Заңғар Кәрімхан: ӘЛИХАН – жасампаз тұлға
27.11.2023
2216
0

  Алаш Республикасын мойындату мақсатында Райымжан Мәрсекұлының Жапониямен келіссөзі және Мұстафа Шоқайдың Францияда Еуропа басшыларымен байланысы әлі терең зерттеуді қажет етеді. Құжаттар табылып жатыр. Егер әлі ізденіп, талай мұрағаттық деректер тапсақ, онда біз Алаштың автономия ғана емес, дербес мемлекет болуға ұмтылғанын, әлемдік деңгейде қарастырғанын және осы істердің барлығында да Әлихан Бөкейханның жарқын қолтаңбасы бар екенін ұғынамыз. 

Осыдан 86 жыл бұрын қоңыр күзде (27 қыркүйек күні) Алаш қозғалысының негізін қалаушы, Алаш Орда үкіметінің басшысы, ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханды совет билігі ату жазасына кесті. Уақыт өте репрессия құрбандары жайында көп еңбектер жазылып, біз білмейтін шындықтар ашылды. Тарихтан ойып тұрып орын алатын сол зұлмат жылдардағы ұлт жанашырларының ерлігі, өмірі, мұрасы жөнінде алаштанушы Заңғар Кәрімханмен аз-кем сұхбаттасқан едік.

«Тақсыр-ау,» «алаш – отан кісісі»

– ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларына «Алаш» ұғымы қалай келді?
– «Алаш» ұғымының қазақ сөзімен мәндес болып кеткені бүгін ғана. Әйтпесе, осы түсінік ХХ ғасырдың басында әбден ескіріп, елдің есінен шығып қалған болатын. Бірақ өткен ғасырларда ұлттық дүниетанымда болған, қолданған, барлық ұлтты біріктіретін ұран-сөз еді. Яғни, архетиптік мағынасы зор бұл сөз қалайда халық жадынан өшпейтінін, оның ХХ ғасыр басында да қазақты біріктіре алатыны анық сезілді. Әлбетте, Алаш сөзінің жалпылық мағынасы да күшті болды. Ол тек бір ғана қазақ халқының ғана емес, оған өте туыс елдердің де басын құраушы түсінік екені белгілі. «Алты Алаш» деп ауыз толтырып айтқанда, қазаққа жақын өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, түрікмен халықтарын жатқызады.
Ертедегі тарихшы-шежірешілер мен бүгінгі заман ғалымдары жазған еңбектерде «Алты Алаш» ұғымын тар мағынада, қазақ руларын кең мағынада қыпшақ даласын мекендеген байырғы түрік халықтарын қамтитынын байқаймыз.
Алаш оқығандары «Алаш» ұғымын қайта жандандырды. Халық жадынан шығып, көмескі болып бара жатқан ұлы ұғымды ұлттық ұранға айналдырды. «Керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш!». Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Қазақ тарихы» атты мақаласында: «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы «Отан кісісі» деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз: «Тақсыр-ау, ұнатсаңыз қарашыңмын, ұнатпасаң жай жүрген Алашыңмын» – депті» деген ойларынан біле аламыз.

– Өткен тарихымызға баға бергенде «Алаш қайраткері», «Алаш арысы» деп кімдерді айтамыз?
– Алаш қайраткерлерінің толқыны – тұтас бір үлкен буын, жалпы халықтың күткен үміті. Бұл азаматтардың топтасуы, зор қайраткерлік танытуы – уақыт пен тарих тудырған мүмкіндік. Олар бар саналы ғұмырын ұлттың мақсат-мұратына жұмсады, қайраткерлік талантын ұлт мүддесі жолына сарп етті. Өз бақытынан гөрі туған елінің бағын, болашағын ойлаған тұлғалар болды. Бұл кезеңдегі қайраткерлік елдік, мемлекетшілдік, ұлтшылдық бағыттағы қайраткерлік болып саналды. Алаш қайраткерлерінің саны қандай да бір тізіммен есептелмейді, олар бүкіл қазақ халқын түгел қамтыды, таяқ ұстаған қарапайым қойшысынан билік тізгінін алған саяси жетекшілерге дейін барлығы атсалысты. Бұл бірегей ұлттық идея төңірегінде топтасқан құбылыс еді! Алаш қайраткерлері қандай қызмет атқарғанына, қандай мамандық иесі болғанына қарамастан, ұлт дамуы жолына аяғына дейін тік тұрған саналы азаматтар болды. Ұлтшылдық бағыттағы және демократиялық құндылықтарға негізделген мемлекет құру барысында басын қатерге тігіп, ұлт азаттығын көкседі.
1917 жылғы қауырт та қапылыс шаруалар: партия құру, съездер шақыру және өткізу, ұлттық бағдарлама түзу жұмыстарында олар қазақ халқының мүддесіне ескеріп, автономия алуға ұмтылды. Бұл деген сөз «автономия» сөзімен бүркемеленген таза дербес ел, яғни Республика деген мағына болатын. Осы төңіректегі ойлар мен идеяларға берілген жанкешті тұлғалар тобы Алаш қайраткерлері атанды. Ал билік басына большевиктер партиясы келгенде оларға бітіспес майдан ашып, құлату үшін астыртын жұмыстарға қатысқаны да ұлттық теңдікке деген ұмтылысынан туындаған еді.

Мектеп оқушылары Алаш көсемін қаншалықты біледі?

– ХХ ғасырда әлі мемлекет болып қалыптаспаған қазақ халқы үшін Әлихандай тұлғаның болуы ұлт санасына қалай әсер етті?
– Әлихан Бөкейхан ұлт тұлғасы, жетекші ретінде 1905 жылғы Қарқаралы петициясын жариялау кезінде мойын­далды. Бұл кезең қазақ халқының бостандық жолына шырақ алып, жолға шыққан тұсы еді. Дегенмен, Шыңғыс ұрпақтарының билігі әлсіресе де, билік тұтқасынан әлі толық арылмаған олар Әлиханды да хан сияқты қабылдады. Ендігіде «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп серт берген Әлихан Бөкейхан сол сертінде жігітше тұрды.
Бір ғана оқиға: Семейге Әлиханның барған сәті сол кездегі қазақ халқының ұлт тұлғасына деген көзқарасын, ойын білдірсе керек. Алашшыл ақын Сұлтанмахмұттың жазуында бізге жеткен бұл хабарда халық сағынған арысын асыға күтіп, оның сөзін тыңдауға дүйім жұрт болып жиылған екен. Әрбір қазақтың жан-санын, осы топырақта нендей өсімдік өсіп, қай өңірде қандай малды бағуға болатынын, жердің асты мен үстіндегі байлықты бес саусағындай біліп, ғылыми негіздеп берген Әлиханды дәуірдің дара басшысы ретінде көрмеуі мүмкін емес еді.
– «Әлихан Бөкейханов. Аңыз адам» кітабының авторы, тарихшы Виктор Козодойдың пікірінше, Әлихан Бөкейхан Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де тарихи қайраткері деп санауға болады. Өйткені ол Мемлекеттік Думаға сайланды, бүкілресейлік ұйымдардың жұмысына қатысты. Бұған сіздің пікіріңіз қалай?
–Виктор Козодойдың аталған кітабын әлі қолға түсірген жоқпын, онымен таныс емеспін. Ол егер Әлихан Бөкейханның тарихи қызметін қазақ аясынан кеңітіп, Ресей империясы тұрғысынан талдаса, құптауға болады. Шын мәнінде Ә. Бөкейхан – патшалық Ресей мен советтік Ресей тарихында да жарқын із қалдырған бірегей тұлға. Ол алғашында Санкт-Петербург императорлық университетінде оқыды, орыстың аристократтарымен танысып, білісті. Кейін Ресей ғалымдарының экспедицияларына қатысып, қазақ даласын зерттеуге кірісті. Ресейдің жоғары саяси элитасымен жақсы араласты. Князь Шаховский, Скалозуб, Седельников, Потанин, тағы басқалармен дос болды.
Сонымен бірге Әлихан Бөкейхан түркі әлемінің де теңдессіз қайраткері болуға лайық. Қазақ-қырғыз енші алып бөліспей тұрғанда екі халыққа бірдей көсем болған ол татар, башқұрт лидерлерімен жақын танысты, ұлт бостандығы жолында тізе қосып, күресті. Алыстағы Түркия еліне Міржақыптың «Оян, қазағы» арқылы үнін естіртті.

– Әлихан Бөкейхан туралы бізге беймәлім қандай деректер бар? Алаш зиялылары тарихының қай кезеңі толық зерттелмеген?
– Алаштануда, әлихантануда әлі де зерттелетін тұстар баршылық. 1922 жылдан бастап, қазақ даласына баруға тыйым салуына байланысты Мәскеудегі кезеңдері жайлы, түрмедегі тауқыметтері турасында іргелі зерт­теулер керек. Ұлт тұлғасының әр күнін мұқият зерттеп, күндерегін шығарсақ, ғылым үшін мол олжа болары даусыз. Сонымен бірге оның орыс, түрік, алыс-жақын елдердің саясаткерлерімен, тарихи тұлғаларымен байланысын да жан-жақты ашып, кеңірек қарастырсақ, тіпті жақсы болар ма еді!
Алаш Республикасын мойындату мақсатында Райымжан Мәрсекұлының Жапониямен келіссөзі және Мұстафа Шоқайдың Францияда Еуропа басшыларымен байланысы әлі терең зерттеуді қажет етеді. Құжаттар табылып жатыр. Егер әлі ізденіп, талай мұрағаттық деректер тапсақ, онда біз Алаштың автономия ғана емес, дербес мемлекет болуға ұмтылғанын, әлемдік деңгейде қарастырғанын және осы істердің барлығында да Әлихан Бөкейханның жарқын қолтаңбасы бар екенін ұғынамыз.

– Әлихан Бөкейханның тұлғасы мен мұрасы лайық деңгейде бағаланып отыр ма?
– Жоқ. ЮНЕСКО халықаралық ұйымы «Бүкіл әлемдік лидер» деп мойындаған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы туған елінде, бүгінгі тәуел­сіздікке қол жеткізуіне бірден-бір себепкер тұлғаның мерейтойын тиісті деңгейде атап өте алмадық! Елдігімізге, мемлекеттігімізге сын, ұят жағдай! Жан-жақты тұлғаның шығармашылық мұрасы 15 томдықты қамтиды, ол да тиісті жерлерге, барлық кітапханаларға жеткен жоқ. Білсеңіз, 9-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығында ұлт көсемі жайлы аз ақпарат берілген, есесіне Қазақстанда Совет үкіметінің орнауы туралы бірнеше бетті алатын мәліметтерге толы. Мектеп жасындағы оқушыларға Алаш көсемін осылай оқытып, дәріптеп жатқанымызды көрсеңіз, қаныңыз қайнайды! Әлиханның құрметті есімін алуға тиіс ұлттық университеттер, ауыл атаулары мен мектеп аттары, басты даңғылдар мен үлкен көшелер өз кезегін күтіп тұрғалы қашан…
Осы біздің билік басындағы лауазымды тұлғаларда Алашты айтуға, насихаттап дәріптеуге, ұлықтауға қарсылық бар ма деп қаламын. Әйтпесе Түркияның негізін қалаушы, алғашқы президенті Ататүріктің суреті мен ескерткішін барлық жерге орнатып қойғаны секілді, Әлихан Бөкейханды ұлықтауға болады ғой!

Алаш идеясы – ұлтшылдық идеясы

– Жыл сайын елімізде тарихи кинолар қоржыны толығып келеді. Өзіңіз көріп те жүрген шығарсыз. Экранда ұлт жанашырларының бейнесі қалай ашылып жатыр? Алаштанушы ретінде ойыңызды айтсаңыз.
– «Ахмет. Ұлт ұстазы» мен «Міржақып. Оян, қазақ» сериалдарын көрдім. Әрине, осы саланы зерттеп жүргендіктен, келіспейтін тұстарым жеткілікті. Кейбір сәттеріне қарным да ашады. Мәселен, әліппе жазып отырған Ахаң «мына бір жері қалай еді?» деп әйелі Бадрисафадан көмек сұрайды. Қазақ тіл білімінің негізін салған ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы біреуге мұқтаж! Екінші ұнамаған жері, атылар алдында ғұсыл алатындай етіп көрсеткен. «Зұлымдық империясы» аталған советтердің түрмесінде қайдағы жуыну?
Ал ел-жұрт «Міржақып. Оян, қазақты» жақсы қабылдады. Біршама ілгерілеу бар екені байқалады. Десе де мұнда Міржақып өміріне қатысты бірнеше кезеңді қамтитын сериал болғандықтан, оның кино деген талап­қа шарты толмайды. Кинохроника іспеттес болып шыққан. Шетелдік фильмдерде «болған оқиға ізімен» деген бағыт бар, соған салғанда бір ғана оқиға айналасында Міржақып тұлғасын, идеясын көрсетуге әбден болады. Оған әрине, шеберлік, тәжірибе керек.

– Біздің заманымыздың Әлиханы бар ма?
– Жоқ! Көріп тұрғаным жоқ. Өтірік айтып қайтемін?..

– Ұлтты ұлтшылдыққа қалай тәрбиелеу керек?
– Түркияның тәжірибесін алайық. Тұлғадан – Ататүрік, заттай дүниеден – қызыл ту. Мұқым мемлекеттік идеология осыған жұмыс істеген. Ұстазымыз Ербол Тілешев «Әлихан – қазақ ұлтшылдығының саяси көсемі» деп дұрыс пайымдаған. Ә. Бөкейхан – жан-жақты, сан қырлы, интеллектуал, эрудит, жасампаз тұлға. Оның мол мұрасы қоғамның барлық саласын қамтиды. Әлихан – қазақ халқының бренді. Алаш идеясы өмірде шынайы салтанат құратын болса, ұлтшылдыққа қалай тәрбиелейміз деп бас қатырмаймыз. Себебі, Алаш идеясы – ұлтшылдық идеясы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Жұлдыз ЖАМЕНКИНА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір