Жайық жастары жазуға құштар
Жуырда «Жайық-Пресс» медиахолдингінде жас қаламгерлермен еркін сипатта жүздесу өтті. Алдымен Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллин осы бір шуақты жүздесудің мән-маңызына тоқталып өтті. Оған қоса алдағы уақытта Одақ филиалының бастамасымен жүзеге асырылатын жоба-жоспарлар жөнінде сөз қозғады.
«Кітап оқудың, көркем әдебиеттің бала тәрбиесіне, адам өміріне, адамзат қоғамына игі ықпалына қатысты АҚШ-тың социологтары біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізген екен. Содан олар ұл бала болсын, қыз бала болсын, егер жеткіншек он жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек, ол адамның санасында өз-өзін біреуге қиянат жасаудан, зорлық-зомбылық көрсетуден, ұрлық-қарлыққа барудан, арақ-шарапқа үйір болудан, есірткіге елітуден, жалпы, жамандық атаулыдан сақтандыратын түйсік-түсінік қалыптасады деген тоқтамға келген көрінеді. Міне, бізге, адамзат қоғамына оқу мәдениеті, көркем әдебиет не үшін керек?! Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда парасатты қоғам үлгісін қалыптастыру үшін біз халқымызды қайтадан кітап оқитын, яғни әдеби шығарма оқитын, қайтадан қоғамдық-саяси мән-маңызы бар газет-журналды оқитын ұлтқа айналдыруымыз керек» деген сипаттағы пікір білдіріп, көпке ой салды. Жастардың санасында уақтылы іргелі дүниетанымдық көзқарас қалыптасуы тиіс. Сонда ғана жастарымыз орынсыз еліктеп-солықтаудан, кім болса, соның сөзіне еруден, жат діни ағымдарға арбалып-алданудан аман болмақ.
Дүниежүзіне белгілі физик-ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн бір сөзінде «адам интеллектуалдық тұрғыдан жетілуді өмірге келгеннен бастап өлгенше жалғастыруы қажет» деген екен. Міне, біздің қазақстандық қоғамға бүгінгі күні дәл осындай қадір-қасиет жетіспей тұр. Ал халықтың өресін көтеретін, ойлау көкжиегін кеңейтетін, интеллектуалдық деңгейін биіктететін – негізінен, көркем әдебиет, яғни ақын-жазушылар. Сол себепті өз басым Ақ Жайықтың жас ақын-жазушыларынан жүйелі қоғамдық-рухани белсенділік күтемін», – деді Бауыржан Файзоллаұлы. Ал Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жас қаламгерлерге жаңа шығармашылық жетістіктер тіледі.
– Ақ Жайық атырабында жас ақын-жазушылардың жан-жақты жетілуіне, рухани, тарихи сана қалыптастыруға септігін тигізетін шаралар көптеп ұйымдастырылғаны абзал. Біз өз ұлтымызды өзге жұртқа мәдениетіміз, әдебиетіміз арқылы таныстырамыз. Қаламгерлердің қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттарға бей-жай қарамағаны ләзім. Қоғамдық тұрғыдан белсенді болғанымыз жөн. Қазақ кімді тыңдайды?! Қазақы қалың бұқара әуелден сөздің парқын білген, сөз ұстаған тұлғаларын қадірлеген, солардың сөзіне тоқтаған, құлақ асқан. Ал қазіргі қазақы қоғам ақын-жазушыларын, қаламгерлерін тыңдайды. Бізді біріктіретін – руханият. Мен жастарға қолдау білдіруге қашан да дайынмын. Алдағы уақытта Ақ Жайықтағы жас қаламгерлердің бір атаның баласындай бірлік танытып, әсерлі кештер, келелі кездесулер ұйымдастыратынына сенемін. Биыл еліміздегі қаламды серік еткен талантты жастарға Мемлекет басшысының Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы берілді. Сіздердің осындай ауқымды байқауларда бақ сынап, топ жаруыңызға тілекшімін, – дей келе Гүлжанар Болатқызы жастарды бірге жұмыс істеп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге шақырды.
Жас ақын-жазушылар да өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, жазушы Айнұр Меңдәлиева облыс тұрғындары арасында кітап оқу байқауы ұйымдастырылуы керек екенін алға тартты. Оған қоса YouTube бейнехостингінде арнайы арна (канал) ашып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығынан бейнежазбалар, аудиожазбалар тұрақты жарияланып тұрса, әдеби туындылардың танымалдығы, оқылымдығы артатынын алға тартты. Ал Дәурен Шамұратов жастардың жеке кітаптарының шықпай жатқанын, осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар облыс көлемінде ұйымдастырылатын әдеби байқаулардың, мүшәйралардың жүлде қоры ұлғайтылса деген ниет-тілегін білдірді. Мейрамбек Сыдық, Нұрлан Едігенов, Ерқанат Бағдатұлы да айтылған ұсыныс-пікірлерді қолдайтынын тілге тиек етті. Бекболат Қаленов, Меңдібек Лұқпанов және Аманжол Исламғали секілді жас ақындар жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде өз ойын ортаға салды.
Бекболат ҚАЛЕНОВ:
– Жас қаламгерлермен кездесу ұйымдастырып, олардың ой-пікірлерін тыңдауға ықылас білдіргеніңізге ризамыз. Бүгінгі таңда болашағын әдебиетпен, ақындық немесе жазушылық өнермен байланыстырғысы келетіндердің кейбірі – мұғалім, кейбірі – мемлекеттік қызметкер ретінде ырыздығын тауып жүр. Облыс көлемінде мүшәйралар жиі ұйымдастырылмайды. Жастар жылына 1-2 рет қана жүздеседі. Қалған уақытта бірі – ауылда, бірі – қалада, бір-бірінен алыс жүреді. Олар жиі бас қосып, әдеби туындыларды талқылап, ой-пікірлерімен бөлісіп отырса, әдеби орта қалыптасар еді.
Біздің өңірде әдеби үдерісті жандандыру үшін аудандарда мүшәйралар ұйымдастырылса екен деймін. Мәселен, екі өлеңнің біреуі – жыр жарысы өтетін ауданға арналса, бірі – еркін тақырыпта болғаны жөн деп ойлаймын. Қос өлеңмен сынға түскендерді бағалауға тұрақты қазылар алқасы құрылса, нұр үстіне нұр. Сонда өлке тарихы, елдің бүгіні мен ертеңі өлең-жырға өзек болып, ұлтжандылық пен елжандылық жырланып, қазақстандық патриотизм қанат жаяр еді. Қаламгерлерге қаламақы қарастырылып, жобаның қорытынды шарасы облыс орталығында ұйымдастырылса дейміз. Өлеңдерді топтастырып, жастардың жыр жинақтарын шығарсақ, тіпті керім және бір айтпағым, өңірімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Жыл үздігі» сыйлығына «Үздік жас қаламгер» аталымын қосу керек.
Меңдібек ЛҰҚПАНОВ:
– Көптен бері жас қаламгерлерге көңіл бөлінген жоқ. Шын мәнінде, олар тасада жүр. Кездесу барысында айтылған замандас қаламдастардың ұсыныс-пікірлері өте орынды. Өзім ауқымды байқауларда жүлде алған жас қаламгерлерге жыл соныңда бір реттік арнайы сыйлық беру керек деп есептеймін. Облыстық телеарнада әдеби-сазды бағдарлама ашылса, үлкен-кіші бірдей қуанар еді.
Жастардың уақытының көп бөлігін шығармашылыққа арнағаны дұрыс. Себебі артылған сенімнің үдесінен шыға білуіміз қажет. Біз ең әуелі әдеби әлеуетімізді арттырғанымыз, әдеби қарым-қабілетімізді жетілдіргеніміз жөн. Әйтпесе, бір-екі өлеңі әдеби ортада мақталса, соған жылдар бойы мәз болып, масайрап жүріп алатын жас ақындардың қатары көбейіп барады. Мүшәйралар ұйымдастырылар, жүлделер тағайындалар, соларды иеленуге шығармашылық тұрғыда лайық болмасақ, қалай дамымақпыз? Сол себепті ең бірінші өз-өзімізді тәрбиелеп алайық, өз-өзімізді жетілдірейік!
Аманжол ИСЛАМҒАЛИ:
– Өңірде дәстүрлі түрде өтетін әдеби байқау болғаны дұрыс. Өзім көріп-біліп жүргендей, жазушы, күйші, өнертанушы Таласбек Әсемқұловтың шығармашылығын насихаттау бағытындағы «Таласбек» сыйлығы республикалық байқауында жүлдеге іліккен жас ақын-жазушыларға қатарластары құрметпен қарайды. Сол сыйлыққа қол жеткізгендері өз қатарында абыройлы саналады. Өйткені ол байқау мейлінше әділ өтеді де, қатысқан жастардың қарым-қабілеті ғана бағаланады. Біздің облыста ұйымдастырылатын байқаулардың әділ өтуі қадағаланса, сондай көзқарас қалыптасар еді. Сонымен қатар мысалға, биыл бас жүлдеге қол жеткізгендер келесі жылы қатыспай-ақ қойса, жаңа буын, жас толқын жарқырай көрінер еді.
Марлен ҒИЛЫМХАН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Орал қаласы