ТОЛҒАУЫ ТЕРЕҢ ТОҚСАН БИ
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол!
Сегіз сері Бахрамұлы
ТОҚСАН БИ ЖАБАЙҰЛЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Аллаға шүкір, Тоқсан би Жабайұлының (әкесінің есімін қосып отырған себебіміз: кей зерттеушілер «үш бірдей Тоқсан би бар» деген уәж айтып жүр. – А.С.) өмірі мен халқына қалдырған өшпес мұрасы туралы дербес зерттеу жүргізген жайымыз бар. Бізге дейін жарық көрген еңбектерді де қаперден шығармадық. Өйткені бәріміздің «илейтін теріміз – бір», тақырыбымыз – ортақ.
Шындығын айтар болсақ, Тоқсан би атамыз туралы нақты дерек өте аз. Мұрағаттық-зерттеу мақалалар жоқ. Ең қиыны, бидің туған-қайтқан жылы да белгісіз.
Біз сенімді ақпарат көзі деп білетін «Википедияда» төмендегідей сөздер ғана жазылған: «Жабайұлы Тоқсан би (1737–1839) – «Дала данышпаны» атанып, туралығымен әділдігімен үш жүзге аты жайылған би, шешен. Керей руынан шыққан. Тоқсан бидің тұлға ретінде танылуына Керей тайпасынан шыққан атасы Қара би көп ықпал еткен. Немересін шешендік өнерге баулыған. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездескен, ауызша сөз жарыстарға қатысқан. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі бола білген. 15 жасынан бастап халық оны төбе би, солтүстік өңір (Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай) қазақтарының бас биі деп атаған».
Көріп отырсыздар, Тоқсан би – халық ауыз әдебиетінің өкілі. Оның өмірі мен айтқан билік, шешендік сөздері, өлеңдері мен нақылдары ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған. Қазақ ішінде мұндай өнер иелері аз емес. Сондықтан бабамыз туралы жан-жақты, байыпты, деректі зерттеу жүргізу – біздің басты міндетіміз. Алла қаласа, назарларыңызға ұсынылып отырған зерттеу дүниеміз жалғасын табады деген үміттеміз. Тіпті өз басым Тоқсан би атамыз жөнінде тарихи-мұрағаттық құжат табыларына шек келтірмеймін.
Атақты атамызды зерттеуге талпынған кейбір қандастарымыз жоғарыда ескерткенімдей, «Мен Би-атаның пәленінші ұрпағымын» (шындығында, көбісі нешінші ұрпағы екенін де білмейді. – А.С.) дейтін патшағырлардың айтуымен шектелсе керек. Себебі олардың жазған дерегі әртүрлі, «Шерімбеттің жобасымен» қиыстыра берген. Біздіңше, бұл үлкен қателік. Тарих өтірікке жол беруді кешірмейді. Сол себепті біз осы жазбамызда былай деп тұжырымдама жасадық: Тоқсан би Жабайұлы ( XVIII–XIX ғғ.)
Ауызекі әңгімелер мен шежірелерде Тоқсан би атамыздың дүниеге келуі жайында мына бір аңыз тараған. Бір күні босанар уақыты жақындап қалған анасы сыртта қарап тұрса, қайын атасы Қара би келе жатыр екен. Содан жанында тұрған енесіне:
– Шіркін-ай, атамның атының құлағын жесем ғой! – деп тамсанады.
– Әй, көргенсіз, не деп тұрсың?! Кір үйге! – деп енесі ұрсып тастайды.
Би үйге кіріп, жайғасқан соң бәйбішесінен келінге неге сөйлеп жатқанын сұрайды. Амал жоқ, болған жайтты баяндайды. «Ашуға басар ма екен?» деп күдіктенеді. Сонда «Кәне, жылқыны бауыздаңдар да, екі құлағын келінге асып беріңдер!» – деп бұйырыпты атасы Қара би.
Содан дүниеге келген немересінің есімін «Тоқсан» деп атапты.
Википедияға дерек қайдан алынған? Әрине, «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 8-томындағы «Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясы» деп аталған бөлімнен. Бір қызығы, «Бұл мақала әлі тексерістен өтпеді. Тексерілмеген мақалалардағы мәліметтер сенімсіз болуы мүмкін», – деп ескертеді Википедия.
Шындығында, кім жазса да, Википедия дұрыс ескертіп отыр. Өйткені Тоқсан би атамыз туралы қарама-қайшылыққа толы мәліметтер жарық көрген жайлар кітаптарда да, ғаламторда да өріп жүр.
Әркім әртүрлі жазады: Том, Омбы, Түмен, Орынбор, Қорған, Қостанай, Қызылжар, Тобыл, тіпті Көкшетауды қосатындары да бар. Ол кезде пойыз да, автокөлік те жоқ. Сондықтан Тоқсан би атамыздың осыншама өңірде төбе би болғандығы шындыққа жанаспайды. Кейде шақырумен барып тұрған шығар. Бірақ көп қатынамағандығы шындық.
Ақиқатын айтар болсақ, Тоқсан бидің қай өңірде «төбе би» қызметін атқарғандығын бір ғана зерттеуші Социал Жұмабаев ағамыз жазған. Қайролла Мұқанов ағамыз кейіннен оған теңавтор болып қосылған. Социал ағамыз Жамбыл аудандық газетінде қызметте жүргенде Тоқсан би туралы ел аузындағы әңгімелерді жинаған. Оған көптеген ақсақалдардан мәлімет жазып алған, «Талпын», кейіннен «Благовещенка» мектептерінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлшат Рамазанова көп көмегін тигізген. Тіпті Тоқсан би туралы Жамбыл аудандық газетінде жарияланған ең алғашқы мақалаға әуелі тарихшының, сосын, С.Жұмабаевтың қолы қойылған. Мәселен, «Тоқсан би Тобыл губерниясы қазақтарының төбе биі болған» деп жазады ағамыз. «Есімдері ел есінде» (Құрастырған А.Тасболатов. –Астана, «Фоллиант», 2012) деген кітаптан үзінді келтірелік: «Патшалық Ресей 1822 жылдан бастап, хандық құрылысты жою үшін Орта жүз қазақтарын басқару жөнінде ереже шығарғанға дейін Тоқсан би солтүстік-батыс қазақтарының төбе биі болса, 1830 жылы Аманқарағай дуаны құрылғанда Еменәлі Керей болысының билігін қолына алған. Бұл дерек Омбы мұрағатында бар: 3-қор, 12-тізім, №17681 істе жазылған. Бұдан соң Тобыл губерниясы қазақтарының төбе биі болған тұсында есімі барша қазақ даласына тарайды. Оның осы даңқын Сегіз сері былайша жырлайды:
«Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол!»
Енді зер салып қараңызшы, «1830 жылы Еменәлі Керей болысының билігін қолына алды», – дейді. Тоқсан би автордың өзі келтірген дерекке сенсек (1737–1839), жасы 95-те. «Бұдан соң Тобыл губерниясының төбе биі болған» деп жазады. Сонда би атамыз мәңгілік мекеніне аттанар 102 жасына дейін би қызметін атқарған ба?
Тоқсан би атамыз туралы қандай кітаптар бар, қандай мақалалар бар, соның барлығын дерлік сүзіп шықтық. Расында, өзі көп те емес. Алматыдағы Ұлттық, Астанадағы Академиялық, Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханалардағы материалдармен толық таныстық. Сонымен, Тоқсан би қай жерде дүниеге келген? «Тоқсан би сол замандағы қазақ жеріне қарайтын, бүгінде Ресейдің қарамағына жататын өңірде дүниеге келген болса керек. Қартайғанға дейін қазіргі көршілес Қорған, Омбы және Түмен жақтарда би болып өмір сүрген» деген болжам көкейімізге қонады.
Бұл пікірдің жаны бар сияқты. Өйткені шежіреге қарап отырсақ, әсіресе Түмен қаласының тұрғыны Үмітбай қажы Жидебаевтың өзіміз таспаға түсірген әңгімесінде, Танаш би ұрпақтарының атажұрты қазіргі Ресей Федерациясының Қорған облысына қарасты Бағылан би қалашығы (орысша Звериноголовка) орналасқан Тобыл өзені жағасы екендігі айтылады.
1926 жылы Сталиннің бұйрығымен барлық жәрмеңке жабылғанға дейін Бағылан би жәрмеңкесі де жұмыс істеп тұрған. Алдай Керей ұрпақтарының бұрынғы қазақ, қазіргі орыс жерінде көп қалып қойғандығының сыры осында.
Оқырманға түсінікті болу үшін «Бағылан би кім?» деген тарихи сауалға жауап беріп көрелік. Ол үшін KEREY.KZ ақпараттық-танымдық порталының (30.10.2019) төмендегі мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
«Бағылан би. Алтын Орда хандығындағы мемлекет қайраткерлерінің бірі. Ол Тобыл өзені бойын мекендепті. Обаған өзенінің Тобылға құяр жерінде Бағылан тоғайы, Бағылан талы, Бағылан қара суы, Бағылан көлі, Бағылан томары, Бағылан қыстауы, Бағылан шоғы, Бағылан өзегі деген жер-су аттары бар. Бағылан баһадүр қартайып, өз есімімен аталатын тоғайды мекендейтін аулында ауырып қайтыс болыпты. Оның сүйегі Тобыл өзенінің жарқабағына жерленген. Бағылан бидің Бопай есімді әйелінен Архат, Фархат, Сарымұрат атты ұлдары дүниеге келеді. Фархат батырдың Гүландам есімді әйелінен Та- наш, Аббас, Манас туады. Осы күнгі Қостанай облысының Меңдіқара, Ұзын- көл аудандарын, Солтүстік Қазақстан облысының және Қазақстанның басқа да жерлерін мекендейтін Ашамайлы Керейлер осы Танаштың ұрпақтары. Танаш Алтын Орда хандығының көрнекті адамдарының бірі, әділқазы би атаныпты. Танаш бидің Балға, Балта, Едіге атты балалары батыр, би, әскер басы болған. Бағылан бидің бейіті орналасқан қонысқа 1734 жылы жазда Звериноголовск атты сауда пункті салынды. Ол кейін казак-орыс мекеніне айналған. Осы күні бұл мекен Ресей Федерациясына қарайтын Қорған облысының Притобол ауданының орталығы.
1723 жылы жазда жоңғар басқыншылары Бағылан бидің қонысын тартып алып, 1734 жылы жазда Ресейге қару-жараққа айырбастапты. Елінен, жері- нен айырылған қазақ қосындары тек он жылдан кейін қайта оралып, Дәстем Сал Қарабасұлы басқарған қол Зверинканы қоршауға алады. Қамал комен- даты және осы жердегі шіркеудің дінбасы көпестерді ұйымдастырып, қазақ әскерінің алдынан дәстүр бойынша нан мен тұз алып шығыпты. «Зверино- головка бүгіннен бастап бекініс те емес, казак-орыс станицасы да емес, қазақ пен орыс сауда жасайтын базар, жәрмеңке орталығы орны болсын! Соған келісімшарт жасайық, дос болайық. Жер-су сіздердікі екенін мойындай- мыз!» – деп тілек қойыпты. Бұған келіскен қазақ рубасылары әскерін кейін қайтарыпты. Шарт жасасып, келісім-шартқа екі жағы да қол қойыпты. Дәстем салдың талабы бойынша базар қазақ кенті мен орыс кентінің аралығында болатын боп көрсетіледі. Звериноголовкада тәртіп орнату Амандос Ерменұлы (Көшебе Керей) бастаған мұсылман жасағына міндеттеліпті. Осының бәрі шартта көрсетілген. Жақында «Тоғырулхан» бірлестігі Тобылбек Омаровтың мұрындық болуымен Бағылан би жатқан қорымға екерткіш орнатуға ниеттенді. Қорған облысының губернаторына жазылған өтінішке әлі жауап жоқ».

ТОҚСАН БИДІҢ БЕЙІТІ ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?
1998 жылдың 28 қазанында Қазыбек Дүйсенбі деген ағамыздың «Тоқсан би туралы бірер сөз» деген мақаласы «Солтүстік Қазақстан» газетінде жарыққа шығады. Ақиқатында, мына бір мәселеге қатты таңғалдым. Тоқсан биді Керейдің ғана емес, күллі қазақтың айтулы биі, шешені деп танимыз. Сонда деймін-ау, ұрпақтары ішінен 1998 жылға дейін бірде-бір адам іздестірмеген бе? Тарихшылар, жазушы-журналистер зерттеу жүргізбеген бе?
Шымкент облысынан Бекет Тұрғараев ағамыздың Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалуын; Тоқсан би бабамыздың мазарын тұрғызуын, Петропавл қаласынан көше бергізуін; тіпті Шал ақын мен Қожаберген жырау аталарына да ескерткіш орнатуын; Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі Марат Тасмағанбетовтың бас болып, «Тоқсан би» атты кітап (2013) шығаруын т.б. сарыла күтіп отыра берген бе дүйім жұрт.
Марқұм Қазыбек Дүйсенбі ағамыздың дабыл қағуына Жамбыл ауданы, Троицк ауылында тұратын ақсақал Зәркөш Тақыровтың «Солтүстік Қазақстан» газетіне шыққан «Жабай би және оның ұрпақтары туралы» атты мақаласындағы (20 мамыр, 1998) автордың болжамы түрткі болады. «З.Тақыров ақсақал: «Мазары Атбасарға жақындағанда оң қолда, тасжолдан 100-150 метрдей жерде тұрған үлкен оба», – деп жазады. Бір даудан келе жатып қайтыс болыпты-мыс. Бұл пікірмен келісуге болмайды. Сапарда (жолда) өліпті деген сөздер шындыққа жанаспайды және ондай сөзді бұрын естіген де емеспіз», – деп үзілді-кесілді қарсы шығады автор.
Жатқан жері жайлы болсын, Қазыбек ағамыз Керей жұрты үшін ғана емес, барша қазақ баласы үшін игілікті іс атқарды. Тоқсан би бабамыздың бейітін тауып берді. Бірақ өз идеясының жемісін көзімен көре алмады. Мәңгілік мекеніне аттанды. Ол кісінің бастамасын С.Жұмабаев, Қ.Мұқанов тәрізді қаламгерлер жалғастырды. Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы (сол кезде Целинный) аудан әкімі Серік Ермашұлы Сүлейменовтің Тоқсан бидің бейітін табу, мазарын көтеру сияқты іс-шараларға сүбелі үлес қосқандығын Социал мен Қайролла ағаларымыз өз мақалаларында атап өтіпті.
Қазыбек Дүйсенбі ағамыз аталмыш мақаласында бала күнінде Қазыбек атасының (1875–1948) жанында жүріп, Тоқсан би бейітіне талай мәрте соққандығын, 1964 жылы жазушы Сәбит Мұқанов пен ақын Еркеш Ибрагим Меңзегей ауылына келгенде би атаның басына барып, Құран бағыштағанын тәптіштеп баяндайды. Осы арада бір түсініксіз нәрсе: Қазыбек ағамыз ғана емес, өзінің айтуынша ауылдастары да білсе, онда неге Тоқсан бидің бейіті 1998 жылы ғана белгілі болған. Жарайды, Компартиядан қорықты делік, шындығында, 1990 жылдан бастап құпия атаулы «ақ түйенің қарнындай» ақтарылып, жазықсыз атылып кеткен ардақтыларымыз халқымен қауышып жатты емес пе?
Қысқасы, Тоқсан бидің өмірі мен билік шешімдері, шешендік сөздері тыңғылықты түрде зерттеуге сұранып тұрған тың тақырып.

ОРНЫҢ ОЙСЫРАП ҚАЛҒАН ОМБЫМ-АЙ
(Омбы облысына сапардан туған ойлар)
Омбы – қазақтың зиялы ордасы.
Кезінде Омбыда қазақтың атақты адамдарының көпшілігі болған. Ағыбай батыр, Шыңғыс Уәлиханұлы, Балқожа Құдайбергенұлы, Шоқан Уәлихановтар Омбы әскери кадет корпусында; Жаяу Мұса, Ақан сері, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхаметов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Жұмабек Тәшенов, Раббани Мұхамедияров т.б. осы қаладағы оқу орындарында оқыған не жұмыс істеген, кейбірі уақытша тұруға келген. Тіпті Абайдың әкесі Құнанбай да Омбының тар түрмесінде біршама уақыт отырып шыққан көрінеді.
Омбыда бірнеше рет болдық. Қазағымыздың осы бір аяулы қаласын бір кісідей білеміз. Шоқан Уәлиханов оқыған Кадет корпусында болып, таныстық. Қазақстан Республикасының Сібір облыстарындағы бұрынғы бас консулы Эльдар Асқарұлы Қонаев, Омбы облысының экс-губернаторы Леонид Константинович Полежаев, Омбыдағы қазақ диаспорасының жетекшісі Алтынай Жүнісова, Қайыргелді Козкин, марқұм Әнуарбек Жүнісов т.б. азаматтармен бірнеше мәрте жолығып, мазмұнды әңгімелерін тыңдап, ұмытылмас әсерге бөленгенбіз.
Тоқсан би туралы алдын ала зерттеу жүргізгенде ұққанымыз, Омбы өңірінде бізді қуантатын дерек табудың қиындығы болды. Сондықтан аттың басын Омбы облысының тарихи мұрағатына (мұнда екі мұрағат бар. – А.С.) қарай бұруға әрекет жасауды ойластырдық.
Біз Ораза айы кезінде Омбыға іссапарға келгенімізді пайдаланбақшы болып, мешіттің бас имамына Ауызашардан соң Тоқсан би туралы дерек білетін туыстары болса (бұл қалада Керей тайпасының өкілдері көп тұрады, бірақ Алдай Керей аз. – А.С.) сұрастыруын өтіндік. Сондай-ақ Әнуарбек Ералы, Бота Сәрсенбаев, Кагира аға, Қаббас аға, Қайыржан, Салмақбай есімді азаматтарға да хабарластық.
Мұрағат демекші, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Омбыға арнайы барып, атам Жәуке батыр Назарғұлұлы т.б. кісілер туралы ақпарат алуды ниет еткен болатынмын. Сол кезде біз үшін бұл мұрағаттың есігі кемінде 50 жылға жабылғандығын сезінген едім. Әсіресе Ресейге қарсы шыққан тұлғалар туралы деректен дәметудің өзі «қара тізімге» іліккенмен бірдей. Өйткені олар қазақтың батырлары, билері, патриоттары жөнінде дерек бермеуге шешім шығарғалы қашан?! Соны біле тұра үкілі үміт жетегіне еріп, Ертіс жағасындағы қазақтың қасиетті қаласына тоқтадым. Екі рет бардым. Алғашқысында мұрағат басшысы мүлдем қабылдамайтындығын ескертті. Амал не, «қазақстандық жолмен» іске кірістім. Жоғарыдан телефон шалдырттым. «Сіздің бұл тәсіліңіз іске аспайды, – деді басшы әйел, – бұл Қазақстан емес. Оның үстіне сіз біздің ғимаратқа кіру үшін онкүндік арнайы тексеруден өтесіз. Оны тиісті орган орындайды».
«Мынау өзі Қытайдың қамалынан да қиын шаруа екен ғой» деп ойға шома бастап едім: «Жарайды, онкүндік тексеріске жіберейін. Құжаттарды толтырыңыз. Сосын, қайта беріңіз. Хабарын айтармыз», – деп үміт шырағын жаққандай болды.
Айтқандай, он күннен соң «Келе беріңіз» деген хабар алдым. Қуанғанымды көрсеңіз. Омбымен екі араны таныс жол қылып алғанмын. Пойызбен де, ұшақпен де, таксимен де, жеке көлікпен де барып-келуге үйренгенмін. «Ертең келіңіз. Бірінші қабаттағы залға барасыз», – деп кімге жолығатынымды да ескертуді ұмытпады. Расында, қызметкері күтіп отыр екен. Менің тапсырысымды көрсетті. Сосын, компьютерге отырыңыз деді. Іске қосып берді. «Тоқсан би Жабайұлы» деп жаздым.
Шынымды айтар болсам, екі күн ішінде өзімді әрең ұстадым. Қызметкері өзін дөрекі мінезімен көрсетті. Құдды мен түрмеде отырғандай діңкілдеп жауап береді. Сұраған тақырыбымды, қажетті кісіні тауып бермеді. Көрсеткендері – ақпарат түріндегі шимай-шатпақ. Әдейі мазақ қылғаны көзге ұрып тұр. «Тағы да он күннен кейін келіңіз», – деп кекесінмен қарайды.
Социал аға бір мақаласында «Омбы мұрағатындағы «3-қор, 12-тізім, №17681 іс» дегенде Тоқсан би туралы мәлімет бар» деп жазған екен. Анығын айтсам, ол кісі не бар екендігін өзі де ашып айтпаған. Мұрағат қызметкері «Бізде ондай материал жоқ», – деп бет бақтырмады.
Айта кетейік, Тоқсан би Жабайұлының шығармалары, негізінен, мынадай кітаптарда жарық көрген: «Шешендік сөздер» (Алматы, 1967), «Билер сөзі» (Алматы, 1992), «Қазақтың би-шешендері» (Алматы, 1993), «Қазақтың 100 би-шешені» (құрастырған Н.Төреқұлов. – Алматы, 1995).
Атажұртым, айналдым сенен, Түменім
(Түмен облысына сапар)
Сібірдің ну орманындағы екі жолақ тасжолмен зырғып келе жатқан машинаның ішінде сыртқа көз тастай отырып, терең ойға шомасыз. Осыншама байтақ өлкені ата-бабамыздың жаудан бірнеше ғасыр қалай қорғап тұрғандығына қайран қалмасқа шара жоқ.
Түмен мен оның жанында тұратын ағайындарымыз: Асқар Жанғалиұлы (Заводоуков), Кенесары Қойшы, Үмітбай Жидебаев, Нұрғожа мен Ақбөпе, Сағадат Жанбеков, Батыр т.б. кездесіп, аталары Тоқсан би туралы сұхбаттастық. Үмітбай қажы Жидебаев Ашамайлы Керейдің тарихын, Айсұлу Отанқызы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданынан атасының репрессия кезінде Түменге қашқандығын, ашаршылық кезінде де қандастарымыздың көптеп қоныс аударғандығын әңгімеледі.
Танаш бидің ұлы Көшебесінен тараған үш ұлының ұрпақтары Түмен облысының Ялутор, Южный т.б. елдімекендерінде тұрып жатыр.
Ескерту: Жоғарыда Тоқсан би айтты деген кейбір шешендік сөздердің қарама-қайшылыққа толы екенін тілге тиек еткенбіз.
Мәселен, бір нұсқада Сексен – Тоқсан бидің інісі; екіншісінде ағасы; енді бірінде ағасы Мағжанның баласы болып суреттеледі. «Тоқсан мен Сексен Қазыбек биге барып жүгінді», «Киікбай биге барып жүгінді» т.б. нұсқалары бар. Ақын Ақылбек Шаяхметов: «Бұл әңгімедегі Сексен мен Тоқсан, шынында да, өмірде болған адамдар. Сексеннің жасы үлкен екен. Ағайынды екеуі Қаз дауысты Қазыбектен бата сұрай барады. Би оларға бес сауал қойыпты», – деп жазады. Дегенмен Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың туған жылы – 1665, қайтқан жылы – 1755 екенін ескерсек, қызылжарлық зерттеушілердің Тоқсан бидің өмірбаянын ешқандай мұрағаттық құжат жоқ бола тұра осылай (1737–1839) көрсеткеніне сенген күннің өзінде, жас жігіттің атақты биге баруы мүмкін еместей көрінеді.
Сондықтан Тоқсан би өзінің батасында:
– Қарала Қазыбектей бақытты бол!
Немесе:
– Шақшақта Қазыбектей аталы бол! – деп келтіргеніндей, ағайынды екі
жігіттің жүгінгені басқа Қазыбек би.
Ұлы Доғалақ туралы аңыз да бір-біріне кереғар. Бірінде әкесі оны Кіші жүздің дауына өз орнына жібереді, сол сапарында Доғалақ ақылды шешен, салмақты би ретінде танылады. Екінші нұсқада әкесіне тартпаған бала болып шыға келеді. Біздіңше, Тоқсан бидей ақылды бабамызда жүгенсіз ұлдың болуы мүмкін емес.
Жасыратыны жоқ, ел ішіндегі кейбір ағайындар өздерін көрсету мақсатымен ешқандай дәлелсіз сұхбат береді. Сондай шалағай деректер тексерілместен баспасөз бетіне жарияланып жатады. Осыдан кейін ақиқаты қайсы, аңызы қайсы екенін айқындау міндеті салмақты жүк болып біздің мойнымызға жүктеледі.

Іздегенім – мұрағат еді
Жасыратыны жоқ, Омбы облысының тарихи мұрағатындағы қажетті деректерге қол жеткізе алмаған соң, «Бұрынғы бірді-екілі кітапта мұрағаттық материал жоқ. Ауыл ақсақалдарының аузынан жазылған сөздер ғана. Тарихи деректің болмауы мүмкін емес қой» деп көп толғандым. Жыл басынан бері екі рет Алматыдағы ҚР Ұлттық ғылым академиясына соқтым. Ғимарат күрделі жөндедеуден өтіп жатыр екен. Құрылысшылар иықтарын қиқаңдатқаннан басқа ештеңе айта алмады. Байланыс телефондары үн қатпайды. Амал жоқ, үшінші рет Алатау баурайындағы сұлу қалаға ат басын тіредім. Киелі ғылым ордасы ғимараты асты-үстіне шығып жатыр. Жөндеудің бітетін күні алыс сияқты. Досым, «Үш қиян» баспасының қожайыны, меценат, белгілі баспагер Махмұт Қосмамбетовке мұңымды шақтым. Махаң асықпастан телефон нөмірін терді. «Таңертең мына кісіге жолығыңыз», – деп аты-жөні мен нөмірі жазылған қағазды қолыма ұстатты.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Жұмашай Рахыш өздерінің мұрағатында Тоқсан би Жабайұлы жөнінде қандай дүниелер сақталып келе жатқанын әңгімелегенде, «Аллаға шүкір!» дедім іштей. Келісім бойынша бірнеше шешендік сөздерді Алмас Оралбек араб тілінен ана тілімізге тәржімелеп берді. Кейбір қолжазбаларды да пайдалануды жөн көрдім. Шынымды айтар болсам, Петропавл тұрғындары, бұл күнде марқұмдар – Социал Жұмабаев пен Қайролла Мұқановтар шығарған «Тоқсан би» атты шағын кітапта басылған шешендік сөздер мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының мұрағатында сақталған мұраның айырмашылығы айтарлықтай.
Тоқсан би Жабайұлы – жұмбақ жан. Оны түбегейлі зерттемейінше, шындыққа жете алмаймыз. Осы орайда «ҚР ҰҒА, Жазушылар одағы, Мәдениет министрлігі бірлесіп, Омбы облыстық тарихи мұрағатындағы құжат-дүниелерді алдыртып, Қазақстандағы қорларда сақталған араб, латын, қазақ тілдеріндегі қолжазбаларды толығымен бір ізге түсіріп, ғылыми талдау жасап, арнайы кітап шығарса» деген ұсынысымыз бар екенін жасырмаймыз.
60 жылда жаңғырған зерттеу
Ақиқатын айтар болсақ, жоғарыда ескерткеніміздей, Тоқсан би Жабайұлының дау-дамайдағы төрелігі, шешендік сөздері әртүрлі нұсқада беріліп жүр. Бұл – тақырыптың зерттелмегендігінің айқын дәлелі. Тіпті өзіміз куә болған ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрағаты мен «Білім ордасына» қарасты Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы араб және латын тілдеріндегі Тоқсан биге қатысты дүниелер толығымен ана тілімізге аударылмаған. 1961 жылға дейін Ғылым академиясының мұрағатында жатқан әдеби мұраларды сол кездегі басшылар Орталық ғылыми кітапханаға өткізіп жіберген. Егер бір мұрағатта сақталса, ендігі «ер-тұрманы» түгенделіп, жүзеге асқан болар ма еді. Түмендегі ұрпағынан бір нұсқа, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы туыстарынан екінші нұсқа, Қорған облысынан үшінші нұсқа т.б. жинала берген. Әркім әртүрлі болжам жасаған.
Зерттеу кезінде бір байқағанымыз, 1965 жылы ғалымдар Есмағамбет Ысмаилов пен Балтабай Адамбаев Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Ресейдің Түмен облысына шығармашылық экспедицияға шыққан. Бұл жөнінде алғаш рет Түмен қаласына барғанымызда Үмітбай Жидебаев ағамыздан естідік. «Балтабай Адамбаев келіп, Тоқсан бидің шешендік сөздерін білетін кісілерден жазып алғаны есімде. Менімен де жолықты. Кейін 1967 жылы Алматыда «Шешендік сөздер» атты кітап басылып, оның ішіне басқа билермен бірге Тоқсан бидің айтқан сөздері де енгізілді», – деген еді түмендік ағамыз.
ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтының мұрағатында сақталған қолжазбалар қазақ ғалымдарының тек республика аумағында ғана емес, Ресей жеріндегі қандастарымыздан да Тоқсан би туралы дерек жинағанын дәлелдеп берді. Бұл сөзімізге төмендегі жазбалар куә.

Ауыз әдебиеті үлгілері
Төрткүл әлемді қанша шарласаңыз да, ақын, шешен, би аталарының өсиет-сөздерін, парасатты ойларын ғасырдан ғасырға ауызша жеткізген қазақтай ұлтты таба қоюыңыз қиын. Тек өлеңдерді не шешендік сөздерді ғана емес, сұңғыла қазақтар қырық күн жырлайтын (Мұрын жырау), күні-түні толғайтын «Алпамыс», Қобыланды», «Ер Тарғын», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық» т.б. жыр-дастандарды кездестіре қоюыңыз некен-саяқ. Халқымыздың ауыз әдебиеті ерекше қарқынмен дамығаны соншалық, жыр-дастан үлгілерінен қазіргі таңда жүздеген кітап шығаруға болар еді. Бәлкім, ғаламтордан көз алмайтын жастарды алғаш мектеп партасына отырған кезден бастап, ауыз әдебиеті үлгілерімен рухани сусындатқан жөн болар ма еді? Мәселен, өзіміз зерттеп жүрген Тоқсан би Жабайұлы XVIII ғасырда дүниеге келген деп жүрміз. Міне, содан бері үш ғасырға таяу уақыт өтсе де би атамыздың шешендік сөздері мен өлеңдерін әлі күнге дейін ел аузынан жинап келеміз. Бір өкініштісі, тарихшыларымыз бен арабша білетін филологтеріміз Тоқсан биді зерттеуге асығар емес. Біз жазушы-зерттеуші ретінде өз сөзімізді айтамыз, бірақ әмбебап маман емеспіз ғой. Ғаламтордан көз алмай, мағынасыз әңгімелерді оқитын ұрпақ ертеңгі күні ұлттың көсегесін көгертпесі белгілі. Сондықтан халықтың рухани байлығын арттыру, жасөспірімдер мен жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу сынды елдік мүдде тұрғысында ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтайтын, түбегейлі зерттеп, бір жолға қоятын уақыт жетті деп ойлаймыз.

СОЛТҮСТІКТЕГІ РУХАНИЯТ
Таяуда жазушы, ақын һәм журналист Айтбай Сәулебектің «Толғауы терең Тоқсан би» атты танымдық-зерттеу кітабы (– Алматы, «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2024. 13,5 баспа табақ) жарық көрді.
Бұл еңбектің Тоқсан би атамыз туралы бұрынғы санаулы жинақтан ерекшелігі – автордың тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресей мемлекетінің Омбы, Түмен т.б. қалаларында тұратын дуалы ауыз, орақ тілді бидің ұрпақтарын іздеп, кейбірімен сұхбаттасып қайтқаны.
Жасыратыны жоқ, Тоқсан би Жабайұлының өмірі, туған-қайтқан мерзімі жөнінде тарихи дерек беймәлім. Сондықтан автор Тоқсан бидің өмір сүрген уақытын «XVIII–XIX ғасыр» деп атап көрсеткен.
Бұған дейін жарық көрген саусақпен санарлық жинақтарда «Шешендік сөздер» (Алматы, 1965) кітабындағы Тоқсан бидің айтқандары ғана көшіріліп келген болатын. Айтбай Сәулебек өз кітабында ҚР Ұлттық ғылым академиясының мұрағатында жатқан араб және қазақ тілдеріндегі Тоқсан бидің шешендік сөздерін, қолда бар деректерді, орыс жеріндегі ұрпақтарының пікірлерін келтіріп, тіпті Тоқсан би атамыздың кесенесін тұрғызуға, ас ұйымдастыруға, жинақ шығаруға қол ұшын берген Солтүстік Қазақстан облысындағы қолдаушы-азаматтарды таныстыруды да ескерген.
Автор бірінші кезекте Тоқсан би туралы жаңа кітапқа тапсырыс берген Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері болғандықтан, осы өңірдің барлық кітапханасына таратылатынын мәлімдеді. Таралымы – 1000 дана.
«Толғауы терең Тоқсан би» автордың Солтүстік Қазақстан тарихы жөніндегі 5-кітабы. Атап айтқанда, бұған дейін «Ұлы Мағжан елінде», «Ақындардың атасы», «Тайынша тарихы», «Тәуелсіздік сақшылары» атты тарихи-деректі кітаптары жарық көрген болатын.

Айтбай СӘУЛЕБЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Айтбай СӘУЛЕБЕК – «Қазақ әдебиеті» газетінің Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды,Ұлытау облыстарындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті.
Оқырман назарына тілшіміздің «Толғауы терең Тоқсан би» атты мақаласын ұсынып отырмыз.