Аллалары» жетіп, артылады.
«Соңғы кездері сәнқойлық пен сыланып-сипануда қыздарды жолда қалдырған жігіттерге қарап:«Осынша сәнденіп не керек? Жігітке тым кербездік жараспайды ғой», – деп таңғалушы едім. Бір жағдай менің көзімді ашып берді. Тұрақты клиенттерімнің бірі, жасы жиырмаға жаңа шыққан бір жігітті осында үнемі мамасы бірге алып келіп, процедуралар біткенше күтіп отырып, алып кететін. Киген киім мен мінген көлігіне қарағанда әлгі әйел өте бай болатын. Әдетте, ондай отбасындағы әйелдер ержеткен ұлы түгілі кішкентай баласына сонша қамқор болмаушы еді, сондықтан: «Қандай қамқор, ғажап ана?!» – деп бір шетінен таңырқай әрі тамсанып жүрдім. Бәлкім, жалғыз ұлы шығар деп те ойладым. Сөйтіп ем, оның сыры көп ұзамай ашылды. Бір күні әлгі жігіт пен «мамасы» ұрсысып қалды. Сол ұрыс барысында барып менің тұрақты клиентімнің әлгі әйелдің баласы емес, күйеуі екені айқындалды да шыға келді», – дейді сұлулық салонында жұмыс істейтін құрбым.
Жалғызбасты әйелдерді баурап алады
Әйелдің жүрегіне жол таба отырып, қалтасына қармақ салу «өнері» өз тамырын тарихтың сонау тұңғиығынан алады. Ондайлар нәзік жандылардың өз махаббатына адалдығын, сол үшін тіпті қандай да қатерге басын тігіп, соңғы тиынына дейін беруге әзір екенін жақсы біліп, соны ұялмай пайдаланатын арамзалар деуге әбден болады. Психологияда ондай адамдардың өз аты бар – «альфонс». Алдымен құрбандығын дәл тапқан әлгіндей арамза бір оқпен «екі қоянды», яғни жүректі дәлдеп, қазынаның есігіндегі құлыпты қоса атып түсіреді. Әсіресе бұл қармаққа күйеуінен ажырасқан, табысқа өз күшімен қол жеткізіп, ұл-қызын ешкімнен кем қылмай өсіріп жетілдірген жалғызбасты әйелдер ұшырайды екен. Әрине, қалталы. Сырт келбеті көрікті әйелге «ғашық» болған кейіп танытатын альфонс-жігіт алғашында оған қамқорсып, жылы-жылы сөздер айтып, қайда барса, қасынан қалмай, солайша, оның өмірінде жоқ ер адамның рөлін тамаша ойнайды. Ал біртіндеп әйелдің нәзік жүрегіне жеткен ол ондағы құпия сырларды суыртпақтай отырып, өміріне қанығып алады. Сосын оны өзіне тәуелді етіп алады да, содан кеп ақшаны «сорады». Ондайда ол адамның жүрегі ауыратын оқиғалар мен көзге жас үйіретін небір жағдайларды айтады деңізші. Жүрегі жұмсақ байғұс әйелдің бойында аналық мейірім оянып, оны қандай жағдайдан болсын құтқарып қалу үшін барын аямайды. Тамақ пен киім-кешек, сыйлықтар былай тұрсын, үй, автокөлік сыйлайтын да жомарт әйелдер жүр арамызда. Тіпті шоу-бизнесте жүрген ханымдарға қол созатындары да бар көрінеді.
– Қазір қазақтың жігіттерінде намыс қалмай барады. Менен жас шамасы әлдеқайда кіші жігіттер (10-15 жас – автор): «Мені алыңызшы, қасыңызда жүре берем, өзіңіз үйретіп аласыз ғой бәріне», – деп арланбай ашық айтады. «Сені бала қылам ба, не істеймін?» – деп ұрыссам да, ұялу былай тұрсын, қытықтарына да тимейді ол сөз. Сонда олардың көздегені – жайлы тұрмыс. Жұмыс істеп ақша тапқылары келмейді, бәрі дайын қыздарға үйленіп, дәлірек айтқанда, «тиіп» алса, бар мәселе шешіледі. Қит етсе, «қазір қыздар көп, біз жігіттер азбыз» деген статистиканы алға тартып шыға келеді. Осындай боркемік, жасық жігіттер өздерінің табиғи қалыптарын бұлдауда статистиканы қалай шебер пайдаланады деңізші?.. Оңай өмір сүрудің жақсы тәсілін осыдан тауып алды. Қазір бірақ қыздар мықты: оқуды оқып, жұмысты істеп, әлеуметтік жағдайын жасап алады. Ал жігіт деп жүргендеріміздің көбі жаңа мен айтып тұрғандай… Еркек деген атына бола үйіне кіргізіп, еркелетіп отырған құрбыларым да жоқ емес. Мен соларды еш түсіне алмаймын… Жігіттің өзін емес, ақшасын, атағын «сүйетінін» қалай көрмейді? Күні ертең-ақ беттің ажары кеткен соң, онысы бұдан әлдеқайда жас қызға үйленіп, мұны әрі сезімдік тұрғыдан қасірет шектіріп, әрі пайдаланып кете бармасына кім кепіл? Жақсы азаматтар бар ғой, қыздар, соларды тани білейік те, – дейді белгілі әнші Ақбота Керімбекова.
18 жас кіші жігітке алданып қалған
Отызға толмай жесір қалған Жанар үш ұлын асырау үшін ертелі-кеш тек жұмыстың жетегінде жүріп, өзіне күтім жасауды ұмытады. Сөйтіп жүргенде бір күні әлеуметтік желіден «өміріңнің қожасы өзің, сондықтан өзіңді жақсы көр» деген психологтардың кеңесін қалады. Қарап отырса, осы 50 жасына дейін тек «балаларым», «ел» деп өмір сүріпті. Сондықтан бұдан былайғы өмірін басқаша сүруге, өзін аялап күтуге жұмсауды ұйғарады. Сөйтіп, сырт келбетіне көңіл бөліп, әдемі киініп, құлпырып шыға келеді. Сол – сол-ақ екен, күндердің күнінде өзінен 18 жас кіші азаматпен танысады. Күйеуі көз жұмғалы ер-азамат тарапынан жылы сөз естімеген Жанар сезімге әбден шөлдесе керек, кенеттен келген махаббат оны масайтып, сүйіктісінің жолына қолдағы барын шашып тастайды. Үйіне кіргізіп, қымбат көлік сыйлап, тіпті жеке кәсіп те ашып береді. «Әй, күйеуіңді сонша еркелеткенің не» деген туған-туыс, дос-бауыр, тіпті балаларының сөзін тыңдамай, біртіндеп олардың бәрінен қол үзіп кетуге дейін барады.
Алайда араға бірер жыл салып жас күйеу күрт өзгереді. Баяғы жылы сөздердің бірі жоқ, қала берді жұмыстан кеш келіп, сүйіктісіне көңіл бөлуден қалыпты. Тіпті кей күндері үстінен әйелдердің иіссуы бұрқырап тұратын болады. Төзімі таусылған келіншек бір күні артынан аңдиды. Көлік қонақүйдің алдына тоқтап, жап-жас қызды қолтықтап ішке кіре бергенде үстінен түскен Жанар айғай-шу шығарады. Сол сәтті күтіп жүргендей күйеу жігіт үндеместен үйіне келеді де, киімдерін жинап, үйден кетеді де қалады. Бірақ оған дейін үй, көлік, қызмет бәріне қол жеткізіп үлгерген еді…
«Альфонс қашанда әдемі киініп, сән-салтанатты жүріп, өзін қалталы адам сияқты ұстайды. Құрбандығын ол кезінде бай болғанын айтып: «Кенет бір қиянатшыл жандардың кесірінен қолдағы барымнан айырылдым», – деп алдайды көбінде. Мықты манипулятор көбіне ер-азаматы жоқ әйелдерді төсек қатынасы жайлы «сауаттылығымен» баурап алады. Түрлі психолог, сексолог, тренерлерге жазылған ол, тіпті әлеуметтік желіде бүркеншік есіммен отырады. Әйелдер де көбіне солай танысады. Сөйтіп, оларға не жетіспейтінін біліп алып, сол бір осал тұсын тап басады. Тәтті сөздер айтады, тәтті үміт береді. Тіпті күдік тудырмас үшін бастапқыда мейрамхана, т.б шығындарын өзі жауып отырады. Біртіндеп әйелді әбден өзіне қаратып алғанда толығымен оның мойнына отырады», – дейді психолог маман.
Асыранды күйеу қайдан шығады?
Ең бірінші себеп – жартыкеш отбасынан шыққан болуы мүмкін. Әсіресе анасы жалғыз өзі өсірген балалар кішкентайынан әйел адамның қамқорлығына үйреніп қалады. Дәл сол секілді «басынан сипап, құшағына басатын» тағы бір адам керек болған соң, осы жолға түсетін көрінеді. Екіншіден, әкесі бола тұра анасы билік жүргізген отбасында өскен бала әлемді солай қабылдайды екен, яғни дәрменсіз әкеден дәрменсіз ұл туады. Сырт келбетіне қатты сену де жігітті осындай жолға итермелейтін көрінеді. Құрдастары тұрмақ, өзінен үлкен әйелдер көз салған соң «неге осылардың сезімін пайдаланбасқа» деген ой туады екен. Алайда көңілі қалайтын адамнан да қол үзбей, былайша айтқанда жасы үлкен әйелдің ақшасын алып, жас қызға «демеуші» болады. Осылайша, бір оқпен екі қоян ататын еркексымақтар, өкінішке қарай, уақыт өте көбейіп келеді.
Мәриям ӘБСАТТАР,
Түркістан облысы