АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЛЕНИНГЕ ХАТЫ: ҰРПАҚҚА АМАНАТ
19.11.2022
327
0

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту тұлғатануға соны серпін берді. Дейтұрғанмен ахмет­тануды ұлықтау мен насихат­тауда кемшін тұстар бар. Осы айтқанымыздың айғағы ретінде Ахаңның 1920 жылы 17 мамырда большевиктер көсемі В.И. Ленинге жазған хатының маңызы мен мәніне тоқталсақ жетіп жатыр.

Біріншіден, хат­тың толық мәтінін қазақшаға аударуда олқылықтар бар. А.Байтұрсынұлы шығармаларының 6-шы томын құрастырушы Р.С. Имаханбет­тің мәліметінше, «бұл ресми құжат­ты қазақ тіліне аударып, 2013 жылы «Qasym. кz» сайтына жариялаған – Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры». Біз ҚР Президенті Архивінде сақтаулы хат­тың түпнұсқасын 6-шы томдағы мәтінмен салыстырғанда тұтас сөйлемдердің түсіп қалғанын байқадық. Зарқын ақсақал жариялаған нұсқа ҚР Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің архивінен табылыпты.
Екіншіден, А.Байтұрсынұлының Ленинге хаты монографиялық зерт­теулерде, жекелеген мақалаларда айтылғанмен,Қазақстан тарихынан жинақтама еңбектерде кездесе бермейді. Нақтырақ айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қабырғасында 2010 жылы жазылған 5 томдық «Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» академиялық басылымның кеңестік кезеңді қамтыған 4-ші томында, марқұм Т.Омарбековтың басшылығымен даярланған 2016 жылғы 4 кітаптан тұратын «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» оқулығының 3-ші кітабында А.Байтұрсынұлының хаты туралы мүлде айтылмаған.
Әрине, қазақ даласынан Ленинге жолданған хат­тар көп. Бірақ соның бәрін бірдей құнды дерек деуге болмас. Біз талдағалы отырған хат басқалардан өзгеше. Ол хат 48 жастағы ұлт ұстазының кемел шағында жазылды. Ленинге хатында Ахаң кеңестер еліндегі социалистік құрылысқа, ұлт мәселесіне, большевиктік партия тағдырына мейлінше дәл әрі кешенді пайымын білдіріп, қазақ елі үшін кезек күт­тірмейтін міндет­терді ашты.
Хат­тың дүниеге келгеніне 100 жылдан астам уақыт өтсе де, автордың ұлт­тық ұстанымына, әлеумет­тік-кәсіби даярлығына, мәдени-имандық тазалығына тәнті болмасқа шараң жоқ. Мұндағы қағидаларды, болжамдарды, тіпті сын-қатерлерге байланысты сақтандыруын отарлық және кеңестік дәуірлердегі ұлт­тық тарихымызды талдау мен түсінудің, насихат­тау мен түсіндірудің теориясы десек, артық айтқандық емес. Енді соларға тоқталайық.
Ахаң Ленинге хатын өлкедегі ең жоғары билік органы Кирревком жұмысын сынаудан бастайды. Кирревкомның құрылғанына 10 ай өтсе де, «ештеңе тындырмағанын айтуға тура келеді» дейді. Мұның себептері көп екенін қаперге салған ол екі негізгі себепке баса назар аударған:
«1) Қазақ өлкесін басқаруға қойыл­ған Орталықтың өкілінде айқын көзқарас, соның салдарынан айқын жұмыс жоспары болған жоқ; мұны қазақ өлкесінің әлеумет­тік жағдайларының өз ерекшеліктеріне байланысты Орталықтың өзінде «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы» мен РКП бағдарламасындағы принципті нұсқауларынан басқа қазақ мәселесі жөнінде айқын көзқарастың жоқтығымен түсіндіруге болар.
2) Орталықтың өкілі мен халық арасында өзара сенім жоқтығымен түсіндіруге болады».
Сонымен, бірінші себептің өзі қос қатпарлы болып шықты. Ресми Мәскеу де, Қазақстандағы эмиссарлары да ұлт­тық аймақтың жай-жапсарын, сұранысын білмейді екен. Мұндайды қазақ қарғыстың ең жаманы «Өзің білме, білгеннің тілін алма» формуласымен тиянақтаған ғой. Кеңестік-большевиктік биліктің елең-алаңында Ахаң әшкерелеген кеселі айықпағаны былай тұрсын, уақыт өте келе асқына түсті. Бұл түптеп келгенде КСРО-ның ыдырауына әкелген басты фактордың біріне айналды.
Кеселдің негізінде Кремльдің білімсіздігі емес, менмендігі, өзінен төмен тұрған тәуелділерге менсінбей қарауы жатыр. Саяси мәдениет пен демократия деңгейі төмен жерде әділетсіздік пен өктемдік етек жаяды. Байтұрсынұлының сыны бүгінгі қазақ билігінің құлағында аманат­тай сақталуы керек. Өйткені ғасырлар бойы шетқақпай көріп келген халқымыз тәуелсіздіктің арқасында мемлекет құраушы күшке айналып отыр. Табыстан қалай бас айналса, билік пен байлықтан да тап солай бас айналуы бек мүмкін.
Ал екінші себепке келсек, ол – берісі ұлт­тық, әрісі планетарлық үдерістер туындататын құбылыс. Сенімнің араласпайтын ісі жоқ. Ол отбасындағы қарым-қатынастан жаһандық тыныс-тіршілікке дейін қамтып жатыр. Менің ойымша, халқымыздың ұзына тарихы болашаққа, өзі сыйлағандарға, өзін сыйлағандарға риясыз сенумен суғарылған. Төл тарихымыз бен туған халқымызға тән осынау қасиет­ті санасы мен жүрегіне сіңірген Абай «Адамзат­тың бәрін сүй бауырым деп» өсиет­тегені бекер емес. Өзара сенім мен ықпалдастықсыз халықаралық қатынас пен дипломатияда ешбір ілгерілеу мүмкін еместігін әлемдік тәжірибе сан рет дәлелдеді.
Орыс пролетариаты ішкі саясат­та патша заманынан орныққан менмендіктен арылмай, кешегі губернаторлар мен генерал-губернаторлардай қазақтарға мұрын шүйіріп қарайтын диктаторларды шет аймақта билікке отырғызуды тоқтатпай кеңестік құрылыстан нәтиже шықпайтынын Ахаң көрегендікпен болжады. Отарлаушылар үшін байырғы халықтың сеніміне кірудің жалғыз жолы «өз халқын ешқашанда саналы түрде сатып кетпейтін» ұлт зиялыларымен одақтасу деп білді. «Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариа­ты үшін, – деп кеңес беріледі Ленинге, – ең төте жол осы зиялылар арқылы өтеді. Бірақ бұл үшін осы зиялыларға Кеңес үкіметі сенім көрсетуі керек».
Ахаңның кеңесінің астарында қатпары қалың саяси кемелдік, атқарылуға тиісті міндет­тер, өтелмеген аманат жатыр. Олар нелер еді?
Біріншіден, тап күресін тарихтың локомотиві, жұмысшы табын әлемнің әміршісі санайтын большевиктер көсемінің көңілінен шығуға тырыспағаны. Қарақан басының қамын ойлаумен қызыл патшаны қолпаштағысы келсе, Қазақстанда жұмысшы табы да, кедей шаруа да барын тілге тиек етер еді ғой. Орталық пен шет аймақтың арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін білгендіктен, Кремль тағайындаған Кирревком басшылары қазақ сұранысынан алыс тұрғанын көргендіктен үнсіз қалмады. Хат­тың: «Өздерін коммунистер деп атайтындардың бәрі коммунистер емес, бұқара халыққа түсініксіз жарғыларын тықпалап жатыр, ал Қазақ ревком мүшелері Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» деген мысалының керін келтіруде» деген жолдарындағы сырт­тай сыпайы, шынтуайтында ауыр сын большевиктік теория мен практиканың, сөз бен істің қабыспайтынын әшкереледі.
Екіншіден, халқын сатып кетпейтін зиялыларды кеңестік билік басына тартудың тағдыр шешті маңызын біліктілікпен ашуы деп түсінеміз. Интеллигенция және билік қарым-қатынасында тео­риялық және практикалық қырлар барын ескерт­ті. Тағдырдың жазуымен езілген халық зиялысының коммунист болмай-ақ адал әрі аса биік деңгейде қызмет ете алатынын нық сеніммен айт­ты. «Егер осындай зиялы қазақтар болса, – деп жазыпты Ленинге Ахаң, – олар коммунистер емес, адал ұлтшылдар болғандықтан Кеңес өкіметінің оларға толық сенуіне болады, өйткені олар халқын шын сүйеді, халық мүдделері оларды Кеңес өкіметіне жақындасуға мәжбүр етеді».
Үшіншіден, А.Байтұрсынұлы жолдас Лениннен өлкеде қазақтардың үстемдігін қамтамасыз етуді талап еткен жоқ. Қазақ өлкесін аты ғана коммунист емес, «нағыз идеялық коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкерлер» басқаруын қалады. Мемлекет­тік билік тізгінін жат қолына беруден туындайтын қасірет­ті айна-қатесіз болжай алған осынау ақиқат Отан тарихын зерт­теудің өзегіне, яғни методологиялық қағидатына айналуы керек.
Хат­та басқа да практикалық ұсыныстар бар. Біршамасы ағымдағы ахуалға байланысты айтылса, басым бөлігі Қазақстанның тәуелсіздігін жақындата түсуді көздеген. Айталық, өлкедегі шаруашылық-экономикалық мекемелерді қазақтар басқарсын, шекараны өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ, сырт­тағы қазақтар өлке құрамына кірсін, Орынбор қазақ билігінің резиденциясы болып қалсын, әскери округ құрылсын, қалалардағы гарнизондарды қазақтар басқарсын сынды талаптары ұлт зиялыларын шыңдайтын, шынайы тәуел­сіздік нышандары екенін айтпай-ақ ұғынамыз.
Иә, А.Байтұрсынұлына дейін де отарлауды айыптағандар, зиялылардың биік миссиясын танығандар бар. Ал Ахаңның ұлылығы – байтақ пайым­-тұжырымын большевизм асқақтап тұрған ортада, отар халықтың саны аз зиялысына қарата айтқаны. Арада 30-40 жыл өте бере Азия мен Африканың, Латын Америкасының отар елдері азат­тық ала бастады. Ұлт зиялыларының жетекші рөлі, жасампаздық әлеуеті жарқырай көрінді. Демек, ұлт ұстазы нұсқаған жолмен жүргенде, қазақтың да, Лениннің де айдарынан жел есер еді-ау, сірә.
Қысқасы, хат­та көтерілген басты мәселе – ұлтымыздың азат­тығы мен еркіндігі. Автор оны «әбден табиғи нәрсе» деді. Кеңес өкіметінің басшылары ұлт­тың тағдырымен ойнамайтынына сенгісі келді. Бірақ үмітінен күдігі басым еді, Сол себепті «Кеңес өкіметінің қазақтардан нені тілейтіні әзірше бізге айқын емес және күннен күнге барған сайын бұлыңғыр болып барады» деп жазды.
Ленинге хат большевиктерше жаңа қоғам орнатудың бастапқы жылдарында жазылды. 2022 жылдың басындағы қаңтар қасіретінен кейін Президентіміз Қ.Тоқаев жаңа Қазақстан құру бағдарламасын ұсынды. Ендеше Ұлы даланың бүгінгі перзент­тері А.Байтұрсынұлының аманатына ауық-ауық оралып, кезінде қапаста тұншыққан оның жасампаз әлеуетін тәуелсіздік мүддесіне пайдаланғанын тілейміз.

Ханкелді Әбжанов,
ҚР ҰҒА академигі

ПІКІР ҚОСУ