Ахмет жылы: тағылымы мол кездесу
15.12.2022
271
0

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ахмет жылы аясында “Ахмет. Ұлт ұстазы” фильмінде басты рольді сомдаған Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, актер Байғали Есеналиев және ғылым жолын Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнаған ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің аға ғылыми кызметкері, Phd доктор Әлия Бияздықовамен тағылымы мол кездесу өтті.

Байғали Есеналиев фильм түсіру кезіндегі қызықты оқиғаларымен, қиыншылықтарымен бөлісіп, Ахметтің ролі шығармашылық жолында сомдаған ең басты, күрделі образ болғанын жеткізді:

-Мен үшін бұл рольді ойнаған үлкен жауапкершілікті артты. Осы уақытқа дейін қол жеткізген үлкен, кіші жетістіктерім, сомдаған рольдерімнің барлығы таразының бір жағында, ал жаңа ұсынған Ахметтің ролі бір жағында тұрғандай болды. Мен не шығармашылығымның шыңына көтерілемін, не біржолата актер ретінде жоғаламын деп ойладым. Қазір айтарым, мен бақыттымын осы жүкті арқалап алып шыққаныма.

Режиссердің қойған талабы, Байғали Байғали екенін ұмытып, Ахметтің роліне сіңіп кету болды. Ол оңай болған жоқ. Бірақ мен соған жеттім. Ахмет болдым, ішкі дүниесін, рухын, еліне деген шексіз махаббатын сіңдірдім. Әлі де сол күйде жүргендеймін.

Әлия Әлімбекқызы Ахмет ұстаздың өмірін зерттегенін терең мұхитті жүзіп өткенге теңеді. Сол ізденістегі ақ маржандары — Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілін ғылым ретінде қалыптастырғанын, қазақ алфавитін құрастырғанын, ақынның музыка әлемінде бір төбе екенін толқыныспен айтты:

-Ахметтің дара жолын зерттеуде шыңына жету мүмкін емес. Ол кісінің өмірі тұнып тұрған мұхит. Мен зерттеп жүріп жылап та аламын, зерттеген сайын әрі қарай үңіле бергің келеді. Жаңа қырлары, бағыттары, өмірбаянының белгісіз фактілері ашыла береді,– деп Әлия тыңдармандарды ұлт ұстаздың өміріне берілгендігімен сүйсіндірді.

Бір сағатқа созылған кездесу соңында NIS директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова құрметті тұлғаларға зор алғысын білдіріп естелік сыйлықтарды табыс етті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір