Ерекше жандар ерекше қамқорлықты қажет етеді
17.06.2024
144
0

Соңғы жылдары өңірлерде, сондай-ақ ірі қалалармен қатар шағын елді мекендерде мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бағытында біршама жұмыс атқарылуда. Осы ретте ерекше қажеттілігі бар адамдардың өміріне жеңілдік, жайлылық, жылылық әкелер іс-шаралардың дәйектілікпен іске асуын қадағалайтын әлеуметтік инспекторларға жүктелер жауапкершілік үлкен. 

Әлеуметтік кодекс күшіне енген былтырғы 1-шілдеден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспек­тор­ла­рының институты жұмыс істей бастады. Өз құзыретіне сәйкес әлеумет­тік инспекторлар мүгедектігі бар адам­дарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, биыл жылдың басынан бері осы міндеттер аясында әлеуметтік инспекторлар 1396 тексеру жүргізген. Оның ішінде 449-ы профилактикалық бақылау мақсатында, 270-і жоспардан тыс және 677-сі прокуратураның талабы бойынша жүргізілген екен.
Сонымен қатар 60 әкімдік, 10 дәріхана, 36 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 23 жеке кәсіпкер, 655 мектеп, 10 дүкен, 28 жергілікті атқарушы органдар басқармасы, 7 мәдениет үйі, 6 мұрағат, мұражай, 4 банк филиалы, 67 балабақша, 3 колледж, лицей, 3 кафе, мейрамхана, қонақ үй, 1 нотариус, 15 мемлекеттік мекеме, 17 аурухана мен емхана, 2 шипажай, 7 сауда үйі, 3 қазпош­та филиалы, 3 полиция пункті, 2 стоматология, 2 оңалту орталығы, 1 автобус паркі, 1 кітапхана, 1 БЖСМ және басқалар мемлекеттік бақылаумен қамтылды. Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қостанай облыстық департаменті мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылым қалыптастыру барысына, нақты осы мысалда атап айтылғандай, дүкенге кіріп-шығуға мүмкіндік жасалмағанына байланысты сауда объектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ анықталған құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқау берілді.
Соңғы жылдары өңірлерде, сондай-ақ ірі қалалармен қатар шағын елді мекендерде мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бағытында біршама жұмыс атқарылуда. Өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар да осы тұрғыдағы мақсат­ты шараларды жүргізуде оң қозғалыс барын атап көрсетуде. Әрине, бұл ретте жасалып жатқан жұмыстарға, сол іс-шаралардың нәтижесі ерекше қажеттілігі бар адамдардың өміріне қаншалық жеңілдік, жайлылық, жылылық әкелгеніне қатысты әлеуметтік осал топтағы азаматтардың көзқарасы мен ой-пікірінің орны бөлек. Осы ретте бірінші топтағы мүгедек, шымкенттік Рахат Амантаева бүгінде ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыруға деген жауапкершіліктің бар тараптан байқалып отырғанын айтады. «Шымкент қаласында жыл сайын ерекше қажеттігі бар адамдар үшін қолжетімді нысандар саны едәуір артып келеді. Олардың қатарында білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау нысандары, халыққа қызмет көрсететін ұйымдар бар. Бұрын тек сыртта пандус орнату қажетін айтатын болсақ, қазір ғимараттар іші де бейімделіп, ережеге сәйкес тактильді плиткалар орнатылып жатыр. Ғимараттарға іргелес аумақ ретке келтіріліп, мүгедектігі бар адамдарды тасымалдайтын көліктер үшін арнайы автотұрақ жасақталуда. Жеке сектор нысандарының меншік иелері қолжетімді ортаны құруға жауапкершілікпен қарай бастады», – деп атап өтті ол.
Салалық министрліктің мәліметтеріне қарағанда, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері биылғы жылдың бірінші тоқсанында 854 тексеру жүргізген. Тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою туралы 372 ұйғарым беріліп, 81,2 миллион теңгеден астам сомаға 344 айыппұл салынғанын айта кетпекпіз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір