ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТОҚСАН ЖЫЛ
18.12.2024
567
0

Қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақ­стан Жазушылар одағы үлкен белесті бағындырып, ғасырлық биікке бет алып барады. Ел мәдениеті мен тарихында ерекше орны бар ұйымның құрылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Тарихы сонау үш арыс – Сәкен, Ілияс, Бейімбет­тен басталатын киелі ошақтың кешегісі мен бүгінгісі ғасырдың айнымас шежіресі іспет­тес. Ұлтының ұлы перзент­тері босағасын ат­тап, бұғанасын бекіткен жерге кімнің болса да именіп кірері сөзсіз. Қаламымен де, қайратымен де халқына қызмет еткен арыстардың жолын жалғап, асыл рухына тағзым етеміз. Қаламгерлердің қадірін ұқтырып, сөздің сәулесі түскен сол жарық мекенге құрметіміз ерекше.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен Қазақ­стан Жазушылар одағының XVI құрылтайына жолдаған құт­тықтау хатында: «Адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені түсінікті. Мұндай шығармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым-қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын. Қалам – киелі құндылық. Сөз құдіреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады. Біз жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей, ұлт ретінде сақталудың қамын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында адал қызмет етуі маңызды», – деп ұлт­тың рухани өсуінде әдебиет­тің маңызды орын алатынын айрықша атап өткен болатын.
800-ден астам қазақ­стандық ақын-жазушының басын қосқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктің бірі ретінде Қазақ­стан Жазушылар одағы өз жолынан жаңылған емес. Жаңа заманға сай алдына жаңа міндет­терді жүктеп отыр. Одақтың мүшелігінен бөлек, Қазақ­стан Жазушылар одағының қанатының астында Астана филиалының төрағасы ретінде 6 жыл қызмет етіппін. Ауыз толтырып айтарлықтай елордалық қаламгерлермен бірге біршама жұмыстар атқардық. Айта кетейік, бүгінде Астанада Қазақ­стан Жазушылар одағының 180-нен астам мүшесі тұрады. Құрылғанына 27 жыл толып отырған бас қаламыздың рухани келбетін қалыптастыруда қаламгерлердің еңбегі ерен.
Бұған де­йін Елордада Жазушылар одағының бөлімшесі болғанмен, жеке ғимараты болмаған еді. 2019 жылы астаналық жазушылар талай жылғы арманына қол жеткізді. Ішкі безендіруі де көркем ғимарат­тың жеке мәжіліс залы, кітапханасы және шығармашылық қызметпен айналысуға мүмкіндік беретін орындары бар. Қалам ұстаған қауымның Шұбар ауданындағы еңселі ғимаратқа осы уақытқа де­йін бас сұқпағаны жоқ шығар. 2019 жылдың өзінде бас қалада бірнеше ірі халықаралық шара ұйымдастырылды. Атап айт­қанда, қыркүйек айында Азия қаламгерлерінің форумы өт­ті. Кеңес Одағы кезінде өткен шараны Тәуелсіз ел ретінде араға жылдар салып барып тағы ұйымдастырдық. Сол шараның шеңберінде Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллея­сы ашылған еді. Одан ке­йін шілде айында Елордада тұңғыш рет Еуразия астаналары қаламгерлерінің халықаралық форумы өткенін айта кеткен абзал.
Қаламгерлер үшін Жазушылар үйі қазақ мәдениеті мен руханиятының қара шаңырағына айналды. Қаламгерлер аллея­сында үш арыс – Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші, сондай-ақ Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ескерткіштері бой көтерді. Қаламгерлер аллеясына қойылған үш алыптың мүсінінің тұсуакесерімен Жазушылар үйінің бір күнде, бір мезет­те ашылуы тарихи сабақтастықтың әдемі үйлесімін көрсеткен еді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 30 жас қаламгердің кітабы жарық көрді. Тамырлы тарих, ел мен жер, патриот­тық сезім, ар-ұждан секілді қастерлі қасиет­терді арқау еткен бұл кітаптар қала мектептеріндегі кітапханаларға таратылды. Екі жыл қатарынан елордалық қаламгерлер Астана қаласы әкімінің 500 мың теңге көлеміндегі сыйақысын алып келеді. Бұл да болса жасалған келіссөздердің, кешенді жүргізілген жұмыстың нәтижесі деп білемін.
Түбі бір Түркі жұртының шайырларының Елордада ескерткіші ашылуы бас қаланың ажарын тіптен аша түскендей. Түрікмен халқының ұлы ойшылы, ақын Мақтымұлы Пырағының, түркі әлемінің ұлы ақыны, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың, Ататүрік саябағында түркі әлемінің қалыптасуына еңбек сіңірген тарихи тұлға, ақын Юнус Эмренің, ұлы жазушымыз, драматург әрі ғалым Мұхтар Әуезовтің еңселі ескерткіштері бой көтерді. Салтанат­ты жиынға сол мемлекет­тердің Президент­терінің, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мемлекет­тік кеңесшісі Ерлан Қариннің қатысуы шараның мән-маңызын ұқтырса керек.
Биылғы жылы Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен 19–21 маусым аралығында Астана – Павлодар облысы (Баянауыл) – Абай облысы (Семей, Жидебай, Семей) – Астана бағытында рухани объектілерге баруды және ұлылар мекеніне тағзым етуді көздеген «Ұлылар мекені…» ат­ты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Үш күнге созылған сапарға Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және журналистер қатысты.
Тамырын түркіден тартатын, қарт Каспийді егіз емген екі жұрт – әзербайжандар мен қазақтар ежелден етене бауыр. Олардың жақындастығы тек шекарасында ғана емес, шежіресінде, тілінде, сөзінде, сазында да жатыр.
2017 жылы «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деген атпен қазақ ақындарының өлеңдері әзербайжан тілінде шығып, аталмыш жинақтың тұсауы Бакуде кесілген болатын. 2018 жылы «Жаңа заман әзербайжан поэзиясының антологиясы» деген атпен әзербайжан ақындары да қазақ тіліне тәржімаланды. Бауырлас ақындарды қазақ тіліне тәржімалаған ол кітапты «Фолиант» баспасы жарыққа шығарды. Аталмыш антологияның таныстырылымы Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Елорда төрінде өт­ті. Мұның бәрі де қаламгерлердің айрықша еңбегі деп бағалаймын.
2022 жылы «Саха поэзиясының антологиясы» бір топ ақындардың тәржімасымен қазақ тілінде «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Якутия халық жазушысы Николай Лугиновтың «Шыңғыс ханның әмірімен» тарихи романын белгілі жазушы Өтен Ахмет ағамыз аударды.
Өзім мүшелік ететін қалалық және республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен жыл сайын Елорда көшелеріне қаламгерлердің есімі беріліп келеді. Бұл да қаламгерлерге көрсетілген құрмет деп білемін.
Елорда төрінде Әкім Таразидің – 90, Сәкен Жүнісовтің – 90, Қажығали Мұханбетқалиұлының – 80, Ақұштап Бақтыгерееваның – 80, Төлен Әбдіктің – 80, Роза Мұқанованың 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық кештері жоғары деңгейде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен аталып өт­ті. Бұл – Елордада атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Алға қойған жоспар мұнан да көп. «Қабырғалы қаламгерлермен қадірің арта берсін, қара шаңырақ!» – дегім келеді.

 

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,
ақын, Қазақ­стан Жазушылар
одағының хатшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір