ТОҚСАН БІРГЕ КЕЛГЕН ӨМІРІМНЕН ҮШ ҮЗІК
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ
ҚАТТЫ ТҮСІНГЕНІМ
Соғыс кезі болатын. Мен Батайск қаласында ұшқыштар училищесінде самолетті ұршықтай айналдырып, жоғарғы пилотаж жасап, ауада самғап жүрмін. Бір күні жоғарғыдан бұйрық келді. Әрбір ұшқыш оқу бітірер алдында үш рет парашютпен секірсін деген. Соған байланысты бізге парашют ісінің маманы келіп, инструктаж жасады. Парашют түрлері, қасиеті, оны қалай пайдалану керек, ауада көздеген жерге түсудің әдістері, аяғың жерге тигенде не істеу керек, осы мәселелер бойынша мағлұмат берді. Біз самолетпен ұшқанда, парашютті қалай пайдалануды білетінбіз, бірақ парашюттің ішкі сырынан хабарсыз едік. Инструктор парашютті жайып, оны қайта жинап үйретті. Содан кейін оны өзімізге жасатып, сыртымыздан бақылап тұрды. Жинақталған парашютты жастық секілді қапшыққа салдырып, оны пломбамен бекітті. Бұдан соң, парашют салынған қапшықтан оның паспортын алып, аты-жөнімізді жаздырып, жылын, айын, күнін, сағатын көрсетіп, қол қойдырды. Бұдан соң инструктор «Енді өз өміріңе жауапкер өзің боласың» деп түсіндірді. Бұл айтылған пікір мені қатты ойландырды. Әр нәрсеге жауапкершілікпен қарау керек екенін санамызға сіңдірді. Сонымен жауапкершілік өмірлік ұстанымыма айналды. Бұған мен ризамын.
ҚАТТЫ ҚЫСЫЛҒАНЫМ
Мәскеуде КСРО Ғылым академиясы Философия институтында аспирантпын. Ол кезде Философия институты аспирант, докторанттары КОКП Орталық Комитетінің Ғылым бөлімінің номенклатурасына кіретін. Бізді жылда бөлімге шақырып, келесі жылға бекітіп отыратын. Сол тәртіппен мені 1952 жылы Орталық Комитет ғылым бөліміне шақырды. Барсам, алғы бөлмеде кісілер отыр екен. Мен бірден реттеушіге келгенімді білдірдім. Күте тұрыңыз деді. Бөлім меңгерушісі И.Сталиннің күйеу баласы Ю.А.Жданов болатын. Байқасам, кезек күтіп отырғандар ішінде Қаныш Имантайұлы Сәтпаев та бар екен. «Жаңа келгенде неге байқамадым» деп, қысылып, иіліп, сәлем беріп, қолын алдым. Атақты ғалым, кешегі Қазақстан Ғылым академиясының Президенті. Мені осында оқуға жіберген де, КСРО Ғылым академиясы Президенті С.И.Вавилов арқылы Мәскеудің дәл ортасындағы қонақ үйден орын алып берген де осы кісі. Осының бәрін ойлап, қазіргі халін көріп, қатты күйзелдім. Бұл Қанекеңнің президенттіктен босаған кезі. Сөйтіп тұрғанда, қабылдауға мені шақырды. Сасып қалып, «Қанеке, сіз кіріңіз» дегенімде: «Шырағым, өзің кіре бер, мен асықпаймын», – деді. Бұл да құбылмалы өмірдің бір көрінісі еді. Әрине, кейін Н.С.Хрущевтің басшылығы тұсында, Қ.И.Сәтпаев қайтадан Қазақстан Ғылым академиясына Президент болып оралды. Бірақ әлгі жағдай маған үлкен ой салып, өміріме сабақ болды. Кішкентай құбылыс – ғажап өмір көрінісі. Қанекең қандай шыдамды, дана, қасиетті жан екенін ұқтым.
ШАРАПАТ
Қазақстан Ғылым академиясы Философия және Құқық институтында аға-ғылыми қызметкермін, «Кочевое общество» тақырыбында монография жаздым. 1974 жылы сол институттың Ғылыми Кеңесінің шешімімен қолжазбамды баспаға ұсынды. Қазақстан Ғылым академиясының сол жылғы басылым жоспарына ілінді. Бірақ көп ұзамай қолжазбам жоспардан түсіп, түсініксіз жағдайда келесі 1975 жылға қалдырылды. Ал 1975 жылы әлгі жағдай тағы қайталанды. Сөйтіп, бұл түсініксіз жағдай 10 жылға созылды. Ешкім қолжазбамның жарық көрмеу себебінің жай-жапсарын түсіндіре алмайды. Содан Қазақстан Коммунистік Партия Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа кіріп, өтінішімді айттым. Ол кісі маған: «Тақырыбың ауыр, басылым Мәскеудің қолында, ренжіме», – деді. Содан 1984 жылдың мамыр айында «Сіз ғалымдар делегациясымен Францияға баратын болдыңыз» деп Мәскеуден хабарлады. Ол кезде Қазақ Политехника институты «Философия» кафедрасының меңгерушісімін. Мәскеуге келген соң, өзім үйренген КОКП Орталық Комитетіне кіріп КОКП Бас хатшысы Константин Устинович Черненко атына қысқа хат жазып, қолжазбамды кітап ретінде шығаруды өтіндім. Хатты конвертке салып, хат жинайтын бөлмеге тапсырып, өзім ертеңіне Францияға ұшып кеттім. Оншақты күн өткенде, Алматыға оралсам, мені асығыс іздеп жатыр екен. Сөйтсем, Д.А.Қонаевтың атына К.У.Черненкодан менің арызым арқылы жедел хат келіп, кітабымның жарық көрмеуінің мәнісін түсіндіруді сұрапты. Сөйтсек, мәселе ешкімде де емес, ЛИТО-да екен. Ұстап отырған да сол болды. Сол жылы екі-үш айда кітабым жарқ етіп шыға келді. Міне, мұндайда қалай қуанбайсың. Қазір ЛИТО ұмытылды. Бұл да Егемендігіміздің бір көрінісі.