«ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ» ӘНІНЕ АРНАЛҒАН КОМПОЗИЦИЯ АШЫЛДЫ

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында белгілі композитор, өнертанушы, жазушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың 80 жылдық мерейтойына арналған шаралар өтті.
Сол шаралар аясында Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы Жұбан ескерткіші тұрған алаңда «Еділ-Жайық» әніне арналған композиция салтанатты түрде ашылды. Ескерткішті Ілия Жақанов пен Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ашты.
Толқыны тайдай тулаған айдын төсінде қанатын жайған аққу бейнеленген ескерткіш жиналғандардың көңілін асқақтатып, сезім қылын тербеді. Дәл осы жерде мерейтой иесіне ақбоз ат сыйға тартылып, алаңға жас қарағайлар отырғызылды. Орталық алаңда өлеңдер оқылып, ақын жырларының ел есінде мәңгі қалатындығын тағы бір рет паш етті.
Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов мәртебелі мейманды мерейтойымен құттықтап, «Еділ-Жайық» әніне ескерткіш ашылып, композитордың танымал әндері асқақтаған күннің өңір шежіресіне жазылып қалатындығын атап өтті.
Ақжайық аудандық өлкетану мұражайында Ілия Жақановқа арналған бөлім ашылып, оған кітаптары мен әр жылдары түсірілген фотолар, басқа да құнды жәдігерлер қойылды.
«Мерей» мәдени-демалыс орталығында Ілия Жақановтың «Сырлы жүрек пернесі» атты кездесу кеші өтіп, онда композитордың туындыларын облыс және аудан әртістері орындады.
«Мен Жұбан еліне үнемі ат басын бұрып, келіп тұрамын. Әр сапарым ерекше сезімге бөлейді. Мұны өзім аға тұтатын Жұбан рухына арналған құрмет деп есептеуге болады. Еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қаһармандық көрсетіп, жастарымызды қорғай білген Жұбан ағаны әрдайым кейінгі ұрпақ мақтан етіп, жарқын бейнесін жадында сақтайтыны анық», – деді Ілия Жақанов.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.