ЕРЕКШЕ АДАМДАР ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК
14.10.2016
3480
0

Адам баласының бір ісіне қарап, оның бар болмысына баға беретін адам тану қасиетін бүгін көп кісінің бойынан таба алмаймыз. Аракідік осындай таным иелері туралы жазбаларды оқи қалсақ, бір ұлттың басынан кейбір жақсы  мінездің ауатын кезеңі болады екен-ау деген ойға қалатынымыз бар…  Ерек мінезді адамдар жайлы екі естелік оқыңыздар.



zharaskan-abdirashЖарасқан ӘБДІРАШЕВ

Жарасқан Әбдірашев ағамызбен «Жұл­дыз» журналында бірге қызмет істеп жүрген кезімізде, бір думанды сапарда ол кісі біраз дүрілдетіңкіреп жіберді.

Ертеңінде ыңғайсызданғанын біл­дір­меу­ге тырысып:

– Кеше менен біраз кемшіліктер кетті-ау, ә!? – деді сабырмен.

– Сізде кемшілік болмайды ғой! – деп күл­дім, көңілін аулап.

– Кемшілік болмағанмен, ағаңнан біраз ар­тықшылықтар кетті-ау! – деп, күліп жі­бер­­ді. Сонымен бәрі жуылып-шайылып кет­ті.

Бір күні үйіне бардым. Маған жаңа ғана жазылған мына өлеңін оқыды да:

«Баян, сенен басқа, тіпті, менде де түп­нұс­қасы жоқ өлең!», – деп жазып, қолын қойып берді.

Ешкімге, жаным, ешқашан,

еңкейіп жағынбағанмын.

Тірлігімді осы қоштасаң,

Сенің де мен де ағаңмын.

 

Жаралдым демен ерекше,

жағдайымды ұққан ел қәні.

Іні де болам, керексе,

Ізетің болса – болғаны.

 

Қорқамын оқ атқаннан да,

үзгеннен үміт жалғаннан.

Ағасын жоғалтқаннан да

інісін жоғалтқандардан!

 

Артпасын ешкім бекер мін,

Жақпасын қара – ақ арға.

қорқа да қорқа өтермін,

Қорықпай саған қарарға…

 

Тірліктің шаңыт – шаңдағы,

қайрылта бермес көп артқа.

Ағаңды жоғалтсаң-дағы,

ініңді, әсте, жоғалтпа!

Міне, содан бері отыз жыл өте шығыпты! Менің архивімде сақталған  өлең ардақты ақынның ағалар мен інілерге назы, аманат сәлемі секілді!

Жетпісінші жылдары Жарасқан Әбді­ра­шевтың «Дала, сенің ұлыңмын!» деген өлең­дер жинағын Жазушылар одағында тал­қылап, тезге салмақ болыпты. Ғылым ака­­­­­демиясынан, тағы басқа да «тиісті жер­лер­­ден» «жауапты адамдар» қатысқан қызу­лы жиынның  дүмпуі біразға дейін дүңк-дүңк естіліп жатты. Дүрліктіргені – бұйы­ғың­қырап қалған Дала образының қайта тірілуі  мен кейін­гі дала ұлдарының «Дала, сенің ұлың­мын!» деп ашық айтуға жа­рап қалған­дығы болар-ау деп шамалаймын қазір!

Сол жиында Кеңшілік Мырзабеков ор­та­ға белсеніп шығып:

Менің ақын ретінде Жарасқанмен келіс­пейтін жерлерім көп! Адам ретінде де екеу­міздің үйлесе бермейтініміз тағы рас! Бі­рақ Жарасқан – талантты ақын! Мен оны оқ­қа бермеймін! – деп, жырды қорғап сөй­леген екен жарықтық!

Ақындық мінез ғой бұл!

abiden-lahmetovҒабиден ҚҰЛАХМЕТОВ

Ғабиден досымның атасы Құлахмет – Көк­бөрі асқан батыр болған. Жауды қуып, құй­ғы­тып келе жатқанда тосқауылға тура кеп қалып, пу­лемет очереді кеудеден кесіп тү­сіп, қаза тап­қан. «Отызға ойран салғанды, Жиырма жау қай­тіп алды екен!» деп жоқ­та­ған екен әйел­дер.

Ғабиденнің Айдос батыр туралы айтқан әң­гімесі де есімде. Қапияда оқ тиіп, жарала­нып, құлап бара жатып, ырғайдан ұстап тұрып айтқан екен дейді:

Ырғайтының бойында,

Ырғай ма екен, тал ма екен,

Қапияда қай дұшпан,

Қайратымды алды екен,

Түзде өлмей үйде өлген,

Ерден сорлы бар ма екен!? – деп, күңіреніп өт­кен екен.

Ғабиденнің арғы атасы Жошы он сегіз жа­сында болыс сайлауына түскен екен. Бүкіл Қаракерей көтеріліп, сайлауда жеңіп шығады. Жұртты жинап, ұлықтар болыстың жез знагін Жо­шының мойнына тағатын бо­лады. Сөйтсе Жошы знакті мойнына тақ­қызбай: «Мына жерге қойыңдар!» деп, қой­ғызады. Қамшысын алып: «Әй, знәк, сен бая­ғыдан бері мені табу­дың орнына, ана пәленшенің, түгеншенің мой­нында неғып жүрдің? Енді солардан қап, ма­ған келдің бе? Мә, саған, әкеңнің…», деп, ақ патшаның бо­лыстық белгісін ал сабайды келіп қам­шымен! Айызы қанғанша сабап, сабап: «Сайлауға түскендегі ойым осы еді! Ал мұн­дай знәкті мойныма тақпаймын! Әке­тің­дер әрмен!», деп, қасқайып қарап тұр дейді. Содан, ұлықтар патша ағзамның жез знәгін сабады деп, протоколдап, Жошыны итжеккенге айдайды. Осы аңызды бала кү­нінен құлағына құйып өскен Ғабиден Каз­ГУ-де оқып жүрген студент кезінде Ир­кутс­кіге архив ақтара барып, атасына шы­ға­рылған үкім­ді тауыпты. Патша билі­гінің белгісін сый­ламағаны үшін деп, жер ау­дар­ған екен атасын.

Ғабиден Иркутскіде  архив ақтарып жүр­ген­де, ақшасы бітіп қалып, вокзалда вагоннан жүк түсіріп, жолына ақша тауып, елге қай­тыпты. Сон­­да оған қара жұмысшылар: «Аталарының та­ри­хын іздеп жүрген ақылды бала екенсің!», деп риза болып, ақшалай  кө­мек көрсеткен екен!

Маған жеп-жеңіл, шебер жасалған әде­мі қызыл домбырасын сыйлап еді. Мен ең тұң­ғыш ай­тысқа сол домбырамен шықтым! «Қи­қы­маттың хикаяларына» редактор бол­ған. Әкесі мен ингуштың достығы туралы оның айтқан әң­гімесі отыз жылдан аса уа­қыттан кейін менің қия­лымда өлең боп жаң­ғырды.

Алашорда тарихы, Алаштың арманы – азат­тығы мен арыстары, торыала атты алаш пол­кі туралы талай сырларды төгілтіп бір тол­ғаушы еді. Бұл – сонау сексенінші жылдар, партия, совет­тің билігі мызғымай тұр­ған кез болатын. Оның зерделілігіне, саяси көз­қарастарының айқын, тереңдігіне, ұлт­жандылығына айрықша риза болушы едім. Тұнып тұрған шежіре, ағып тұрған дария, жас­тығына қарамай, қатпар-қатпар қазы­на­лы қария сияқты көрінетін Ғабиден Құ­лах­метов Алаш арыстарының сынығы, өзі де Алаш арысы еді!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір