Торқалы тоқсан жылдың толғауы
(«Дендер» газетіне 90 жыл)
Қойнауы тұнған байлық, тарихы сонау Асан би, қарға бойлы Қазтуған, шежірелі Шалкиізбен астасатын, бергісі «Қол-аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім. Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім!» – деп, жырлаған әйгілі Жиембет жырау, Малайсары би, ерлік жырдың алдаспаны Махамбет пен сөз сүлейі Мұрат ақын Мөңкеұлы топырағында жатқан бүгінгі Атырау облысы, Индер ауданы баспасөзінің қара шаырағы «Атырау-Ақпарат» ЖШС қарасты «Дендер» газеті өзінің 90 жылдығын жалпақ жұртшылықпен бірге дүбірлетіп атап өтті. «Дендер» газеті өзінің тоқсанжылдық мерейлі белесін жарқыраған жаңа ғимаратта қарсы алды. Аудан әкімдігінің қолдауымен тарту етілген жаңа редакция қақпасының алдына өңір басшысы су жаңа көлік қаңтарды.
Ұзақ жылдарын жатаған да көнетоз үйде өткізген «Дендерліктердің» мерейі үстем болған осынау күні алыс-жақыннан сәлем жолдаған журналистер, қаламгерлермен бірге облыс әкімі С.Ж. Шапкеновтің, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың құттықтаулары оқылды. Салтанатты іс-шараның мәртебелі меймандары жаңа ғимаратты аралап, ежелгі тарихтан бүгінге дейінгі өмірді бейнелейтін ескі суреттерге, көрнекіліктерге үңілсе, сәлден соң мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Дендер дидары» атты көрме мен салтанатты жиналыстан да біраз оңды мәліметтер алды.
Себебі мұнда аудандық газеттің өткені мен бүгініне шолу жасаған деректі фильм де көпшілік талқысына ұсынылған. Арғысын айтпағанда, бергісі тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ ел бірлігі мен руханиятың дамуын жаңа арнаға салып, ұлттық тілдің іргесін бекітіп, тәрбиенің бесігін бекемдеп, берекелі бастамалардың басы-қасынан табылғандар қатары Индер ауданында, соның ішінде «Дендер» газетінде де аз емес еді.
Өкінішке қарай олардың көпшілігі өмірдің қатал заңына бағынып, ана дүниеге баз кешсе де ескінің көзіндей көрініп, ортада жүрген аға буын өкілдері де баршылық.
Солардың бірі – танымал баспагер Маргарита Бегалықызы Бозаева мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бұрынғы редактор, облыстың үздік журналистке ұсынатын марапаты Тауман Амандосов атындағы сыйлығының иегері Сүйеу Халықұлына және Индердің перзенті, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Дәулетбаеваға «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, куәліктері табыс етілуі де осы мерейтойдың мазмұнын байыта түсті.
Торқалы 90 жылдық мерейтойға облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г. Ж. Сүйеуова қатысып, облыс әкімі атынан құттықтауын оқыса, аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы Шамұратов редакция ұжымына ізгі тілегін жеткізумен бірге толық құрал-жабдық, жиһаздарымен жабдықталған жаңа ғимарат пен жаңа көлік кілтін бас редактор Жанай Амантурлинге табыстады. Сонымен қатар аудан басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық «Ардагерлер бірлестігі» ОК төрағасы, абзал азамат, ақын Б. С. Ізмұхамбетовтың құттықтауын да жария етті.
Салтанатта облыс пен аудан әкімдерінің, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың Алғысхаттары өз иелері – ардагерлер мен қызметкерлерге табысталса, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. С. Өтешов еңбек ардагерлері Ақбілек Бектұрлиева, Үнзира Қадірбаева, Бағытжан Жұматов пен Сағымбай Керешовтің кеудесіне қоғамдық ұйымның «Тәлімгер», «Ардақты ана», «Бейбарыс» төсбелгілерін тағып, редакция Махамбет ақынның мерейтойына арналып шығарылған «Дауылпаз» медалімен марапатталды.
Құттықтаулар легін атыраулық журналистер, редакторлар, қаламгерлермен қатар, көрші Батыс Қазақстан облысының Жаңақала мен Ақжайық аудандарының өкілдері жалғастырды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, танымал ақындар Закария Сисенғали мен Сағынтай Бисенғалиев тілектерін сезімді сырға толы өлең жолдарымен өрді.
Игі тілектер мен қолдаулар шеруі тізгінін «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Нұрлыбек Елеусінов ұстағанда, ол өңір ақпаратын қолдаған облыс пен аудан басшылығына ризашылығын жеткізіп, одан әрі редакцияға 500 мың теңгенің сертификатын және жарнама менеджері Айкенже Биғайыроваға демалыс орнына жолдама ұсынуымен ерекшеленді.
Сөз жоқ, мұндай игі жақсылықтарға толы қолдаулар мен баспасөзге деген жылы пікірлер кең байтақ республикада сиректеу болса да кездесіп қалып жүрсе дауымыз жоқ, бірақ Атырау өңіріндегі ақпарат айнасы – баспасөз қызметкерлерін көтермелеп, жайлы қызметтік ғимарат, көлік кілттерін ұстату көптен бері қолға алынбай кеткені рас.
Газет тарихы сонау 1934 жылдан басталатыны, оның соңғы жылдары бірқатар деректерін атыраулық ғалым Қылышбай Сүндетов жинақтап, ол газетте жарияланып, арнайы редакцияның шығарған «Дәуірмен үндес «Дендер» атты жинағына енді.
Бұл еңбекте, 1932 жылғы 17 қыркүйекте Мәскеудің «Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы, соның ішінде мал шаруашылығы туралы» әйгілі қаулысынан соң, жер-жерде мал шаруашылығымен айналысатын аудандар пайда болғанын, сол қатарда орталығы Кулагино селосы (қазіргі Есбол ауылы) болып, Есбол (Индер) ауданы құрылғаны жазылған болатын.
Осы ретте өзінің 2009 жылы «Дендерде» өтті күндер» атты кітабында ауданның Құрметті азаматы, Қазақстанның «Құрметті журналисі», бас редактор болған, «Құрмет» орденінің иесі Ерсайын Көшек аға айтып өткендей, азаматтың өзі бастамашы болып, көптеген игі істер атқарылған-ды.
Сол секілді Ерекең 1986 жылы Мәскеудегі кітап палатасына хабарласып, бөлім бастығы И.Я. Левиннен «Бізде «Социалистік мал шаруашылығының» 1934–1936 жылдардағы 128 нөмері сақталынған. 1937 жылғы 2 шілдедегі №48 (176) нөмері бар. Онда төртінші жыл шығуы екені көрсетілген. Осы хатымыз Сіздің газетіңіздің шыққан жылын ресми айғақтайтын құжат болып табылады. Газет 1934 жылдан бастап шығады деп жазуды ұсынамыз», – деп көрсетілген еді.
Соған сәйкес, басылымның 80 жылдығы қарсаңында, 2014 жылы редакцияның атынан арнайы ескерткіш тақтайша дайындалып, ол Жайықтың Еуропа бетіндегі Есбол ауылдық округінің орталығындағы қазіргі Құрманғазы көшесінің (бұрынғы «Бархан» №99-үй) бойына орнатылған.
Аудандық газет пен баспахана үйі 1934 жылдан 1962 жылға дейін бұрынғы Кулагино, қазіргі Есбол ауылы болып, кейін аудан орталығы Индерборға көшірілген. «Дендер» газеті 1934 жылы «Социалистік мал шаруашылығы» деген атаумен шығарылса (оқырман қауым әлі күнге сүйіспеншілікпен «СМШ» деп атайды), 1958 – 1962 жылдары «Коммунизм туы», 1965–1993 жылдары «Индер» аталды. Ал Тәуелсіздік алған соң, 1993 жылдан аудандық «Дендер» қоғамдық-саяси газеті тұрақты шығып келеді. Ескерте кеткен жөн, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарғы экономикалық қиындықтарға қарамастан, газет редакциясы үлкен ерлік әрекеттерге барып (бас редакторлар Ерсайын Көшек, Сансызбай Базарбаев, кейін оларға ауданның Құрметті азаматы атағы берілді), 1991 жылдан 2003 жылға дейін (бүгінгі «Атырау-Ақпарат» ЖШС құрылғанша) аудандық «Дендер» газеті аптасына екі рет шығарылып келді. Газет редакциясы бүгінгі республикадағы тың бастама болып танылып үлгерген балама жазылуды, сол кездің өзінде-ақ кеңінен іске асырып, таралымын еш кеміткен жоқ. Көзі қарақты оқырмандарымыздың біле жүргені абзал, сол жылдары Индер ауданын да қазақшалап, «Дендер» деп атау жөнінде мәселе қойылып, ол ұзақ талқыланып, әлі күнге өз шешімін таппай келеді.
Негізі редакцияның алғашқы құрамы жасақталып, 1934 жылы 20 тамызда газетке Гурьев округтік партия бюросы қаулысымен Ғабды Аманғалиев редакторлыққа тағайындалады. Бұл азамат кейін ұзақ жылдар республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеген.
Газет тарихын түгендеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында 2018 жылы Алматыдағы Қазақстан Республикалық Ұлттық кітапханасымен (сол кездегі директоры Жанат Тұрарұлы Сейдуманов) тікелей байланыс орнатып, 1937 жылғы №20 (148) бергі сандарының электронды нұсқасы Индерге алынып, оны басып шығаруға қол жетті.
Алғашқы редактор Ғабды Аманғалиев Атырау округтік «Социалды құрылыс» газеті редакторының орынбасарлығына жоғарылап, оның орнына Шайдолла Молдабеков бекітіледі. Қаншама қиындықты бастан кешсе де газеттің, тіпті екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда да, шықпай қалған кезі болмаған. Мұның өзі де үлкен жанқиярлық еңбектің нәтижесін көрсетеді.
Мұның бір дәлелі – биылғы 90 жылдық қарсаңында, «Дендер» газетінің әр санында жарияланған «СМШ-дан тараған сәуле» атты айдардың астында берілген материалдар. Тіпті газеттің бірқатар белсенді тілшілері майданнан редакцияға хаттар жазып, жауға қарсы бірлікке, жігерлілікке үндеген өлеңдерін де жіберіп отырған.
Олардың ішінде Ахмет Сапаров (бүгінде Елтай округіндегі ескерткіш тақтаға боздақтың есімі жазылған) сияқты әріптестеріміз майдан даласынан мәңгілікке оралмай қалды.
Сол жылдарда бас редактор міндетін Сүндетқали Ерғалиев деген азамат соғысқа дейін де, жаралы болып оралған соң да атқарғанын, Қабдол Қарабалин Жеңіс күнгі нөмірге қол қойғанын, ал қуанышты хабар сол күні кезектен тыс газеттің саны шығып, аудан халқына түйемен таратылғаны бүгінде ертегі сияқты, бірақ ол – тарихи шындық.
Газеттің бас редакторлары болғандардың арасында да соғыс ардагерлері баршылық. Мысалы, сол соғысты Сталинградтан бастап, Аустрияның Вена қаласында Жеңісті тойлаған, бір өзі бес бірдей орденмен оралған Ізтілеу Көпбаевтың және С. Ерғалиев, Қ. Қарабалин, І.Нұрқасынов, М.Шәріпов есімдерін алдағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында да ерекше атап, әрдайым мақтан етеміз.
Сондай-ақ әр кезеңде газет редакторлары болған Ғабды Аманғалиев, Шайдолла Молдабеков, Қыстауов, Дошу Шененов, Ғилымғали Сайханов, Теңдік Жауыров, Уажит Машанов, Төлеубай Ысқақов, Мүтәлі Шәріпов, Ерсайын Көшек, Сансызбай Базарбаев, Сүйеу Халықов, Назарбек Қосшиев есімдерін де ерекше бөле атаған дұрыс.
1950 жылдардан бастап аудандық газетте шығармашылыққа әуестенген авторлардың өлеңдері, фельетон, сықақтар, жалпы әдебиет жанрларына тән ізденістерге көбірек назар аударыла бастаған. Осы жылдарда ақындар Меңдікеш Сатыбалдиев, Алпан Ибрашев, Ғилымғали Сайханов, Нәсіпқали Сейітов, тағы да басқа авторлардың әр мереке сайын сырлы өлең шумақтары жарияланып, сын-сықақтарға кең жол беріліпті.
Сонымен қатар газеттің тарихын, еңбек шежіресін қалыптастыруға атсалысқан белгілі журналистер Мақажан Қабиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Бақыт Қоянақова, Мұрат Қазиханов, Қуандық Батыров, Әнуар Нәбиев, Бақытжан Жұматов, Роза Жұматова, Базарғали Суханқұлов, Серік Жетпісқалиев, Қасқырбай Әжіғалиев, Қуаныш Мұхамедалиев, Бақытжан Мұсағалиев т.б. есімдерін 90 жылдық тұсында айрықша атауға болады.
Әрине, Бүкіл өмірін баспасөзге арнаған редакциядан зейнеткерлікке шыққан қаламгерлер мен қызметкерлер де аз емес, олар Сансызбай Базарбаев, Кеңес Сахи, Себекбай Үмітқалиев, Сүйеу Халықов, Ақбілек Бектұрлиева сынды ардагерлердің мол тәжірибелері бүгінгі жастарға үлгі.
Әрине, газет атаулы өз оқырмандарымен қуатты. «Дендер» газетінің өткен ғасырдағы айтулы марапаты – КСРО Журналистер одағы тағайындаған М. Ульянова атындағы жүлденің 5 дүркін жеңімпазы атануы.
Сонымен бірге осы ұжым қатарында жүргенде белгілі қаламгерлер Ерсайын Көшек пен Қойшығұл Жылқышиев, Сансызбай Базарбаев және әйгілі «Бұғалық» сықақ бұрышы журналистері Қазақстан Журналистер одағының Б.Қаратаев атындағы сыйлығын иеленген болатын.
Редакция жанынан құрылған «Жас қаламгерлер» клубының мүшелері де газеттің мазмұнын байытып, ізденісін арттыруға зор үлесін қосуда. Олардың бірқатары бүгінде Қазақстанның қалаларын айтпағанда, Малайзия, Түркия, Норвегия, Корея, Ресей, тағы басқа өңірлерден хабарласып, пікірлесіп үн қосып отырады.
Тіпті тілшілеріміздің сонау Лондоннан бастап түрлі Олимпиадаға қатысушыларға тікелей байланысқа шығып, сұхбаттар алуы, соны ізденістерінің бір қыры десек те болады. Ал мұндай тың ізденістің ізін марқұм Төлеубай Ысқақов сонау 70-жылдардан бастаған.
Оның бастамасымен «Біз – бір ендіктенбіз» айдары астында Украина, ресейлік аудандармен бет алмасу, онан соңғы жарыстас өңірлер Махамбет, исатайлықтармен осындай тәжірибелердің қолға алынуы, «Ауданның бір күні» деген атаумен (26 маусымдағы өңір тынысын) бір күндік іс-әрекет, жұмыстар, жаңалықтар, тың бастамаларды жинақтап, жариялау, шынында да оқырманға ерекше әсер етті.
Шығармашылық ұжымның осындай еңбекқорлығы аясында «Дендер» газеті – Бүкілодақтық М.И. Ульянова атындағы сыйлықтың бес дүркін лауреаты, республикалық, облыстық дәрежедегі бірнеше салалық марапаттардың иегері атануы, ЮНЕСКО көлемінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткен «Жапанға біткен бәйтерек» атты облыстық конкурста І орынды жеңіп алуы зор жетістіктер еді.
Өткен ғасырдың 70-жылдары Т.Ысқақов, І.Көпбаев ағаларымыздан басталған «Бет алмасу» тәжірибесі жаңартылып, көрші Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық «Жайық таңы», Қазталов аудандық «Ауыл өңірі», басқа да аудандармен әріптестік іскер байланыс әлі жалғасып келеді.
2015 жылы 8 ақпанда газеттің 8000- саны жарық көрді. Бұл сәт тарихи маңызды күн ретінде облыстық дәрежеде аталынып, Ақпараттық коммуникациялар орталығында көрме ұйымдастырылып, баспасөз мәслихаты өткен. Ардагерлер мен қызметкерлерді марапаттау шаралары жүзеге асырылған.
Бұл тұрғыда қазіргі бас редактордың өзі былайша сөз тарқатқан еді: «Шынында да біздің журналистер ұжымы аудан, облыстық мәдени-көпшілік, спорттық, саяси-қоғамдық шараларға белсене атсалысады. Олардың шағын ұжым бола тұра аудан, облыстағы түрлі спорттық, тазалық, тағы басқа шаралардан тыс қалған кезі жоқ.
Ерекше айта кететін жай, «Дендер» газетінің жүлдесі үшін ұлттық спортты дамытуда облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған қазақша күрестен «Бота палуан» атты батысаймақтық жарыс өтті. Бұл жобаның авторы – Қазақ күресі Азия федерациясының бас хатшысы Рафаэль Хабиров, бас демеуші – туған жердің түлегі Алтынбек Нысанғалиев болған еді. Ал осындай шара бізді сонау Алматыдағы Іле Алатауына өрмелеу, яғни алпинистік саяхат кезінде де Индер ауданының төл туын шыңға ілуге алып келді.
Аудандық газеттің 90 жылдық мерейтойына ерекше жетістікпен келдік деп ойлаймын, оған редакциядағы әріптестерім, жауапты хатшы Арал Байжігітов, бөлім редакторы Саламат Базарбаев, Сұңқар Көшеков, Жадыра Нариманова сынды журналистер мен СММ маманы Ақмарал Бокирова, менеджер Айкенже Биғайырова, бет құрушы Тілектес Қибатола өз үлестерін қосуда. Олар ел бірлігін әркез ту етіп көтеріп, мәңгілік ел жолында аянбай еңбек ете береді».
Біз де өз тарапымыздан төл газетіміз «Дендерді» торқалы 90 жылдық тойымен құттықтап, игі табыстар, тың бастамалар, мәңгілік жастық, шынайы шығармашылық жетістіктерге жетулеріне тілегімізді қосып, олардың осындай жақсы жаңалықтарын көппен бөлісуге асықтық.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Атырау облысы,
Индербор кенті
«Дендердің» сарғыш
беттерінен…
«Дендердің» сарғыш беттерінен
Сағыныш ұшты тыраулап,
Қасиет сіңген қыр-белестерден
Далиған жазық, дүр дөңестерден
Тылсымы терең сыр аулап.
Замана желі жұлқыған кезде
Шежіре-парақ мың аунап,
Жұрағат түгіл ұлтынан безген
Баяғы жалған ұран ғап…
«Дендердің» сарғыш беттерінен
Махамбеттердің қылышы сынды,
Мұраттың дарқан тынысы сынды,
Соғатын сойқан бір дауыл.
Мазасыз күннен мән ұқтырардай
Қоңырша үйін жарық қылардай,
Күтетін оны қырдағы ұл.
«Дендердің» сарғыш беттерінен
Қаһарлы күндер сөйлеп жататын
майданнан ұшқан хат болып,
жетімге демеу, жесірге медеу
аманат сөзін ақтарып.
Батысқа қарай боздағы кеткен
Күн салып қарап маздақ үмітпен
Күткенде қарттар «қарағын»,
Тілегін тәңір беріп қалардай
Құлыны бүгін келіп қалардай
Сипаушы ед «Дендер» парағын.
«Дендердің» сарғыш беттерінен
Тіршілік дүбір салатын,
Қайғылы күндер,
қайыра алмаған қанатын,
Қайран да жұртым,
кәтепті нардай болатын.
Нарынның төсін
төрт түлік малға толтырып,
Жанның ашуын
еңбектен алды шарқ ұрып.
Құлқынды емес,
абырой, арман, арды ойлап
Өскен-ді біздің кенді аймақ.
«Дендердің» сарғыш беттерінен
Тоқсан да толғау тарау боп,
Аспанға атқан алау боп,
Төгілді қанша жыр-дастан.
Жұртымның жайсаң тілегі сынды,
Рухымның қайсар жүрегі сынды,
Сөйлеп келеді ол тынбастан.
«Дендердің» сарғыш беттерінен
Сағыныш ұшты дүр етіп…
Аттандырғанды ол алыс сапарға
Арманды жасты түлетіп.
Ақ көйлек сынды аппақ пейілі
ағалар мұнда болатын…
Қаққылап әлсіз қанатын
Тауысып төзім-тағатын.
Жолдаған тұңғыш өлеңін
күтетін аңқау бала ақын.
Дендердің сарғыш беттерінен…
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА