«Сатаевич» Естелік
Біздің алғаш танысуымыз қызық болып еді-ау, Абеке! 1971 жыл шығар, Әнуар Әлімжанов екеуіңе Алматының Гоголь көшесіндегі сирек кітаптар дүкенінде, «Букинисте», кездестім ғой.
– Ғаббас, танысып қой: қазақтың тұңғыш архивариусы (латын сөзі: мұрағат қызметкері, шырақшысы деген ұғымда, – Ғ.Қ.) Амантай Сатаев осы жігіт, – деп Әнекең жымиып, екеумізге кезек қарады емес пе? Аппақ пішініңе көзім тойған. Қол алыстық. Қолың – қол-ақ екен!
– Жігітім, екі кило ет алу үшін дүкенде екі сағат сарылып, кезекте тұрып жүрген мынау заманда сенің қолыңды алу қойдың санын құшақтата қойғандай екен! – дегенімде сен:
– Өй, айналдым! – деп қарқылдап кеп күлдің. Жарықшақ дауысың дүкенді кернеп кеткен.
«Айналдым» деген сөзді риза болған сәтіңде айтатын едің. Отбасымыз болып ойнап-күліп араласқан отыз екі жылда сенің біреуге қышқыл сөз айтқаның, қыңыр мінез танытқаның есімде жоқ. Сабырлы, кішіпейіл, ақжарқын, ғибратты әңгімешіл, кешірімді, кеңпейілді едің. Білімдарлығың ғой. Біз де сені құрметтеп, «айналдымыңа» әрқайсысымыз өзімізше қарымта сөз тапқанбыз. Мен сені бірден «Сатаевич» дегенімде:
– «Архив орбитасында анау Затаевичтей болсын дегенің ғой, ә?» – деп жайдары күлгенсің.
Сенің күлкің де, іс-қимылың да қалтқысыз, таза, тамаша еді! Қаламгерлік ізденісің, тың ой-тұжырымың қай-қайсысымызды да аса қызықтыратын. Адамзат тарихын, Қазақстанның, қазақтың көне тыныс-тіршілігін мұрағат құжаттарымен дәлелдеп сөйлегеніңде біз сүйікті ұстазының дәрісін тыңдап отырған шәкіртше рахаттанатынбыз. Мен сенің жеке мұрағатыңдағы түпнұсқа, көшірме құжаттың молдығына да еріксіз таңданғанмын.
2000-жылы: «Жасым жетпіске толуына жаңа жеті кітабымды шығарамын!» – деп әзілдегенің әлі есімде. Бірақ не шара, көбі қолжазба күйінде қала берді…
Аттила бабамыздың өмірін зерттеуің – әрі қажырлылықтың, әрі құштарлықтың шын үлгісі. Әлем тарихында Аттила туралы нендей жазба еңбек бар, соның бәрінің бір-бір данасы сенің қолыңа жеткенін білемін. «Біздің аю «кітаптің астында қалармыз» деп қояды», дейтін едің әзілдей күліп. Бәйбішең Гүлжанды сырттай «менің аюым» деп отыратынсың. «Жаным, күнім» дейтіндердің көбі Гүлекең екеуіңдей тату-тәтті бола алмаған да шығар. Балаларыңды мәпелеп өсіріп, немерелеріңнің асты-үстіне түсіп, ер басыңмен ерекше, әйел-анаша елжірейтін едің.
Соңғы шүйіркелесуіміздің бірінде: – Мен сенің алдыңда кетемін десем, «аюым»: «Соңыңнан қуып жетемін, жалғыз жатқызбаймын» дейді. Мен: – О дүниеде де тыныштық бергің келмейді дедім, – деп әзілдеп едің. Нендей әңгімені болсын әзіл-қалжыңмен аяқтайтынсың. Ол мінезің жарық дүниеге құштарлықтың, тіршілігіңе шүкіршіліктің, айналаңдағы үлкен-кішіні алыс-жақын демей силаудың өнегесі екен.
Ай, аяулы «Сатаевичім», бақыл бол! Ғаббасың.
25. 08. 2003 ж.

Ұзақ жылдарғы жолдас-сырласым, сегіз жыл іргелес көршім болған Амантай Рахымжанұлы Сатаевты жер бесігіне жатқызып келген күнгі түнде қойындәптеріме осыны жазыппын… Жасы жетпіске толуын тойлауымызға екі ай ғана қалып еді…
Қаламды серік еткен, қару еткен қырық жыл бойында небары төрт кітабы шығып еді, ал өзі бақиға аттанып кеткеннен беріде алты жинағы жарық көрді. Қазекемнің: «Орнында бар оңалар», дегеніне көзім және бір жетіп, шын пейіліммен шүкіршілік етіп отырмын. Өйткені, бұл «бар» мен «жоқтың» біразын көрдім. Әсіресе КСРО Әдеби қорының Қазақ бөлімшесін басқарған он жылда. Көзі тірі жазушының шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуына жағдай жасауға міндетті бөлімше дүниеден озғанның қабірі басына құлпытас орнату, өмірінің соңғы кезеңінде тұрған үйі қабырғасына ескерткіш тақта ілдіру, әдеби мұрасын тәптіштеу істерімен шұғылданатын. Бұл үш парыздың қалай өтелері қайтыс болған ақын-жазушының артында кімінің қалғанына байланысты. Әлбетте, бөлімше марқұмның отбасымен келісе қимылдайды. Сондайда қазекемнің: «Біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейді» дегені рас екеніне еріксіз куә болғаным бар. Ал Амантайдың былтырғы жыл соңында қолыма тиген 6-шы кітабын («Бәрі де көңілімде, көз алдымда». Естеліктер, жолжазбалар жинағы. «Қайнар» баспасы) шолып шығып, қуанышты көңілмен шүкіршілік еттім. Себебі Амантайдың бәйбішесі Гүлжан, екі қанаты – Сәуле мен Жанар оның барша әдеби мұрасын гәзет-журнал беттерінен, мұрағатынан тауып, оның бәрін тәртіптеп, компьютер терімінен өткізуге кірісті. Гүлекең қолжазбаларды тақырыптарына қарай іріктеп топтап, баспалармен байланыс жасады. Бұл тұста өздеріне ұсынылған қолжазба жинақтың құндылығына көз жеткізген, кезінде Амантайдың кім екенін танып білген баспагер, рухани іні-қарындастарына («Елорда», «Қайнар», «Ел-Шежіре», «Сөздік-Словарь» баспалары) алдымен, әрине, бағдарламасына енгізіп, жол ашқан Мәдениет және ақпарат министрлігімізге мың да бір алғыс!
…Амантайдың үйіне келушілер көп болатын. Қазақстаннан тыс елдерден де келіп жүретін. Оның бірден бір себебі: Амантайдың Мәскеудің тарихшы-архивариустер институтында оқығаны және үйде болғанынан сол Мәскеуде, Ленинградта, Ташкентте, Омбыда, қысқасы, Қазақстанға, қазаққа қатысты дерек бар-ау деген мұрағаттардың бәрінде дерлік болып, кәсіптес жолдастарын көбейткені. Ол әзілге сайдыра: «Қытайлардың ғана қорасына кіре алмай жүрмін, онда бізге керек мағлұмат аз емес!» дейтін еді. Әнуар Әлімжанов: «Біздің Амантай – Совет Одағының архивариусы!», – деп әзілдейтін.
Амантайдың қолында небір көне кітаптар, немесе сондай кітаптардың, қолжазбалардың, фотосуреттердің көшірмелері көп болды. Шетелдік таныс-бейтаныс архивариустар тарту еткен кітаптар ше?! Солардың бірін алып, әңгіме шерте жөнелгенде оның танымпаздығына, білімдарлығына қызыға таңданатынмын. Кеше өзі шығарған, бүгінде бәйбішесі мен балалары шығарған жинақтарының қайсысын парақтасаң да, тарихымыз, ғылымымыз, әдебиетіміз бен өнеріміз жайындағы дерек менмұндалайды. Хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыздың, ақын-жырау, әнші-күйші, ғұлама ата-бабаларымыздың өмірдеректеріне қанығасың және ол деректердің көбі тың, қайдан алынғаны көрсетілген нақты негізді. Олары – студент кезінен бергі уақытының үштен екісі жолсапарда өткен ізденімпаздың, көне тарихқа құмар жанның ауыр да абыройлы еңбегінің нәтижесі.
Қазақтың тұңғыш архивариусының жинақтарындағы деректі әңгімелер: Оттылы (Аттила), Абылай хан, Едіге, Бөгенбай батыр, Шоқан, Махамбет, Абай, Сегіз сері, Мұстафа Шоқай, Сүйінбай, Сәкен, Ілияс, Қажымұқан, Қаныш, Жүсіпбек, Мұхтар, Әлкей, Сәбит, Жұмат Шанин, Шәкен Айманов, Әнуар Әлімжанов сынды тарихи тұлғаларымыз хақында. «Алаштың асылдары» кітабы – тұтас бір әлем. Сондай-ақ: саяхатшы американдар мен поляктар, Арқа палуандары, француз жазушысы Ромен Роллан, орыс ақыны Сергей Есенин туралы мақалалары, «Құрманғазы» киносценариі – сергек зерттеуші, батыл пайымдаушы екенін дәлелдей түседі. Жасай алған қысқа да нұсқа фильмдері – зерделеушісін күткен жан байлығы. Ара-тұра жазған Күнделік беттерінде (бірнеше дәптер) тұнып жатқан сыр өз алдына…
Әлі есімде, бір күні Амантай телефон шалып, күле сәлемдесіп: «Мағжан Жұмабаевтың самоиздат тәсілімен шығарған кітабыңды өзің бермесең де, кеше Әнекеңнен алдым» деді. Әнуар: «Бұл кітаптың Амантайда болғаны жөн сияқты» деген.
Амантай кітаптарын шығаруға асыққан емес. «Жаңа жинағыңды қашан силайсың?» дегенімде: «Жазуға қажеттіні жинап алу керек, ал жазу, кітап ету ешқайда қашпайды» дейтін. Қызы Сәуле жазғандай, көңіл көтере қыдыруға әуестігі жоқ әкесі бәйбішесі Гүлжанға: «Мен кеткен соң ішің пыса қоймайды, өйткені менің архивіммен айналысасың», – деген екен. «Амантайдың архивін ақтарған сайын ешқайда жарияланбаған қолжазбалары табылады, бәрін де оқып, тарих үшін, ертеңгі ұрпақ үшін пайдалы екеніне көз жеткізіп, қайтсем кітапқа айналдырып үлгірем деп жүрмін», дейді Гүлекең.
– Гүлеке, құдай саған қуат берсін, балаларыңа ұзақ, бақытты ғұмыр берсін! Иншалла, Амантайдың аруағы сендерге риза! – деймін. Оқырман біздің де риза екенімізде шәк жоқ деп ойлаймын.
Абекеңнің Сәулесі мен Жанары әке жолын қуды. Архивариустер. Сәуле – тарих ғылымының кандидаты. Әкесінің орыс тілінде жазған әңгіме, хикаят, жолжазба, пьесаларын «В лебедей не стреляют» деп шығарарда арнайы жолсапармен Мәскеуде, Петербургта болып, сонау жылдары әкесімен бірге оқыған, мұрағаттарда тарихи-әдеби зерттеу жұмыстарын бірге жүргізген адамдарды тауып кездесіп, сұхбат алып келді! Тартымды, тағлымды жолжазбасы жинаққа енгізілді. Тақырыбы – «Путешествие из Алматы в Петербург и Москву». Соны оқығанда қатты тебіреніп: «Орыс жігіті Радищевтің саяхаты екі қаламен шектеліп еді, біздің қызымыз одан асып түсті!» дегенімде Сәуле: «Әке үмітін ақтауымыз керек қой?!» – деп жымиды. Бұл жолжазбасының қазақша нұсқасы – «Әкем нағыз қазақ еді» Амантайдың «Алаштың асылдары» жинағына енгізілген. Сәуле бүгінде АҚШ-та іссапарда. Вашингтон университетіне мұрағат жұмыстары жөнінде тәжірибе алмасу мақсатымен барып, ғылыми еңбек етіп, дәріс те оқып жүр. Жанар – Мәдениет және бұқаралық ақпарат министрлігімізде мұрағат мәселесі бойынша Бас сарапшы.
Амантай – Ақмола облысының түлегі. Ерейментау ауданының Шәкей ауылында 1933 жылы қарашаның 25-күні дүниеге келген.
2004 ж.
Қосымша: қазақтың әдебиеті, өнері, тарихы әлемінде қызмет істеп жүрген аға-апайларымыз және біздер, білмекке құмар танымпаз іні-қарындас қаламдастарымыз Амантай Сатаевтың 90 жылдығы кең көлемде атап өткізуіне үлес қосалық!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
2023-жыл, шілде