АТАДАН – ҒИБРАТ, БАЛАДАН – ҚАЙРАТ
07.10.2016
1920
0

slova-eto-odezhda-nashih-myslej«Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек»,– деп бір кездері қазақ көркемсөзінің шебері Шерағаң айтқан екен. Осы сөздің түбіне үңілсек, терең ой жатыр. Бабадан қалған асыл құндылықтарымыз бен адами қасиеттерді жоғары ұстағанда ғанда ұлт ретінде сақталып, мықты мемлекет болатынымыз ақиқат. Болашақты жастардікі десек те, алдыңғы толқын ағалар үлкендікке лайық па? Соңғы уақытта қоғамда жиі кездесетін адамдардың іс-әрекеті мен сөзінің арасындағы алшақтық, шынайы құндылық пен алдамшы құндылықтардың аражігін ажыратпау секілді жағымсыз қасиеттердің соңы ұрпағымызды адастырып тынбай ма? Осы секілді көңілді алаңдататын мәселелердің жауабын алу үшін бірқатар саясаттанушылар мен журналистерге төмендегідей сауалдар жолдаған едік…
Ұлттың басты құндылығы неде? Біздің халықты тарихи тұрғыдан алғанда жас десек те, өзіне тән романтиканың аяқталар кезеңі де жақындап қалғандай. Қазір ел ішінде ерлік пен тәуекел, мәрттік, құрбандыққа бару, қайырымдылық пен жөн-жоралғы жолында нық тұру секілді қасиеттер азайып барады. Бірайтар тұлғалардың қатары сиреп, шалахат иелерінің мәртебесі өсуінің себебі неде? Өзін тәуір жағынан танытуға шебер, сөйте тұрып ауа жайылған сөз айтудан қаймықпай, абыройы айрандай төгіліп жатса да қымсынбаудың аяғы неге апарады? «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегенді айтқан қазақ дарбаза ауызға ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқанына қандай тоқтау айтуға тиіс? Осындайда қоғамға ықпалды тұлғалардың көрінбей қалуының себебін қалай түсінесіз?


nurlanНұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы

АДАМДАР ДА, ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДА ӨЗГЕРДІ

Қазір біз өтпелі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, бұл тарихи кезең үшін бұл өте қысқа мерзім. Бір қо­ғамнан екінші қоғамға, бір формациядан екін­ші формацияға көштік. Ұзақ жылдар бойы бір жүйенің тәртібіне дағдыланған халықтың еркін экономикалық қатынастар орнағанда қар­жылық, материалдық жағдайдың әр түр­лілігіне байланысты өмірге, құндылықтарға деген көз­қарасы өзгерді. Кеңес Одағы кезіндегі цензураға сәйкес, ақпарат халыққа белгілі бір дәрежеде шектеліп жететін. Қазір бізде қай жақтан, қай тілде, қай бағытта ақпарат алғымыз келсе де мүмкіндіктер өте көп. Осы жағдайлар адам­дардың сана-сезіміне, өмір сүру салтына өз әсе­рін тигізуде. Адамдар да, құндылықтар да өз­герді. Жаңалықтардың шамадан тыс көп болуы, азаматтардың жиі шетелге шығуы, түрлі мә­дениеттердің тоғы­суы, діндердің, оның ішінде бұ­рын белгісіз болған секталардың таралуы қо­ғамның басына түскен сынақ деп айтуға болады. Біз бір ғасырға жуық жабық шеңберде өмір сүр­дік. Ал енді сол шеңберден шыққан кезде осы өзгерістердің пайдасы мен зиянын қорыта алмай отырғандаймыз. Өтпелі кезеңнен сүрінбей өтіп, мықты мемлекет болу үшін өз ұлтымыздың салт-дәстүрін, ата-бабамыздың қанымен келген адамгершілік, ізгілік, адалдық секілді құнды­лық­тарды басты орынға қоя отырып, шет жұрт­тың жақсы әдетінен жиренбей, тура жолға түсуіміз керек деп ойлаймын. Бұл мәселелерді ұлт зиялылары мен көшбасшылары халықтың пікірімен санаса отырып талқылап, шешудің жолын іздестірген жөн. Бұл жолда түрлі шаралар ұйым­дастыруымыз керек. Қо­ғамға тек стихиялы түрде енгізілген өзгеріс ертең үлкен қиын­дық­тарға әкеліп соқ­тыруы мүмкін. Сол се­бептен де біз де­мок­ратия, еркіндік, бос­тандық дегеннің өзін дұрыс түсінсек игі. Мемлекеттің сая­­­саты мен идеологиясын ескеріп, өзі­мізге керегін алып, жа­­рамсызын қайтарып отыр­ға­нымыз абзал. Сонымен қатар, дамыған мем­ле­кеттердің жаңа­лық­тарын үйре­не отырып, өзіміздің де барымызды көрсете білуіміз қажет. Бұл біздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға және дамуы­мызға мүмкіндік береді. Біз еуразиялық кеңіс­тікте екі алып мемлекеттің ортасында тұрмыз. Бір жағымызда Ресей, екінші жағымызда Қытай тұр, тағы бір жағында Ислам әлемі бар. Осы мәселенің бәрін ой елегінен өткізіп, пайдалы тұсын игеріп, зиянды әрекеттерден алшақ болуымыз қажет.

 

9b6dac79-bb61-4f4c-9ff9-9487c267d627_mw1024_n_sРасул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы

КІНӘ ӨЗІМІЗДЕ ДЕ БАР…

Саясат – жоғарыда қабылданатын шешімдер деп айтқанымызбен, шын мәнісінде ол біздің рухани өмірімізге, күнделікті әлеуметтік тыныс-тір­шілігімізге, құндылықтарымызға тікелей әсер ете­ді. Саяси элитаға мемлекеттің басшылығын құрай­тын адамдарға қарап, халық, қоғам бой тү­зей­ді. Өкінішке қарай, бізде қазіргі саяси эли­таның айтқан сөздері мен істерінің арасында үл­кен алшақтық бар. Мәрттік, намысшылдық, та­залық, адалдық сияқты игілікке шақыратын қа­сиеттерді айтып, адамдарды жақсы болуға ша­қырады. Бірақ өздерінің жеке басына, отбасы мә­селесіне, туған-туыстарына келгенде ондай қа­сиет­терді көрмейміз. Халықты қарапайым­ды­лыққа, адамгершілікке шақыра тұра, өздері ақ­шаны оңды-солды шашып, той-жиындарда астам­шылық жасау, қымбат заттарға әуестену сияқ­ты теріс қылықтарға бейім болып тұрады. Ше­неуніктер елдің экономикасын көтеруге, елді қолдауға шақырады да, халықтың игілігін шетелге үлестіріп береді. Өздерінің жиып-тергенін шет­ел банктерінде сақтап, халықтың көзінен жасыруға тырысып жатады. Кейбір шенеуніктер отан­дық денсаулық сақтау саласын көтеру керек. Отан­дық ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру ке­рек дей тұра, өздері ұл-қыздарын шетелде оқы­туға құмар. Емделуге, демалуға шетелдерге баруды жөн санайды. Осыған қарап, өз еліне емес, олар­дың шетелдерге көбірек назар аударатынын бай­қауға болады. Осындай сәйкессіздіктер қо­ғамға да кері әсер етуде. Себебі қоғам шенеу­нік­тердің, саяси элиталардың айтқан сөзіне емес, олар­дың іс- әрекеттеріне қарап бой түзейді. Ал олар­дың жасап жүргендері екіжүзділік, асыра­сілтеушілік, жемқорлық, таяздық сияқты жағым­сыз істер. Біздің қоғамда осындай кеселді жағдай­лардың орын алуы – әділдік, имандылық, адам­­гершілік сияқты көптеген құндылықтардың құнсыздануы немесе формалды түрге айналуының әсері. Іс жүзінде қазіргі біздің жағдайымызды айқындап тұрған басқа құндылықтар. Адамдар білектінің немесе шенеуніктің айтқанымен жүріп, байлық қуып, материалды жағдайды түзеу сияқты көптеген пендешілік ниеттің құлы болған. Бірен-саран белсенді топтар да бар. Арамызда осын­дай адамдардың бар екендігі, әрине, қуан­тады. Бірақ осындай азаматтардың айтатын ойларын, олардың келтіретін дәйектемелерін ресми орындар қаперіне алмай жатады. Олар ондай адамдардың сөздеріне назар аудармайды, бай­қамауға тырысады. Біздің азаматтық мінездерді сақтап қалған тұлғалардың көтеретін мәселелері көбіне еш жерде еленбей қалады. Елге жанашыр аза­маттардың айтқан сөздері қоғамның басым бө­лігіне жетпей отыр. Бірен-саран ғана баспасөз құралдары осындай мәселелерді көтеруге, тал­қылауға дәті барады. Қалғандары жұмған аузын ашпай, тек қана жоғарыдан түсетін бұйрықтарды орындап, мақтау, мадақтаумен шектеліп өмір ке­шіп жатыр. Әрине, бұл мәселеде ең негізгі жауап­кершілік саяси элиталарда десек те, үлкен жауап­кершілік халықтың, қоғамның өзінде. Осындай келеңсіздіктермен келісіп, «Сен тимесең, мен тимен…» деп отыра беру – қоғамның берекет­сіздігіне әкеліп соқтырады. Әр адам елінің, ұрпағының болашағына алаңдауы керек. Біздің елдің азаматтарының көбі жалтақтап, саясаттан алыс жүргісі келеді. Ал осындай қорқақтықтың, жауапкершілігі жоқтық, сауатсыздықтың кесірі өзімізге тиетінін ұмытпағанымыз абзал.

 

bejsen-kuranbekБейсен ҚҰРАНБЕК,
журналист

ҰЛТТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ЗАМАНЫ АУДЫ

– Ұлттың басты құндылығы неде?

– Өткен ғасырларда да, бүгін де, әсі­ресе болашақта да ұлтымыздың ең басты құн­дылығы – Тәуелсіздік болуы тиіс. Ел­дің де, жердің де жаны, рухы – осы құн­дылық. Тәуелсіздік жоқ жерде ұлт жайлы сөз де жоқ, тек ұлт өмірінің елесі ғана бар. Бір қызық жайт бар, жер бетінде тәуел­сіз­дік күнін атап өтпейтін бірде-бір ұлт, бір­де-бір мемлекет жоқ екен. Мәселен, ис­пан халқы «Испан ұлтының күнін», ма­дияр-венгрлер «Ұлттық тәуелсіздік кү­нін», шведтер «Швецияның ұлттық кү­нін», румын халқы «Ұлттық күнді», не­містер «Герман бірлігі күнін» тойлайды. Мі­неки, формасы әр түрлі болса да, маз­мұны бір мерекелер. Ұлттың күні, ұлыстың ұлы күні – осы күн. Әлемнің саяси карта­сы өзгеріп отырады. Мемлекеттердің атауы да солай. Өзгермейтін бір ғана құн­ды­лық – Тәуелсіздік. Кез келген ұлттың ең ұлы мұраты – еркіндікке жету, еркін­дік­ті ұстап тұру, оны ұрпағына тапсыру.

– Біздің халықты тарихи тұрғыдан ал­ғанда жас десек те, өзіне тән романтиканың аяқталар кезеңі де жақындап қалғандай. Қа­зір ел ішінде ерлік пен тәуекел, мәрттік, құ­р­бандыққа бару, қайырымдылық пен жөн-жоралғы жолында нық тұру секілді қа­сиеттер азайып барады. Бірайтар тұл­ғалардың қатары сиреп, шалахат иелерінің мәр­тебесі өсуінің себебі неде?

– Марқұм Таласбек Әсемқұлов өз кейіп­керінің аузына «қазақ қартайыпты» де­ген сөзді салғанда, өзіңіз айтып отырған «романтикалық дәуірдің» аяқталуын айтқан еді. Ұлттың сал-серілік заманы ауғанын меңзеген. Рас, қазақ есейді. Қа­зақты есейтті. Бәріміз бала өсіріп отырмыз. Баланың ерте есеюіне алып келетін нәр­селер – күрделі психологиялық жағ­дайлар, қиындықтар, сырқат, ауырт­па­шылықтар, қайғы-мұң. Айтыңызшы, біз­дің ұлт осының қайсысын өз басынан кеш­педі? Сіз айтып отырған ұлттық мі­незден туатын қасиеттеріміз енді өзге­ше, есейген формада көрініс береді деп ойлаймын. Ерліктің орнын саналы әрекет, тәуекелдің орнын сақтық, мәрттіктің ор­нын тиянақтылық алмастыруы мүмкін. Ал жастықтың қайраты, жүрек қайраты қайта оралуы үшін ұрпақ толық жаңаруы керек. Көзін ашқаннан көк туды көрген ұрпақ қарияға, ел ағасына айналуы шарт. Үрейсіз, комплекссіз, өзін ешкімге мәж­бүр, ештеңеге мұқтаж сезінбейтін қоғам қалыптасуы қажет. Біз өліара кезеңде өмір кешіп отырмыз. Яғни транзиттік сана, транзиттік сезім ғана бар. Мұндай өліара кезеңде бәрінің тұлғаға, нақты айтқанда, фигураға айналғысы келеді. Тез байып кеткен адамдар секілді, тез ара­да фигура болып көрініп қалуға ты­рысатындардың артында кісілік тұр­майды. Кісілік, тектілік тұрмаған соң, оның жайы белгілі емес пе?.. Бір ойшыл айт­пақшы, маңызды нәрселер тез болмайды, тез болғанның бәрі – көмескі.

– Өзін тәуір жағынан танытуға шебер, сөйте тұрып ауа жайылған сөз айтудан қай­мықпай, абыройы айрандай төгіліп жат­са да қымсынбаудың аяғы неге апарады?

– Сіз суреттеп отырған адам Абай кейіп­керіне қатты ұқсайды: «Өз ойында, Тұл бойында Еш міні жоқ пендесіп, Үйде мырзаң, Түзде сырдаң, Сөзі қылжаң ер­кесіп…». Мұндай типаждар әр заманда да өмір сүреді. Болған, бола да береді. Мұ­ның соңы – сол адамның жеке қасіретіне алып барады. Заманға сүйкімі, балаға сыйы қалмайды. Алайда, осының ұлттық қасіретке айналып кетуі де әбден мүмкін. Себебі, сатқындық та, екіжүзділік те, немкеттілік те, аярлық та осы типтерден шығады.

– «Құдайдан қорықпағаннан қорық» де­генді айтқан қазақ дарбаза ауызға ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқанына қандай тоқтау айтуға тиіс?

– Жоғарыда айтқан типтегі адамдар үшін авторитет болмайды. Олар ешкімнен айылын жыймайды, ештеңеден аяғын тартпайды. Атамыз айтқандай, қорқу ке­рек. Қашық жүру керек. Одан емес, өзің­нен қорық. Соның шылауына байланудан, сондайға айналудан қорық. Соның дең­гейіне түсуден, сол бар қаруын қолдана алатын қашықтықтан қаш.

– Осындайда қоғамға ықпалды тұлға­лар­дың көрінбей қалуының себебін қалай түсінесіз?

– Осы нәрсе мені де ойлантады. Мүм­кін, «бұл – менің майданым емес» деп ой­лайтын шығар. Ит арасына түскісі кел­мейтін шығар. Шынайы тұлғалардың өмір сүріп кеткенін олар кеткеннен кейін ға­на түсінесіз. Өйткені, олардың көбі бо­лашақ үшін өмір сүреді. Өткінші кезеңде көрінбеуге тырысады. Тау деп ойлаға­ны­мыз бұлт болуы, бұлт деп ойлағанымыз тау болуы әбден мүмкін.

Әзірлеген
Гүлім СЫДЫҚОВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір