АХМЕТ ПЕ, ӘЛИХАН БА?
Құрметті редакция! Мен Қазақстанның бір қиырында жатқан, 600-ге жетер-жетпес түтіні бар қазақ ауылының оқырманымын. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Ана тілі» басылымдарын жаздырып алмайтын қазақ ең алдымен өзінен ұялуы керек деп ойлаймын. Мынау алашұбар тірлікте аз-маз тілімізге қалқан, намысқа қамшы, рухымызға пілтедей сәуле түсіріп отырған осы басылымдар. Сондықтан әр нөмірі Ұлы Абайдың бейнесімен басылатын «Қазақ әдебиетінің» табалдырығына бас иіп, төрелік сұрауға рұқсат етіңіздер.
Қазақ тіл білімінің атасы, ұлттық баспасөздің іргесін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың 1913-1917 жылдары шығып тұрған тұңғыш «Қазақ» газетіне редактор болғанын екі қазақтың бірі біледі. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген мазмұндағы көсемсөздің авторы алғашқы редактор А.Байтұрсынов болатын. Барлық оқулықтар, тіл білімі, баспасөз тарихын зерттеушілер осылай дейді. Былайғы жұрт осылай сауаттанды. Аяқ астынан, 2016 ж. қаңтар айынан бастап қанатты сөзге айналған жоғарыдағы ойдың авторы алаш көсемі Әлихан Бөкейханов болып шықты. Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» газетінің журналистері осындай жаңалық ашты. Әдетте «автордың пікірі газеттің көзқарасын білдірмейді» деген қағида бар ғой. Ендеше, «О.Қ.»-ның санаулы журналистерінің пікірі жалпы халықтың көзқарасы және ғылыми дереккөз болып табылмайды. Ә.Бөкейханов қазақтың маңдайына сыймай кеткен ерекше тұлға, ғалым, саясаткер, қазір айтыла бастағандай «ұлт көсемі» болғанына дауымыз жоқ. Бірақ бір тұлғаны асқақтату үшін оған үзеңгілес болған екінші тұлғаны аласартуға бола ма? Торғайдың Сартүбегінде туып (Қостанай облысы, Жангелдин ауданы), бетпақтың Ақкөлін өшпес әңге қосқан («Ақкөл», «Қараторғай», «Қарғаш») көрнекті ағартушы Ахмет бабамыздың еңбектеріне, қазақ баспасөзінің ғасырлық тарихына түзету еңгізейік ендеше. Осы бір мәселе Әлихан, Ахметтей ұлы тұлғалардың аруағы алдында ұят болды.
«Орталық Қазақстан» (ред. М.Сембай) газетінің 21 қаңтар, 2016 ж. санында тарихшы Е.Қадашұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзді Ә.Бөкейхановтікі деп жариялады. Ішіміз бүлк ете қалса да, қатардағы тарихшы баспасөз тарихын зерттеуші емес, жаңылысқан болар деп үндемедік. Көп ұзамай тағы бір автордың мақаласында (ұмытпасам, педагог) қайталанды. Ол да қателесуі мүмкін деп ойладық. Содан «Орталық Қазақстан» баспасөз күніне арналған нөмірінде ішкі айқарма бетке бас тақырып етіп қазақ журналистикасының паспортына айналған әлгі қанатты сөзді беріп, авторы Бөкейханов екенін тағы жариялады. Амалсыз «Орталық Қазақстанның» кезекші редакторы Ж.Тойбекке телефон соқтым. «Бұл сөзді Байтұрсынов емес, Бөкейханов айтқан, біз оны жақында анықтадық», – деді. «Егер дәлеліңіз болса, әңгіме жоқ. Дегенмен, сол дерекпен оқырманның да танысуға құқығы бар ғой» дедім. «Жақында кітапта басылады», – деді телефонның ар жағынан. Нақты жауап естімегеннен соң республикалық «Ана тілі» газетіне, А.Байтұрсынов институтының ғалымдарына хабарластым. Олар «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілінің» авторы Байтұрсынов деді. Екі жақ та қолмен ұстап, көзбен көрерлік дәлел келтіре алмады. Осы бір шетін мәселе қазақтың бітпес дауына айналып кетпей тұрып, ұлт баспасөзінің зерттеушілері төрелігін айтса екен. Қазір осы төңіректе әлеуметтік желіде қалам ұстағандар дай-дай айтысып жатыр. Сондықтан қазақ журналистикасының бір ақсақалы нүкте қоюы керек секілді. Тар заманда жол тауып, қазақтың қамын ойлаған екі арыстың басын дауға салмайық.
Үлкен құрметпен,
З.ҚАЗАНБАЕВА.
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы,
Жезді кенті.
РЕДАКЦИЯДАН:
Оқырман қойған сұрақ әуелі бізді де ойлантып тастаған. «Қазақтағы» көтерілген мәселелерді ойша тізбектеп, осы тақылеттес ойдың келісімін А.Байтұрсынов табатындай көріне беретін. Сөйтсе де әзелгі иесін анықтай алмай өзіміз де біраз әбігерге түскен соң журналистика тарихын зерттеуші ғалымдарға жүгінген дұрыс деген шешімге келдік.
ПІКІРЛЕР1