ТОЛАҒАЙДАН ШЫҚҚАН ТОЛАҒАЙ
23.01.2023
756
0

Шығармалары таныс болса да шындығы толық ашылмаған шығар… Талай нәрсе ішқұса болып ішінде кет­ті ме? Айтқысы келгеніне біз құлақ тоспаған болармыз. Тыңдасақ та тындырары­мыз аз болған соң ештеңе демеді ме, кім білсін?.. Бұл – Айбек Сапышевтің соңғы сапары сәтінде ой маздатқан, көңіл пернесін бебеулеткен бейдауа сөз. Ол мынау бейопа жалғанды жалпағы­нан басып тірі жүрердей көрінгені рас-ты. Содан кейін де бірді-екілі жарық көрген жинақтарын ғана білдік. Ал өзінің неге талпынбағаны оның өзіне ғана аян. Мүмкін, шығар­машылық адамы ретінде көңілі толмаған тұстары бар ма дегенге тағы көңіл сенбейді.

Драматург Айбек Тілеуханның тілеу­қостары көп болып сезілгенімен, көп адамға жұғыны жоқтай көрінетіні де айтылмайтын сөз еді. Тістеніп тұрып, әлденеге ашулы қалыпта сөз саптағаны – біз ұқпаған жұмбақ секілді. Бәлкім, бірден екіге, одан онға, жылыстап жүзге жеткен, тұтас қоғамға деген өкпесінің барын білдік, я білмедік. Содан кейін де оның топқа қосылмай тағылау жүргеніне көз үйретіп, бойымызды икемдедік. Даралап алып шыққан дарыны екенін, пысықайларға оның пысқырып та қарамағанын, сөз сатып, сол сөзбен бірге өзі де саудаға түскен қатарластарынан қарға адым ілгері екенін айта алмадық. Келмес сапар сағатында: «Талант­тар осылай кетеді» деген жарты ауыз жұбату сөзді медет қылдық. Бары осы.
Айбек дейтін атпал азамат қазасының – азасы. Қалай десек те «бұл әділетсіздік қой!» деуіміз керек-ті. Әрине, солай. Әділдігі сол – оның өлмейтін жыры һәм жылы сөзі қалды. Мына бізге шуағын шашып тұратын жасындай жарық жырларының өлмейтініне, ізінің өшпейтініне сендіреді сырлы сөз.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, айтулы ақын, дарынды драматург, қарымды қаламгер Айбек Сапышев 1954 жылы дүние есігін ашып, 1971 жылы Семей облысы, Көкпекті ауданы, Большевик орта мектебін бітіргеннен кейін 1972-1974 жылдар аралығында әскер сапында сап түзеп, запастағы офицер болып шығады. Одан соң өлең өлкесінің сардары боларлық сара жолды таңдап, 1976-1980 жылдары Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогика институтында білім алып шығып, 1980 жылдан бастап ақпарат және өнер салаларында тілші, редактордың орын­басары, бас редактор қызмет­терін атқарып абыройға бөленеді.
Оның 2001 жылы жарық көрген «Ақберен» жинағында жария көрген Ауған соғысына арналған өлеңдері мен балладаларында, поэмаларында жастардың отансүйгіштік сезімі сәт­ті сомдалған. Нәзік лирикаға толы шығармаларында өлең жинағының аты айтып тұрған ел қорғаны болған батырлық символы ретінде рух алдаспаны жарқын көрініс табады.
Айбек ақынның әр жылдарда жазылып туған ел мен атамекен, жастық шақ пен балауса балалық, қуаныш пен күйініш, махаббат пен ерлік жайындағы жырлары топтасқан тағы бір айтулы жинағының бірі – 2020 жылы басылған «Көкпектің гүлі». Мұнда да ақынның осыған дейін жұртшылық алдында мәлім болған жырлар жинағындағыдай автордың өзіне тән ерекшелігі, дара құбылыс иесінің интеллектуалды биігі мен парасат пайымына көз жеткізіп, көңіл семіртетініміз сезіледі. Кітапты өзінің туған өлкесі – Көкпекті ауданының 90 жылдық мерейтойына арнайтынын атап көрсеткеніндей осындағы туындылардың дені атамекен тақырыбын қаузайды.
Өзгеше сипат­та өрілген «Толағай сұлтандары», «Көкпекті», «Көкпекті десем», «Келе сап көз тігеміз Толағайға», «Шығыстың құты сенсің – Қалба тауы», «Байбура», «Көкпек», «Тассай», «Толағай тауым» сияқты өлеңдері жоғарыда келтірген сөзіміздің айғағы. Бұған қоса өзі құрмет тұтып, тірісінде аралас-құралас болған ақын Ақылбек Манабаевқа «Ақыл аға», өнертанушы, мәдениет қайраткері Төкен Ибрагимовке арналған жырлары бағасы жоғары адамды, бағы артық талант­ты бағалай білген Айбек Тілеуханның тілінде сәт­ті шыққан шығармалар.
Шығармашылық адам үшін отыра қалып өзінің ойына келе қалған ойларын жарық әлемге шығаруға көмектесетін көбінде-көп сол адам еңбек етіп, ізденіс жолына түсетін оның жұмыс бөлмесі. Бұл туралы да ақынның терең мән беріп жазғаны – өзінің аядай ғана бөлмесінде отырып айдай әлемге шығарма тудыруға талпынған талант бейнесін танимыз.
…Босаға жоқ, бәрі ылғи төр менде,
Орын таппас өр кеуде мен көр кеуде.
Аңқылдаған адал ойдың көзі бар,
Кіп-кішкене менің осы бөлмемде, – деп ақын шағын ғана жұмыс бөлмесі арқылы жан сырын ақтарып, жұмбақ жанына үңілуге шақырғандай нышан аңғартады.
…Ол бір күнің мәңгі тартар сағыныш,
Мен бір ұлың заты сезім, жаны құс.
Жер бетінің ең бір жақын нүктесі,
Төртіншіде балалық пен бақ, ырыс – бұл ақынның балғын балалық шағы өткен жері жайлы «Төртінші ауыл» өлеңі. Маңдайынан самал жел болып сипаған ауыл махаббаты мен қиялындағы қимас жанына гүл берген сол аяулы сезім хақындағы жырдан сөз иесінің ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды қарияларды көріп, арман қуып алысқа ат­танған арманшыл жасты да жазбай танисыз. Біз бұрыннан білетін осынау сағыныштың ақын қолтаңбасында басқаша өрілгені де өзгеше.
Бүгінгі ауыл бейнесі Айбек Сапышевтың «Ауылда жүр» өлеңінде осылай көрініс тауып, сырына үңілуге шақырады.
Наз үнің де өтпейді, әзілің де,
Көшіп кеткен көңілдің жазы кімге?
Құдайы қонақ болып ат­танасың,
Біле алмай сағыныштың жазығы не? – дейді тағы да «Өзгешелеу көрінді» деп аталатын жырында. Өзгерген ауыл мен құбылған бүгінгі адам. Ақын тілінде санаға салмақ салатындай ауыр, жаһандану дәуірінде урбанизация құрбаны болып, тоз-тозы шыққан «кіндік қан тамған киелі мекеннің» кеспірі…
Сөздің шынын айтайық Айбек Сапышевті «ақын» деп танығаннан кейін, оның проза саласында қалдырған әңгімелері мен туындыларын білмейтініміз рас. «Сонар» деп аталатын кітабында осы бір олқылықтың орнын толтырғысы келгендей жазушы Айбектің жаңа бір қыры ашылып, аңшылық сапарлар жайлы баяндайтын жөні бөлек жазбаларды да қызығып оқып шығасыз. Аңкөс адамның әуесқой құмарлығы төңірегінде туған ойлар мен тылсым табиғатпен астасып кеткен оқиғалар желісі артық боямасыз сурет­тер мен жеңіл тілі арқылы оқырман ойын алға жетелеп, санасын баурайды.
Айбек Тілеуханұлының драма саласындағы шығармашылық жемісті уақытының бірі 2004-2010 жылдар аралығы. Осы кезеңде Абай атындағы музыкалық драма театрының әдеби бөлім меңгерушісі бола жүріп, театр өнерінің репертуарын қалыптастырып, қойылымдардың көркемдік дәрежесін көтеруге, үлкен жетістіктерге жетуіне зор үлес қосуға бел шеше кірісті. Жыр жинақтары арқылы оқырман қауымның лайықты бағасына бөленген ақынның драма саласындағы дарыны айқын көрінгені асырып айтқан сөз емес. Осынау жылдардан бастап соңғы сағаты соққан сәтке дейінгі туған «Мұзбалақ», «Көкбөрінің ұлы», «Үлкен жүрек», «Жеңімпаз күншуақтар», «Қаракерей Қабанбай», «Үш король», «Замана беті», «Азия мен Европа», «Керей хан – Әз Жәнібек», «Қаһарман Қасым» пьесалары – осы пайымның бірден-бір куәсі.
Театр саласында қызмет етіп, драмада қалам тербеген автордың театрландырылған көріністер мен инценировкаларды да сәт­ті тудырғанына көз жеткізу үшін оның 2010 жылы жарық көрген «Мұзбалақ» пьесалар жинағын оқып шықсаңыз жеткілікті деп ойлаймыз. «Күн астындағы Күнекей қыз», «Батыл достар» ертегілері және «Ит жылға қалай ие болды?» деп аталатын жаңа жылдық интермедиясы балаларға арналған базарлық ретінде тартымды дүниені беруге талпынған талабы мен таланты тағы да алдымыздан шығады. Айтып өткен пьесалар жинағындағы «Махаббат қызық мол жылдар» пьесасы – екі бөлімнен тұратын төрт көріністі драмасы. Мұнда образ сомдауда негізгі тақырып пен роман идеясынан алшақтамай, о бастағы автордың айтқысы келген ойын жеткізуге тырысқан Айбек Тілеуханұлының шеберлігі шыңдалған драматург екені көзге көрінеді.
Қаламгердің ел арасына кең тараған әндері де баршылық. Ол жазған жырларға Теміржан Базарбаев, Мәуліт Рахымбаев, Тұрсынғазы Рахимов, Марат Омаров сынды сазгерлер ән шығарды. Ақынның қырықтан астам жүрек сөзі көпшілікке кең тынысты музыкалық туынды болып тарады.
Оны өзгелерден алып шыққан даралығы – дарыны екенін айт­тық. Тағы бұған қосарымыз ол «мен ақынмын» деген кеудемсоқтықтан ада кейіпте ғұмыр кешті. Өзіне дейінгілерді қалай құрмет­тесе, өзінен кейінгілерді, мына біздердей әдебиетке құмартқан, ақындыққа албыртқан көңілі бар қаншама жастың жүрегінде жалын отының пайда болып, сөнбес сәулесінің маздауына септігін тигізді. Бұл оның қарапайым ақын емес, үлкен ақындық жүрек иесі екенінің дәйегі. Біз ол кісімен осыдан он екі жылдың мұғдарында танысып, аға-іні болып сыйластық. Әрдайым бірге болмасақ та, ол біздің немен айналысып, жазған-сызғанның ішінде «не жазып, неден жазғанымызға» дейінгінің түгелін жіпке тізгендей етіп сөйлейтін.
Мұны тәптіштеп отырғанымыз «өзін ғана оқып», кейінгілерге көз ауыртып, бас қатырмайтындарды көргеннен кейінгі сөз. Жас буынды оқып, оған бағасын беріп жүргені – сирек құбылысты қасиет, «ардың ісі» дейтін әдебиетке деген адалдық. 2011 жылы Семей педагогикалық институт­тың бірінші курсында оқып жүргенде алғашқы кітабымыздың тұсаукесеріне қатысып, артынша прозалық туындылармен танысқан соң «сен студент­тер өміріне арналған комедия жаз» деп ағалық ақылын айтуы – оның өнерге бей-жай қарамай, жас буынның қанат­тануына білдірген лебізі екенін түсінеміз. Осыдан кейін «Мазасыз мау­сым» пьесасы туған-ды. Біз үлгі тұтып, төбемізге көтерген ақынның осы өнегесі – өзінің бауырында өскен талай жасқа бағыт­талған тәлім. Асыра мақтап айтқан емес, ағаның адамшылығы мен адалдығын таныту тұрғысындағы тіл ұшына келген тіркес…
Біз азды-көпті шығармасынан ақын Айбек Сапышевтің өзін іздеп, сағыныш басқан кейіпте өзімізге жаққан жырларымен, жан жылытқан әрі жасандылықтан ада дүниелерін ғана сөз ет­тік. Келер күнде де оның оқырмандары ойсырамай, болашақ белесте де көкжиек байытар шығармалары жайында да сөз айтылары жемісті жылдар еншісінде. Ол шығармашылығымен бүгіннің емес келешектің көрнекті ақыны екеніне көзімізді жеткізіп, бас идіріп мойындатқалы қашан?! Өзінің кіндік қаны тамған Толағайдың баурайын, таудың өзін жырға қосып, тау тұлғалы өлеңнің Толағайына айналды. Расында солай, алып тұлғалы жанның ішкі сырымен астасқан ақындық өнердің өзі оны Толағай етіп жаратыпты, ұққанға…

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір