ӨРТЕҢГЕ ШЫҚҚАН ОТТЫ ӨЛЕҢ
Бүгін – қазақ жырының көздегі жасын сүртіп, көңілдегі сырын ағынан жарылып ақтарып, айы оңынан туған айрықша күні.
Бүгін – қазақ өлеңінің жүрек түкпірінен үн тартып, жырқұмар қауымның аласапыран сезімін аққудай қалқытып, айдынға алып шығар жұлдызы солынан туған ерекше күні.
Бүгін – ел билеп, кесім айтқан, арғы-бергі кезеңдердің талай жалын сипап, тізгінін тартқан, қажетті жерінде қараға да, ханға да шешім айтқан қазақ сөзінің басына қыдыр келіп қайыра бір қонған күні.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Өзі арамызда жоқ болғанымен, сөзі, көзі, рухы, аруағы, жыры қасымызда отырған аяулы Кеңшіліктің – қазақ өлеңінің ақиығы:
«Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар,
Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар,
Мехнаты жарық боп жанған жылдар,
Махаббаты қарық боп қалған жылдар.
Жылдар… Жылдар – артымда, алдымда – жыл,
Ширек сапар шиырлап қалдым қазір.
Шабандарға бұйрық іс – бүлкіл аяң,
Жараулардың жүйрігі алдымда жүр.
Жүргем жолды: өрде де, ылдида да,
Күндер болды малтыққан құлдилаған.
Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен,
Бүкіл дүнием мен талай жыл жинаған?! – деп, егіліп сыр толғап, төгіліп жыр сомдаған, өртеніп-жанып, өмір сүріп, адам атаулының бәрін өзіндей көріп, құшақ жайып, аңқылдап ақиқат ғұмыр кешкен, арамыздан ерте кеткен, жарық дүние сәулесі жанарынан жалт етіп жанып, ерте өшкен, еркелігінде – елдігі, аңғалдығында – адалдығы, ел-жұртпен араласында – адамдығы, мінбеге көтерілсе немесе суырылып, шарай топ алдына шықса, аруағы қозып кетер ақындығы айғайлап шығып, аттандап көзге тез түсер Кеңшіліктің күні бүгін!
Кеңшілік!.. Ол туралы сөз айту басқадан гөрі бізге, құлынтайдай тебісіп қатар өсіп, қатар жетілген құрбы-құрдастарына аса ауыр да күрделі…
Кеңшілік десе… Менің есіме алпысыншы жылдардың ауылы, ақынның өз тілімен айтқанда:
«Бала едік біз елде өскен,
Жар жағалап, көл кешкен,
Тұлымымызды күн сүйіп,
Тұсауымызды жел кескен.
Соғыстан кейін шыр етіп,
Өртеңбіз өртең жерге өскен…», – деген, табанының күсі жұқара қоймаған, сақал-мұрты енді-енді тебіндей бастаған жеткіншектер түседі.
Кеңшілік десе… Буыны бекіп, бұғанасы қатар-қатпас кезден-ақ қолына қалам ұстап, атақты «алпысыншы жылғылардың» рухымен сусындап, ауасымен тыныстап, солардың жазған-сызғандарын жарғақ құлақтары жастыққа тимей түгендеп, оқып-тоқып өскендер тұрады көз алдымызда… Ашаршылық нәубетін көрген көнекөз қариялар мен соғыстың зардап, запыраны жанына жазылмас жара салған әжелер бауырына басып, ұлтымыздың өркені мен ертеңін сана-сезіміне құйып, ұлысымыздытәрбиелеген, тәлім берген кезеңнің солқылдап бой көтерген көк шыбықтары елестейді… Әке қабағына қарап, ағаның алдын кеспеу мәдениеті бойына қаршадайынан сүйекбітті мінез боп қалыптасқан осынау табиғаты таза, жаратылысы оқшау, мінез-бедері айқын тұтас бір ұрпақтың – жеңістен соң туып, желкенін жайып, жер үсті тіршілігінің көк теңіз – айдынынан кешіп келе жатқанына, міне, жарты ғасыр уақыт болып қалғандардың тұрпаты, тұлға-мүсіні, тағдыр-талайы түседі еске…
Кеңшілік десе… Менің көз алдыма алпысыншы жылдардың ортасындағы Алматы келеді.
Кең-байтақ қазақ жерінің қойын-қолтығынан ағылып, астана босағасын бір-бір арманның жүгін арқалап аттаған бозбала жігіттер, боз көйлекті қыздар еске түседі. Жырдан басқа жүректерінде дәнеңе жоқ… Өлеңнен өзге өзекті қарыған арман жоқ! Әділет, ақиқат, адалдық, шындық, білік, білім ұлтқа ұран болған, ұрпаққа қағидасыз құран болған, арман қуып алданған үлкен кезеңнің келе-келе көбімізді қырсыз күреске, тиянақсыз тіреске алып барарын ол кезде біз білдік пе? Әділін айту керек, білген жоқпыз. Қырсыздығымыздың төркінінде – адалдық, тиянақсыздығымыздың төркінінде – аңғалдық жатқанын да енді-енді танып, біліп отырмыз.
Кеңшілік десе… Өнерді өмірге балаған, өлеңді тағдырға санаған, ала жіп аттауды ар деп ұққан, ар мен жыр үшін жүрегімен от жалаған, аңғалдығы мен адалдығы үшін таяқты аз жемеген, жер ортасына жетсе де әлі күнге әке тәрбиесімен еніп, ана сүтімен сіңген сол мінезінен арыла алмай келе жатқан талантты буынның кешегі бозбала шағы, бүгінгі тұлпар кескінді келбеті елестейді. Сол топ, сол буынның ғана ары мен айбары болып қоймай, қазақ рухани әлемінің туын желбіретіп, төбеге көтерілгендер, асудан асқандар, шыңға шыққандар санатына қосылған Кеңшілік тұрады көңілде, Сағат тұрады санада, Жұматай тұрады жүректе, Жәнібек тұрады жадыда!..
Иә, Кеңшілік туралы сөз толғаудың жүгін, жауапкершілігін ауырлатар себеп көп. Оның ең бастысы, ақын жырының жалпақ оқырманға танылар жолының әр алуан себептермен тарылып, насихатының осыған дейін кем соғып келгені. Ол үшін ешкімді де айыптаудың реті жоқ. Әр ірі ақынның шынайы суреткердің ерте ме, кеш пе бақ жұлдызының жарқырап бір жанатын күні, сәті, сағаты болады. Кеңшілік жырының бағы да енді әрі-сәрі ұйқыға бой алдырып, ұзақ қалғи қоймас. Қазақ тілінің жыр болып төгілген әрі мен нәрі, шұрайы мен шипасы мол қасиетіне ынтызар ойлы оқырманның осынау өзге бітімді өлең дүниесіне ат басын талай бұрары, мына айдай әлемге өлшеусіз ғашық болған ақын жүрегінің адал лүпілін естіп, тыңдап, оны өміріне серік етері, оңаша қалғанда өз мұңы мен қайғысын тербетіп, көңіл мауқын басар киелі де қасиетті құндаққа айналдырары ақиқат. Кеңшілік жырының өз тең-тұстастарына, құрбы-құрдастарына, замандастарына қалай түсінікті, өтімді болса, оның жыр кітаптары ден қойып оқыған әрбір қазаққа, әрбір жұмырбасты пендеге солай ұғынықты боларына, түсінікті боларына күмәніміз жоқ.
«Менің бір тұтам өмірім,
Тартсам созылар тарамыс болсашы,
бірде бай, бір жұтам көңілім
жүйткіп жазылар қаламұш болсашы…
Көп менің жүрген жолдарым
кеңістік көп іздеп, кербез көл іздеп.
Мен – қарлығаш!
Қайда ұшпадым, қайда қонбадым,
Бауырыма басқан балапан
талмайтын жем іздеп…».
Осынау таза, қоспасыз суреткерлік таным мен ақындық арқалы сезімнің адуыны бар жолдардың астарында жатқан ал берен ойларды қараңыз?! Ойды өрнектеген өлең тілінің шұрайы мен бояуына, бедері мен өрімі мықты қырғызы қамшыдай елестейтін жырдың бейнелеу мәнеріне ден қойыңызшы. Әрі қазақы, әрі адами ұғымдар. Жер басқан пенденің кәдімгі қарапайым тіршілік қарекеті, алыс-жұлысқа, күрес-тартысқа толы өмірі. Еркін оқылып, еріксіз ойлатады, әрқилы әсерге бөлейді. Нағыз өрті мен дерті қатар өрілген байсалды жырдың бақуатты мінезі!
Өтірік толқу, ділмәрсу, шамадан тыс ақыл айту басталған жерде өлең өледі, өлеңсымақ басталады. Біз бүгін, өкінішке орай, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа қалмады ма, әйтеуір асыл мен жасықтың, өлең мен өлеңсымақ «халтураның» арасына шек-шекара қойып, әділ бағасын кесіп айтудан қалып барамыз. Алған асуды аласарту мен шыққан шыңды шыңырауға қарай өз қолыңмен итеруді сезінбеуден қауіпті нәрсе жоқ. Бұл – ондаған ғасырлық ауызекі үлгісі мен Абайдан бері қалыптасқан жасаудың өзіндік өнеге мектебі бар қазақ жырының басына төнер қара бұлт.
Кеңшілік өлеңдерін оқып отырып, осы бір пайымның өміршеңдігіне тағы бір көз жеткізе түскендей боласыз. Қолына қалам алып, алдына ақ қағаз жайылса, кешегі өткен ақберен мінезді ақпа-төкпе ақындардың көзі тірі жалғасындай болып буырқанып, қос иығын жұлып жеп қоятындай көрінер Кеңшілік-ақын әрбір шағын жырынан бастап, көлемді эпикалық поэмаларына, дастандарына, балладаларына дейін тегіс «тергеп» көріңіз, ақын қылаудай өтірік толқу, ділмәрсу немесе олпы-солпы, арзан жыр құраудан ойын да, бойын да аулақ ұстайды. Жалған жыр жазып, нашар өлең жаратып, ар азабын кешкеннен гөрі, ол Абай мен Мағжан, Қасым мен Мұқағали, Жұмекен мен Төлеген бастарынан өткерген жыр «азабының» ауырлығы мен мехнаты, шабыты мен рахаты мол киелі жолды қалаған. Иншалла! Қаршадай кезінен соңғы жазылған ақтық сәтіне дейін сол жолға берік екенін Кеңшілік өз өмірімен де, өлеңімен де дәлелдеп өтті.
«Өліара мезгіл… Он алты жаста едік біз,
Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз…», –
деп басталатын ақынның алғашқы жинағына енген жұлындай жас кезінде жазған атақты жыры еріксіз еске түседі.
«Түнеріп аспан, томсарған бұлттар қарсы алып,
Жауар ма екен ебіл де себіл тамшы ағып.
Жасамыс аспан жаңа бір ұрпақ келгенде
Жасаурап алып, жылайды, әйтеуір жар салып…».
Қараңыз, жыр бойында қарабайырлыққа ұрынып, бейне-теңеусіз сөйлейтін бірде-бір жол бар ма? Жоқ.
«Өліара мезгіл… Өте ғой енді тезірек,
Жолыңды ашты жаңа бір маусым кезі кеп.
Безініп тумай, сезініп туып барлығын,
Бүлкілдеп тұрған бір «пәле» екенсің,
Бүйірімде жатқан бір «пәле» екенсің,
о, жүрек!..
Жиырмадан жаңа асқан жігіттің жан толқынысы дегенге сену қиын. Өрт жалыны, өлеңнің өн бойындағы өмірдің бет қаратпас ыстығы ұқсағанымен, жастық шіркінге сөз қолданыстағы кекселік ұқсамайды. Шамасы, талант, дарын, құдайдан бұйырар сөздің киесі дегеніңіз осындай-ақ болар.
Киелі сөз ақынның арқасын буып, аруағына мінгізіп, алпыс екі тамырын қысқанда ғана өлмейтін жырлар туады. Құдайға шүкір, қазақ өлеңінің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, дарынға еш кенде болмаған етек-жеңі кең елден мұндай жыр мысалын ондап, жүздеп келтіруге болады. Қашан да жақсы жырдың, өміршең жырдың жаратушысы – уақыт, жебеушісі – халық. Өз басым ақынның алғаш атын шығарған жырларының бірі «Әбубәкір туралы эллегия» деген өлеңін сондай «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығар үлгілер санатына қосар едім.
«Әуелден жалқы, әкеден жалғыз әулеті,
Әбубәкір әуей, ақ көңіл жігіт, әулекі.
Албарда қой көп, ауласы той боп жататын,
Он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті», – деп басталатын ұзақтау сюжеттік өлеңнің бойынан аңқып тұрған алпысыншы жылдардың колоритті суретін көресіз. Көресіз де жас ақынның қазақ сөзінің тылсым сырлы құпияларын соншама ерте меңгергеніне сүйсінесіз.
«Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын,
Оюы қандай, өрнегі қандай нәші айқын.
Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп,
Түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын», – деген секілді жолдар сол ойымызды дәлелдей түседі.
«Ақынның соры міні – мінезсіздік, санаңның солғындығы – мінезсіздік, ерлік те, еркелік те – бәрі мінез, болмаса тым есерлік, тым ессіздік» деп Кеңкеңнің өзі айтпақшы, барлап, байыптап қараған жан көз көргендер білетін, бірде артық, бірде кем сөйлеуі мүмкін, пенде Кеңшіліктің қағаз бен қаламға жүгінген сәттері қара қылды қақ жарар биі де, төрешісі де ақын Кеңшілік екенін аңғарады. Кеңшілік ақын өлеңнің алдында, өмірдің алдында, елі мен арының алдында адал, ақ! Ақын атаулыға тән адалдық – оның күллі творчествосының атқақтап соғар күре тамыры.
«Таңғы шықтай тал түбіне ұйыған,
Тағдыр білер қайда барып бұйырам.
Өзегіңді жарып шықтым әйтеуір,
Ей, табиғат, бір өзіңе сыйынам», – дей отырып, ақын өз өмірін, ортасын, дәм-тұзы жарасқан, жараспаған жандарын, тағдырының олпы-солпы тұстарын, тіршілігінің кедір-бұдыр кездерін, өз басының кем-кетігін, қысқасы, адам баласының ішкі жан арпалысын тезге сала отырып, арызынан гөрі парызын көбірек айтады. Таразы басында «сегіз өлшеп, бір пішуге» бейім тұратын пенделік есеп-қисап емес, ерке мінезді, адуын да албырт, ойлы да парасатты, шыншыл да шымырқанғыш, күллі әлемнің кесел-кесапатын өзі арқылы өткізуге құштар ақынның ақкөйлекті жүрегі менмұндалап, лүпілдеп тұрады. Кеңшілік жырларының үлкенге де, кішіге де тез әсер етіп, сезімнің қыл пернелерін жаңылмай басатыны да сондықтан болуы мүмкін.
Иә, жүректен шыққан сөз жүрекке қиналмай жетеді. Өкінішке қарай, қайсыбір тұста жүректің ішінен шықпай, қаламның ұшынан ғана шыққан жырлардың белең алып, оқырманды өлеңнен алшақтатып жататыны да өтірік емес қой.
Кеңшілік қаламы отбасы туралы жазса да, Отан туралы тебіренсе де, достары туралы толқыса да, ғашықтық сезімнің ыстық отына шарпылса да, ұрпағының ертеңін ойлап алаңдаса да жүрексіз сөйлемейді. Жасандылық – Кеңшілік әлемінің хас жауы. Суретсіз Кеңшілік жырының сәні кірмейді. Ақынның көзі тірісінде жарық көрген он жинағының қай бетін ашып көрмеңіз, осы сөзіміздің растығына көз жеткізесіз. Бейнелі де бедерлі жыр жолдары өзге бір сезім құшағына бөлеп, сізді бір сәт мына ылаңы мен ыласы мол жер үстінен көтеріп әкетеді. Кеңшілік өлеңі, жо-жоқ, өлең өрген өзгеше өмір, өлшеусіз көңіл сөйлей бастайды.
«Ер істің ар жағында алаңдаған,
Естайға ақындығы талан болған.
Ыстығы махаббаттың ішке түсіп,
Мұң болып, сыртқа шығып аман қалған…».
Немесе:
«Ақ балтыры қозғалса,
Ақ көйлегін жел қаққан.
Оң аяғын созғанша,
Сол аяғын шаң қапқан…», – секілді сезім мен сұлулықтың отына оранған жолдарды бейжай отырып оқу мүмкін бе? Адамның қайбір сәттері құм болған жігерін қалпына келтіруіне себі тиер «Қайрақ» секілді мықты өлеңдер Кеңшілікте баршылық.
«Қарқара жақтың тасы ма,
Қаратау жақтың тасы ма,
Алатау жақтың тасы ма,
Қай темірмен де ашына
Қайрақтың тасы асыл, ә!..
Қай жақтың тасы болсаң да
Қара темірлерді қуантып
Қара темірлерді асыра!..
Жарылған жартастан туған қайрағым,
Қажалып, қақ бөлінсең де жасыма!».
Міне, шеберлік! Міне, адам сезімі мен табиғаттың тылсым сырын шендестіру!
Кеңшілік халқын, қазағының ана сүтінен жарыған қадірлі де қасиетті тілін өлердей сүйетін. Сол тілде сөйлеп, сол тілде өлең жаздырған тағдырына әркез шүкіршілік айтатын. Қуанатын. Мақтанатын. Сондықтан да болар, ылғи Алатауына арқасын сүйеп тұрып, Торғайын сағынып жыр жазатын. «Менің жырларымнан Торғай топырағының иісі шыға ма, Нұрлан?!», – деп жиі сұрайтын. Қазақтың даласы оған әр уақыт киігі желмен жарысқан Торғайдың ұшы-қиырсыз жазығы болып елестейтін. «Қара су», «қамыс», «қоға», «құрақ» секілді кәдуілгі қазақ сөздері Кеңшілік қаламынан шыққанда біртүрлі Торғайға ғана етене ұғымдардай әсер ететін.
«Қозатын қоға» десе намысымыз,
Өртеңнің орнындағы қамысымыз…».
Немесе:
«Көл жиектеп желкілдейтін көк құрақ,
Жел иектеп селкілдейтін көк құрақ.
Өсе-өсе қамыс болдың сен, міне,
Өсе-өсе жігіт болдым мен, міне…», – деген жер үсті сезімі мен суретінен жаралған осынау жолдарды оқып отырып, өз перзентін мәңгілік құшағына алып, томсырайып қана үнсіз жатқан қасиетті Торғай даласын өрісті демей көріңізші?! Кеңшілігі бар Торғай, Кеңшілігі бар Ақшығанақ шынында да бақытты өлке ғой!..
Кіндігіміздің қаны тамған жер қай-қайсымыз үшін де киелі. Сол үшін де оны туған жер дейміз. Ал Отан деген ұлы ұғымның жөні де, жолы да бөлек. Кеңшілік бұл туралы жеріне жеткізіп, жақсы айтқан.
«Отанды сүю, өзіңді сүю – бір ұғым,
Отаннан тарар тамырың менен түбірің.
Отанын сонда жүрегің болып шықпай ма,
Өзіңнен артық кім білмес жүрек дірілін?!», –
деп, қаншама кең де келісті тұжырым жасайды.
Ақын қиялы мен қаламына дүниелік құбылыстың қай-қайсысы да бірдей әсер етеді. Жүрек атты қан мен жүйкенің жүйелі де ырғақты қимылына бағынған жұдырықтай локатордың кеңістігіне іліккен нәрсенің бәрі өлең болып өріледі. Тек көңіл призмасынан өтерде өзгеше болып сынады, өзгеше болып тарайды. Өмір шындығы Кеңшіліктің шындығына айналады. Отан да, отбасы да, өзен де, көл де, аспан да, жер де сол шындық аясында сыйып жүре береді.
«Туыпты жаңа Ай қырынан
Сынған бір семсер шетіндей,
Шаңытады аспан шытынап,
Осынау көлдің бетіндей…», –
деп, бірде түннің әдемі суретін көз алдыңа әкелсе, енді бірде әлгі призма:
«Салыстыру да,
Салғастыру да
Бәрі – өлшем.
Таусылу, туу. Бітпейді өлшем өле-өлсең.
– Біткені, – дейді тайғанап кетсе табаның,
– Жеткені, – дейді жұлдыздай жансаң егер сен», – деп жұлын-жүйкеңді, күллі қан тамырыңды қуалай жөнелер адами ой мен сезімнің қорығына қайырып әкеледі. Әлденуақ:
«Жанымды салып жанымда болған кезінде,
Теңемес едім жұмақтың оған өзін де…
Еш адам сенбес тәттілік бар ед тәніңде,
Еш адам көрмес пәк қылық бар ед көзіңде»,–
деген жан жүрегіңді баурап алар сиқырлы, сырлы бір дүние құшағына енгендей боласың. Махаббат сезімнің буын-буыныңды алар қайталанбас, қайта оралмас бір сәті. Таза классикалық үлгіде жазылған мөлдір жыр, шаншыл жыр, өміршең жыр!..
Кеңшілік жырының кеңістігі қалғу білмейді. Мына дуы мен шуы, уы мен суы, балы мен тұзы мидай араласқан тынымсыз ғасыр тіршілігінің ендігі мен бойлығы ақын әлемін ұстап тұрған алтын арқау іспетті. Аласапыран сезімдердің құрсауына түсіп, жүрегі, жаны додаға іліккен сәтінде оған қол ұшын беріп, көмекке келер қасиетті нәрсесі – ата-баба рухы, әке мінезі, балалықтың балдай тәтті көріністері. Шыңырауға түссе көтеріп шығаратын, сүрінсе құлатпай қолтығынан сүйеп қалатын жебеушісі де, құтқарушысы да солар. Қазақ даласының иесі мен киесі болған ұғымдар! Кеңшілік қаламына қанат бітіретіндей елестейді.
«Бұлдырап қалған балалық шақтың елесі,
Түсіме неге көп кіріп кеттің сен осы?!
Түн ұйқым менің бөлінген кейбір кездерде,
Төтеннен келіп, боласың маған төреші», –
деген жолдар соның дәлелі.
Кеңшілік жырлары – жүрек сызы мен ой азабын арқалаған жырлар. Аунап-толқу, асығып-аптығу, тезірек айтуға ұмтылу, ұқсамай жазуды серт санау – ақын мұраты. Қазақтың жыр дүниесіне олжа болып қосылар.
«Екі өзен» өлеңі осындай ақындық мақсат-мұраттың жарқын көрінісіндей.
«Тобыл да тасиды,
Ойыл да тасиды,
Тасиды Талас та
Арнасын қарық қып.
Алқабын су шықса арық қып.
Өзендер шалқиды шабыты бір келген мезгілде
Шалшық сулардың шауқатын бетіне салық қып.
Мен өзенмін,
Келте көктемде
тулап ағамын.
Кемерді бұзып
Жеткен жерімді
Суға маламын.
Сен баяу ағасың,
Жайлап ағасың,
Өзіңді-өзің іркіп ағасың.
Кілкіп ағасың
Суыңды шашау шығармай…».
Немесе ақын өмірінің аққу әніндей болып, көкіректерге үздігіп, талып, талықсып жетер, от пен судың, күн мен түннің шарпысуындай елестер.
«…Тағдырдың күллі таңбасын
Тәнтімін көріп өтуге.
Табаным тиген шоқтарға,
Күйдіріп ерін оттарға
Еркіндігің де жақсы өмір,
Тағат та керек тоқтам да!
Ырзамын тағдыр бәріне
Жүрек пен махаббат барда»,–
деген отты жолдарды қайыра-қайыра оқып отырып, еріксіз ойға батасың, қазақ өлеңінің өрісін кеңейтсе деп ғұмыр кешкен, о дүние дейтін беймәлім сырлы әлемнің тұңғиығына ойда жоқта ерте аттанған аяулы жанды, қадірлі досты, арқалы қазақ ақыны Кеңшілік Мырзабекұлын еске аласың.
Елі білетін Кеңшіліктен гөрі, елі біле бермейтін Кеңшіліктің қаншама қыры, сыры барын аңғарасың, сезінесің.
Уақыт озған сайын ақын әлемінің сол асыл қазынасы сыр мен сымбатын өз оқырманына жарқыратып жаяры хақ! Кеңшіліктану кезеңі келері даусыз.
Уақыт қашан да хас таланттардың тауын зорайтады. Ендеше, Кеңшілік атты жыр-таудың уақыт өткен сайын биіктей түсеріне, асқақтай түсеріне біз сенеміз!
Сен
Көктесің, біз – жердеміз, сен – періште, біз – пендеміз, Кеңшілік! Аруағың риза болсын! Тойың құтты болсын!
Тойларыңыз құтты болсын, жырсүйер қауым!
«Егемен Қазақстан»,
8 маусым, 1996 жыл.