«СЕМЕЙ ТЕАТРЫНЫҢ СЕРКЕСІ» атанған Отантай Кәрібжанұлы туралы бір үзік сыр
Бүгінде сексен жастың сеңгіріне сергек әрі серілігінің сыры кетпеген қалпында жетіп отырған Отантай Кәрібжанұлы туралы сөз қозғағымыз келгенде, әуелі есімізге түсетіні танымал тарлан замандастарының пікірлері. Басқасын кейінге қалдыра тұрып бір ғана пікірге тоқталсақ, қазақ киносының корифейі, саңлақ актер Асанәлі Әшімов Отан аға туралы мақаласында «Ол – Семей театрының серкесі» деп өзінің әдемі де шынайы бағасын беріпті.
Отантай ағаның артта қалған асқар асулары мен іздерінде өнегеге толы өмір бар. Ауыз толтырып айтарлық атқарылған істердің қатары жетіп-артылады, әрқайсысы өңіріміз бен өнеріміздің дамуына айтарлықтай қатысы бар дүниелер. Тындырған істер мен сарқылмас күштердің барлығын бір мақалада толық қамти алмайтындықтан ретіне қарай қомақты шаруаларының бірқатарына тоқтала жатармыз. Бозбала шақта өнерге бой алдырғандықтан болар оның болашағы бүтіндей өнермен бітеқайнасып кетті.
Кезінде КСРО Мәдениет министрлігінің озық қызметкері, кейін Қазақстанның мәдениет қайраткері атақтарын қанжығалады. Бұл марапаттар салалық марапаттардың ең жоғарғысы болғандықтан жеке-дара жазып отырмыз. Зейнеткерлік жасты қойып, қазір сексен жастың сеңгіріне шығып отырған оғылан аға Отантай соңғы жылдары Республикалық «Абай» қорының президенті.
Сонау 1944 жылдың шілдесінде Бөрілі бөктерінде кіндігі кесілген сәби Отантай он жасында-ақ үйреншікті ортадан алысқа қадам жасаған. Ол кезде қырдағы ауыл үшін Семейге жету және қалада орын тебу әркімге бұйыра бермейтін жағдай. Ұлы Отан соғысынан аман оралған ағасы Өміртайдың ақылымен апасы Рабиға, ағасы Ақылтай үшеуі 1954 жылы Семей қаласына №16 мектепте сабақты жалғастырды.
Қарт Семейдегі қадамы 1954 жылы мектепті қаладан оқысам деген талаптан басталды. Сабақ оқи жүріп мектептің домбыра оркестрі мен хор үйірмесіне жазылып талабымен бірге талантын да ұштады. Мектептен соң музыкалық училищедегі студенттік өмір де ізденіске толы болды.
Студент шағында қатарының алды болған кейіпкеріміз әскери борышын өтеу кезінде де өзгелерді өнерімен өзіне қарата білген.
Украина жерінде Карпат әскери округінің үрмелі оркестрінде валторна аспабында ойнап, кәсіби шеберлігімен көзге түседі.
Әскерге дейін алғашқы еңбек жолын Семей облыстық халық шығармашылығы үйінде методист болып бастаған Отантай ағамыз Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, жұмыс бойынша «тәуекел» деп Облыстық Мәдениет басқармасына бас сұғады. Басқарманың сол кездегі басшысы Мұхтар Ағзамұлы жас жігіттің жалыны мен жасампаз ойларына көңіл бөліп, бірден инспекторлык қызметке алған. Іскерлігі мен ізденімпаздығына, алғырлығы мен табандылығына риза болған шақтарында басшысы оған мен сені әлі «академик» жасаймын деп арқасынан қағатын көрінеді.
1973 жылы Абай атындағы драма театрға директорлыққа кім барады деген мәселе көтерілгенде облыстық партия комиетінің таңдауы 28 жастағы Отантай Кәрібжановтың кандидатурасын қалаған. 28 жас дегеніміз орда бұзар отыздың өзі екенін ескермеген егде актерлер «бала директормен қалай жұмыс істейді екенбіз» деген көзқарастарын да жасырмаған.
Сонымен еліміздегі ең беделді өнер шаңырағы Абай атындағы драма театр тізгінін жүрексіне қолына алаған жас директор өз ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Өткен шақтың өрнектері деректер мен дәйектерде десек, Отантай орындаған шаруалар аз емес екен. Осы ортада табан аудармай табаны күректей жиырма жыл еңбек етіпті. Нәтиже Республикалық көрсеткіштер бағанасының бас жағынан орын алып отырды.
Асанәлі ағамыз айтқандай «Семей театрының серкесі» атану оңай дүние емес, Абай атындағы драма шаңырағының шырайын кіргізіп, керегесін кеңейту жоспары уақытында жүзеге асты. Атаулы өнер шаңырағын драмалық деңгейден музыкалық дәрежеге көтерді. Ресми айтқанда, Абай атындығы қазақ музыкалық драма театры болып толысты. Бұл – мекеме үшін үлкен асу, биік меже.
Жалпы, театрдағы 20 жылдық кезең түрлі жетістіктерге толы, соның бірі – 1983 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитет бюросында шығармашылық есептік тыңдалым. Оның үстіне бюроны Дінмұхаммед Қонаевтың өзі өткізсе. Бюродағы тыңдалымдар түйінделе келе Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының жұмыс тәжірибесін республикадағы өзге театрларға тарату керек деген ұсыныс жасалды.Бұл жердегі жетістіктің кілті – театр директоры мен режиссерінің тізе қосып, ортақ мақсатта жұмыс істеуінде. Іс жүзінде солай болды да. Бас режиссер Қазақ ССР-нің халық артисі, профессор Есімхан Обаев екеуінің етене жақын түсіністіктері талай шығармаларды сахналауға жол ашып, қаншама артистердің жұлдызын жарқыратты.Бұл жөнінде Есімхан Обаев, Дулат Исабеков естелігінде, сол жылдары Семей театрының атақ-даңқы дүрілдеп-ақ тұрды деп мақтан тұтады.
1990 жылы Отантай Кәрібжанұлын жоғарғы жақ Абай театрынан Абай атындағы мәдени-ағарту училищесінің директорлығына ауыстырды. Бұл кез
қоғамға демократиялық лептің ене бастаған уақыты болғанымен қаржылық жағдай мәз емес еді. Училище ғимаратының тозығы әбден жеткен және
«мәдени-ағарту» деген дәрежесі де уақыт үрдісімен үндесе қоймайтыны көрініп тұрды. Ең
әуелі осы екі мәселені жөнге келтіруді жөн көрді. Бұл
бағыттағы шаруаны бірден Мәдниет министрлігінен бастап, сол сәттегі министр КСРО халық артисі Еркеғали Рахмадиевтің кеңесімен оқу ғимаратын алдымен, «архитектуралық ескерткіштер» тізіміне енгізді.
Бүгінде біреу – білсе, біреу – білмес, 1994 жылдары қайта құру реформалары қарқынды жүріп, жұмыс орындарын қысқарту белең алып жатты. Эксперименттің ең әуелгісі мәдени ошақтарға жасалып, клубтар мен кітапханалар жаппай жабыла бастаған. Сол науқанға мәдени ошақтарға кәсіптік мамандар даярлайтын Абай атындағы мәдениет училищесі де ілініп, жабылып тынды. Мамандықтарына қарай студенттер мен оқытушылардың
жартысы М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжге, келесі бөлігі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге бірікті.
Жұмыссыз қалуға да, қалдыруға да жеке басының еш қатысы жоқ екенін жақсы түсінген Ғ.Жақиянов сұрақты бірден күн тәртібіне қойған. Абай тойының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «сіздің мол тәжірибеңіз бен біліктілігіңіз біз үшін маңызды» деп қолына Абай театрының тізгінін ұстатқан. «Адамның емес Алланың бұйрығы» деген сол ұлы ақынның ұлан-асыр 150 жылдық тарихи тойына өз үлесін қосудың сәті туды. Кезінде Абайдың 125 жылдық мерейтойының бел ортасында жүрген Отекең 150 жылдық мерейтойдың театрға қатысты бүкіл шаруасын мерзімінен бұрын даярлап қойды. 1999 жылы жұмысқа шығуға бел буған кезінде облыстық тарихи-өлкетану музейін басқару ұсынылды. Жарты жылдың көлемінде қордаланған шаруалардың түйінін тарқатып, енді өзге жоспарларды қолға алар кезде жұмыс орны тағы ауысты. Өзінің қалауымен емес, қаладағы колледж директорларының кеңесі Отекеңнің кандидатурасын М.Төлебаев атындағы музыкалық колледж директорлығына ұсынып қойған. Құлдырап кеткен колледждің әлеуметтік-экономикалық жағдайын аз мерзімде жоғары деңгейге көтерді. Соның арқасында шығармашылық әлеует те күшейді.
Отантай Кәрібжанұлы зейнеткерлікке шығып, бүгінде сексеннің сеңігіріне шықса да қоғамға қызмет ету әдетінен әлі танған жоқ. Республикалық «Абай» қорының президенті ретінде ел руханиятының даму жолында өз үлесін қоса түсуде. Құдай қосқан қосағы Аманғайша жеңгеймен отасып, бірлесе көтерген шаңыраққа да биыл 55 жыл. Шаңырағының ұйытқысы Аманғайша Дүйсенбекқызы – Ішкі істер мекемесінің отставкадағы полиция подполковнигі. Әйел затының бұл дәрежеге көтерілуі аз еңбек емес, Аманғайша жеңгей Ішкі істер мекемесінің кадр және тәрбие ісі бағытындағы тізгінді берік ұстап, идеологиялық жұмыстарға басымдық бере білді. Мамандардың әлеуметтік мәселелерін реттеуде және басқа да ұйымдастыру жұмыстарда алғырлығымен жоғары бағаланды. Көп жылғы еңбек зая кеткен жоқ, Ішкі істер басқармасының дербес зейнеткері және құрметті ардагері. Жұптары жазылмаған жарасымды отбасы, үлгілі отбасынан елінің елеулісіне айналған ұрпақ өсіп шықты. Соның бір мысалы – Республиканың сот саласына еңбегі сіңген қайраткер азамат Біржан Отантайұлы. Біржан шынымен де, бір жарық жұлдыз еді. Алланың ісіне амал бар ма?.. Республиканың алдыңғы қатарлы судьясы ретінде мойындалып, ақиық қырандай алысқа самғаған шағында жарық жұлдызымыз биігінен ағып түсті. Есімі ұлықталып өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Ер еңбегін дәріптеу мақсатында арнайы басылымдар мен кітап басылып шықты.
«Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деп ұлы Абай айтқандай, Кәрібжановтар әулеті Біржанның қазасын тағдырдың бір ауыр сынағы деп қабылдап, қайғы-мұңды ертеңгі үмітпен сенімге жеңдіруге тырысуда. Құдайға шүкір Біржан мен Гүлжаннан Нұржан, Мағжан, Аружан есімді немере сүйіп, баба-әже атану бақытын бастан кешіріп отыр. Немерелері де бүгінгі таңда еліміздің таңдаулы оқу орнын бітірген білікті мамандар. Олардан өрбіген: Төрежан, Зережан, Мырзажан, Әкежан, Дариялар аталары Біржанның сүйікті немерелері, бабасы мен әжесінің балдай тәтті шөберелерімен ұрпақ сабақтастығы осылай жалғаса түсуде.
Иә, әр адамның өмір жолы әрқилы, шығар биігі мен бағындырар белестері де бөлек. Отантай Кәрібжанұлының жүріп өткен жолы мен жетістіктерінің бір парасы жоғарыдағыдай. Соның бәрін екшей келгенде, ардагер аға өзінің бүкіл күш-жігерін жұмсаған еңбек жолы көбінесе Абай есімімен байланысты мекемелерге қатысты болғанын және қай ортада болса да, көшбасшы тұлға бола білгенін көңіліне үлкен медеу тұтады.
Ең бастысы, Отантай ағаның жасы ұлғайғанымен күш-қуаты ортая қойған жоқ. Мерейтой жасыңыз құтты болсын, ел игілігі жолындағы игілікті істеріңіз жалғасын таба берсін демекпіз!
Қайрат Зекенұлы
Семей қаласы