«ҚАРЛЫҒАШ» ӘНІНЕ ҚАНАТ БАЙЛАҒАН ӘНШІ ЕДІ
21.12.2023
203
0

Өмірге көз ашқаннан әнші болуды армандап, мақсатқа жеткен дарабоздар миллиондаған тыңдарманға рухани өлшеусіз нәр берумен бірге, қаншама жас талапкердің қиялына қанат бітіріп, алда олардың да әншілік жолды таңдауына себепкер болғандарын білді ме екен? Әй, қайдам. Ол жезтаңдайлар, мықтағанда, елге қызмет етіп жүрміз деуден аса қоймайтын да шығар. Ал ақиқат әлгіндей. Кейінгі буын әншілер оларды үлгі санап, пір тұтқаны даусыз. Бұл пікірді енді өзіміз білетін деректермен дәйектеп көрейік. Мұны бір жағы, кезінде атағы жер жарғанмен, бүгінде біразын ешкім біле бермейтін, бірлі-жарым көз көргендерден бөлек ешкім ойға алмайтын, есімдері есте қалатын іс-шараларда ескерілмей, елеусіз, атауыз қалып келе жатқан тұлғалардың аруақтарына тағзым ету үшін жазып отырмыз десек те болады.

Айтыңызшы, Ләззат Сүйіндікова туралы естуіңіз бар ма? Сіз болмағанмен, бүгінде жастары жетпіс, сексен, тоқсандағы ұрпақ өкілдеріне ол есім бес саусақтай белгілі. Олар тек сол күміс көмей әншінің жасы ұлғайған соң Парижде тұратын қызының қолына барып, сонда дүние салғанынан бейхабар болуы ықтимал. Ал қазір көп айтылмайтын халық әндерін кезінде қазақ радиосы мен теледидардан тамылжыта шырқайтын Ләззат Сүйіндікова есіміне біз сонау өткен ғасырдағы 50-жылдардан бастап қанық болғанбыз. Кейін сахнадан талай көріп жүрдік. Біздіңше, Ләззат Сүйіндікованың таспаға жазылып, алтын қорда сақталған әндері аз болмауға тиіс.
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келіп, тоқсан жастан асқанда дүниеден өткен, көзі тірісінде өнері бағаланбаған Сараның әншілігі кім-кімді де бірден баурайтын, қай әнді де ерекше мақаммен шырқайтын. Қазір оны білетіндер сиреген. Өткен ғасырдағы Отан соғысы кезінде күллі республиканы аралап өнер көрсететін топ ішінде Сараның өнері мен тұрпаты, адами қасиет­тері қазіргі халық әндерін бұзып орындаса да, кереметпіз дейтіндерден әлдеқайда биік болатын. Күллі қауым төбеге көтерді, ардақтады, әлпештеді. Оқта-текте әндері радиодан беріледі. Оған да тәубе. Бұдан көп жыл бұрын жолыққанда жарықтық «ұмытылдық қой» деп күлімсіреген-ді. Аса дарынды Нұрғиса Тілендиев жоғары бағалаған керемет әнші Кенжегүл Сыздықова мен Сара Мамытова жайлы айтып-жазып жүретін бір ғана жанашыр болса, ол өзі де әйбат әнші, өнертанушы – Алтын Иманбаева.
Ләззат Сүйіндікова, Сара Мамытова, Кенжегүл Сыздықова, Хафиза Әбуғалиева тұрмақ, Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастап қазақтың даңқын асырған Қосымжан Бабақов, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Рабиға Есімжанова, Байғабыл Жылқыбаев, Әли Құрманов, Бісміллә Балабеков, Мағауия Көшкінбаев сынды әншілердің ат­тары аталмайтын болғалы не заман. Бұдан өткен өресіздік бар ма? Олармен бірге солар шырқаған: «Сапар», «Юран-ай», «Молдабай», «Әпитөк», «Қалқа», «Нұркейдің әні», «Зұлқия», «Топайкөк», «Шама», «Әупілдек», «Нақ-нақ», «Қызыл бидай», «Бүркітбай» тәрізді әндер де ешкім орындамаса, құлақ естімесе, келмеске кет­ті демеске не лаж? Қайсыбірін айтайық, ұмыт болған әншілер де, әндер де жетерлік. «Желдірмелері» желдей есетін ақын Иса Байзақов та елден ерек әнші болған. Соғыс жылдарында ол концерт бригадалары құрамында елге шығып тұрды. Ал менің оны 1945 жылы сахнаға шығып, басын біресе оңға, біресе солға бұрып, құйқылжыта ән салғанын көргенім жадымда. Кейін орталау мектепте оқып жүргенде «Әдебиет­тік оқу кітабында» «Көк күмбез» шатыр киген Зайсан көлі» деген өлеңнің жоғары жағындағы суретінен бірден танып, «ой, мынау баяғы артист қой» дедім жанымдағы балаға. Әдебиет­тен сабақ беретін мұғалімге де айт­тым. Енді соларға кеңірек тоқталайық.
Соғыс жылдарындағы ахуал қиын еді. Ішер ас, киер киім тапшы, соғысқа кеткен боздақтардың көбі оралмады. Біз тұратын «Ынталы» колхозынан төрт-бес шақырым жерде «Бесқұбыр» МТС-ына қарайтын «1-Май» колхозы бар-тын. Нағашыларым сонда.
Соғыс біткен жылғы көктем. Әкеміздің аман-сау екенін білеміз, бірақ қашан келетінін білмейміз. Ойда-жоқта үлкен нағашымның менен екі жас үлкен ұлы Бәкір ауылға келді де: «Ертең соғыстан қайт­қан бір топ әскер біздің колхозға келеді екен. Ішінде сенің көкең де болуы мүмкін. Алматыдан әртістер келіпті. Олар Дайраштың бауында концерт қояды екен, соған жүр», – деді маған.
Не тұрыс, құстай ұштық. Айта кетейін, «1-Май» – аудандағы тұрмыс-халі дұрыстау колхоз. Орталық көшеге тас төселген, телефон байланысы бар. Шағын клуб, еңселі мектеп үйі бар. Көлемі оншақты гектарды алып жатқан «Дайраштың бауы» деп аталатын үлкен бауда түрлі жиын, алыстан келетін әртістердің концерті болып тұрады. Нағашыларымның ауылына әп-сәт­те жетіп бардық.
Енді кеш батсайшы. Ертеңгі жиын өзінше. Бізге бүгін болатын концерт қызық. Біз барғанда аядай сахнаның екі жағына екі-екіден май шам қойылып, жұрт жиналып қалыпты. Бір бұрышқа қонжидық. Көзіміз сахнада. Кенет екі ер адам шыға келіп, қолында домбырасы бар біреуі екіншісін таныстырды. Домбыра ұстаған орта бойлы, арықтау, сылыңғыр қара, көздері күлім қаққан әртіс бірден әнге басты. Бізге оның әнінен гөрі, бет-аузын құбылтып, оқыс қимылдар жасап, сан құбылта саңқылдаған даусы қызық көрінді. «Бәрекелді! Қайта шық!» деген айқай-ұйқай.
Әртіс бәлсінбей, екі-үш рет қайта шығып, жұрт­ты күлдірумен болды. Онан соң: «Қарлығаш». Орындайтын…» – деп әлдекімнің атын атады.
Ол кез­де «Қарлығаш» дейтін әннің шыққанын еститінбіз. Міне, енді сол әнді тыңдамақпыз. Концерт жүргізуші «Қарлығаштың» авторын да, орындайтын кім екенін де айтса керек, бірақ есте қалмапты.
Сахнаға шашын желкесіне түйіп, жеңі шолақ, қоңыр түсті көйлек киген, орта бойлы, қара торы қыз шығып, жұртқа бас изеді де, жанындағы музыкантқа көз қиығын тастады. Баян шалқи жөнелді. Іле ән қалықтады. «Қарлығаш!».
Айтары жоқ, ән де, әнші де керім. Өңі сұсты қара торы қыздың өзін ұстауы, орындау мәнері бұған дейін көріп жүретін әншілерге ұқсамайды. Нәркес көзі жарқ-жұрқ етеді. Көпшілікке сәл-пәл бас иеді, сәл-пәл жымияды.
Әнші қыз көптің сұрауымен «Қарлығашты» екінші рет орындады. Бұл жолы барынша ширығып, бұрынғыдан да серпіле, құлшына орындады. Әсіресе «Құралай көз, қолаң шаш» деген қайырмасына келгенде, екі қолын кезек-кезек алға сермеп, шабыт­тана шырқағаны осы күнге дейін көз алдымда. Ашық дауыс, сұлу үн. Жүрекпен айту осындай-ақ болар.
Ертеңіне «Дайраштың бауында» тағы да концерт болды.
Ол күні соғыстан оралуы тиіс әскерлер (майданға кеткендерді солай атайтын) келген жоқ. Менің әкемді осында күтіп алып, ауылға бірге қайтамыз деген үмітім желге ұшты. Әкем содан бір жарым айдан кейін келді (оны «Қызыл ту» стансасында туған інісі Әтембай жәкем екеуміз күтіп алғанбыз).
Нағашыларым тұратын «1-Май» колхозындағы концерт әлі күнге есте. Көп жайды кейін білдік. Әрі ән айтып, әрі концерт жүргізген Иса Байзақовты көру бір бақыт екенін де кейін бағамдадық. Онан соң, Исамен бірге концерт­тік топта болған анау… «Қарлығашты» шырқаған… өзі де, әні де әсем, сұсты қыз… Сонысымен есте қалған оның кім екенін білу ол кез­де де, кейінгі ондаған жылдарда да ойға келген жоқ. Ол түгіл, біз пақыр сахнадан тұңғыш тыңдаған «Қарлығаш» әнінің авторы Ахмет Жұбанов екенін білдік пе? Әрине, концерт жүргізуші айт­қан шығар, бірақ есте жоқ. Көп нәрсе есте жоқ. Иса Байзақовтан өзгесі. Онда да, Иса ақынмен әдебиет оқулығы арқылы «екінші рет кез­дескенде» (сондай тақырып­пен жазған шағын әңгіме бұдан көп жыл бұрын «Балдырған» журналында жарияланған).
«Қарлығаш». Біз оны алғаш тыңдаған кез­де орындаған кім? Оқта-текте осы сұрақ ойға келетін. Ләззат Сүйіндікова, Үрия Тұрдықұлова, Сара Мамытова… Жамал Омарова… олар емес… Онда кім? Егер аман-сау болса, қазір Алматыда тұратын болуы да мүмкін-ау.
Кейде осындай ой қылаң беретін. Үмітсіз шайтан, күндердің күні… бәлкім…
…Жасы тоқсанға таяп өмірден озған байырғы журналист, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Дінішевпен он алты жыл қызмет­тес болғанда, өзі айтпаса да, айналадағылардың оның кештеу үйленгені, үш ұлдың анасы – әйелінің оған тұрмысқа шыққанға дейін филармонияда әнші болғаны, әрі ол ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің туған әпкесі екені жайлы естіп, кейін бәрімен таныс-біліс, дәмдес болып жүрдік. Мұсекеңнің зайыбы Камила Мұқымқызы Абдуллинамен оқта-текте кез­дескенде оны бір жерде көрген сияқты бола беретінмін. Қой, мүмкін емес, қайда, қалай көруім мүмкін? Оның үстіне, Камила апай Мұсекеңнің қалауымен сонау 1950 жылдардан бастап үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысқан болса. Айтпақшы, оның филармонияда әнші болып істегені рас па? Ән шырқай ма? Әрине, рас. Ришат пен Мүсілімнің әпкесі ән сала алмай ма? Және екі інісін оқытып-тоқытып, өнерге баулыған болса…
1972 жыл. Мұсекең 60 жасқа толып, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталды. Біз оны 5-май күні жұмысқа келгенде құт­тықтадық. Мұсекең түске қарай қызмет­тестерін үйіне шақырды. Сол күні консерваторияның екінші курсында оқитын Әлібектің пианиноға қосылып салған әндерін бірінші болып тыңдадық. Камила апайға қарап (құдай аузыма салғандай): «Балаңыз әлемге белгілі әнші болғалы тұр екен», – деп қалдым. Камила апай: «Аузыңа май. Бұған дейін ұстазы Шарипова мен Мұса екеуміз ғана біліп, құпия ұстаушы едік. Бүгін сендерге көрсетіп отырмыз», – деді.
Дастархан басында Жекен Жұмақанов, Шәрбану Құмарова, Жағда Бабалықов, Қажкен Ахметов, Қуандық Шаңғытбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Шәрбану Бейсенова, Сағат Әшімбаев отырған-ды.
– Апай, жас кезіңізде әнші болыпсыз ғой, – дедім.
– Болсақ, болған шығармыз, – дей салды.
– Филармонияда ма?
– Филармонияда да, басқасында да…
Сол-ақ екен, жұрт апайдан ән айтуды өтінді. Апай бәлсінген жоқ. Қазақтың «Бір бала», «Секіртпе», «Әпитөк» секілді әндерін бірінен соң бірін төгіп-төгіп тастады. Неткен талғам, неткен сезім! Дауыс қандай! Әлі бұзылмаған, қалпында дерсің. Апай сәл еркінсіп, адуындылау сөйлейді екен. Сирек күледі, жымиюдан аспайды. Ағайынды Абдуллиндердің әпкесі басқаша болсын ба? Ришат та «мен сирек күлетін адаммын» дейтін.
Мені тағы да түлен түртіп:
– Апай, «Қарлығаш» кімнің әні? – дейін әй-шәй жоқ.
– Кімнің әні болушы еді, Ахмет Жұбановтың әні! – деді соны да білмейсің бе дегендей.
– Соны айтыңызшы!
– Шама жоқ, қонақ күту оңай деймісіңдер?
– Апай, «Қарлығашты» бұрын айтып па едіңіз?
– Айт­қанмын. Бірінші болып айт­тым десем де болады.
– Елге шыққанда да айт­қансыз ба?
– Айт­тым дедім ғой, айт­қанмын!
– Сізге бірінші боп орындау жөнінде ұсыныс айтылып па еді?
– Ұсыныс айтылған, айт­қан ән авторы – Ахмет Жұбанов. Фортепианода сүйемелдеген де өзі. Ол біздің әулетке құрметпен қарайтын.
– Сыйлас болған екенсіздер ғой?
– Бәрі Ришат­тың арқасы. Ол Жұбановтың «Абай» операсындағы «Абайдың» рөлін көп жылдан бері орындайды. Тыңдаған шығарсыңдар.
– Білеміз. Тыңдағанбыз. Абайдың партиясын Ришат­тай орындайтын әнші жоқ.
– Онда солай. Ахмет Жұбанов бізді сол үшін де сыйлайды.
– «Қарлығаш» әнін бірінші боп орындағаныңыздың себебін енді түсіндім.
– Оныңа бәрекелді.
– Апай, Иса Байзақовты көрдіңіз бе?
– Көрдім. Қызмет­тес болдық. Талай рет гастрольге бірге шыққанбыз. Әнді керемет салатын.
– Ол ақын емес пе?
– Мен білетін Иса әнші болатын.
Осы үйдің табалдырығын ат­тағалы ешкім дәл мендей еркінсіген жоқ-ты. Мен тәуекел ет­тім. Реті келіп тұрғанда көкейдегі түйткілді неге сыртқа шығармасқа деп.
1945 жыл. «1 Май». Клуб. Концерт. Иса Байзақов… Ән. «Қарлығаш». Сол жолы оны шырқаған, мына алдымызда отырған Камила апай болғаны ма?
Осы жерде тіл байланды. Біз тұрмақ, атақтары жер жарған екі бірдей інісі Ришат пен Мүсілім, тіпті «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы, біздің бастығымыз, үй иесі Мұсекеңнің өзі «абайлап» сөйлесетін апайға енді әрі қарай тағы да сұрақ беру, сыпайылап айт­қанда, жүрек жұтқандық болар еді… Ал мен үшін…
Ұзақ жыл көңілде жүрген сұраққа жауап табылғандай болды.
Камила Мұқымқызы Абдуллина – кәсіби әнші. Бұрынғы. Талғам-түйсігі қазақ өнерінің қос жұлдызы – екі інісінен асып түседі дегенді сан мәрте құлағымыз шалған. Ол, әрине, жоғарыда – сөз басында – ат­тары аталған әншілерден бір мысқал кем емес еді. Әншіліктен ерте қол үзді. Есесіне, егіз інісі, қазақ өнеріне есімдері алтын әріп­пен жазылған КСРО халық артисі Ришат және Қазақ КСР халық артисі Мүсілім Абдуллиндерді қатарға қосты. Әлемге белгілі әнші, КСРО халық артисі Әлібек Дінішевті тәрбиелеп өсірді.
Аға буын әншілер. Алыптар. Ұмытылмайды. Ешбірі… Ал енді әңгімемізді солардан бастап, Камила Абдуллинаны еске алумен аяқтағалы отырғанымыздың сырын ұққан боларсыз.
«Қарлығаш!». Қанша рет тыңдасаң да құлақ құрышы қанбайтын әсем ән, Ахмет Жұбановтың «Абай» операсына еніп, жүрек тербейтін «Қарлығашы». Мәңгі жасайтын ән төресі.
Ахмет Жұбановқа тағзым. Камила апайға тағзым. Рухтары шат болсын!

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір