Алаш тақырыбы және Ахмет
2022 жылғы 11 қарашада Алматы қаласының әкімдігі мен Алматы Музейлері бірлестігінің ұйымдастыруымен
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Ахаңды ұлықтау іс-шарасына шетелдік алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар қатысады. Осындай айтулы датаға орай филология ғылымдарының докторы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғали-Ержиласунның «Алаш тақырыбы мен Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығының Түркияда және Батыста зерттелуі» атты ғылыми мақаласын сүйікті басылымымыз «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандары үшін ұсынамыз.
Бұл мақалада Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейінгі мерзімде Түркияда және Батыста Алаш және Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы туралы жүргізілген және жарияланған зерттеулер қарастырылады. Сондай-ақ бұл еңбекте ғылыми орталарда кеңінен таралған таңдамалы кітаптар тілге тиек етіледі.
XX-ғасырдың басындағы қазақ зиялылары, Алаш қозғалысы, Алаш лидері Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлы туралы мағлұматтарды Түркияда және Батыста жарияланған көптеген еңбектерде кездестіруге болады. Кеңестік дәуірдің қылышынан қан тамып тұрған кезде, бұл зиялылардың еңбектері тұрмақ, аттарын атауға болмайтын кезеңде, Түркияда және Батыстағы ғылыми еңбектерде Алаш қозғалысы және Алаш арыстары жөнінде зерттеліп, жазылып жатқан еді.
Көрнекті башқұрт мемлекет қайраткері және ғалымы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған Түркияда және Еуропада жалпы түркі халықтарының тарихы бойынша, Алаш тарихына да қатысты өте құнды деректер мен мағлұматтар, естеліктер мен талдаулар жариялаған-ды. Оның «Bugünkü Türkili (Türkistan) ve Yakın Tarih» («Бүгінгі Түркіелі (Түркістан) және оның жақын тарихы») атты көлемді кітабы 1942-жылы Ыстамбұлда басылып шықты. Бұл еңбек әлі де өз құндылығын ж оғалтқан жоқ; жалпы түркі тарихына қатысты ең негізгі еңбектердің бірі ретінде үлкен сұранысқа және ерекше орынға ие.
Сондай-ақ Зәки Уәлиди Тоғанның «Hâtıralar» («Естеліктер») атты кітабы 1969-жылы Ыстамбұлда басылып шыққан. Бұл кітапта да Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен кездесіп, сырласулары, Ахмет Байтұрсынұлы, басқа да Алаш қайраткерлері туралы көптеген құнды мәліметтер мен естеліктер жарияланған.
Әбдіуақап Оқтай біртуар қайраткер, марқұм Мұстафа Шоқайдың туғанына 60 жыл болуына орай, «Türkistan Milli Hareketi ve Mustafa Çokay» (Merhumun 60. Doğum Yılı Münasebetiyle) («Түркістан ұлттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай») атты кітапты даярлап, 1950-жылы Ыстамбұлда басып шығарған.
Түркия қазақтарының белді де белсенді тұлғаларынан марқұм Хасан Оралтай 1965-жылы «Büyük Türkçü Mağcan Cumabayoğlu» («Ұлы түрікшіл [тұлға] Мағжан Жұмабай») атты кітабын даярлап, басып шығарған. Сонымен қатар 1973-жылы Хасан Оралтайдың «Alaş: Türkistan Türklerinin Milli İstiklal Parolası» («Алаш: Түркістан түркілерінің ұлттық тәуелсіздік құпия сөзі») атты еңбегі жарық көрген.
Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңдері 1909-жылы Уфа қаласында басылған нұсқадан 1936-жылы толық көшіріліп алынған. Кейіннен Шекүр Тұран баспаға дайындап, 1971-жылы жариялаған. Тек қазақ қоғамының емес, басқа да түркі халықтарының оянуына өзіндік үлес қосқан Міржақыптың өлеңдері, осылайша Кеңес кезеңінде де Түркияда оқылып, кеңінен таралған.
Мұстафа Шоқайдың «1917-ж. Естеліктерінен үзінділер» атты құнды еңбегі Анкарада 1988-жылы жарық көрген. Саадет Исхаки Чағатай баспаға дайындап, алғы сөзін жазған.
Алаш қозғалысы және Ахмет Байтұрсынұлы туралы Батыста да біраз еңбектер жарық көрген. Бұл тақырыптағы алғашқы еңбектердің бірі – 1964-жылы Парижде жарыққа шыққан «La Presse et Le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920» («1920-жылға дейінгі Ресейдегі мұсылмандар арасындағы баспасөз және ұлт-азаттық қозғалыс») деп аталады. Кітаптың авторлары – Александр Беннигсен (Alexandre Bennigsen) және Шанталь Лемерсиер-Келькеджей (Chantal Lemercier-Quelquejay). Бұл еңбекте жалпы Алашқа, әсіресе Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлына қатысты көптеген мағлұматтар бар. Мысалы, Алаш идеясы туралы түсінік беріліп, талдау жасалған, «Қазақ» газетінің қазақ қоғамындағы рөліне үлкен баға берілген.
Ахмет Байтұрсынұлын ақын, жазушы, филолог, публицист, педагог, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атап, оның қазақ тілінің грамматикасын ғылыми түрде жазған алғашқы ғалым ретіндегі рөліне тоқталады. Өмірбаяны туралы да сөз қозғап, 1873-1937 жылдары арасында өмір сүргенін баяндайды. Кітапта Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Сералин, Мағжан Жұмабай, Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев сияқты зиялылардың өмірбаяны мен шығармашылықтары туралы мағлұмат берілген (Bennigsen – Lemercier-Quelquejay, 1964: 148-153).
Ахмет Байтұрсынұлының «Өз ұлтының тілінде әдебиетінің негізін қалай алған халық ғана тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алады» деген сөздері кітаптың басына Кіріспеден бұрын цитата түрінде келтірілген.
Bennigsen, Alexandre – Chantal Lemercier-Quelquejay, “La Presse et Le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920”, Paris: Mouton & Co, 1964: xv-бет, Кіріспеден бұрын.
Авторлар «Бүгінде кеңес тарихшылары 1917-жылы Алаш партиясын құрған бұл топты айыптап, оларды «реакцияшыл» және «қазақ халқының сатқыны» деп атайды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында дәл осы топқа «төңкерісшіл» («революционер)» және «үдерісшіл» («прогрессивті») деп ықыласпен қарайтын еді. Дәл осы сияқты «Литературная Энциклопедия» Байтұрсынов туралы «1905-жылы ол революциялық қазақ бұқарасының басшысы (руководителі) болды» (Мәскеу, 1928, 305-б.) деп жазған еді», – дейді (Bennigsen – Lemercier-Quelquejay, 1964: 149).
Бұл кітапта Қырым, Кавказ, Түркістандағы баспасөз, қазақ баспасөзі жеке-жеке қарастырылған. Басқа басылымдармен бірге «Қазақ» газетіне көп көңіл бөлінген, бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлының жазбаларына да үлкен мән берілген. Мағлұмат беру жағынан, сондай-ақ талдау жағынан, бұл кітап – маңызды еңбектердің бірі. Әсіресе бұл кітап таралымы және көп оқылуы жағынан айрықша орынға ие.
Bennigsen, Alexandre – Chantal Lemercier-Quelquejay, “La Presse et Le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920”, Paris: Mouton & Co, 1964: 259-бет.
Александр Беннигсен мен Шанталь Лемерсиер-Келькеджей Алаш туралы мағлұматпен қалай танысқан деген сұраққа жауап іздер болсақ, авторлардың Зәки Уәлиди Тоғанның еңбектерi мен Баймирза Хаиттің 1950-жылы Мюнстер университетінде қорғалған «Die nationalen regierungen von Kokand (Choqand) und der Alasch Orda» («Қоқан мен Алаш Орданың ұлттық үкіметтері») деген докторлық диссертациясы және т.б. көптеген дереккөздері арқылы танысқанын байқауға болады (Bennigsen – Lemercier-Quelquejay, 1964).
Алаш туралы, қазақ зиялылары туралы біраз мәлімет беретін, кеңінен таралған тағы бір еңбек – Элизабет Бэкон (Elizabeth A. Bacon) жазып Нью-Йоркта басылған «Central Asians under Russian Rule» («Ресейдің үстемдігі жайлаған Орта Азия») атты кітап. Бэкон мынадай талдау жасайды: «Қазақ инженерлері, дәрігерлері және басқа да мамандық иелері батыстық түсініктегі сияқты өздерінің ұлттық болмысын сақтап қалу үшін күресті. Алаш Орда уақытша республикалық үкімет құрды. Большевиктердің күш жинауымен бірге орыс үстемдігінің жаңа қатері пайда болды, [зиялылар] осыған қарсы күресті» (Bacon, 1968: 117). Алаш туралы берілген мәлімет қысқа болса да, бұл автордың еңбектері көп оқылады.
АҚШ-та Орталық Азия бойынша танымал білімпаз, көптеген ғалымдардың ғылыми жетекшісі болған Эдуард А. Оллуорт (Edward Allworth) – «Central Asia 130 Years of Russian Dominance: A Historical Overview» («Орталық Азияда Ресейдің үстемдігіне 130 жыл: тарихи шолу») кітабының авторы. Кітапта Беннигсен мен Лемерсиер-Келькеджейдің еңбектеріндегі мағлұматтар да қолданылған, бұған қоса өз анализдерін ортаға салған. Эдуард А.Оллуорт: «Шортанбай Қанайұлының айналасында құрылған Зар заман тобына Базар мен Мұрат сияқты ақындар кірді. Бұл ақындар орыстарға тікелей қарсылық көрсеткендіктен, кеңестік тарихта олар артта қалған, пантүркист феодалдар ретінде сипатталды. Дәл осындай теңеулер З.Нұралиқанұлы, С.Шорманұлы, Д.Иманқұлұлы, әсіресе Әлихан Бөкейханұлы үшін қолданылды», – деп жазады (Allworth, 1994: 409).
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, Алаш зерттеулеріне мүмкіншілік және қызығушылық шет елдерде де арта түсті. Стивен Сейбол (Steven Sabol), Марта Брилл Олкотт (Martha Brill Olcott), Ян Кэмпбелл (Ian Campbell), Питер Роттиер (Peter Rottier), Джон Глен (John Glenn), Джереми Смит (Jeremy Smith), Арн Хауген (Arne Haugen), Майкл Рывкин (Mychael Rywkin) сияқты ғалымдардың еңбектерінде де Алаш және Ахмет Байтұрсынұлы туралы біршама мәліметтер берілген. Элен Каррер д›Анкосс (Hélène Carrère d’Encausse), Адеб Халид (Adeeb Khalid) сияқты танымал ғалымдардың еңбектерінде де аталған тақырыптарда аздаған мағлұмат берілген.
Қорыта айтқанда, Түркияда және Батыста, Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізуіне дейінгі аралықта Алаш және Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы туралы жүргізілген және жарияланған зерттеулерге қысқаша түсініктеме берілді. Барлық басылымдарға бұл мақалада тоқталу мүмкін болмағандығы себепті, ғылыми орталарда кеңінен танылған таңдамалы еңбектер қарастырылды. Алаш қозғалысы және Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы туралы көптеген еңбектерде мәлімет жарияланған. Ішінде кейбір кемшіліктер болса да, аталмыш тақырыптардағы бұл кітаптардың құндылығы зор. Біріншіден, бұл еңбектердің біразы, Кеңес Одағында еңбектерін оқу тұрмақ, зиялылардың аттарын атауға болмайтын кезеңде шыққан. Кеңес дәуірінде де, тәуелсіздіктен кейін де осы тақырыптарда жазылған біршама зерттеулер, еңбектер бар.
Екіншіден, түрік, ағылшын, француз тілдерінде жазылған еңбектер әлемдегі басқа көптеген мемлекеттерде де кеңінен тарап, оқылады.
Үшіншіден, жалпы қазақ тарихына, ұлы тұлғаларға көңіл бөлініп, зерттеулер жүргізілген, аталмыш тақырыптарда ғылыми тұжырымдама мен анализдер жасалған. Жалпы Алаш тақырыбының неғұрлым көп зерттелуі де, сырт көзбен қарағандағы талдаулардың да, кеңес дәуірінде ондаған жылдар бойы жабық тақырып болған бұл тақырыптың әлі де көмескі тұстарының зерттелуіне өзіндік үлес қосары сөзсіз. Отыз жылдық отандық Алаш зерттеулері тәжірибесіне, Қазақстаннан тысқары мемлекеттерде жүргізілген бұл зерттеулер мен жарияланған еңбектердің қосар үлесі мол.
ӘДЕБИЕТтЕР:
Allworth, Edward. Central Asia 130 Years of Russian Dominance: A Historical Overview (Орталық Азияда Ресейдің үстемдігіне 130 жыл: Тарихи шолу), Durham: Duke University Press, 1989 &1994.
Bacon, Elizabeth A. Central Asians under Russian Rule (Ресейдің үстемдігі астындағы Орта Азиялықтар), New York, 1966 & 1968.
Bennigsen, Alexandre – Chantal Lemercier-Quelquejay. La Presse et Le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920 (1920-жылға дейінгі Ресейдегі мұсылмандар арасындағы баспасөз және ұлт-азаттық қозғалыс), Paris: Mouton & Co, 1964.
Құрманғалиева-Ержиласун, Гүлжанат. “Алаш Туралы Түркиядағы және Батыстағы Зерттеулер”, Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы (жауапты редакторлар: Д. Қамзабекұлы – Д.Махат), Нұр-Сұлтан: Л.Гумилев ЕҰУ, 2021: 43-47 бб.
Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА-ЕРЖИЛАСУН,
тарих ғылымының
докторы, профессор,
Анкара Хажы Байрам Вели университеті,
Анкара, Түркия