Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның туғанына 157 жыл
06.04.2023
305
0

Айнұр ҚАРШЫҒАЕВА
«Тұран» университеті,
«Журналистика және
аударма ісі» кафедрасының
қауымдастырылған
профессоры, ф.ғ.к.

Жасынан зерек, алғыр өскен, баспасөз беттерінде өзін «Қыр баласы» деп таныстырған, көпшілік жұрт оны «Ұлт көсемі» деп білген, қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, ақтық демі қалғанша еліне адал қызмет еткен Әлихан Бөкейханның туылғанына биыл міне 157 жыл.

Мың өліп, мың тірілген қазақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлт-азаттық майданына шығып, бас біріктірді – «Алаш» саяси партиясы құрылды, «Алашорда» үкіметі жасақталды, «Ұлт кеңесі» сайланды. Қазақ топырағында тұңғыш толыққанды ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеруге ұмтылыс жасалды. Ал осы істі бастап, ұлт, жұрт, ел қамы үшін күрескен батырымыз, қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, ұлт мақтанышы – Әлихан Бөкейхановты ерекше атап өту болашақ ұрпақтың міндеті.

Осы ретте 2023 жылдың 5 сәуірінде «Тұран» университетінде «Ұлт көсемі» Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханды дәріптеу мақсатына арналған шығармашылық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара ұлт көсемінің қазақ журналистикасы мен көсемсөзінің негізін салушы, қазіргі жастардың оның қызмет жолының маңыздылығына идеясын бөлісуін, елеулі қызмет жолын жастар арасында түсіндіріп насихаттау, Әлихан еңбектерін талдау болды. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, «қазағым» деп жүрегі соққан, халқын алға жетелеуге ұмтылған, оның зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы – Әлихан Бөкейханның тұлғасын жан-жақты таныту мақсатында ұйымдастырылды.


Іс-шараға университетіміздің «журналистика» және «аударма ісі» мамандықтарының 1-курс студенттері қатысты.
Сондай-ақ, іс-шараға арнайы спикерлер мен студенттердің шығармашылық топтары шақырылды. Олар: Оразгүл Мұхатова Хасенқызы – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор. Баяндама тақырыбы: «Жетісу Алаш қайраткерлері: тағдырлары және тағлымы»; Абай Мырзағали – Қазақтың алғашқы баспасөзі мен оқулықтарын зерттеуші: Баяндама тақырыбы: Қазақтың алғашқы газет-журналдар тарихынан (XIX ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басы); Ертай Біләл – «Qyr balasy ҚҚ» атқарушы директоры, жас зерттеуші: «Ә.Бөкейхан – ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы» тақырыбында баяндама оқыса, жас журналистер Зарина Әбілқасым «Арман төрін Алаштың анықтадың», Тоқтасын Альбина «Алаштың асылдары», Мерейлім Қайырболатқызы М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңдерін оқыды.


Іс-шара «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының атынан ф.ғ.к., қауымдастырылған профессоры Қаршығаева Айнұр Аралбекқызының жетекшілігімен ұйымдастырды.
Осы шараның өтуіне ой тастап, белсенді қатысқан «Журналистика» мамандығының 1-курс студенті Алаш-Омар Асқарұлының еңбегі зор.
Іс-шара барынша қызықты өтті. Әсіресе, студенттер қауымы өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Шара соңында журналистика мамандығының 1-курс студенттері Тоқтасын Арайлым, Басарова Жанерке, Әлмағанбетова Алинаның дайындаған бейнесюжеті көрсетілді.
Дөңгелек үстел соңында келген қонақтар Алғыс хатпен марапатталып, белсенді студенттерге сертификат табысталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір