ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ҚАЙТПАЙ СҰЛТАН
15.02.2025
221
1

немесе бізге белгісіз тұлғаның беймәлім қырлары

Қасиет­ті Мәдина қаласындамыз. «Исламның күмбезі» атанған бұл шаһар – миллион­даған мұсылмандардың бейресми астанасы. Киелі мекенге табанымыз тигеніне сенер-сенбесімізді білмей, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабіріне зиярат етіп шығып, екіұдай сезім құшағында тұрмыз. Қат­ты толқып кеткенімізді сезсе керек, жолбасшымыз Дастан Құрманбаев Пайғамбар мешітінің тарихына арналған музеймен танысып шығуды ұсынды. «Ішінде қазаққа қатысты құнды жәдігерлер бар», – дейді досымыз. Қуана келістік.

Италиялық суретші Паоло Джовио салған Қайтпай сұлтанның портреті

   Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған музейдің ішкі келбеті ерекше безендірілген. Пайғамбар мешітінің іргетасы қаланған алғашқы күнінен бастап, қалыптасу тарихы кезең-кезеңдерімен сәт­ті ұсынылған. Мұнда экскурсия тек араб тілінде жүргізіледі екен. Құран тілін жетік меңгерген Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы араб тілінен тікелей аударма жасап беріп тұрды. «Нұреке, мына мінберге жақсылап зер салыңыз, – деді ол музейдің ортаңғы бөлігіне жеткенде. – Қазақтан шыққан Қайтпай ат­ты сұлтан жасатып, Пайғамбар мешітіне сыйға тартқан. Бұрын-соңды Қайтпай сұлтан туралы естіп пе едіңіз?»
Ауызымыз ашылды да қалды. Қайт­пай сұлтанның есімін мүлде естімеген екенбіз. Таңданатын да жағдайымыз бар. Өзі қазақтан шыққан сұлтан болса, анау-мынау емес, Пайғамбар мешітіне арнап мінбер салдырса, қалайша таңғалмайсыз?!
Сонымен, мінбердің тарихына келейік. Біздің заманымызға де­йінгі 886 жылы (1481 жыл) Пайғамбар мешітінен өрт шығып, Алла елшісінің қабіріне де­йін отқа оранады. Тілсіз жау шарпыған киелі орын жарамсыз күйге түсіп, көп ұзамай қалпына келтіру жұмыстары басталады. 888 жылы (1483 жыл) Мысыр мен Шамның (Сирия) билеушісі әл-Әшраф Қайтпай сұлтан арнайы мінбер жасатып, оны Пайғамбар мешітіне сыйға тартады. Мінбер мешіт­те біздің заманымызға де­йінгі 998 жылға де­йін қызмет етіпті. Дәл сол жылы ІІІ Мұрад сұлтан мешітке жаңа мінбер орнатып, Қайтпай сұлтанның мінберін Құба мешітіне көшіреді. Ал Құба мешітінің адамзат баласын тура жолға шақырған Ислам діні келгеннен ке­йінгі салынған ең алғашқы құлшылық ордасы екені баршаға белгілі. Құба мешітінің құрылысына Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі араласып, қолы тиген. Хижра жыл санауы бойынша 1438 жылы Мәдина аймағының губернаторы, Мәдина ғылыми-зерт­теу орталығының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Король­діктің ұлы мәртебелі ханзадасы Фейсал ибн Салман ибн Абдул-Азиз әл-Сауд бұл мінбердің «Мәдина тарихының ажырамас бөлігі және Пайғамбар мешітіне байланысты сирек мұра екенін» айтып, оны қалпына келтіруді және музейге құнды жәдігер ретінде қоюды тапсырады. Осылайша, мінбер Құба мешітінен Пайғамбар мешітінің тарихына арналған музейге ауыстырылады.
Аппақ мәрмәрдан жасалған мінбердің үстіңгі бөлігі алтын бояумен бедерленген. Ағаш есіктен, жеті баспалдақтан тұрады. Есіктің маңдайшасына Құранның «Нахыл» сүресінің 90-аяты ойып жазылған. Мінбердегі ою-өрнектің бір бөлігі қашалған жазудан тұрады. Онда 1468 жылдан 1496 жылға де­йін Египет пен Сирияны билеген Қайтпай сұлтанның есімі жазылып, мақтау айтылған.
Қайтпай сұлтанның есімімен тығыз байланысты екінші жәдігер – Пайғамбар мешітіндегі михраб. Көптеген деректерде Қайтпай сұлтанның михрабы аталған мешіт­тегі «Рауда шарифада» (қасиет­ті бақша) орналасқан делінеді. Бұл жерде «қасиет­ті бақша» сөзі тікелей мағынасында қолданылмайды. Ол – мешіт­тің бір бөлігі ғана. Онда намаз оқыған адам мол сауапқа кенеледі. «Қасиет­ті бақша» туралы Алла елшісі көзі тірісінде: «Менің үйім мен мінберімнің арасы жәннат бақшаларының бір бақшасы» деп айт­қан. Сондықтан мұсылмандар Пайғамбар мешітіне барғанда міндет­ті түрде «қасиет­ті бақшаға» кіріп, сол жерде екі бас намаз оқуға асығады. Сәті түсіп, бізге де осы «Рауда шарифада» болудың бақыты бұйырды. Сонда мәрмәрдан жасалған михрабтың жоғары тұсындағы қошқар мүйізді ою көзімізге от­тай басылды. Кәдімгі қазақтың қошқар мүйіз өрнегі. «Тайға таңба басқандай» салынған. Бір деректе Қайтпай сұлтан осы михрабты Пайғамбар мешітіне 1484 жылы сый ретінде жіберіп, сол жылдың 17 қаңтарында, «Құрбан айт» мейрамында орнатылған деп айтылады.
Михрабтың артқы бөлігіндегі жазуда оны салдырған адамның есімі анық жазылыпты. Ол жазу арабтың сүліс стилі бойынша таңбаланған. Осыдан 7-8 ай бұрын шымкент­тік Бекзат Сәкенұлы есімді жігіт оны суретке түсіріп алып, Алматыда тұратын әйгілі хат­тат, сүліс, насх, куфи жазуларының маманы, каллиграфия өнері бойынша Мысырда білім алған еліміздегі алғашқы маман Асылбек Байұзақұлына аудартыпты. Хуснихат шеберінің айтуынша, жазбада михрабты қажылық қарсаңында Қайтпай сұлтанның салдырғаны көрсетіліп, алдымен, Алла елшісінің, сосын, Қайтпай сұлтанның атына мадақ айтылған екен. Киелі мекендегі Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне мінберді сыйға тартып, «қасиет­ті бақшада» әлі күнге де­йін есімі мен даңқын асқақтатып тұрған михрабты салдырған, жергілікті тұрғындар ныспысын ерекше ілтипатпен айтатын Қайтпай сұлтан кім болған? Оның қазаққа қандай қатысы бар? Енді осы жайлы тарқатып айтпақпыз.
Қайтпай сұлтан туралы айт­қанда, ең алдымен, мәмлүктердің билікке келуі еске түседі. Даңқты Бейбарыс сұлтан Құтызды тағынан тайдырып, барлық билікті өз қолына алған соң, әскерді көшпелілер ұстанған Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» тәртібімен қайта құрады. «Ақ құлдар» атанған мәмлүктердің, негізінен, әскери адамдар болғаны белгілі. Мәмлүктерді 1382 жылдан бастап шеркештен шыққан сұлтандар басқарады. Бұл басқару жүйесі Мысырды османдықтар жаулап алған 1517 жылға де­йін жалғасты. Ал шеркештер – бүгінгі Кіші жүздің белді руы. Тарихи деректерге сүйенсек, Қыпшақ даласынан шыққан 25 сұлтан араб елін 135 жылдай басқарған. Соның ішінде Қайтпай сұлтанның есімі Бейбарыс бабамыздан ке­йін ерекше дәріптеледі.

Метрополитен музейіндегі Қайтпай сұлтанның сауыты

Қайтпай сұлтанның толық ныспысы – әл-Әшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай. 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілген. Қыпшақтың шеркеш руынан шыққан бала Қайтпай сол дәуірдегі қанқұйлы соғыстың бірінде құлдыққа түсіп, туған топырағынан жыраққа кетеді. Содан 20 жасында мысырлық саудагердің құлы болып жүрген жерінен Каирға барып табан тірейді. Қайтпай бала кезінен садақ атудың шебері, «құралайды көзге атқан» мерген болған. Сонысына қызыққан Барысбай сұлтан (1422–1438 жылдар) Қайтпайды 50 динарға сатып алған. Одан Шақпақ сұлтанның (1438–1453 жылдар) қарауына өткен. Ке­йіннен ол Қайтпайды құлдықтан азат етіп, өзінің жеке хатшысы етіп таға­йындайды. Шақпақ дүние салғаннан ке­йін алты бірдей сұлтанға қызмет етіп, әскери өнерімен көзге түседі, сарай күзетінің мүшесі, мәмлүктердің мыңбасы деңге­йіне де­йін жетеді. Ал Темірбұға сұлтанның (1467–1468 жылдар) кезінде атабек, яғни бас қолбасшы атағын алады. Соңыра Темірбұғаның орнын басып, 1468 жылдың қаңтарында 52 жасында сұлтан тағына отырады. Сөйтіп, Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мәмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468–1496 жылдар) атанады.
Қайтпай сұлтанның ел басқару стилі де ерекше болған. 28 жыл ел басқарып, мәмлүктердің ең атақты сұлтандарының біріне айналады. Ол билікке келген алғашқы күннен бастап, өзінің сенімді серіктері мен жақтастарын, сарай ақсақалдарын маңайына жинап, жаңа басқарушы кеңес құрады. Екі адамды өзіне атқарушы сұлтан етіп таңдап алып, басқа таға­йындаулардың бәрін солар арқылы рет­теп отырған. Мәмлүктерді билікке, ел басқаруға көптеп тартады. Көбінесе, билікті соларға қалдырып, сарайдан ұзақ уақытқа алыс кетеді екен. Осы арқылы ол қарамағындағы әмірлердің өзіне деген адалдығын, сенімге беріктігін тексеріп отырыпты.
Дарынды басқарушы ғана емес, есепке, қаржыға келгенде де алдына жан салмаған Қайтпай сұлтан мәмлүктердің экономикалық жағдайын жақсартып, елдегі сауда-сат­тық мәселесіне түбегейлі реформа жасайды. Осының негізінде алыс-беріс, жәрмеңке, базар жұмыстары дамиды. Ерекше дипломатиялық қабілетінің арқасында Осман империясымен шектесетін Мысыр сұлтандығының солтүстік шекарасын нығайтады. Дегенмен Қайтпай сұлтанның атын әлемге танытқан мұсылмандардың сәулет өнерін дамытып, биікке көтергені болатын. Ол өзі билік құрған 28 жылдың ішінде 230 сәулет ескерткішін, түрлі құрылыс пен ғимарат салдырған. Соның кейбірі күні бүгінге «мұрты бұзылмай» аман жеткен. Сұлтан Мекке, Мәдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дамашық (Дамаск), Халеб (Алеппо), Александрия секілді қалалардың құрылыс нысандарына қолтаңбасын қалдырған. Осы тұста ерекше атап өтерлігі – Қайт­пай сұлтан өзі тұрғызған ғимарат­тарға, мешіт­терге қазақтың қошқар мүйіз оюын салдырып отырған.
Ғалымдар Қайтпай сұлтанның сәулет өнеріне ерекше ден қоюын оның ел басқарған кезі мұсылмандардың жаймашуақ кезеңіне сәйкес келуімен, саяси салқындық саябырлап, мәмлүктердің әскери қуатының артуымен байланыстырады. Сұлтан осы кезеңдерде мәмлүктердің дәстүріне дем беріп, тұрғызылған мысырлық ескерткіштердің бәріне мәмлүктердің өрнегін қостырып отырады. Қазақтың қошқар мүйіз оюы – осы өрнектердің біреуі ғана. Ол Мысыр билеушілері тарихындағы көне ескерткіштерге көңіл бөлген жанашыр сұлтан болыпты. Оның тікелей араласуымен Мысырдың Александрия мен Рашид (Розет­та), Шамдағы Дамаск пен Алеппо қалаларында жаңа құрылыстар бой көтерген. Құдыстағы Қайтпай субұрқағы мен Газадағы Әшрафия медресесін де өзі салдырған. Араб түбегіндегі қалаларды да гүлдендіріп, сонау Пайғамбар, сахабалар дәуірінен келе жатқан мешіт­тер мен медреселерді жаңғыртады. Біз жоғарыда атап өткен 1481 жылы Мәдинадағы Пайғамбар мешіті өртке оранған кез­де Қайтпай сұлтан көмегін аямай, киелі мешіт­ті түгелдей қалпына келтіруге атсалысады. Мекке қаласындағы қасиет­ті Қағбаның да сәулетін арт­тыруға баса мән береді. Осылайша, қос киенің сақшысы болған Қайтпай сұлтан Ислам дінінің гүлденуіне үлкен үлес қосады. Сұлтанның Ислам дініне қызмет еткенінің тағы бір айқын дәлелі – ол 1472 жылы Меккеге барып, қажылық сапарын өтейді. Осы сапарында Мекке халқының кедейшіліктен көз ашпағанын көріп, ғұмырының біраз бөлігін қасиет­ті қала халқының тұрмысын көтеруге арнайды. Қасиет­ті Қағбаның сәулетін жақсартуды қолға алатыны да осы кез. Осындай қамқорлығын көргендіктен болар, ондағы мұсылмандар Қайтпай сұлтанды әлі күнге де­йін құрмет­теп, қадір тұтады.
Қайтпай сұлтанның даңқын асырған құрылыс – Александриядағы «Қайтпай қамалы». Бұл қамалдың тұрғызылуы сұлтанның Жерорта теңізіндегі беделін жоғарылатып, османдықтардың сағын сындырады. Құрылысы 1477 жылы басталған қамалды салу үшін Александрияның теңізге жақын тұсы, Фарос аралының шығысындағы бұрынғы «Әлемнің жеті кереметінің» бірі – атақты Александр шамшырағы (маяк) орналасқан жер таңдап алынады. ХIV ғасырдағы жер сілкінісі салдарынан жермен-жексен болған Македонский шамшырағының үстіне қамал салу арқылы Қайтпай сұлтан көне тарихты қайта тірілткісі келгенге ұқсайды. Қамалдың жалпы құрылысына қазынадан жүз мың динар бөлгізіп, оны салу кезінде жер сілкінісінен қирандыға айналған маяктың кейбір материалдарын пайдаланады. Қорған ішкі және сыртқы қабырғалармен қоршалып, ішкі бөлігінде күзетшілердің жатын орындары мен қару-жарақ қоймалары жабдықталады. Қаншама шайқастарда қабырғасы сетінегеніне қарамастан, қорған осы күнге де­йін аман жетіп, 1952 жылы қайта жөнделіп, теңіз музе­йіне айналды. Александрия қаласының «Тарихи орындар» бөлімінің директоры Мұхаммед Мүтәуәлидің айтуынша, «Қайтпай сұлтан қамалы» туристік орын ретінде қала бюджетіне жыл сайын 10 миллион египет фунты көлемінде кіріс түсіреді екен. Сондай-ақ аталған қамал Мысырдың ұлт­тық банкнотының бірінде бедерленіпті.
Көпке де­йін бізге белгісіз болып келген тұлғаның атын аспандатып тұрған тағы бір тарихи нысан – «Қайтпай сұлтан кешені». Каирдың солтүстігінде орналасқан бұл кешеннің құрылысы 1472 жылы басталып, 1474 жылы аяқталған. Ол туралы кешеннің солтүстік қасбетіндегі кіреберістің оң және сол жақтарында анық жазылған. Бұл кешен Мысырдағы алғашқы сауда үйлерінің бірі ретінде тарихта қалған. Кешен мешіт, медресе, Сұлтан сарайы, суару жүйесі және шәкірт­тер үйінен тұрады. Қайтпай сұлтан көзі тірісінде, 1474 жылдың желтоқсан айында осы кешеннің ішінен өзіне арнап зират та салдырған.
Кешеннің сәулеті өзіндік үйлесімділігімен, ішкі-сыртқы безендірулерімен ерекшеленеді. Есіктері түрлі-түсті мәрмәр және жазулармен безендірілген. Есіктің оң жағында Мысырдағы ең биік мұнаралардың бірі саналатын мұнара (биіктігі 39,62 метр) орналасқан. Шығыстанушы Сырым Құрмаштың айтуынша, «Қайтпай сұлтан кешені» – мәмлүктер даласында салынған нысандардың ішінде көптеген бөлшектері сақталып қалған жалғыз ескерткіш. Араб көне жәдігерлерін сақтау комитеті 1893–1897 жылдары жөндеу жұмыстарын жүргізіп, төбелері мен едендерін, терезелерін қайта жаңғыртқан. Ал 2015 жылы Қайтпай сұлтан хауызын қалпына келтіру жұмыстарын жасаған. Кешен мәмлүктер заманынан қалған ең көрнекті әрі көне ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған.
Құдыстағы «Қайтпай субұрқағы» – сол дәуірдің сәулеті көз арбаған құрылыстарының бірі. Әл-Ақса мешітінен жиырма метрдей жерде орналасқан бұл субұрқақты салуға мысырлықтардан бөлек, шеркеш шеберлері де қатысқан. Түгелімен мәмлүк өрнектерімен безендірілген субұрқақтың келбетін Құдысты османдықтар басып алғаннан ке­йін мүлде өзгертіп жіберген.
Бір қызығы, Қайтпайдың атын алған нысандардың барлығы сұлтанның жеке қаражатына тұрғызылған. Сұлтан өзі салдырған нысандардың бәрінде түрлі әдістерді қолданып, сәулет өнерін дамыта түскен. Мысалы, тастарды әшекейлеп кесудің алтын дәуірі тура сол кез­ден бастау алып, құрылыстарды мәрмәр тастардан тұрғызу кең қанат жайған.
Енді Қайтпай сұлтанның соғыстағы жаужүректігі туралы бірер сөз. 1485 жылы Осман империясы мәмлүктердің шекарасына жақындап, әлсін-әлсін сес көрсетеді. Сұлтан бейбіт келісімге келуді көздегенімен, османдықтар оған көнбейді. Сөйтіп, 1486 жылы Адана түбінде түріктер мен мәмлүктердің арасында кескілескен шайқас болып, түріктер ойсырай жеңіледі. Осы ұрыста Қайтпай сұлтан мәмлүктерді көзсіз батырлығы және ерекше қолбасшылығының арқасында жеңіске бастайды. Ал 1491 жылы Мысыр мен Осман билеушілері Қайтпай және II Баязит сұлтан ресми келісімге қол қо­йып, бір-біріне сый-сыяпат тарту етеді, екі мемлекет­тің арасында елшілік байланыс орнайды. Қайтпайдың қос мұсылман елін бір келісімге келтіруі оның беделін одан сайын арт­тыра түсіп, тек мұсылман елдері ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де даңқы жайылады.
Міне, сәулеті келіскен зәулім ғимарат­тар тұрғызып, халқының жүрегінен мәңгілікке орын алған Қайтпай сұлтан 1496 жылы 80 жасында дүние салады. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешеніндегі зиратқа жерленеді. Ал сұлтан тағына ұлы Насыр Мұхаммед отырады.

АҚШ-тағы Метрополитен музейіндегі Қайтпай сұлтанның тостағаны

АҚШ-тағы Метрополитен музейіндегі Қайтпай сұлтанның тостағаны.
Қазақ даласында кіндігі кесіліп, құлдықтан сұлтандыққа жеткен Қайтпай сұлтанның тек ғұмыры ғана емес, дүниеден өтуі де ерекше болған көрінеді. Қайтпай сұлтан туралы алғаш қалам тербеген белгілі журналист Серікбол Хасанның жазуынша, ол өмірден жүрелеп отырған күйінде өтіпті. «Қателеспесем, қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубайдың мақаласынан оқыдым-ау деймін, ол көрнекті қаламгер Рақымжан Отарбаевтың Мысырға барғанын, сондағы зират­тарға барып зиярат еткенін айта келіп, қыпшақтардан шыққан мәмлүк сұлтандарының басына барып, Құран бағыштағанын жазады. Сонда зират шырақшысы мәмлүк сұлтандарының зираты алдында тізе бүгіп отырған адамды көріп, есі шығып кете жаздайды. Неге десеңіз, Қайтпайдың жаны жүрелеп отырған кезінде кеудесінен шығып кеткен екен. Сондықтан мысырлықтар жүрелеп отырған адамды «Қайтпай құсап отырма» деп тыйып тастайтын көрінеді. Мына көрініс оғаш әсер еткен болуы керек, әлгі шырақшы Рақаңмен жақынырақ танысады. Рақаң өзінің Қазақ жерінен, Қыпшақ даласынан келгенін айтады. Сонда әлгі шырақшы: «Мен бүкіл өмірімді осы зират­ты күзетуге арнадым, сонда Қайтпайды іздеп келген бір қандасын көрмеп едім. Қыпшақтар бабасын неге іздемейді деп ойлаушы едім. Жер бетінде қыпшақтың тұқымы қалмаған болар деп түйгенмін. Сұлтанның іздеушісі бар екен ғой. Сіз мәмлүктерді іздеп келіп тұрған бірінші қыпшақсыз» деп егіліпті», – дейді ол.
Бүгінде Қайтпай сұлтан салдырған ғимарат­тардан бөлек, көзі тірісінде өзі ұстаған, тұтынған зат­тарының біразы сақталған. Мәселен, АҚШ-тағы атақты Метрополитен музе­йінде Қайтпай сұлтанның осы заманға де­йін жеткен тостағаны бар. Мәмлүктер қорында сақталған, диаметрі 36,8 см болатын күміс тостағанды музейге 1891 жылы Эдвард Мур деген коллекционер өткізіпті. Сондай-ақ Түркияның Топқапы сарайында Қайтпай сұлтанның сауыты болған. Сауыт­тың сұлтанға тиесілі екенін 1963 жылы доктор Рахман Заки растапты. Ке­йін бұл сауыт Метрополитен музе­йіне көшірілгенге ұқсайды. Себебі Informburo.kz ақпарат агент­тігінің тілшісі Жолдас Өрісбай 2019 жылы әлемдегі төртінші үлкен мұражай саналатын Нью-Йорктегі музейден дайындаған фоторепортажында: «Сұлтанның киімі болат, темір, мыс және алтыннан құралған. Бұл мәмлүктер өркениетінен қалған 4 соғыс сайманының бірі екен. Қайтпай мәмлүктер сұлтандығын 1496 жылға де­йін билейді. Ал 1517 жылы Мысырды Осман түріктері жаулап алған. Қайтпайдың соғыс киімі жеңістің символы ретінде Ыстамбұлдағы Осман арсеналында ұзақ жылдар бойы сақталып келіпті», – дейді.
Бұған қоса, Вашингтондағы музейде Қайтпай сұлтанның қару ораған кілемшесі қойылған. Ені 210, ұзындығы 220 см болатын кілемше 1965 жылы музейдің тоқыма қорына өткізіліпті. Каирдағы 100 мыңнан астам тарихи жәдігері бар «Ислам өнері музе­йінің» бірнеше залы шеркеш сұлтандарына арналған. Осы залдың бірінен Қайтпай сұлтанның тамғасын көруге болады. Мұның бәрін былай қойғанда, тіпті, бізге сұлтанның суреті де жеткен! «Ұлы Қайтпай, Мысыр сұлтаны» деп аталатын сурет алғашқыда ағашқа бедерленіпті. Сурет­ті 1575 жылы италиялық атақты суретші, тарихшы-ғалым Паоло Джовио cалған. Сонымен қатар мысырлық ғалымдар қасиет­ті Қағбаның суағарындағы қошқар мүйіз өрнегін де Қайтпай сұлтанның салдырғанын дәлелдеген.

Александриядағы Қайтпай сұлтан қамалы

Қайтпай сұлтан билік құрған уақыт­та, Мысыр мемлекетінің құрамына қазіргі Мысыр, Сирия, Ливан Республикалары мен Иордания Хашимит Корольдігі, Израиль, Палестина жерлері түгелдей кіргенін ерекше атап өткен жөн. Сонымен бірге Түркия Республикасының Сирия елімен шекаралас аймағы, Сауд Арабиясы Корольдігінің Мекке мен Мәдина қалалары орналасқан Хижаз аймағы, Ирак Республикасының Евфрат өзенінен оңтүстікке қарайғы жерлері де сұлтан басқарған осы Мысыр мемлекетіне қараған. Осыдан-ақ Қайтпай сұлтан билеген мемлекет­тің қандай ауқымды болғанын көруге болады.
Арабтар шеркеш сұлтандары салдырған құрылыс кешендері орналасқан жерді «мәмлүктер сахарасы» деп атайды. Бейбарыс сұлтанның заманында бұл ашық далалық жер болған көрінеді. Оны әскерилер жат­тығу өткізетін орын ретінде пайдаланған. Қалалық кешендер шеркеш сұлтаны Барқұқ билікке келген соң салына бастаған, ке­йінгі сұлтандар құрылыс жұмыстарын жалғастырған. Бұл кешендердің аумағы өте үлкен. Оларға арнайы зерт­теулер жүргізіліп, ғылыми еңбектер де жазылған. Солардың бірі, арабтың тарихшы ғалымы Атия Абулхафиз «Шеркеш мәмлүктер дәуіріндегі мұсылман архитектурасы» ат­ты көлемді еңбегінде аталған кешенді бұрын-соңды болмаған дәрежеде көркейтіп, өркендеткен Қайт­пай сұлтан екенін айтады. Ғалым осы еңбегін бір жыл бұрын Мысыр еліне арнайы сапармен барған мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновке сыйға тартыпты. «Қайтпай сұлтанның есімі бірнеше мектепке берілген. Соның бірі – Александрия қаласындағы Қайтпай сұлтан атындағы ұлдар мектебінде болудың сәті түсті. Қайтпай сұлтанның қабірі орналасқан жерде Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізі бар қорап тұр. Оны кезінде сұлтанның Меккедегі арнайы өкілі әкеліпті. Қайтпай сұлтан оны 20 мың ділдаға сатып алған. Ке­йін Осман империясының сұлтаны І Селим Пайғамбардың ізін Ыстамбұлға алып кетеді. Бірақ Қайтпай сұлтан оның түсіне кіріп: «Бұл – Пайғамбардың қалауы, сондықтан оның ізін орнына апарып қой», – деп аян береді. Осыдан ке­йін І Селим сұлтан зор құрметпен Пайғамбар ізін Каир қаласындағы Қайтпай сұлтанның кешеніне қайтарыпты», – дейді Сәрсенбай Құрманұлы өзінің естелігінде.
2022 жылдың қазан айында Атырау қаласындағы Еркінқала ауылынан ашылған 850 орындық мешітке Қайтпай сұлтанның есімі берілді. Мұны жат жерде билік құрған бабамызға деген құрмет деп қуана қабылдағанымызбен, Қыпшақ даласынан шыққан сұлтандардың ішінде Мысыр мемлекетін ең ұзақ билеген, есімі тарихта алтын әріптермен жазылып қалған, өзге әлем зерт­теп, дәріптеп жүрген Қайтпай сұлтанның даңқты жолдары мен жеңістері, жасампаздық істері туралы өзіміздің білмеуіміз өкінішті. Шынында да, бойында қазақтың қаны бар, араб жерінде ерекше із қалдырған Қайтпай сұлтанды қазаққа танытатын уақыт келген сияқты.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақ­стан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты,

Мәдина қаласы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 18.02.2025 | 12:30

Біздің заманымызға де­йінгі 886 жылы (1481 жыл)? Мүмкін біздің заманымызда шығар?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір