ЖАЗАРМАН ЖАЙЛЫ ҮЗІК ОЙ
Редакцияға келген қалың хаттар, анығында мақалалар оқырманның газетке деген ықыласын көрсететіні анық. Басылым көлемі шектеулі болғасын шығармашылық ұжым ол ықыласқа тиісінше жауап бере алмай жатады. Бірақ ол редакцияға келген жазбалар мүлдем оқылмай қалады дегенді білдірмесе керек. Әр бөлімге жауапты қызметкердің жазу үстеліндегі қалың хаттар нөмірдің жоспары жасалған сайын қайта-қайта ақтарылатыны сөзсіз. Қоғамдағы әдеби-мәдени шаралардың аясындағы кезек күттірмейтін мақалалардан бөлек, авторлар мен оқырмандардан келетін мақалалардың біразы журналистердің хат қорытуынан өтіп, ұжымның талқысына ұсынылады.
Редакцияға келген мақалаларды мазмұнына қарай сұрыптап шағын сараптама жасасақ, оның көп бөлігі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайында екенін көреміз. Абай – кемелденгісі келген әр қазақтың рухани бет түзер бағыты десек, бұл құбылыс заңды да. Дейтұрғанмен ол жазбалардың көпшілігі теориялық талдаудың ескі сүрлеуімен шектелетіні рас. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдаған, яки жастардың оған деген көзқарасынан хабар беру тұрғысынан келу жоқтың қасы. Абай негізін салған жазба әдебиеттің кейінгі өкілдері де осал емес, олар қазақтың әдебиетіне өз заманына сай жаңашылдық пен стиль қалыптастыра білді. Оны көзіқарақты оқырман мен әдебиеттің басы-қасында жүрген азаматтар да жақсы біледі. Алайда, ХХ ғасырдың ортасында әдебиетке келген буынның шығармашылығы туралы талдаулар тым аз. Одан кейінгі қатарда қайтыс болған әріптестерді еске алу мақсатында әр жанрда жазылған шығармалар тұр. Әруақты сыйлау, оның жақсылығын айту бүгінгі ұрпаққа өнеге екені даусыз. Алайда, көзі кеткен адамдарды көп айту, қазақы ұғымда берік қалыптасқан әруақты қозғау мәдениетіне қаншалықты сыйымды болар екен деген ой да жоқ емес… Әр қаламгердің әрбір шығармасы оның жан-дүниесінің айнасы десек, арамыздан кеткен ақын-жазушылардың өзі туралы айтқаннан гөрі, қаламынан туған бір жақсы шығармасын жаңаша сипатта талдаған тиімді болар ма еді?.. Хаттардың көптігі жағынан келесі орында тұрған көзі тірі адамдар туралы жазылған мақалалардың да сипаты мақтау- мадақтаумен ғана шектеліп, қаламгер шығармалары екінші орынға ысырылып қалады. Ел ішінде белгілі бір тұлғадан культ жасау дағдысы белең алып жатқанын редакцияға келген хаттардан жиі аңғаратынымызды қалай жасырайық. Оның болашақ ұрпақ үшін қаншалықты зиян екенін саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар айтуындай айтып жүр. Науқаншылдықтың өршігеніне «Жеңіс-70» айдарымен келген материалдарды жыл бойы жариялаған күннің өзінде де бір бума хатты орталау қиынға соққаны айғақ. Мәртебелі оқырманның не жазатынына яки не туралы жазатынына біз нұсқаушы бола алмасымыз анық. Дегенмен, әдебиетке 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында келген буынның шығармалары елеусіз қалып бара жатқандай көрінеді…
Назым ДҮТБАЕВА.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.