Атадан қалған асыл мұра
28.05.2024
675
2

«Тәрбие – тал бесіктен» деген дана халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ұлт болашағын кеңінен ойлап, оған ұлттық сипат бере білген. Шаңырақтан алған тәрбиесінде ұлттық тәрбиенің айшықты үлгілерімен үйлесе өскен ұрпақ адамгершілік қасиеттермен – сыпайы, кішіпейіл, ақылды, ұлтжанды, бауырмал — болып өседі. Қазір уақыттың ағымы мен технологияның дамуына қарай тәрбие ұстыны өзгеріске ұшырып жатқаны жасырын емес. Десек те, орын алып жатқан олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 2008 жылдан бері «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» арнайы бағдарламасы жүзеге асып келеді. Сәтті басталған бағдарлама ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосуда.

Осындай идеясы айқын, мақсаты нық іс-шараның бірі Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Аталмыш бағдарлама аясында өткен іс-шара тақырыбы — «Атадан қалған асыл мұра» (ата кәсіп) деп аталды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуат Ешпаев пен мектеп-гимназиядағы технология пәнінің мұғалімдерімен бірлесе өткен іс-шараға қалалық ардагерлер кеңесінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі, комиссия төрайымы Каримова Гүлнар Ақойқызы, кеңестің әжелер төрайымы Сейітқұлова Дәнегүл Рахымқызы, қалалық ардагерлер кеңесі, білім орталығының орынбасары Сағатбекова Назипа Қапанқызы, кеңес мүшесі, «Ғарышкер» шағын орталығының төрайымы Шаңғожанова Нұртай Уалиқызы, кеңесі мүшесі Исмайлов Құрмаш келіп қатысты. Атадан қалған мұраны дәріптей отыра жастарды ептілікке, шеберлікке, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу, көненің көзіне айналған қолөнерлер бұйымдарын қайта жаңғыртып ұрпақтар сабақтастығына ұластыру мақсатын көздеген кездесуде сөз алған қонақтар іс-шараның ұрпақ үшін маңыздылығын ерекше атап кетті.

— Балаларға бүгінде кәсіптің көзін қалай табуға болады және оны қалай брендке айналдыруға болады деген ұғымды осындай көрнекі іс-шаралар арқылы сіңіруге болады. Қазақ халқы төрт түлік малдың сүтінен түрлі тағам даярласа, терісі мен жүнінен әр түрлі бұйымдар тігіп, кәдеге жаратқан. Ұлттық нақыштағы оюлары қолөнеріміздің бренді десек артық айтқандығым емес. Бірақ қазір оюдың өзін толық түсінбей жатып, білмей тұрып кез келген киім үлгілеріне жапсыра беретін болды. Міне, оны да осындай кездесулерде жастарға айтып, құлағына құя беру керек. Қазақта шалбардың балағына салатын ою мен бөрікке салатын ою — екеуі екі бөлек дүние, — деп оюдың бар қасиеті мен түр-түсін ажырата әңгімелеп берген Дәнегүл Рахымқызы жастарды көп ақпаратпен хабардар етті.

Іс-шараға қатысқан өзге де қонақтар жастарға ақыл-кеңесін айтып, өмірден көрген, көкейге түйгендерін ортаға салды.

Мектеп директоры Айдымбаева Айгүл Қыдырманқызы білім ошағында отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға ерекше мән беріліп жатқанын айтып өтті. Ата-баба дәстүрін ұрпаққа ұлағат еткен қариялардың тәлімді тәрбие бағдарламасы алдағы уақытта да өз деңгейінде жүзеге асып, жас ұрпақтың жарқын болашағы жолындағы қызметін жалғастыра беретінін жеткізді.

Меруерт БӨЛЕК

ПІКІРЛЕР2
Аноним 28.05.2024 | 14:34

Керемет

Аноним 28.05.2024 | 22:42

Ия ,Гүлнар Ақойқызының тапсырмасымен,Абай мектебінің ұйымдастыруымен өткен тәрбие сағаты,барлық оқушыларға жолсерік,өмірде адастырмайтын бағдаршам болды!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір