«ТҰРАНДЫ ІЗДЕП ҒАЛАМЗАТТЫ КЕЗІП ЖҮР…»
07.04.2025
52
0

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ВИРТУОЗ*

Ақсүйектен айналған соң кедейге,
Қаракөктен қалған руһ басылмай.
Қасым құсап Қарқаралыдан – Семейге,
Алматыға келді жаяу Қасымдай.

Оны-дағы Сальерилер қоршапты,
«Бұл-дағы түк емес» – деп;
Ықыластай көрді ол туа Моцартты,
Паганини – Тәттімбеттей елестеп!

Ол соғыстан қайтты еліне,
«Құтым – деп, –
Моцартпенен басайын деп өртімді!»
Біздің қырт пен құрттар миын шұқып жеп,
Өлтірді!

Құдайға да сенбейді олар, Құранға,
(Тіпті атеист болса да жоқ айыбы?)
Димаш-тағы қазақ емес бұларға!
Имаш-тағы қазақ емес, Байұлы?!

Өкіметтен күнде орден мен алғыс ап,
Жантық құсап, қожасына жаутаңдап;
Түк те қылмыс жасамаған жан құсап,
Күліп жатыр…
Жүріп жатыр талтаңдап!..

*Айткеш Толғанбаев (1922–1995),
қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы.
Қарқаралы ауданының түлегі.
Алматы музыка училищесін бітірген (1942).
Ұлы Отан соғысына (1942–45) қатысты.
1946–1955 жылдары репрессияға ұшырап,
Колымада болды.

ӘКЕМ АҚСҰҢҚАРДЫҢ БІР ЖЫРЫ

Бір тамшысы ем осынау дүние жалғанның,
Мөлдіреп тұрған Манас көкемнің кірпігінің
ұшында,
Домалап түсіп қалғанмын,
Беғазы Дәндібайдың тұсында.

Айылымды жыймай замана дейтін дүлейден,
Аспанға ұшып құс-жаным,
Затымды көріп, атымды қойғанда Сүлеймен,
Ақсұңқар құсқа ұқсадым.

Ой бақтым, сырбаз бой бақпай,
Көзіме ілмей көрінген көргенсіз немені,
Құлдың заманында құлаққа құрбақа ойнатпай,
Құдайым мені жебеді!

Мен де бір жүрген шерменде,
Жүрегінің түбі – тылсым мұң.
Орда бұзып отыз сегізге келгенде,
Һалифа дейтін арудан
Алашта бөлек ұл сүйдім!

Алдына
Ханға жайғандай дастарқан жасатып,
Бармағым балға батырып;
Қарпытып қазы-қарта асатып,
Қымыз сімірттім сапырып!

Кердеңге кеудесін игізбей,
Күміспенен күптедім,
Алтынменен аптадым;
Аяғын жерге тигізбей,
Ар-ұятын көзімнің қарашығындай сақтадым!

Жан жүйесін ерітіп,
Жанына жолатпай тексіздің,
Едігенің ертегісіне елітіп,
Хан Кененің қадіріне жеткіздім!
Кім болар бұл? – деп ел жүрді іштей бал ашып,

Күлкілі:
Патша болады деген сол паңым адасып,
Ақын боп кетті бір күні…

«Көзімнің жасы селдейді, –
Деуші едім,–неге шелектеп?»
Мұхаммед ғалейіс салам айтыпты: «Бұл елге енді пайғамбар келмейді,
Пайғампардайын ақындар ғана келед…» – деп.

Жан пайыз таппай Хаққа кеп,
Мәйітім қалып түу Қызыларайдың жонында, –
«Тіл-көзден, Алла, сақта!» деп,
Аруақ болып мен, сонын жүрмін соңында…

МИДАҒЫ КОД

Қазақтың қара өлеңі,
Сары-Арқаның сәні еді.
Атыраудай айбатты,
Алатаудай асқақ-ты,
Алтайдайын әдемі!

Қара өлеңі қазақтың,
Қара аспаннан қара жерге жеткеннен,
Қара түнекке кектенген.
Патша өкіметін де жек көрген,
Совет өкіметін де жек көрген.
Жан мен малды түк қалдырмай санап бір,
Жарылқайтын Құдайға өзін балап бір.
Капитализм келіп енді кенеттен,
Оған тағы ожырайып қарап тұр.

Оның-дағы буынынан әл тайған,
Көзі– басыр, күні біткен, қартайған.
Аляскадан алтын шыққан жоқ еді,
О, қара өлең, сен шыққанда Алтайдан?

Сенен басқа күллі нәрсе көнерді,
Түспей жерге,– көкке самға, бол енді!
Өкіметтер бүгін бар да, ертең жоқ,
(Өмір-бақи түсінбейтін өлеңді…).

Қанша ма алып империя қирады,
Сені көріп, кім айылын жимады?!
Неше түрлі формация кеп, кетті,
Біреуі де ақылыңа сыймады;
Тұранды іздеп, ғаламзатты кезіп жүр,
Қалып қойған ұлттың коды мидағы…

ПРОВИНЦИЯЛЫҚ АҚЫНДАР

(Автобиографиялық өлең)

-1-
Ақсораңда жүрмін
Апиын ішкендей!
Алатаудың аппақ шыңы түске енбей.
Алматының ақындары келеді,
Ақтоғайға
Айдан келіп түскендей!

Алатауда арманым.
Шатыршада қалып қойды зарлы әнім.
Елден бөлек көрінеді мұнда елге,
Елден ерек аппақ кәстөм-шалбарым…

Қалмай шопан тойларынан кешігіп,
Көктем сайын көктің түбі тесіліп;
Жыр оқиды Жеңіс* көкем гүрілдеп,
Алатауды Ақсораңға көшіріп!

Ақтоғайда мен жүргенде сандалып,
Қайсенов** кеп-кетті артында шаң қалып:
«Мен Қасымды көрген едім, бұ бала,
Қалай сонан аумайды?!.» – деп таңғалып!

Көшіріп кеп күллі әдеби ортаны,
Досанов*** кеп, мақтап кетті ол тағы,
(Бұл Арқаның хатшылары шетінен,
Одан неге зәресі ұшып қорқады?!.)

Сәттар көкем**** – Көкшетаудың боздағы,
Ішіп алған… шерімді сол қозғады:
Оңашаға алып шығып, сыбырлап,
Маған сонда Мағжанды айтып, боздады!
Бұлдыр елес, не істедім?
Естен танып Есениндей ескенім!
Ақтоғайда қалды менің аңызым,
«Тоқырауында»***** поэзия кештерім…

Кеңсайда тұр, – бауырластар қабірі,
Сары алтындай болса егер де сабыры.
Провинцияда туу керек ақындар,
Провинцияда жүру керек ақындар,
Астанаға жету керек дабыры…

-2-
Кеңсай маған кел демеген секілді?
Ақтоғайда ақын боппын өтімді.
Жарасқан да мені көріп, кейіннен
«Неге Аралда қалмағам?!.» деп өкінді?

Малы – түгел, кеней де,
Мына пендең: «Өлең деген не?!» – дей ме?!
Қарқаралда қапа болып мен жүрмін,
Тыныштықбек****** Семейде!

Провинцияда ғұмыр кешу қатерлі,
Алматыға жеткенше танытады әкеңді!
Мемлекеттік сыйлықты маған Заман әперді,
Оған – Шаған әперді!
Торға қамап ұстай-тұғын періні,
Үйінде ұстап, ұстағанда желігі, –
Алып шықты отқа, суға тигізбей,
Қазақ поэзиясының келіні!

Бізді ылғи көлеңкелер торыды,
(Күйкілер де көзге қораш порымы).
Алматыда үңірейіп тұрған-ды,
Астанада үңірейіп тұр, әне,
Елде қалған екі ақынның орыны!

Тыныштықбек екеуміз,
Туғаннан-ақ топыраққа бекембіз.
Үңірейген сол орынды екеуміз,
Енді барып толтыра алар ма екенбіз?
Толтыра алмас па екенбіз?!.

*Жеңіс Қашқынов,
**Қасым Қайсенов,
***Сәбит Досанов,
****Сәттар Сейітқазин,
***** «Тоқырауын» рестораны,
*******Жарасқан Әбдірашев,
********Тыныштықбек Әбдікәкімов

***
Әли*, жаным!
Қарашы,
Бересі көп секілді ме, аласы,
Әжең күнде жүре-тұғын бір жер бар,
Ас үй менен Facebook-тің арасы.

Ойламайтын сауап пенен обалды,
Әлемжелі мені алған соң, соны алды!
Facebook-те отырып ап, ас үйде,
Адамзатпен тілдесетін боп алды?

Білек түріп Facebook-ке шықты әнмен.
Лайк жинап жұлдыз болды, тіпті әлден?
…Жақсы болды, мені қойып ол енді,
Ұстасып жүр Әбіләзов Мұхтармен?!

Мынау қалай бара жатыр мықты боп,
Төрт тарапқа күнде құлақ тікті кеп?
Қайынысы Ғалым** да мәз бұ күнде,
«Бізден-дағы бір блогер шықты!» – деп

Биыл әжең қатты өзгерді, меніңше,
Қалай болып барады ол, сеніңше?
Сен жеңгенде жанкүйер боп шаттанып,
Жер тепкілеп, Украина жеңілсе?!.

Қарашы?
Бересі де аз емес-ау, аласы?
Ақсұңқардың шаңырағында қосылды,
Ас үйменен адамзаттың арасы…
*Немерем әлемнің үш дүркін чемпионы.

**Ғ. Жайлыбай

«СОҚЫР ТЕКЕ»

(Мұхтар Мағауиннің заманындағы ойын)

Беу, Һалифат*, жұлдыздардың туған
сәтін тойлайық,
Екеуімізден басқа ел шаршап, көз ілді.
Кел немесе «Соқыр теке» ойнайық,
Ал, байладым көзіңді!

Зу-зу еткен оқпын мен.
Ғұнмын мен де Мағжандай жаратылған
От-Күннен.
Үстеліңнің үстінде де жоқпын мен,
Шкафыңның ішінде де жоқпын мен…

Байқап жүгір, тұра алмайсың жығылсаң,
О, маған серт, осы ойында жеңілсем:
Прагаға Мұқтар Мағауин** көкеме барып
тығылсам,
Табар ма едің мені сен,
Таппас па едің мені сен?!

Түбіндемін сен көрмейтін бұтақтың.
Ғасырлардан ізде, қалмай бір күнмен.
«Адам ата-Хауа ана» деген кітаптың
430 парағында жүрмін мен.

Жоқ, жібермен кезек алар кезімді,
Ұнар саған, мейлі, тіпті ұнамас.
Мен іздейін, байла, қане, көзімді,
Ал сен болсаң, тұра қаш!

Ғалияның қойынында тұрсың сен,
Әлияның мойынында жүрсің сен…
Әй, не деген менен-дағы айлакер,
Менен өткен қусың сен?!

Байлаудағы көзім менің тек сенде,
Ел-жұртымның ертеңі сен еңселі!
Екі мың отыз жылды асып кетсең де,
Екі миллион үш жүз мыңдай жылды асып
кетсең де,
Тауып аламын мен сені!

Екі көзім сегіз боп,
Екі көздің жасы екі теңіз боп
Мына өмірге келгенмін мен сені іздеп,
Өлсем-дағы қайтып келем сені іздеп!

ҚИЯНДАҒЫ ҚЫСТАУ

…Қияндағы қыстау Ақжарық аталад,
Провинция.
(Бізге, мүлде, жат алап!).
Секс деген ұғым да жоқ миында.
(Бұ жақта әлі махаббат!).

Ауа қандай!
Мөлдіреп тұр бұлағы.
Көздерінде мөлдір ойлар тұнады.
«Мен қазақты сүйем…» деген өтірік
Өлеңдерді естімеген құлағы…

***
Дара дейді мені де ел,
Баладай-ақ,
Жеткен осы ғұмырды санамай-ақ.
Пайғамбардың жасынан асқан сайын,
Өзімді-өзім күн сайын барам аяп.

Қартайғанда ақынды барам аяп,
Қаңқу-лаған тобырға қарамай-ақ.
Высоцский айтқандай,
Ұстараның,
Жүзінде олар жүреді
Жалаңаяқ!

Тірлігіме бүгінгі қарамай-ақ,
Баз кешпей-ақ һәм бала-шағаны аяп.
Қайта келсем дүниеге,
Ұстараның,
Жүгірер ем жүзінде жалаңаяқ…

06.02.2025 ж.

***
(Владимир Михейшиннің әуенімен)

Құдайды кім қойып қойған тіркеуге,
Не болады көзімізге ол көрінсе?
Сіз шоқынған Ғайса да жоқ шіркеуде,
Алпыс екі тамырыңда ол, меніңше.

Шіркеуге кеп неге ағыңнан жарылдың?
Іздей-іздей, таба да алмай, сарылдың.
Құдай деген жүрегіңде жарыңның,
Ақтығында арыңның.

Ол таң болып атып, Күн боп күледі,
Махаббаттың заңы – бұл һәм зары – бұл.
Балалардың жүрегінде жүреді!
Туғаның ба, бөтен бе, оған бәрі бір!

Бетховеннің нотасында сарыны,
Жаныңды егер рухы оның жебесе.
Есениннің өлеңінде Тәңірі.
Левитанның суретінде немесе.

Құдайды кім қойып қойған тіркеуге,
Не болады ол көзімізге көрінсе?
Сіз шоқынған Ғайса да жоқ шіркеуде,
Алпыс екі тамырыңда ол, меніңше…

***
Менде арман көп енді.
Сонда менің жаным нұрға бөленді.
Жазғым келед жас күнгідей, мөп-мөлдір,
Ит тартыссыз, интелектуалсыз өлеңді!

Өсіп, өне бергенінде өндір боп,
Күл ғып оны дегеніне көндірді өрт.
Балалыққа келед қайта қайтқысы,
Қалғысы да келед сонда мөлдір боп!

Қайда шіркін, он үштегі бала ақын,
Отқа түсіп, күйік шалған қанатын?
Қайраты да түгесілген, айбыны,
Арыстандай Айға қарай шабатын?!

Періште еді туғаннан,
Кейін келе пәле болған, қуланған.
Жүрегі оның тілім-тілім жара боп,
Миы да оның уланған Һәм
Су болған…

Қазір, мүлде, бөтен кісі ол енді.
Атақпенен даңққа да бөленді.
…Бұрынғыдай болмаған соң періште,
Меніңше, оған жазбау керек өлеңді?

ИНТИМДІК ЛИРИКА

Атып шығып барысша,
Қойыныңда екі заряд табысса;
Бір-біріне қарсы осы қос заряд,
Аласұрған арыстандай алысса?..

Қос құшағы құша-құша талғанда,
Ділді – ділі, тілді ауызға алғанда;
Қос зарядтың (бір-біріне қарсы осы),
Майданындай қызық жоқ бұл жалғанда!

ЭЛЕГИЯ

(«Мейірханның «Шайтанкөлі»)

Көзден шыққан жас, міне, кешкен селдей,
Ел теңселген,
Енді кеп ес кіргендей.
Қарқаралыға қайтпайды Ләлә да енді,
«Шайтанкөлді» айтпайды ешкім сендей?

Елесіне егіліп қарай берген,
Бұл опасыз жалғанға қалай келгем?
Әннің жетім қалғанын көрдім бүгін,
Әкесі өлген баланы талай көргем?

Кеттің ұшып, қанатың құшып көкті.
«Шайтанкөл» де сенімен ұшып кетті!
… Аттан құлап, абдырап тұрғанымда,
Қамшым осы қай маңға түсіп кетті?
Ақынға өлең
Алладан аян болған,
Бар ғұмыры тек сонда баяндалған.
Бұ фәнидің мен де бір жолаушысы,
Айдалада аңырап жаяу қалған.

Сен кеттің де,
Қалды ғой Қарқаралы,
Менен қайғы, одан бұлт тарқамады.
Төрт құбыласы түгел деп ойлайды жұрт,
Мен де Жаяу Мұсамын Арқадағы…

Жалғандағы жалғыз сен жәннатым деп,
Шайтанкөлге барсам ба бала ақын боп?
Неге құстың баласы дейді ел мені,
Қайта ұшуға, қайтейін, қанатым жоқ…

ЭПИГРАММА

(Пушкиннің «Мое собранье насекомых…»
атты эпиграммасының әуенімен)

Уа, Пушкин, гәбіңе иландырдың,
Мен де сенше гауһарын жиғам жырдың.
Мен де, міне, қартайып… жантайып ап,
Құрт-құмырсқа, шыбынды… жинап жүрмін.

Болғанымен Пегастың атағы ерен,
Рақат деп кім айтқан?
Шатақ – өлең!
Шалшыққа да түстім мен, балшыққа да,
Неше түрлі бақылдақ бақаменен.

Қоғамда да немесе үйінде-дүр,
Қашан күлді-көмешке күйінбеді ұл?
Осы жақта бір қырт бар, бір құрт бар ғой,
Мыңнан озған жүйріктің миын жеп жүр!

Дәлдүріштен мен қашан жығылып ем,
Одан қашып, қай жерге тығылып ем?
Күнім өтіп барады, ызың-ызың,
Осындағы базардың шыбынымен…

Мына жерге мен де әзер сыйған құлмын,
Қия да алмай, жанымды қинап жүрмін.
Құрт-құмырсқа көп мұнда, шыбын-шіркей,
Мен де сенше соларды жинап жүрмін…

АҚЫННЫҢ ТУУЫ

Айтманға

Жарық-Дүнием!
Атыраудан шыға сала алқынған,
Каспийдің кең айдынында бір найзағай
шарқ ұрған;
Маңғыстауға жасын түсті сол күні,
Жаралдың сен сондағы бір жарқылдан!

Ақсораңды ала жаздай қар алып,
Қара нөсер – қара бұлт.
Жүрегіне тиген оқтан Сәкеннің,
Ғалым Жайлыбай жаралып!
Зар заманның бұзып қара бұлтын да,
Жоқтан бар боп, оттан шықты ұлтым да.
Қалың түрік Алтайды асып,
қозғалғанда ұлы көш,
Ұлқаш қалды жұртында!

Өлең деген – өртке салу қу жанды!
Өлеңшіге ғана той мен думан-ды.
Несіпбек те Қытайда емес, аңырап
«Елайырылған» деген күйден туған-ды!

Көшті көрсе, көзі жасқа толады,
Қазақпен бір қаңғырып жүр ол әлі!
Қасіреттен туған шерлі ақынның,
Қайтсе де бір қасиеті болады.

РУХ

Жаным, менің жайымды түсінер ме ең,
Түнде ұйықтап жатсам да түсіме енген.
Өлең деген рухты іздеп өттім,
Өмір деген кітаптың ішінен мен.

Күңіреніп, үмітпен, күдікпенен,
Тек сол үшін ғана өмір сүріп келем.
Өлең деген жоқ мына дүниеде,
Құбылыс бар қүдіретті
Рух деген.

Қаншама іздеп, сарсылып таба алмадым,
Қанша мәрте қараң ғап қара орманым.
Қасиетті қара өлең көзден ұшып,
Қара сөзге сүрініп, арандадым?

Аруақтар көз алдым көлеңдеген,
Тірісінде шуаққа бөленбеген.
Тәңіріге оқитын күнде ішімнен,
Дұғам болды осы бір өлең деген.

Күңіреніп, үмітпен, күдікпенен,
Тек сол үшін ғана өмір сүріп келем.
Өлең деген жоқ мына дүниеде,
Құбылыс бар құдіретті
Рух деген.

Хан Кенеге ілесіп, қия шалдым,
Қарлығашпен бірге ұшып, ұя салдым.
Ұлттық рух – жыр екен, уыстап ап,
Ақ парақтың бетіне құя салдым…

ҚОС МЕКЕНДІ АДАМ

Екі әйел бар қасымда.
Жаңбырда да бірге жүріп, жасында.
Біреуіне он үшімде тәнті боп,
Біреуіне – жиырма жеті жасымда…

Қараңғыда жаққан екі шырағы,
Маған ылғи жол көрсетіп тұрады.
Муза-ару көкке кетсе, мені ылғи,
Жебейді оның жерде қалған сыңары.

Мүлде, бөлек болмысы һәм реңі,
Екеуі оның екі бөлек жүреді.
Сүйді мені осы өмірде екі әйел,
Бір-біріне ұқсамайтын жүрегі.

Бүгін – жерде, ертең – көкте құс үнім.
Бірде – пенде, бірде – сұңқар пішінім.
Екі әйелмен екі әлемде жүретін,
Мен деген – бір қос мекенді кісімін.

Қанатына отырғызып ол енді,
Шарбы-шарбы бұлтқа ала жөнелді.
Бұлтқа әкетсе біреуі оның, біреуі,
Өзі туған ұлтқа ала жөнелді!

Олар күлсе, көктен маған Күн күлді,
Жүрек тулап, жарық жаққа ұмтылды.
Алаш қандай жақын болса жаныма,
Аспан-дағы сондай таңсық бір түрлі…

Екі әйел бар қасымда.
Елге таңсық екі әлем жүр басымда.
Қолтығымнан ұстап, жебеп екеуі,
Келіп тұрмын мен де жаңа ғасырға.

АҚЫН

Адамда одан бір тірі пенде озбаған,
Елінің шері өзінің шерін қозғаған;
Мұхамед (с.ғ.с.-нан) кейін, пайғамбар
Туған жоқ,
Асау ақындар туды боздаған…

Құрт пенен қырттан безініп,
Безінген сайын алдынан солар кезігіп.
Пайғамбар деді, ақынды Пушкин, өзінің,
Пайғамбарлығын ішінен өзі сезініп!
Бұл қоғам – таяз, тар әрі,
Ресейден шығып, жаһанды шарлап барады.
Құлдарды көріп, көңілі күнде құлазып,
Патшаға, тіпті мысқылдап, күле қарады…

Қырандай дәйім, Қырымға қарап көздері,
Жер бауырлаған жәнтікке жаны төзбеді.
… Бір кезде ақын Пайғамбар болған еліне,
Қазір кім? Оны білмейді, тіпті өздері…

АСТАНА. КІТАП КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ-2017

«Шаршадым. Қатты шаршадым…» (Хусто Хорхе Падрон )

Хусто Хорхе, Испанда дара өнері,
Секунд сайын албырап бара ма өңі?
«Алақай!» деп алдынан шыққан кезде,
Абдыраған қазақтың қара өлеңі.

Келгенде ақын дана еді…
Баладай боп,
Астанаға аң-таң боп қарады-ай кеп.
Еуропадан ақ өлең көшіп келіп,
Танакөздің көздері танадай боп…

Пәк жүрегін күллі елге ашып болған,
Таяқ жеген не бір қу, пасықтардан.
Дәурен ұқсап барады Дон Кихотқа,
Туа сала өлеңге ғашық болған…

Босқа аруақ арқаға қона ма кеп,
Қонғаннан соң боласың содан әлек.
Ол туғанда қасында жоқ едім мен,
Болсам айтар едім ғой: «Жолама!» деп.

Қырымға бір тартатын, Ұрымға бір,
Өрт, не дерт боп түседі буынға жыр.
Туа сала түгілі, тоқсанда да,
Көз салуға болмайды сұлуға бұл!

Ақ өлең де, біздей бір қаралы еді,
Күннен-күнге бозарып бара ма өңі?
…Тұла бойы ұйқастан тұрса-дағы,
Бәйік боп жүр қазақтың қара өлеңі.

Падрон тұр шалқып бір, шабыттанып,
Аты-жөнін қазақтай халық танып.
«Ақ өлең жаз!» десе Алла Несіпбекке,
Орынынан тұрмас-ау,
Талып қалып…

ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА

Тұрысын-ай!
Батыстың Шығысындай!
Алтайдың бұғысындай!

Ат үстінде ертоқым… айылы қап,
Екі қолын артына қайырып ап.
Homo Soveticus кеп түбке жетті,
Homо Sapiens-тен айырып ап!

Тозаққа да адамзат көндігеді,
Көресінін, көнді ғой, көрді де елі.
Бабыр келіп тоқтаған Үндістанда,
Ер Түріктің тоқтады өр жүрегі!

Қадіріне кім жетті тірісінде?
Ұсақ дейді мына жұрт ірісін де!
«Маған кел?» деп айтты ма, кім біледі,
Түсіне еніп бабасы түн ішінде?

Тұрысын-ай!
Батыстың Шығысындай!
Алтайдың бұғысындай!

***
Тайқы маңдай, тар пенденің бірісің бе,
Орыныма егініңді ек, күрсінбе?
Кете-тұғын елі жоқ деп жүрсің бе,
Бара-тұғын жері жоқ деп жүрсің бе?

Ұлысыма сыймаған соң ұрғылап,
Әзер жүрдім бір түрегеп, бір құлап.
Жерден сайғақ құрлы сая таппадым,
Аспан жақта бір орыным тұр, бірақ.

Кетем ертең сенен, қырт,
Жерден жеміт қана теріп жеген, жұрт.
«Ақан сері, перінің қызын сүйеді…»
«Әлихан да – халық жауы!..»
Деген жұрт…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір