Тоқсан асып, жасай бер сен мәңгілік…
09.08.2024
64
0

1956 жылы біз мектеп бітіріп, жоғары оқуға талпындық. Менің арманым дәрігер болу еді. Сол екпінмен Алматыға келіп, Мединститутқа жыл аралатып екі рет сынақ тапсырсам да жолым болмады. Содан соң Алматыдағы «Стройтрес-75» мекемесінде істеп жүрген жерімнен босап, біреулердің айтуымен «Қазмемкөркембас» баспасының өндіріс бөліміне орналасқанмын. Қызметім сол жылы Мәскеуде өтетін Қазақ өнерінің декадасына әр қилы кітаптар шығару болатын. Соған кірісіп кеттік. Бір жағынан маған пайдасы зор іс болды.

Мектеп қабырғасында оқыған кітаптарымның авторлары түгел осында. Күнде көріп амандасам. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Қалжан Нұрмаханов, осы кісілермен қатарлас кешегі біз оқып келген оқулықтардың авторлары Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Серік Қирабаевтар. Біз бұл кісілерді үлкен қариялар деп жүрсек, бізден бар болғаны он-он бес жас қана үлкен ағаларымыз екен. Алды қырқылып кеткеннен кейін, бала болып қалмай, дана болып, кейінгі ұрпақты білімнен жетімсіретпеген ардақты ағаларымыз екен. Айтатыны жоқ, мен өзім армандаған Медицина инс­ти­ту­тына түсе алмағаныммен екін­ші жағынан білім әлеміндегі ұлы даналарымыздың, батырларымыздың арасында жүргеніме қатты қуандым.
Тіпті әрбірден соң бұл мекемеге келгеннен кейін жазумен айналыспау мүмкін емес деген сияқты ойлар бойымды билеп алды. Алдымен бүкіл қазақтың анасындай Мәриям Хәкімжанова апамыз қит етсе мені шақырып алып, оқыған кітаптарымды қайта-қайта сұрайтын. Мен сайрап айтып берем. Кейін келе-келе: «Айналайын, сен де жазып көрсең қайтеді», – деп өтініш айтатын болды. Ал мен болсам: «Апа, менің жазушы болғым келмейді, дәрігер болғым келеді», – деймін. Іштей одан жолым болмай жүргеніме қатты қынжылатынмын.
Содан бір күні аулаға бір топ жігіт­термен Әнуарбек Дүйсенбиев ағамыз келіпті, барып сәлем бердім. Олар сол жылы жаңа ашылған «Балдырған» журналын әңгімелеп тұр екен. Кенет ағамыз мені құшақтап: «Міне, біздің авторларымыздың бірі. Саған тапсырма бар», – демесі бар ма. Мен: «Жарайды, барып келейін», – десем ағамыз жұлып алғандай: «Ондай тапсырма емес, бұл – жазатын тапсырма. Сен маған бір өлең не әңгіме жазып әкелесің. Он күн уақыт берем», – дейді нығарлап. Мен де: «Олай істей алмаймын, мен жаза алмаймын», – десем, құшағындағы мені қыса түсіп, жанымды шығарып бара жатыр. Ақыр соңында мына қыспақтан құтылу үшін: «Жарайды, көрейін», – деп зорға құтылдым. Бірақ ол кісі маған үлкен сенім арта тапсырма бергендей: «Уақыт мерзімі он күн», – деп қайталады.
Бұл екі ортада әйтеуір бір нәрсе жазып беріп құтылам ғой деген ойым болды. Содан соң мен кәдімгі үлкендердің ауыз-екі айтатын «Не жаман?» жырының балаларға бейімделген бір нұсқасын дайындадым да екінші бір «Бидай сөйлейді» деген бас-аяғы үш шумақ өлең жазған болып, айтулы уақытта қысыла-қымтырыла, қызарып-бозарып Әнуарбек ағамызға зорға ұсындым. Ол кісі жазбаны қолына алысымен қағаз бетіне көзін бір жүгіртіп алып, дауыстап оқи жөнелді. «Қандай тамаша, айттым ғой қолыңнан келеді», – деп арқамнан қайта-қайта қағып, риза болды да қалды. Мен құтылғаныма қуандым. Сонымен не керек, сол «Не жаман?» өлеңінің шықпаған газеті қалмады, радиодан да айтылды, ақыр соңында 3-сыныптың «Ана тілі» оқулығына еніп, он жылдай басылып жүрді. Содан кейін өзім де осы жолға қалай бел шешіп түскенімді білмей де қалдым. Қысқасы, армандаған дәрігерлігім жайына қалды да, шығармашылыққа бет бұрған өмір жолым өз толқынына әлдилеп ала жөнелді.
Мен келген Пролетариат көшесіндегі қос үйдің нағыз сүйікті орныма айналып кеткенін де байқамай қалыппын. Осында жүріп әрқилы әңгімелер де естідім. Оның бәрін айтпағаныммен бір-екеуін айтып өтпесем болмас. Оның бірі көңілсіздеу болғанмен, екіншісі көңілділеу, тіпті әрбірден соң қасиетті қара шаңырағымыздың хикаясы. Бұл жерде ауыз-екі әңгімелердің өзінде небір қызықтарға куә боласың. Ол кезде бізге белгісіз болғанмен, білімдар жұртқа белгілі «екі елі ауызға – төрт елі қақпақ» қойған уақыт екен. Соның өзінде қаншама қызықты әңгімелер мен әзілдердің арқауы жоталанып келіп жым болғандай жоғалса да, оның осып жіберген іздері былайғы елдің есінде қалатыны ақиқат. Сондай әңгіменің бір-екеуін айтайын.
Біріншісі, ол кезде баспаның бас редакторы, атақты эпик ақын Тайыр Жароков өзінің кабинетінде отыр дейді. Сыртта күтіп отырған ел іште біреу бар екен деп отыра береді. Біраз уақыт өткеннен кейін олардың біреуі «Бұл кім екен, соншама ұзақ отыратын?» деп есігін ашып қалса, іште ешкім жоқ, Тәкеңнің өзі: «Әй, өзім де қумын-ау, ұстатпай кеттім», – деп қайталаумен отыр дейді. Сол кезде біздің қазақ білімдарларын бір-біріне айдап салып бір құртса, енді біреулерін үш әріптің өкілдері өзіне сөйлетіп, шатастырып, өз сөздерімен өздерін ұстап құртуды дағдыға айналдырған ғой. Сондайдың бірі біздің Тәкеңді де тұзаққа түсіргісі келіп, оңаша кеңеске шақырғанда, бұл кісі сыр бермеген. Қызуымен айтқызатын арақты да сыртында тұрған бір ағаштың іргесіне төгіп, тұзақ құрып отырған адамға: «Сіз нағыз үлкен дастарханның адамы екенсіз», – деген ғой. Ол мұны түсіре алмағанына күйініп: «Не деп отырсың?!» – деп жекігенде Тәкең дауысын көтермей: «Сіз нағыз мықтылар отыратын үлкен дастарханның адамы екенсіз дегенім ғой. Менде басқа ой жоқ», – деп құтылып кетеді. Сөйтіп, шыбын жанын үш әріптен аман алып қалғанына қатты қуанып, өзіне-өзі келіп отырған кезі екен. «Ту, өзім де қумын-ау» деген Тәкеңнің сол сөзі бүкіл елдің аузында бертін келгенше анекдот болып кеткен. Сол кездегі ірілеріміздің хал-жағдайлары осындай болғанда, басқасын қалай айтар едік.
Сол Тәкең алғаш рет екі томдығы шығып, екі томдықтың ақшасының отыз пайызын ғана өзіме жетеді деп, жетпіс пайызын үкіметке аударған абзал жан еді ғой. Сондай ғажап адамның өзі де сондай зорлық көрген соң басқамызға не жорық.
Екінші әңгімем… Ұлы ағаларымыздың бірі Ғабит Мүсірепов жоғарғы жақтағы ірілермен айтысып-тартысып жүріп қазіргі еңсесі биік Жазушылар одағының ғимаратын өзімізге меншіктеп алып, содан мына жұпыны қос үйдің бірінде отыратын Жазушылар одағы соған көшіп, «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналдарының редакциялары да сонда ауысқан. Солайша аңызға айналған қазіргі ғимараттың даңқы бұрынғыдан асқақтай түскен. Оның үстіне, мұндай еңсесі биік ерекше ғимарат, тіпті әрбірден соң өзге республикалардың Жазушылар одағынан әлеуетті жайға айналған еді. Өзінің тұрған жері де қаланың қақ ортасында. Ұлы Мұхаңдардың, Сәбеңдердің, Ғабеңдердің, Баукеңдердің және тағы басқа әруақты жандардың бір кездері осы ғимаратқа кіріп-шығып жүргенінің өзі бір ғажайып әлем емес пе еді.
Басқалардың не ойлайтынында менің шаруам жоқ. Мәриям Хакімжанова сияқты ұлы анамыздың мейірімімен, Әнуарбек Дүйсенбиевтей ағамыздың бауырмалдығымен алғаш жазған «Не жаман?», «Бидай сөйлейді» сияқты тұңғыш өлеңдеріммен әдеби тілім шығып, «Қазақ әдебиетінің» алтын қақпасын ашып, «Жүкшімін» деп ұлылыққа жүгініп, жұдырықтай жүрегіммен Ғабеңдей ұлы жанның қаланың қақ ортасынан ойып тұрып алып берген сөз бен ой патшалығындай ақ ордамыздың әлі күнге абыройы мен айбынынан айрылмай тұрғанына тағзым етем. Бұл құдіретті ордамыздың қарапайым қасиетінің өзі менің өміріме ұлттық қасиетіміздің ұлағатын аямай төгіп, төрге шығып төрелік айтпасам да, тұғырлы жанның біріне айналғаныма дән разымын. Содан да болар, мен қазір сиреп қалған қариялардың бірі болсам да бұл ғимаратқа әр кірген сайын сыртынан бір сүйсіне қарап, өзімнің өлгенше сыйлайтын қасиетті қара шаңырағымдай көріп, аяғымды абайлап басып, бір кездегі әруақты абыздарға тағзым еткендей әсерде боламын. Олар да маған баяғыдай: «Бар бол, айналайын, біздің көрген жамандығымызды көрмей, жақсылығымызды көргейсің. Бәлкім, уақыт өте келе қазақ халқы баршамыз аңсап армандағандай іргелі ел болар. Сол кезде біздің де қателіктеріміздің сыры ашылар, сендерді соған куә болсын дейміз», – деп күбірлейтіндей сезіледі.
Шынында да сондай жайдың бір-екі ұшқыны, елестеп өткендей болды. Оның бірі Дәурен Қуаттың «Қазақ әдебиеті» газетінің бұрынғы редакторларының басынан кешкен уақиғалары жайлы хабарламасының өзі көп нәрсені ұқтырып кеткендей. Екіншісі, біздің қазіргі төрағамыздың кешегі «Алаш» партиясындағы ұлыларымыз бен кейінгі кеңес партиясындағы ұлыларымыздың арасындағы әдейі жасалған келіспеу­ші­лік­тер жайлы Ұлттық Құрылтай ал­дын­да Президентімізге әрі орынды, әрі нақты баяндап өткені сонша, со­ған Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев­тың ден қоя тыңдағаны өте ғажап болды. Бұл біздің Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиетінің» дуалы аузынан шығып жатқан орайлы әңгімелеріміздің бір парасы іспеттес.
Олай болса, осындай орынды ой-па­расат­тың киелі қара шаңырағы «Қазақ әдебиетіне» тағы бір тағзым ете отырып, ұлы рухымыздың алтын ордасының мәңгі сақталуына тілекші болайық, ағайын.
Жаза алмаған ешкім қара ниетін,
Ал жазғандар асыл ойын түйетін.
Ақиқатым арайланған алдымнан –
«Қазақ әдебиетім!»

Қалың елім әрбір сөзін сүйетін,
Оғаш кетсе іштей налып күйетін…
Оңашамда көңіл-күйдің патшасы –
«Қазақ әдебиетім!»

Көсегелі көркін ашқан тілімнің,
Әсем әуен әрін ашқан үнімнің,
Ұлылардың ұлағаты өшпейтін,
Нұрын шашқан шапағындай күнімнің.

Ашқан кезде ақ боз үйдің түңлігін,
Көкті кезіп кеткен сәтте күллі үнім,
Күй құдырет, әруағым өзіңсің…
Ұшқыр ойлы, тұлпар қанат дүлдүлім.

Тапқырлығым мір оғындай тиетін,
Даналығым барша әлем бас иетін…
Тоқсан асып, жасай бер сен мәңгілік,
Қасиетті «Қазақ әдебиетім!»

Сейфолла ОСПАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір