Жетпіс төрт нөмірі шыққан «Дабыл» әскери газеті
Кезіндегі Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің халқы 1941-1945 жылдардағы соғыстың қасіретін әлі күнге дейін күңіреніп еске алады. Бұл күрделі уақытта Қазақстанның жеңіске жетуге қосқан үлесі зор екені айтпаса да түсінікті. ҚР Президенті Архивінің қорында да ол жайында нақты дәлелдер көп, ол жарияланып та келеді.

Қазақстаннан Қызыл армия қатарына аттанған жауынгерлер тек гитлершіл басқыншылармен ғана күрескен жоқ. Қиыр Шығыстың да қантөгісін бастарынан кешіріп, жапондықтармен де жан алысып, жан беріскені туралы архивтік құжаттар бүгін ашық, әрі зерттеушілерге тегіс қолжетімді.
Дипломатиялық мәлімдемесіз, түрлі соғыс ашу әдістерін енгізген жапондық агрессорлармен болған майданның батыстағы соғыстан тәсілдері бөлек және ондағы қатыгездіктер мен ерекшеліктер де айрықша болған. 1945 жылы Қызыл әскердің негізгі құрамының көмегі, одақтас мемлекеттердің тікелей араласуымен Қиыр Шығыс майданындағы қанды қырғындар түбегейлі тоқтаған болатын. Осы және осыған дейінгі майдандағы әрбір тарихи сәттерді 1941 жылдың 24 маусымында құрылған Кеңестік ақпараттық бюро (совинформбюро) халыққа әспеттеп, бірінші болып жеткізіп отырған еді. Соның ішінде орталық радиостанцияның белгілі дикторы Юрий Левитанның «Говорит Москва» деп басталатын хабарламалары Кеңес үкіметінің негізгі шынайы ақпаратының көзі болып есептелген. Өйткені оның хабарламалары Кеңес Одағының басшысы И.В.Сталиннің тікелей өзімен келісіліп, түзетіліп отырған. Сол себепті Қызыл Армия жетістіктері мен тылдағы халық жағдайын жариялау үшін майдандық газет-журналдар көбінесе осы Кеңестік мемлекеттердің барлық аумағына тарайтын радиостанциядағы Мәскеу үніне қарап бой түзетіп отырған.
Қиыр Шығыс майданының бұл жеңісті күндерін сол кездерде қазақ тілінде жарық көрген «Дабыл» Қиыр Шығыс фронтының қызыләскер газеті» («Тревога» орыс тіліндегі газет), «Отан үшін» қызыләскерлік газеті сүйіншілеп, Москва үнінен кейін жарыса жариялап жазған еді. Сонымен қатар бұл газеттерде Қиыр Шығыс майданы мен Тынық мұхит флотындағы Қазақстан топырағынан аттанған жауынгерлердің жанқияр ерліктері мен әсерлі естеліктері де тұрақты жарияланып тұрды.
«Дабыл» Қиыр Шығыс майданының қызыләскерлік газеті «Неміс оккупанттарына өлім!» деген ұранмен, Хабаровск қаласында 4 беттік көлеммен Қиыр Шығыс майданының органы ретінде шығарылып тұрған. Бас редакторы С.Устинов, оның орынбасарлары А.Жүсіпов, Е.Қалиев және бірнеше әскери қызметтегі тілшілер еңбек еткен. Соғыс жылдарында көптеген газет-журналдар арнаулы мақсаттарға ғана бағытталып, тек жеңіс, тыл тіршілігі жайында ғана шыққанын ескерсек, бұл «Дабыл» газетінің ғұмыры да көпке созылмағаны белгілі. Басылымның 1944 жылдың қыркүйек айына дейін 74 нөмірі ғана жарық көрген.
«Барлығы майдан үшін», «Майданға көмек», «Барлығы Жеңіс үшін» деген ұранымен еңбек еткен тылдағы қазақстандықтардың Қызыл Армияға көмегі аста-төк болған, әрі жыл санап ұлғайып отырған. Бұған ҚР Президенті Архивінде сақталған партияның бірінші хатшыларының Орталық Комитетке жіберіп отырған есептері мен хабарламалары куә. Осы сансыз қамқорлықтар мен шефтік көмектердің қатарында тек қаржылық, өндірістік бағыттар ғана емес, мәдени шаралар, идеологиялық үндеулер, публицистикалық ұйымдастырушылықтар да аса зор сипат алған еді.
Қазақстанның коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен Қазақ кеңестік социалистік республикасының өкіметі бекіткен тапсырмасы бойынша 1942 жылғы 10 желтоқсан мен 1945 жылғы 18 ақпан аралығында партияның Орталық Комитетінің өкілі Демеуғали Демесінов бастаған бригада 1944 жылы осы Қиыр Шығыс майданының әскери құрылымдарының рухын көтеруге бағытталған үгіттік-концерттер өткізуге барған. Олардың бұл бағыттағы қызметтерінің ізі архив қорларында сақталған. Қазақ тілді «Дабыл» қызыләскерлік газетінің нөмірлерінде әлі жаңғырып тұр.
«Дабыл» газетінің 1944 жылғы маусым мен шілде айларындағы нөмірлерінде Д.Демесіновтің дәріптей отырып, оның бастаған бригадасының құрамында Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі А.Абдуллина, Қазақтың академиялық опера және балет театрының солисті Н.Абишев, балет солисті Г. Абсалямова, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының солистері С.Бадаева, З.Размухамбетова, Е.Чупров, С.Стрельский және концертмейстер Ж.Чумбалованың келгені туралы бірнеше фотолар мен қуанышты эмоцияға қанық мақалалар жарық көрген. Аталған бригаданың өнеріне тәнті болып, тіпті осы нөмірлерді тек өнерпаздарға арнап шығарған. Газет қиындысының бірінде Д.Демесінов пен бірге «Дабыл» қызыләскерлік газетінің редакторының орынбасары лейтенант Ертай Қалиевтің фотосы архивтік құжаттар арасында бар. Қазақстандық әртістердің Қиыр Шығысты шарлап жүргені тек қазақ тілді газеттерде емес, осы өңірдің майдан жаңалықтарын хабарлап отырған «Красное знамя», «Часовой Родины», «На защиту Родины», «За счастье Родины» әскери газеттерінде де фоторепортаждар мен мақалалар жарық көрген.
Д. Демесінов Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің әйгілі өкілі болғандықтан, ерекше құрметке ие болып жүрген. Оның отансүйгіштікке, ерлікке, елдікке, бірлікке баулыған жалынды сөздері билік пен майдан шебінің басшыларынан бастап, қатардағы жауынгерлердің жүрегіне дейін жол тапқан. Концерттік кеш болатын күні міндетті түрде жауға қарсы үгіттік насихаттау дәрістерін өткізіп, елдегі шаруалардың жанқиярлық еңбектерін, майдан мен тылдың байланысын түсіндіріп отырған. Д. Демесінов және оның басқарып келген бригадасының қызметінің нәтижесі туралы 1944 жылдың 8 тамызында «Дабыл» газетінің тілшісі лейтенант Ж.Тілековтің мақаласында «…жауынгерлік және саяси сапаны арттыруға, әскери тәртіпті күшейтуге бауылған «еңбектеп жүріп күнелткенше, қасқайып жүріп өлген жақсы», «Жаным арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті» деген сөздерді жиі қолданып, жерлес сарбаздарын рухтандырды». Бұл сапарда әсіресе Қызыл Армия қатарына Қазақстаннан шақырылған қызыләскерлер және сержанттар мен офицерлер өздерінің жерлестеріне ерекше ықыласпен алғыс айтып, борыштарын абыроймен атқаратындықтарын Қазақстанның коммунистік партиясының Орталық Комитетіне, Қазақстан өкіметіне және бүкіл қазақ халқына айта баруларын бригада алдына тілек етіп қойып, өтініш білдірді. Сондай-ақ «…Біз қазақ жауынгерлері!» – деп жазылған хатта «Біздің арамызда жауынгерлік және саяси оқуды бітірген көптеген қазақ отличниктері бар. Старшина Искаков, аға сержант Жақсыбеков, кіші сержанттар Тәшібаев, Нәбиев, қызыләскерлер Жақсылықов, Шағыров, т.б. жолдастар жауынгерлік оқудың тамаша шеберлері…», – деп қуана жариялаған. «Дабыл» қызыләскерлік газетінің нөмірлерінде жарық көрген жігерлі хаттар мен мақалалар Архив қорларында ұқыпты сақталған.
Жалпы Д.Демесіновтың басқарып келген бригадасына Қиыр Шығыс майданының әскер-қолбасшысы, генерал-полковник Максим Пуркаевтан бастап штабтар мен дивизия қолбасшыларына дейін алғыс хаттар, грамоталарын жолдап, олардың жұмысын жалғастыру үшін әскери құрылымдарға тиісті бұйрықтарын беріп, қолдау көрсетіп отырған. Бұл дәйекті құжаттың бәрі архивтік құжат ретінде бүгінгі таңда ҚР Президенті Архивінде сақтаулы тұр.
Нұрлан Тоқсабаев,
ҚР Президенті
Архивінің аға сарапшысы