ПАДИША МІНЕЗ, ПАТША КӨҢІЛ (естелік-эссе)
16.12.2022
545
0

Көрнекті қаламгер, белгілі ақын, жазушы-драматург Төлеген Қажыбай көзі тірі болса
80 жастың сеңгіріне шығар еді.

Ойлап отырсам, өмір жолын жаңа бастаған жас кезімде туған жерім – Көкшетауымда қамқорласып, жақсы көрген тілекші ағаларым айтарлықтай көп болыпты. Солардың бәрі дерлік менің ұлағат­ты ұстаздарым, болашағыма жол сілтеген ақылшыларым еді. Араларымызда әкелі-балалыдай, ағалы-інілідей сыйластық, ақжарма ілтипат жайқалған сол бір жастық шағымның дәйім жанымды жадыратқан жарқын дәуренін сағынамын. Алыста қалған алтын жылдарым-ай!… деймін. Қадірлеріңді сол қиқулап жүрген құс қанат­ты кездерде білдім бе екен, шіркін-ай?!
Зерендінің аудандық газетінің редакторы, қарымды журналист, мысалшы қаламгер Баймұрат Азнабайұлы, дүйім қазаққа мәшһүр көкшетаулық көрнекті жазушы Естай Мырзахметов, қазақтың айтыс өнерін өрлетушілердің бірі емес, дүрі, Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеев, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы, белгілі жазушы Жанайдар Мусин, одан кейінгі баспасөз баһадүрлері Мәтен Бижанов пен Нұрхан Ысқақов. Бәрі де бауырларына тарт­ты, алқады, ақ баталарын беруден жазған емес.
Ал енді осынау алды кең, арты кен алтын ағаларымның ішінде де мен үшін дәйім алдымдағы шырақ болып жағылған, жүрегінің лүпілі кеудемде домбырадай күмбірлеп қағылған ерекше ыстық бір жан бар. Ол – Төлеген Сыздықұлы Қажыбай. Мен дегендегі көлдей көңілін тасқа басып: «Қуанышым, жұбанышым, Қорғашым!..» деп жалпақ жұртқа жар салып білдірген ағатайым!.. Елу жыл бойы бір-біріміздің тойымыздан қалмадық, бір-бірімізді ойымыздан шығармадық, хабарымызды әсте үзбедік. Алматыда жүрсем де ағаның Көкшетаудағы 50 және 70 жылдық мерейтойларына, Астанадан 75 жылдық тойына бірінде Сәкен Жүнісов заңғармен, келесілерінде қазақтың атақты ақындары Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбайлармен үзеңгілес барып, қуа­нышын бөлістім. Төкең өзі Алматыда, Жазушылар одағында өткен менің 60 жылдық тойыма Көкшетауымның делегациясын бастап келіп, абыздық сөзімен алқап, мерейімізді асырғанын да ылғи айта берем, айта берем.
Ең алғаш Төлеген ағамен өткен ғасырдың 70-ші жылдарының бас кезінде Көкшетау облыстық газетінің редакциясында танысқаным күні бүгінгідей көз алдымда. Мен Алматыда, Қазақ университетінің, журналистика факультетінің студентімін. Есімін сырт­тай ғана естіген, газет­тің әдебиет-мәдениет бөлімін басқаратын Төкеңе сәлем беріп кіріп шықтым. Сол уақыт­тарда облыстық газет­те біраз өзгерістер болып, жаңадан келген редактор Жанайдар Мусин жан-жақтағы көкшетаулық мықты кадрларды жинап жатқан шағы екен. Сөйтіп, Шортаннан Хакімтай Әміровті, Қызылтудан Нұрхан Ысқақовты, ал Целиноградтан сондағы облыстық телерадио комитетінде істеп жүрген талант­ты ақын Төлеген Қажыбаевты арнайы шақырып алдырған. Әлбет­те, Жәкеңнің бұл адамтанығыштық көзмергені Көкше еліне қылған үлкен қызметі деп білсек керек. Әйтпесе, сол Целиноградта қалып қойған көкшетаулық тамаша дарындар Мәди Хасенов пен Нөгербек Мағзұмовтарды бұл күндері жерлестерінің бірі білсе, бірі білмейді.
Алғашқы таныстықтан кейін көп ұзамай Төкең менің бір топ өлеңімді суретіммен, жылы лебізді, ақ тілекті аңдатпа лебізімен облыстық газет­те жариялап, жарқ еткізіп, қуанышқа бөледі. Ойпырмай, сол кездердің қаламақысы да мықты болушы еді. Біз сияқты қоңылтақ бозбалалар бір жасап қалатынбыз. Ағаның шарапаты алдағы уақыт­та да жібін үзбей, осылай жалғаса берген.
1974 жылдың ақпанынан Зерендінің аудандық газетінде істей бастадым. Мақалаларымды облыстық газет­тегі Төкеңе үзбей жіберіп тұрамын. Олар рет-ретімен шығып жатады. Соның арқасында маған облыстық газет­тің редакторы Жанайдар Мусин назар аударып, жұмысқа алмақ ниетін білдіріп шақырды. Бірақ мен жалғыз шешемнің қасынан кете алмайтынымды айтып, бұл шақырудан бас тарт­тым. Соған ренжіген Жәкең: «Онда Қорғанбек шешесінің қасынан шықпай отырсын» деп бірер мақаламды баспай қойғаны да бар.
Бір жолы Зерендіге журналистік іссапармен Төлеген ағам келе қалды. Қасына еріп бірге жүрдім. Әлі үйленбегенмін. Шешейге айтып, үйде үлкен дәм дайындат­тым. Одан ауылдарға жол жүріп кет­тік. Менің сұрақтарым да таусылмайды. Кеңінен қаусырған алғашқы жолығысуымыз. Көкшетаудағы маған жұмбақ әдеби, журналистік орта жайынан біраз жайға қанығып, ынтығым арта түсті ғой деймін сонда. Ал Төкең болса, бір ауылда Шубай Әбділманұлы деген аңшылықпен аты шыққан, қорасында күшігінен аулап өсірген қасқыр ұстайтын, ит пен қасқырды будандастырып тұқым алған ерекше бір кісімен кездесті. Келесі ауылда Балтакескен деген күйшімен әңгімелесіп, домбыра тартқызып, күйлерін тыңдадық. Қызылқайнар ауылындағы 1936 жылы Жамбылмен бірге Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан Мұсатай деген күйші өнерпаз атамыз туралы мағлұмат­тарға қанықты. Көп ұзамай облыстық газет­те Төлеген Қажыбаевтың осы өнер иелері жайын­дағы тыңнан толғаған тартымды да тағылымды мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Журналистік жолда ағатайымнан алған алғашқы сабақтарымның бірі осындай еді.
1977 жылдың жазында кезекті еңбек демалысым кезінде Қарағандыдан келе жатып «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына соқтым. Осында жұмысқа кіруге іштей бекініп, қабырғаммен кеңесіп келгем. Қабырғам деп отырғаным, содан төрт-бес ай бұрын үйленгем. Төлеген ағатайыма кіріп, шаруа-жайымды айт­тым. Осылай да осылай. Төкең шешімімді құптап, қуанышын білдірсе де, сәл кібіртіктеп қалды. «Жаңа ғана редактордың алдында бір жиналыста болып, Ерғали Досбаев деген ағаңды жұмысқа алып шығып едік. Енді қалай болар екен? Мен Жәкеңе кіріп, әуелі сенің жағдайыңды өзіне оңаша айтып шығайын» деп Төкең бар ауыртпалықты өз мойнына алды. Содан бес минут өт­ті ме, өтпеді ме, Жанайдар Мусин кабинетіне әуелі мені шақырып сөйлесіп, сосын бүкіл ұжымды жинады. Солардың алдында, жұрт­тың пікірін тыңдап, өзінің де көзқарасын айтып, «бұл жігіт­ті ұсынып отырған мына Төкең!» деп, Төлеген ағаны алға тарта, жасы үлкен болса да ілтипат білдіре сөйлеп, мені газет­тің Айыртау-Володар ауданы бойынша меншікті тілшісі етіп қабылдады. Сонда байқағаным, замандастары мен жастар жағы «Төке, Төке» деп атағасын Төлеген ағаны үлкендер жағы да, бүкіл ұжым да «Төке!» деп құрмет­тейді екен.
Міне, осы күннен бастап Төкеңмен қоян-қолтық, бірге туған бауырдай араласып кет­тік. Ақыл-кеңесіне жүгініп отырдым. Өзімше бір бастамалар көтеріп жатсам, «осыным қалай болады?» деп ақылдасып аламын. Іс-шара, жиындар ұйымдастырсам, алға Төкеңді саламын. Сол жылдары газет­тің атынан «Ауыл ажары – азаматынан» деген айдарымызға түрлі тақырыптар бойынша кеңшарлар мен ауылдарда диспут­тар өткізуді сәнге айналдырдық. Бұған жұртшылық пен оқырман қауымның ықыласы да мол болған-ды. Сондай бір диспут­ты жаңағы Володар ауданындағы Дәуқара ауылында дүрілдетіп өткіздік. Кеңшар директоры Еңбек Қабданов, парторг Құнанбай Сердалиндер ынта-шынтасымен көмектесті. Көкшетаудан Төлеген ағам, ҚазТАГ фотосуретшісі Советбек Мағзұмов пен облыстық радио тілшісі Жанмұрат Жанайдаровтар (екеуі де курстасым) келді. Төлеген аға клубка лықа толған жұрт­тың алдында кең көсіле сөйлеп, жиынымыздың мәртебе-мерейін көтеріп тастады, сөйлеушілерге сөйтіп дем берді, ортаға оңды ойлар тастап, ауыздарына сөз салды. Содан диспутымыз әдемі, мазмұнды да мағыналы болып өтіп, жиылған жұрт та жақсылық пен көкейкесті түйткіл мәселелерін айтып, риза болысты. Диспут материалдары Төлеген аға екеуміздің атымыздан газет­тің тұтас бір бетіне жарияланды.
Осылай басталған шығармашылық ынтымағымыз өмір бойы жалғасты. Ағаның тырнақалды поэзия жинақтары «Жол басы» мен «Жанымның жапырақтарын» өзінің қолтаңбасымен алу бақытын иеленіп, алғашқы оқырмандарының бірі болып, рецензия жазғаным да мен үшін ғанибет жағдай-ды. Көкшетауда өткен он екі жылда Төкеңнің тәрбиесі мен тәлімінің қара қазанында қайнап, шынығып, шыңдалдық десек, бек жарасады. Мен ғана емес. Мен қатарлы, менен кіші біраз жігіт­тер. Бақберген Амалбеков, Қайырбай Төреғожа, Құдайберлі Мырзабек…
Айтқандай, мен ауданда меншікті тілші болып жеті-сегіз ай ғана істедім. Содан соң аппаратқа алды. Алғанда да партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі болып жоғарылаған Төлеген ағамның орнына, әдебиет-мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне келдім. Сондағы толық жиырма беске де әлі тола қоймаған мен үшін бұл жағдай бақыт­тың асқар шыңы еді. Кімнің орнына келгенімді іштей ырымдап, жауапкершілікті де сезінбей қалмадым. Әлбет­те, аузынан қағынып, қызғаныштың қызыл итін шәуілдеткендер де табылды. Бірақ Жәкеңнің өзі, редактордың орынбасары Хакімтай Әміров, жауапты хатшы Нұрхан Ысқақов, Төлеген Қажыбаев сынды адал жүректі ақжолтай ағалар менің жағымда еді. Шәуілдектердің шәуілі шықпай жатып өшкен-тін.
Сол жылдарда Төлеген аға екеуміздің ел ішіндегі, Көкшетау қаласындағы қаншама мәдени-әдеби шаралардың басы-қасында бірге болғанымызды бір құдай біледі, түгендеп тауыса алмаспын. Ауылдардың халқымен кездесулерді, олардың әлеумет­тік-мәдени-тұрмыстық проблемаларын бірігіп жазуды одан әрі жалғастырдық. Сондай бір әдемі кештерді Зеренді ауданының Игілік, іргедегі Көкшетау ауданының Ортақ Жылымды және Ақан ауылдарында өткізгеніміз күні бүгінгідей көз алдымда, тіпті сол сәт­тердің сурет­тері де сақталған. Қайсы біреулеріне қазақтың үлкен жазушысы Естай Мырзахметов – Есағаңды, Қазақстанның халық ақыны, абыз айтыскер Көкен Шәкеев көкемізді, бұлбұл көмей дәулескер әнші Кәрім Ілиясовты ала баратынбыз. Сондай сапарлардың бірінде Көкшетау ауданының «Бұлақ» кеңшары, Жаңауыл ауылында Көкен ағамыз айрықша шабыт­танып, жыр нөсерін ағындатып еді. Ағаның домбыраны күйлеп отырып, суырып салып, бусана бұрқыратқан жырына сүйсінген мен сол арада қойын дәптеріме бес-алты өлең шумағын жылдам жаза қойып, сол жиынның соңына қарай сөз кезегі келгенде оқып беріп едім. Соның соңғы шумағында Төлеген ағамның да атын атаймын.
Уа, Көке, жыр тұлпарын жебелеген,
Бас қойып бастауыңа көгерем мен.
Ризамын күндеріме сізге ерген,
Бірге боп Кәрім аға, Төлегенмен.
Әлі есімде, өлеңіме өзін де қосқаным үшін Төкең кәдімгідей мәз бола қуанып, сол арада ағалық алғысын айтып та тастаған.
Есағаң мен Көкең өз алдына бір бөлек, ал енді ел алдына шығып сөйлегенде Төкең тау суындай тасқындап, шалқар шешендікпен көсіле толғаған әрбір жолы халықтың керемет ризашылығына бөленуші еді. Сол кеңестік заманда ұлт­тық тіліміз бен діліміз, қазақы дәстүріміз бен мәдениетіміз туралы ділгір ойларын тілгілеп айтатын. Бастық отыр, басқа отыр екен-ау деп кейбіреулерше бет-жүзге қарамайтын, ешкімнен жалтақтамайтын. Өмір бойы осы турашыл, әділетшіл кесек мінезінен айнымай өт­ті. Біз үшін, келешек үшін, кейінгі жастар үшін бұл да бір ғибрат.
Төлеген Қажыбай сонау жетпісінші жылдардан бастап бірден-ақ бекзат болмысымен, өнерімен, дарын-талантымен көзге түсіп, Көкшетаудың бетке ұстар біртуар азаматы болып қалыптасты, көптің көңіліне ол елдің бір жайсаң жақсысы ретінде ұялады, бірте-бірте биік шыңдарға қиялады. Әлбет­те, мұның бір сыр-себебі сүйегінің асыл тегінен, түптен тартқан тектілігінен болса керек деп пайымдаймыз. «Жігіт­тің жақсысы нағашыдан» демекші, Төкең өзінің түп нағашысы, нағашы жұрты Абылайды таққа қондырған атақты Қанай шешен, Қанай ауылы екенін үнемі еске салып, айтып, нағашы жұртына құрметін білдіріп отыратын. Қанай би туралы шынайы шабыт­тан туған толғау дастан да жазды.
Ал енді өзінің тамыр-тегіне, қанат қаққан қара шаңырақ ұясына келсек, бұл орайда да жүзіміз тіптен жарқын. Төкеңнің туған ауылы Қарағашта алғашқы колхоздың құрылуына сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин қатысыпты. Қазақтың алғашқы баспасөз қайраткерлерінің бірі, отыз жеті сүргінінің құрбаны болған жазушы Елжас Бекенов те осы ауылдың тумасы. Ал Сәкен Сейфуллин туған інісіндей бауырына басқан, Әуезов пен Мұқановтар жақсы көріп сыйласқан, Қасым ақын «Келдің Жақаң елуге, Правоң жоқ өлуге!» деп өлең арнаған, ашаршылық жайлы «Әлі қарт­тың әңгімесі» ат­ты тұңғыш дастанның авторы, қазақтың аға буын көрнекті ақыны Жақан Сыздықов Төлегеннің әкесі Қажыбайдың туған ағасы болып келеді. Ал әкесінің інісі Қажымұрат Сыздықов та белгілі аудармашы, әдебиет ауылының өз адамы. Төкеңмен бірге Алматыдағы Қажымұрат ағаның үйінде мен де талай болып, әңгімесін тыңдап, тіпті ол кісінің Брест қамалын жаудан қалай қорғағаны хақында «Егемен Қазақстан» газетіне етектей мақала да жазғанмын. Төкең әкесі Қажыбай неміс басқыншыларымен соғыста қаза тапқан соң дүниеге келіп, атасы Сыздық соғысқа берген өтеуіміз деп атын Төлеген қойған екен. «Қажыбайдың ақындығы Жақаннан да күшті еді» деп айтып отырады екен ауылдың көне көз қарт­тары. Сөйтіп, атасының бауырында өскен Төлеген құжат­та «Сыздықұлы» болып жазылады да, әкесінің аты тегіне айналады… Әйтпегенде, алып Жақан атасы сияқты, Төкең де Сыздықов болар еді. Бізге Қажыбаев деген тегі ыстық. Міне, Төлеген Сыздықұлы Қажыбаев осындай текті, бекзат әулет­тен шыққан, тегіне тартқан текті азамат, тума талант болғандығының бір себебі осыдан деп түйеміз.
Төлеген Көкшетауды көркейт­ті. Көкшетаудың бетке ұстар азаматына айналды. Келе-келе Алматыдағы мықтылар «Көкшетауда Төлеген бар» дейтін болды. Төкеңнің 50 жылдық мерейтойы кезінде «Жас Алаш» газетіне осындай тақырыппен мақала да жазғанбыз. Айталық, бірде Көкшетауға Алаштың бір арыс ақсақалы, Лениннің алдында қазақ жерінің қазіргі шегіндегі тұтастығын қорғап қалған ерен қайраткер Әлімхан Ермеков келеді. Облыс басшылары Әлекең ел аралаған кезінде қасына кімді қосамыз дегенде, таңдау Төлеген Қажыбаевқа түседі. Көкшетаудың абыройын биіктетіп, аталы да алқалы сөзге қонақ беріп, Ермековтей ереннің қасында жүруге Төлеген ақынды лайықты деп табады. Ол кезде айтылмайтын Алаш пен Алашорда жайындағы әңгімелерді осы жүздесуден кейін Төкең біздің де құлағымызға құйып қоюшы еді. Мысалы, соның бірі: Мағжан «Бар бәле анау қасқа бастан шығып жатыр» деп айтады екен. Қасқа басы Ленин ғой. Төкеңнің арқасында өткен тарих туралы білім-білігімізді осылай кеңейтіп жүрдік. Осы әфсананы мен бір өлеңімде:
«Қазақ үшін кер бәлең
Анау қасқа баста» деп,
Әулие Мағжан әуелден
Болжап айтқан тас түнек» –
деп ұтымды пайдалансам, бұл үшін,
әрине, Төлеген ағама қарыздармын.
Сексенінші жылдардың бас шамасында ғой деймін, Көкшетауға гастрольдік сапармен Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры келді. Мен спектакльдерге үзбей барып, газетімізге ізін суытпай мақалалар беріп тұрдым. Репертуарында Сәкен Жүнісов ағамыздың пьесалары молынан ұшырасты. Театрдың бас режиссері Жақып Омаров өзіміздің жерлес, Көкшетаудың Еңбекшілдер ауданының тумасы екенін біліп, оған да бір қуанып қалдық. Кейін білгеніміздей, Жақаң жалпы Қазақстанның көрнекті режиссерлерінің бірі болып шықты. Бір ғана әт­теген-айы, соның алдында ғана гастрольге Петропавлдың орыс театры келгенде асты-үстіне түсіп, қоғадай жапырылған обком партия қазақ театры келді екен-ау, кет­ті екен-ау демеді, мүлде көңіл бөлмеді, құрмет­тің тит­тей мезіретін де жасамады. Соның салқынынан, жарнама насихат­тың аздығынан көрермендер де азырақ болды. Сондағы бас режиссер Жақып ағамыздың мойымас қайсарлығына таң- ғаламын: «Залда бір көрермен отырса да, спектакльді соңына дейін қойып шығамыз!» деген еді жарықтық.
Міне, осылай мұңайған кезімізде Көкшетаудың абыройын қорғаған, қарағандылық қазақ әртістерін жұбатуды ойлаған нарқасқа Төлеген Қажыбаев маған айт­ты:
– Ал Қорғашым, көрсоқыр керең басшылардың керенау кесірінің салмағы екеумізге түскелі тұр. Көкшетауым деп келгенде кеудесінен итергендей болды. Бір әрекет жасамасақ, ертең ана Жақып ағамыздың бетіне қалай қараймыз?! Қой, бұлай болмайды! Не де болса, екеуміз бірігіп, Жақаңды, бес-алты әртісін қосып, қонақ қылып жіберейік…
Осындай бір ыңғайсыздықты мен де сезініп жүргем. Төкең айт­ты, біт­ті! Азғантай жалақымыздан аямай ақша шығарып, бір қой алып, арақ-шарабын мол алып, Көкшетаудың қонақ әртістерін құрмет­теп, керемет бір мәжіліс жасағанымыз бар. Сөйтіп, Көкшетаудың намысын Төкең бір өзі көтеріп жүретін. Елдің абыройы үшін шыр-пыр болатын. Бұл жайт­ты мен айтпасам, қазір еске алатын адам да қалмай барады.
Тағы бірде, егін орағының қызу науқаны тұсында, Көкшетауға әдебие­тіміздің ақсақалы Әбу Сәрсенбаев келді. Тағы да облыс басшыларының пәрмен-қалауымен аудан-ауылдарды аралаған Әбеңнің қасына Төлеген қосып берілді. Күнде таңертең арнайы мәшинемен жолға шығады, егіндіктерді, ел ішін аралап көреді, халықпен жүздеседі, әңгіме-дүкен құрады. Кешке қайтып келеді. Әбең қонақ үйде дем алады. Төкең болса күні бойы көріп-білгенін қағаз бетіне түсіріп, күнде таңертең бір жолжазба эссесін редакцияда қалдырып кетеді. Онысы ертеңгі газетімізді көркейтіп, жарқырап шығып тұрады. Иә, осындай, жұмысты жүремелете істеп тастайтын, жедел әбжілдігі де бар еді. Кейінгі біздей інілері сол қасиетіне де қызығатынбыз. Ал Әбу Сәрсенбаев ақсақал болса, көбіне-көп Төкеңнің арқасында, Көкшетаудан жақсы әсермен, ән мен жыр бесігіне алғыс-рақметін айтып ат­танды.
Көкшеге жиі ат басын бұратын Сәкен Жүнісовтің қасынан да көбінесе Төкеңді көретінбіз. Төкеңді қайраткер ақын Кәкімбек Салықов та жақсы көріп, ерекше сыйлап өткенін білеміз. Ғафаң – әйгілі Ғафу ақын Қайырбеков Көкшетауға келген әр сапарында Төкеңді іздеп тауып ала қоятын. Ақындығын да, азамат­тығын да бірдей жоғары бағалады. Сайранында да, майданында да қасынан бір елі қалдырмайтын. Сөйтіп, көп-көп ақын-жазушылар үшін бір Төлеген бүкіл Көкшетау болып көрініп, Көкшенің елі мен жерінің қадір-қасиетін паш етіп тұрғандай болатын. Осындай болмысын байқап білгеннен кейін де сол жылдары Көкшеге сапарлап келген Кәдірбек Сегізбаев, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Исрайыл Сапарбай, Иран-Ғайып сияқты ақын-жазушылар Төкеңмен бір емен-жарқын дидарласып әңгімелеспей, қонақжай Ярапия жеңгеміздің қолынан бір дәм татып, шайын ішпей кетпеуші еді. Сондай-сондай мәжілістердің көркейген шағында дастарқанның, әдемі әңгіменің бір шетінен біз де табылушы едік. Сол кездерде сенім артып, қатарына қосқан, арқамнан қағып, ағалық қамқорлығымен алқаған Төлеген ағатайыма мен алғыс айтпағанда, кім айтпақ?!
Көкшенің елі мен жерінің қасиеті әсіресе Төлеген Қажыбайға, оның кесек мінезі мен бекзат болмысына молынан дарыған. Көкшетау үшін сіңірген еңбегі де орасан зор. Тек соңғы он бес жылдың бедерінде ғана қаншама тамаша прозалық шығармаларын жазумен қатар, Мәтен Бижанов, Қайыргелді Әкімбеков ағалармен бірлесіп тәуелсіз «Бұқпа!» газетін шығарғаны, Қазақ­стан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін басқаруы да ердің елге тигізген шарапаты деп санаймыз. Туған елі ұмытпайтын тұлғалардың қатарында. Қазасына қайғырып, астанадан тез жетіп, топырақ салғанбыз. Төкең туралы алда әлі де көп айтатын боламыз, Алла жазса. Әзірге бұл лепесімді қаралы жиында шерлі жүрегімнен шыққан қайғылы жырыммен түйіндейін.

Көкшетауда Төкем бар деуші едім,
Алтын аға – көкем бар деуші едім.
Асыл да текті алтын қазық
деуші едім…
Базарбайдың төлегені!
Тоқтардың төлегені!
Айбергеннің төлегені!
Қажыбайдың төлегені!
Беу, бізге осындай төлегендер
қайда деуші едім…
Көкшетаудың ар-намысы деп едім,
Бетке айтатын берен едің, ер едің.
Бурабай көл толқынындай көңілің,
Өлеңде де, өмірде де
Оқжетпестей өр едің…
Қайран аға тәрк етіп бұл дүниені,
Мәңгі жайға ат­танып жүре берді.
Қош, қош, қимас қайран ағатайым!

 

 

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір