ЖЫР АРҚАУЫ – АҚ ЖАЙЫҚ
18.06.2024
127
0

Биылғы көктем аса мазасыз көктемдердің бірі болды. Наурыз айының соңынан басталып байтағымыздың біраз өңірінде болған су тасқыны ел-жұрт­ты дүрбелеңге салды. Ер етігімен су кешкен күндер басталды. Табиғат-ана алаңғасар перзент­терін тағы бір сілкіп алуды жөн деп тапты… Қазір бізде, Атырауда шенді де, шекпенді де, шаруа да барлфығы – Жайық бойында… Тек біз емес, байтағымыздың бар тарабы жанын шүберекке түйіп отыр… Мұндай нәубет­тер елдің елдігін, ердің ерлігін сынай келеді. Мұндай нәубет­тер табиғат­тың дүлей күштерінің алдында біздің ешкім емес екенімізді, Отанымыздың жалғыз екенін көрсетіп келеді… «Пейілімізден таптық» деп ділмарситін, «Сабыр» деп діндарситын да кез емес…
Жалғыз тілек – адам аман болса екен… Неше күннен ұйқы, күлкісіз жар жағалаған азамат­тардың еңбегі еш кетпесе екен… Атыраулық ақындар Жайық бойындағы жанталасқан күндерді жүрегінен өткізіп, жырға айналдырды…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

* * *
Арт­та қалып сүрең күн ат­тандаған,
Шықсаң екен судан да, от­тан да аман.
Мен сен үшін дәл бұлай мазаланып,
Мен сенімен дәл бұлай мақтанбағам.

Атырауым, тұманды ой, тамұқ түнді,
Ұл-қызыңның үміті жарық қылды.
Ұлы өзеннің лықсыған арнасындай
Сенің алып жүрегің соғып тұрды.

Бір өкініш, бір сәуле арайлаған,
Алты қаздай айналдық қарайлаған…
Кең Жылойым – киелі тамырым ед
Қазақия бойына қан айдаған.

Меңдегенде бойдағы мың кеселің,
Мұңыңды айтып тауысам кімге
сенің…
Жарды айналған жарлының
жалғызындай
Жан Отаным тізеден су кешеді.

Туған елсіз түнек қой зия ғалам,
Тал бесігін құрдымға қия ма адам?..
Қарлығашым, көктемі ерте келген,
Ұяң аман қалса екен, ұям аман…

Толғануға қақы жоқ, тоқырауға,
Кеудесінде намыстың оты лаулап.
Білегі мен тілегін қатар ұстап
Шебіңде тұр ұл-қызың «Атыраулап».

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

* * *
Араны ашылғандай дүлей-кердің,
Көк пен жер жанарынан үрей көрдім.
Арнасы Ақ Жайықтың толар деген,
әз үміт көкірегіне түнейді елдің…

Бұл келген өр суының райы қат­ты,
Дүниенің төрт бұрышын уайымдат­ты…
Алты қаз… қанатына үміт ілген,
Шарқ ұрып, бетке алды ма Жайық
жақты?!

Атқанда шығыс жақтан таң шырайлы,
Іңкәр-дүр… Аппақ дүние қарсылайды.
Ашуға мініп Жайық кете ме деп,
Жағада жапырақтар… қалтырайды…

Тілегі баланың да, ананың да,
Беріліп сыналған сәт сана мұңға…
Алла жар Жайығыма болсын деген,
Қырық шілтен құдірет күші –
қаламымда!

Қолдаушым – Жаббар Алла,
Ар-тұмарым,
Сынақта қалың елге жар қыларым…
Дұға айтып қара түнде қалғымадым,
Жағаны жармағай деп қарғын ағын…

Қол жайып жағада өскен тал-құрағы,
Толқындар жарға соғып, алқынады.
Айдынын қанатымен қорғаймын деп,
Шағала дәл төбемде шарқ ұрады…

Жағаңда өткен ғажайып ай-күндерім,
Сырласып, жыр-қанат­ты жайдым керім.
Жұрт үшін жан құрбан деп келіп
тұрмын,
Бір қиғын ашуыңды, жойқын-көгім!

Бақытгүл БАБАШ

* * *
Жағасында Жайықтың бақыт қалған
қонақтап.
Жақұт арман ол аппақ.
Самұрықтай күнге мойын бұратын,
Ел деп білген барлық мүдде-мұратын.
Береке мен бірлік жолын сақтаған,
Жақсылықты жақтаған,
Ақиқат­ты айта алған.
Ел басына күн туса,
Ақ найзасын қолға алып жаудың бетін
қайтарған,
Жырмен жазып жарасын,
Ақылымен болжаған алыс-жақын
арасын,
О, қаншама асыл өт­ті екен?

О, қанша асыл өт­ті екен,
Тағылымы терең, текті өлкем!
Бар байлығым сен – менің.
Өлең толы жанымды толқыныңмен
тербедің.

Махаббатыңнан бүр жарған
гүлден де нәзік ғұмырымның
Киесі сенсің – Атырау!
Бұлт­тан да биік тұғырдың
иесі сенсің – Атырау!
Дария көңіл дананың айқара құшақ
ашатын
есігі сенсің – Атырау!
Ақмаңдай ару ананың әлдимен ғана
аялар
бесігі сенсің – Атырау!

Беу, Ақжайық, ақ айдын,
Шежірелі жолыңда ізі қалды талайдың.
Қарсы ала бер әр таңда азат­тықтың
арайын.
Жаралмаса да құдірет уыста ұстар
уақыт­ты,
Сенде туып, сенде өскен
Адамның бәрі ажарлы,
Ақынның бәрі бақыт­ты!

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ

* * *
Ұстыны едің, ұлтымның, ұлысымның,
Тасадан сілтеді екен «қылышын» кім?
Тұтқиылдан тап беріп, шабуылдап
Жайықта басталғандай ұлы сүргін.

Бұл жолғы тасқыныңның беті қат­ты,
Тітіренткен дүмпуі атырапты.
Ашық күнде Жайығын жауға берер
Тапқан екен сормаңдай, ақымақты.

Найзағай намыстары шатырлаған,
Қорғаған елді жаудан батыр бабам.
Бас көтерді айдаһар, тым ашулы
Өңешінен өлі су лақылдаған.

Не боп кет­ті, айнала, мына заман,
Қайда барсаң алдыңда сынақ алаң.
Ұпайларын түгендеп біреулер жүр
Шарбақтың ар жағынан сығалаған.

Ауыртпалық жатқандай елге түсіп,
Жайсыз хабар жетеді желмен ұшып.
Жастар жүр Ақ Жайықтың жағасында
Қамал соғып, жан алып, жан берісіп.

Қиындықпен бетпе-бет кез­дескендер,
Топырағы киелі жерде өскендер.
«Қабағын шытпас ер керек, біздің іске»
Қара нардай толарсақтан саз
кешкендер.

Қорғайды Ақ Жайықтай Ұлы анасын,
Той болады біздің елде ұлан-асыр.
Тас түйін боп біздің ерлер күтіп отыр
Тілсіз жаудың дайындап сыбағасын.

Қонады айдыныңа, жағаңа құс,
Сенде де бар қайғы-мұң, нала, намыс
Сен сенімді қолдасың, Ақ Жайығым
Ашуыңды бас енді, сабаңа түс!..

Болат ДӘУЛЕТОВ

* * *
ТАСҚЫН
Табиғат­тың тынысын ұғалық та,
Ерке Жемнің жағдайын сұрадық па?..
Отыз жылда сағынып келіп еді,
Тіреліпті маңдайы бұғалыққа.

Шет­те қалмай толқындар
жалғасынан,
Асып-тасып барады жал басынан.
Алды ашық тұрғанда буырқанбай,
Ағып өтер еді-ау арнасынан.

Табиғат­ты түсіну арман әлі,
Ақылдылар алдымен қамданады.
Ақылы аздар сезбейді, екендігін,
Құмды өзектер – тарих таңбалары.

Бөгет бұзу, әңгіме арықта ма…
(Судың жолын сенбесең барып қара).
Кесапат­ты көретін, жеңетін де,
Бірлік туын көтерген халық қана!

…Күн шығып тұр Атырау аспаныңда,
Қарт­тарың да қасыңда, жастарың да.
Қазақ елі қамқорлық танытқан соң,
Қиыншылық өтеді қас-қағымда!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір