ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
Ақырындап айлар жылжып, жылдар өтсе де, уақыт қанша зымыран болса да бір жақсы түстей көңіліңде ұзақ жүретін, ұмытылмайтын сәттер болады. «Адамның толық бақытты болуы мүмкін емес, адамның бақытты сәттері болады», – деп Қадыр ақын айтқандай, кей-кейде жақсы адамдармен өткен ондай сәттер еріксіз есіңе түсіп, өміріңнің бір адамгершілік ауылынан алыстамаған аяулы кездер, көркем күндер саған қазір де кәдімгідей күш-жігер береді екен.
Мұндайда қат-қабат тірлікте, өмір жолында, қызмет барысында келелі кеңесімен, пайым-парасатымен, бай өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жолыңды ашып, барақатты бағдар берген алдыңғы толқын ағаларды, алдымен, ауызға аласың. Сондай ардақты ағаларымның бірі – Еділ Алдабергенұлы Мирманов еді. Еділ аға ұзақ жылдар бойы Арқа өңірінде, оның ішінде, Жезқазған облысында заң саласында қызмет етті. Басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, 1974–1996 жылдар аралығында Жезқазған облысының прокуратура органдарында қызмет жасады. Шет, Ақтоғай аудандарының прокуратура тергеушісі, Жаңарқа ауданының прокуроры, Жезқазған қаласы прокурорының орынбасары, Жезқазған облысы прокуратурасының тергеу басқармасының бастығы болған. Аға әділет кеңесшісі, полковник. 1996 жылы зейнетке шығып, адвокаттық кеңсе ашып, азаматтардың құқын қорғап, әділет іздеген жандарға қол ұшын беріп, нәтижелі жұмыс істеді.
«Мың өліп, мың тірілген қазақпыз» ғой. Тарих толқынында халқымыздың басынан не өтпеді десеңізші? Үш ашаршылықты көрді. Осынау нәубет бұл әулетті де айналып өтпеді. Тағдыр айдап Тәжік КСР-інің Куляб облысы, Пархор ауданынан бір-ақ шықты. Еділ ағамыз 1950 жылы осы өңірде өмірге келді. Содан 1961–1962 жылдары отбасымен Өзбек КСР-і Бұқара облысының Газли қаласына қоныс аударған. 1967 жылы осы шаһарда орта мектепті үздік бітіріп, осында бір жыл ұстаздық етті. Өзі кейде «Менің өмір жолым үш республикада сайрап жатыр» деуші еді.
«Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» дейді. Өндірдей жастық шағында көрген қиындық оны ерте есейтті. Үлкендердің айтуынша, ата-бабаларының, ежелгі қонысы Қармақшының тұсында болған екен. Қиындық кісіні тез шыңдайды, тез қалыптастырады деген рас. Отбасының үлкені, естияры болған соң ба басқаларға қарағанда, бұның бойында ата-ана, келешек алдындағы жауапкершілік сезімі ерте оянып қана қоймай, мемлекетшіл, елшіл қасиеттер де күн санап күшейіп, ол сағыныш сезіміне ұласып, туған топыраққа қоныс аударуды да жиі ойлайтын. Ол бұл арманына 1964 жылы қол жеткізді. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсті.
Оқуды бітірген соң арнайы жолдамамен Жезқазған облысының Шет аудандық прокуратурасына тергеуші болып орналасты. Әу бастан ісіне мығым, өз ұстанымынан қайтпайтын ол аз уақыт ішінде ұжымның сеніміне ие болып, құрметіне бөленді. Оның үстіне аудан прокуроры, басшыдан гөрі ақылшы аға, ұстаз бола білген Ахмедия Сауқымбековтің жас қызметкердің қалыптасуына сіңірген еңбегі зор болды. «Ұстаздан шәкірт озар» деген, кейінгі өмір, қызмет жолында ол ұстаздардың сенімін ақтай біліп, облыстағы мақтаулы заңгерлердің біріне айналды. Кейінірек сол ұстазының ұсынысымен ол, Жаңарқа ауданының прокуроры болып тағайындалды. Сонымен қатар бұдан кейін де ұстаздары генерал-майор Меңдеке Туткиннің, Манат Мұшановтың та мектебінен өтіп, көп қамқорлығын көрді. Сөйте жүріп өзі де талай шәкірттер тәрбиеледі.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейді ғой. Мен өмірімде адамға мұндай жаны ашып, бәріне болсын деп тұратын кісіні сирек кездестірдім. Әдетте, бұл сала қызметкерінің бойында қаталдық көзге ұрып тұрады ғой. Еділ аға бізге қызметке келгеннен біздің ұжымда бір көңілді аура қалыптасты. Ол тіпті қылмыскерден жауап алғанда өзін-өзі қылмыс жасағандай сезінетін. Жауап алғанда көңілді отыратын. Әрине, заң қатал болуы керек. Қылмыскер тиісті жазасын алуы керек. Алайда аға, ең алдымен, сол адамның тағдырына алаңдайтын. «Оның отбасы, ағайын, бауыры бар ғой» деп қылмысын жеңілдетуге тырысатын. «Бізге адамды соттауды емес, мүмкін болса арашалап қалуға, шартты жазаға кесу жайын ойлаған жөн. Соттау ешқайда қашпайды. Ол ертең қандай адам болып шығады. Сондықтан адамның тағдырымен ойнамау керек, олай болғанда біздің қылмыскер болғанымыз», – дейтін. Кейін іс сотқа кеткенде де өзі қадағалап отыратын. Біз ол кісіден осы мейірімді үйрендік. Осындай адам да қара жерге сыйып жатыр-ау. Менің осы мамандықты таңдауыма да ағаның ықпалы зор болды», – деп ыстық ықыласпен еске алады бүгінде белгілі заңгер, шәкірті Алма Мақажанова.
Еділ ағаның Шет ауданынан басталған қызмет жолы үлкен қуаныштың, берекенің бастауы болды. Ата-анасы, бауырларын көшіріп әкеліп бала күнгі арманына нүкте қойды. Сондай-ақ басқа да қандастарымызға көмек қолын созып, елге ел қосылуына ықпалы болды. Едағаңның әкесі Алдаберген ақсақал мен Ниеткүл шешей дастарқанынан қонақ үзілмеген көңілі дария жандар еді. Өзіміз де ол кісілердің қолынан дәм таттық. Жаны жәннатта болғырлар, бүгінде ұлы Сәкен, Ақселеулер туған ұлы топырақта мәңгі тыныстап жатыр. «Бұлақ басынан тұнады» деген, тегінде бар тегін болсын ба!? Бұл кісінің бойына да бауырмалдық, ізгі қасиеттер сол ата күшімен, ана сүтімен дарыды.
Әлгіндегі шәкірт сөзі көп нәрсеге ден қойғызып, ойымды тарқатып айтуға серпін беріп отыр. «Тұлпарлығы тай кезінен білінген» демекші, Едағаң көшбасшы қабілетімен студент кезінен-ақ ерте танылды. Факультеттің футбол командасының капитаны болды. Сабақты үздік оқыды. Оны әріптестері «капитан» деп атапты. Шынында да, ол қай салада да капитан болды.
«Теңіз терең емес, адамның жаны терең» дейді ғой. Шынында да, Еділ ағаның жан дүниесі аса бай еді. Астанаға келгенде түсетіні біздің үй еді. Мен оған ерекше қуанатынмын. Себебі бір терең әңгіме басталады. Ол көп оқитын. Әдебиетті жақсы білетін. Өнерге құмартын. Әсіресе айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын. Жалпы, менің түсінігімде әдебиетті, тарихты жақсы білген адамның қай салада басшы болса да елге пайдасы тимей тұрмайды деп білемін. Соның бір дәлелі Едағаң еді. Өзінің айтуынша, журналист болуды армандаған екен. Зейнетке шыққан соң детектив жазуға отырамын деуші еді. Әттең, ол арманына жете алмады. Жылдар өткен соң аға арманын бүгінде белгілі қаламгер, «Ақпарат ісінің үздігі», қарындасы Таңсұлу Алдабергенқызы жүзеге асырды. Ол – «Әйел – әлем», «Әйелмен әлем әдемі» кітаптарының авторы. Есіл ер 55 жасында өмірден озды. Бүгінде 75 жасын тойлап отырар едік. Аллаға шүкір, «орнында бар оңалар» деген. Ұлы Әсет – заңгер, әке ісін жалғастырып отыр. Аян – экономист. Қызы Әсел – дәрігер. Жеңгеміз Қайнагүл Ғалымбаева бір әулеттің ақылшы анасы болып немере-шөберелерінің ортасында шаттыққа бөленіп, өсіп-өніп жатыр.
Әңгімесі есті, сөзі сесті, өмірі тұнып тұрған өнеге қайран бұрынғының адамдарын еске алғанда, Еділ ағадай ақеділ азаматтар ойыңа оралып бір жасқа жасап қаласың. «Ортаңда болдым азырақ, көңіліңде жүрейін көбірек» деп Меңдекеш ақын жазғандай, мұндай азаматтың орны қашан да көңіл төрінде ғой.
Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ