ЖАЙЫҚ ЖАСТАРЫ –ЖАНАШЫР

Биылғы көктемде орын алған табиғи апат – тасқын судың салдарынан Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында және облыс орталығы Орал қаласында жағдай күрт қиындады. Әрине, билік те һәм халық та қарап қалған жоқ. Өңірде тасқынға тосқын болардай белсенді іс-шаралар қолға алынып, батысқазақстандықтар зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетті. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, меценаттар, волонтерлік ұйым мүшелері және ерікті халық жасақтары да болды. Бұған қоса өңіріміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарының мыңдаған студенті ерікті түрде тасқынға тосқын болуға жұмылды.
Қарғын су қатеріне байланысты Орал қаласындағы университеттер мен колледждер, сондай-ақ мектептер де қашықтан оқыту жүйесіне көшуге мәжбүр болды. Соған қарамастан, студент жастар өңірде қалып, елдік істен шет қалмады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің кадастр мамандығы бойынша 3-курс студенті Зейнеп Тілеуғалидың сөзінше, өңірге су басу қаупі төніп тұр деген хабар жеткен бойда университет студенттері қауіп-қатерге қарсы қауырт қимылды бастап кеткен.
– Тасқын қаупі төнген алғашқы күндерден бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Жәңгір хан ұрпақтары» еріктілер ұйымының мүшелері бір кісідей жұмылып, қолдау көрсетуде аянып қалмады. Жігіттер жағы қажетті тұрмыстық заттарды тасымалдауға, гуманитарлық көмекті қабылдауға жәрдемдесіп, Астана, Шымкент қалаларынан және бауырлас қырғыз елінен келген материалдық көмекті қоймаларға орналастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. Қапшықтарға құм толтырып, бөгет тұрғызуға атсалысты. Осынау қиын-қыстау сәтте студент бойжеткендер де қарап қалмады. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жатақханасы эвакуациялық қосын ретінде берілгенде олар үйлері суға кеткен тұрғындарға орын дайындауға жұмылды. Еріктілерді күндіз-түні қолдарынан келгенше ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Эвакуациялық қосынды паналауға мәжбүр болған жұртшылыққа қолайлы жағдай жасап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге тырысты. Кішкентай бүлдіршіндердің көңілін аулау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып, ата-аналарға бала қарауға көмектесті, – дейді волонтерлік қозғалыстың жетекшісі Зейнеп Әбуғалиқызы.
«Жәңгір хан ұрпақтары» қозғалыс ұйымының тағы бір мүшесі, университеттің 1-курсында оқитын Алмас Есмағамбетов студент атанған күннен бастап еріктілер қатарына қосылған. Қайырымдылық жасаудан талмай жүрген жасөспірім: «Ерікті болу – ерекше іс», – деген пікірде. Өңірімізге нөпір су төніп келетінін естігенде білек сыбана іске кіріскен ол бүгіндері көптің алғысына бөленіп жүр.
– Аз ғана уақыттың ішінде көптеген зардап шеккен жанға көмек қолын созып үлгердік. Сөзбен айтқанда, жеңіл болғанымен, іс жүзінде бұл біз үшін өте қиын кезең болды. Қызмет жасағанда бір-бірімізді сөзсіз ұғындық. Әр студент өзіне артылған жауапкершілікті түсініп, адал еңбек етті. Табиғи апат кезінде Қаратөбе ауданына гуманитарлық көмек тасыған кезіміз ерекше есте қалды. Сол уақытта бұл ауданның біраз бөлігін су алып жатты. Жалғыз баспанасынан айырылған тұрғындарды, судың астында қалған елді мекендерді көріп, жүрегіміз езілді. Соған қарамастан, материалдық көмекті аман-есен апарып тапсырдық. Жағдайдың ушығуына байланысты ауданнан келе сала бөгет тұрғызу, жағалауды нығайту жұмыстарына кірісіп кеттік. Бұған қоса студенттер үйінде жасақталған эвакуациялық қосындағыларға әлі күнге дейін қолдау көрсетудеміз. Зардап шеккен тұрғындардың тауқыметін жеңілдетіп, титтей де болсын пайдамды тигізуді өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін, – дейді Алмас.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұжымы да белсенді азаматтық ұстаным көрсетіп, арнайы еріктілер жасағын құрған. Оған 600-ге жуық студент мүше болып, өз еркімен жанашырлық (волонтерлік) қызмет атқарып келеді. Еріктілердің атқарған еңбегін білмек мақсатта университеттің студенттік ректоры Дархан Қуатовты сөзге тарттық.
– Күн сайын БҚУ-дың 300 студенті ерікті ретінде ауыспалы режимде жұмыла әрекет етті. Олар Жайық бойындағы ең төменгі нүкте – Курени ауданында және Промбаза, «Жазира» дүкені мен Пучагев көшелерінің арасындағы аумақтарда сөзге келместен тер төкті. Енді біреулері Шымкент, Қызылорда, Алматы сынды қалалардан үзіліссіз келіп жатқан гуманитарлық көмекті жүк көлігінен түсіру, халыққа тарату, азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарды жеткізу жұмыстарына белсене қатысты. «Amanat» партиясының ғимаратында орналасқан қоймада «Ассамблея жастары» белсенділерімен бірге тәулік бойы кезекшілікте тұрып, заттарды іріктеп, үйлестіріп отырды. Қаламыздағы хайуанаттар бағына су астында қалу қаупі төнгенде қала басшылығымен, сондай-ақ әскерилермен бірге бірнеше күн бойы сол жерде жұмыс істеді. Университет ректоры Нұрлан Серғалиевтің нұсқаулығымен эвакуациялық қосын ретінде берілген БҚУ-дың №1, 3 жатақханаларына 60 студент бөлініп, олар тазалықты сақтап, ұйымдастыру жұмыстарына қолғабыс болды. Айта берсе, атқарылған жұмыс өте көп. Қиындығы мен машақаты көп болған табиғи апатқа бей-жай қарамаған барша студент ерлік пен елдіктің үлгісін көрсетті, – деді Дархан Әнуарбекұлы.
Иә, шынымен де, өңір тұрғындарын әбігерге салған тасқын барша қазақ елін жұдырықтай жұмылдырды. Игі іске араласып, етігімен су кешкендердің қатарында жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің 1-курс студенті Асылжан да бар. Казталовтық бозбала ыждағаттық пен ұйымшылдықтың арқасында талай шаруа тындырылғанын айтады.
– Өзім – білім алып жатқан оқу орнындағы волонтерлер фракциясының және Қазақстан студенттері альянсының мүшесімін. Колледжде қалыптасқан дәстүр бойынша әр жұма күні еріктілер фракциясының ұйымдастыруымен еңбек ардагерлерлеріне, көмекке мұқтаж зейнеткерлерге, жағдайы төмен отбасыларға барып, қолдан келген көмегімізді көрсетеміз. Аулаларын сыпырып, азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Көпшілікке мәлім, елімізде болған табиғи апат біздің өңірді де айналып өтпеді. Жұртшылықтың басына қиын күн туғанда ЖИТК жастары да жерлестеріміздің ауыртпашылығын бөліспек мақсатта жанашырлардың сапына қосылдық. Біздің студенттер тарапынан төтеншеліктермен бірігіп, су тасқынының алдын алу үшін бөгеттер жасау, қауіп төніп тұрған мекенжай тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру, апат салдарынан зардап шеккен тұрғындарға ел аймақтарының және көршілес елдерден ағылған гуманитарлық көмекті қарсы алып, арнайы орындарға орналастырып, тұрғындарға тарату сықылды жұмыстар атқарылды. Жылдар бойы тірнектеп жинаған дүние-мүлкінен әп-сәтте айырылған бауырларымыздың қай-қайсысын да көмексіз қалдырмауға жанталастық және өзіміз сияқты қарбалас жұмыс істеп жатқан өзге де студенттерді көріп, өз басым, шынайы сүйсіндім. Болашақтың – жарқын, келешектің – кемел болуы біз сияқты жастардың қолында екенін ұқтым, – дейді бойындағы күш-қайратын жақсылықтың жолына арнаған Асылжан Маратұлы.
Осы колледждің тағы бір студенті Жасболат Исмайл да ұйымшылдығымыз сыналған шақта тасқынды ауыздықтауға өзге еріктілермен иықтаса кірісіп, аяқтай жүріп қызмет еткен. Қаз-қатар құм толы қапшық үйіп, көмекке асыққандардың алдыңғы қатарында жүрген. Бұған қоса ол, ең алдымен, оқу орнының директоры Серік Әлімбековтің, колледж оқытушыларының кейінгі буынға өздері бастап үлгі көрсеткенін айтып өтті. Ерік-жігері мен жомарт жүрегі үйлесім тапқан, бірінші кезекте елінің қамын жеген осындай патриот жастардың, студенттердің қатары мұнымен шектелмейді. Еріктілердің жалынды істері көпшілікке жігер бергені сөзсіз. Апатты жағдайдың өзінде жас та болса, ерлік пен елдіктің үлгісін көрсете білген жастары бар елдің болашағы жарқын!
Аружан АМАНЖОЛ,
Батыс Қазақстан облысы

Мақсот БЕРГЕН,
Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, КСРО Денсаулық сақтау
саласының үздігі, ҚР Денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері:
– Биылғы су тасқыны кезінде Жайық жастары ерекше қажыр-қайрат көрсетті. Қазақтың өрімдей қыз-жігіттері уақытпен санаспай, өздерінің жағдайының бар-жоғына қарамастан нағыз елжандылықтың ерен үлгісін көрсетті. Тіпті кейбір қыздарымыз жігіттермен бірге құм толы қапшықтарды жағалауларға қалап, тасқынға тосқын болу үшін барын салды. Біздің «Мақсат» медициналық колледжінің студенттері де құрбы-құрдастарынан қалыспай жанкештілікпен еңбек етті. Колледж жатақханасын үйін су басқан отбасыларға босатып, оларға еліміздің өзге өлке-өңірлерінен келген гуманитарлық көмекті уақтылы үлестіруге және су соратын насос, шағын электр стансасы сықылды техникалық құрал-жабдықтарды да керек жерлерге дереу жеткізуде студенттеріміз зор еңбек сіңірді.
Тасқын мал-жанға бірдей қауіп-қатер төндіргендіктен әр сағат, тіпті әр минут-секунд қымбат еді. Міне, осындай сын сағатта, қиын шақта жастарымыз абырой биігінен көріне білді. Елжандылығын іс жүзінде көрсете білген жанкешті әрекеттері үшін Жайық жұрты жастарға дән разы.
Жасай беріңдер, жарқырай беріңдер, айналайындар!