Немістерді іздеп келіп, Ахмет Байтұрсынұлына «жолықтым»
25.11.2022
894
0

Ким Саң-чөл – оңтүстіккореялық ғалым, Сеулдегі Ханкук университетінің профессоры. Шифрек ғасырдан бері Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерт­теп келеді. Алаш зиялылары туралы жазған еңбектері бар. Ол ана тілінен бөлек, ағылшын, неміс, қытай, орыс тілдерін де меңгерген.

– Ким мырза, бәрін басынан бастасақ. Оқырмандарға өмірбаяныңызды таныстырсаңыз.
– 1970 жылы Кореяның төртінші үлкен шаһары Тэгу қаласында тудым. Ата-әжем ауыл шаруашылығымен айналысатын қарапайым шаруалар еді. Ал әке-шешемнің мата тігетін фирмасы болды. Олар қазір зейнет­те. Туған жерімде мектеп бітірген соң, 1989 жылы Сеулдегі Ханкук университетіне неміс филологиясы мамандығына оқуға түстім. 3-4-ші курстарда оқып жүргенде, Шығыс Германия тарихына қызықтым (1990 жылы Шығыс Германия мен Батыс Германия бірікті). Ал магистратурада оқыған 1993-1995 жылдарда бұрынғы КСРО аумағындағы немістердің ты­ныс-тіршілігіне қызығушылық таныт­тым. Магистр атанғаннан кейін док­торан­тура­ға түстім. Сол кезде мені Үкімет Қа­за­қ­с­танға, Қостанай облысына неміс­тер жайлы зерт­теу жүргізуге жіберді. Қостанайға келсем, бұл жақтағы неміс­тердің көбі Қазақстан тәуелсіздік алған соң, жан-жаққа көшіп кетіпті. Біразы Германияға, кейбірі Ресейге не басқа мемлекет­терге қоныс аударыпты. Сөй­тіп, немістерді іздеп келіп, оларды тап­пай қалдым. Есесіне, басқа асыл қа­зына­ға кезіктім. Қостанай өңірінде жү­ріп, қазақтың ағартушысы Ахмет Байтұр­сынұлы жайлы білдім.
– Сіз А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысу үшін Алматыға арнайы келдіңіз. Ұлт ұстазының өмірі және еңбегімен қалай таныстыңыз? Толығырақ айтып берсеңіз.
– Қостанайда бір жыл болған соң, Корея мемлекеті мені тағы бір жылға Алматыға жіберді. Онда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің Шығыстану факультетіндегі корейтану кафедрасында сабақ бердім. Алматыда жалдап тұрған пәтерім Байтұрсынұлы көшесіне жақын еді. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Өз бетіммен ол жайлы көп оқып, көп іздендім. Алматыда бір жыл жұмыс істеп, еліме қайтқан соң, ғылыми жетек­шім маған Орталық Азия жайлы те­реңірек қаузап, зерделеуді ұсынды. Мен қабылдадым. Сөйтіп, зерт­теу нысаным неміс ұлтынан, Орталық Азия халықтарына ауысты. Менің ғылымдағы жолым – осындай.
– Ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған халықаралық жиында Ахаңның өнегелі ғұмыры мен шығармашылығын кеңінен талқылап, баяндама жасадыңыз. Оның есімін ұлықтаудың мән-маңызына тоқталсаңыз.
– Ахмет Байтұрсынұлы транзит­тік кезеңде өмір сүрді. Патшалық Ресей империясы құлап, оның орнына Кеңес Одағы құрылды. Яғни, қоғам бір жүйе­ден басқа жүйеге ауысты. Осындай ала­са­пыран шақта А.Байтұрсынұлы өзінің нақты бағытын тапты да, еліне орасан зор еңбек сіңірді. Ол – тіл ғылымы, әдебиет­тану, публицистика, поэзия, аударма салаларында ұшан-теңіз мұра қалдырған ұлы тұлға. Саясат майданындағы қайраткерлігі бір төбе. Меніңше, қазіргі Қазақстан да өтпелі кезеңде тұр. Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында мемлекет­тілігін қалыптастырса, енді дамудың жаңа деңгейіне, анағұрлым биік сатыға кө­те­рілуі тиіс. Мемлекет үшін осындай тағ­дыршешті кезеңде қазақ жастары Ахмет Байтұрсынұлынан үлгі алуы керек. Бүгінгі жас буын да Ахмет секілді өмірлік даңғылын тауып, еліне, қоғамға қызмет етуі қажет. Ұлт ұстазының ізін жалғау үшін алдымен, әлбет­те, оның қандай ұлы істер тындырғанын, нені армандағанын білуі керек жас ұрпақ.
– А.Байтұрсынұлынан өзге қазақтың қандай ақын-жазушыларының немесе қайраткерлерінің есімімен, еңбегімен таныссыз?
– Әлихан Бөкейхан бастаған Ал­аш зиялыларының бәрі де ғаламат тұлғалар еді. Олар азат­тықтың іргетасын қалап, өздері құрбан болып кет­ті. Алашор­дашылар Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің заңды ізбасарлары болды.
– Кәріс халқының тарихында біздің Ахмет Байтұрсынұлына ұқсайтын тұлға деп кімді айтар едіңіз?
– Қазақтар секілді біз де кезінде им­перия­ның боданы болдық. Нақтырақ айт­қанда, 1905-1945 жылдарда Жапония империясы Корей түбегін бақылауда ұстап, отары қылды. Басқыншылар ол уақыт­та мектептерде кәріс тілін оқыт­пай, ресми мекемелерде кәрісше сөй­леуге тыйым салды. Мұнымен де шектелмей, ата-бабаларымызды атын жапон есіміне өзгертуге мәжбүрлеген. Бұған қарсы шыққандарды қудалап, айыппұл төлеткен немесе түрмеге қа­ма­ған. Екінші Дүниежүзілік соғыста кәрістің өрімдей жас жігіт­терін отарлаушылар күштеп әскерге алып, КСРО мен АҚШ-қа қарсы соғысқа айдады. Майданда жапон есімімен өліп кеткен қандастарымыз өте көп. Егер кімде-кім мобилизациядан қашса, онда оның орнына отбасынан біреуді, яғни, әкесін не бауырын соғысқа алып кеткен. Ал КСРО құрамында болған Қиыр Шығыстағы кәрістерді Сталин тыңшы деп күдіктеніп, Қазақстанға немесе басқа да өлкелерге жер аударған. Біздің өткеніміз де сіздердікіндей аласапыран, алмағайып дәуірлерге толы. Сондықтан кәрістер жапондарды әлі күнге дейін аса жақтырмайды. Ал Жапонияда мұндай озбырлық пен зұлымдық жөнінде мүлде айтылмайды, оқытылмайды. Сол себепті, жас жапондар біздің қанды әрі қасірет­ті тарихымыздан бейхабар. Еліміз үшін сондай қиын жылдарда өмір сүрген Чу Ши Киоң есімді лингвист ғалым халқымыздың бағына туған тұлға еді. Ол кәріс тіліне тыйым салынған заманда ана тіліміздің тазалығы үшін күресіп өт­ті. Кәріс тілінің «Хан көл» деген грамматикалық жүйесін құрастырды. Біз бұл ережелерді қазір де қолданамыз. Чу Ши Киоңның осы еңбегі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуды құрастырғанымен бірдей емес пе? Төте жазуды да Қытай, Иран, Ауғанстан қазақтары әлі күнге дейін қолданады ғой. Алайда Чу Ши Киоң да Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді арманына жете алмай кет­ті. Ол түрмеге қамалып, сонда қайтыс болды. Кореяның азат­тық алғанын көрген жоқ.
– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
– Орталық Азия мен Корея арасын­дағы мәдени байланыстарды дамытқым келеді. Сол себепті, зерт­теулерімді одан әрі тереңдете беремін. Кәріс қо­ға­мын Орталық Азия мәдениетімен таныстыру үшін жыл сайын кәріс тілінде кемінде 1-2 ғылыми еңбек жазып, жарыққа шығарамыз. Сондай-ақ біздің университет­те қазақ тілі және өзбек тілі курстары ашылған. Мұнда жыл сайын 30 студент оқиды. Астанадағы Кәріс мәдениеті орталығында жұмыс істейтін қызметкерлердің арасында біздің түлектеріміз де бар. Сонымен бірге Қазақстандағы кәрістер жайлы да зерт­темек ниетім бар. «Олар неге өз мәдениетінен алыстап, ана тілін ұмытып қалды?» деген сауалдың жауабын анықтасам деймін. Бұл енді халықтарымызға ортақ мәселе. Өйткені шетелдерде тұратын қазақтардың да біразы осындай күйге душар болған.
– Өзіңіз неше тіл білесіз?
– Корея зерт­теушілеріне ағылшын тілін білу міндет­ті. Жоғарыда айт­қа­нымдай, университет­те неміс филоло­гия­сында оқып, немісше үйрендім. Ал мектепте оқығанымызда, қытай иро­глиф­терін меңгердік. Қазақстанға келген соң, орысшаны да үйреніп алдым. Қазақ және өзбек тілдерін де оқыған едім, алайда тұрақты қолданбаған соң, ұмытып қалдым. Қазір аздап қана түсіне­мін.
Біз Оңтүстік Кореяны дамыған мемлекет ретінде танимыз. Қазір ондағы қоғамның бет алған бағыты, менталитеті қандай?
Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу уақыты ресми түрде 09:00-18:00 арасы. Ал іс жүзінде, халық 06:00-21:00 аралығында жұмыс істеуге мәжбүр. Сондай-ақ бізде апта күндері «дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма + жұма және тағы жұма» деп жалғаса береді. Содан кейін қайтадан дүйсенбі басталады. Айтайын дегенім, сенбі, жексенбіде де демалыссыз жұмыс істей береміз. Өйткені басшылық сондай қатаң талап қояды. Кімде-кім бұған келіспесе, жұмыстан шығарылады. Жұмыс кестесіне көңілі толмай, жұмыстан шығып кеткен қызметкердің басқа компанияға жұмысқа кіруі мүмкін емес. Себебі әртүрлі компаниялардың басшылығы өзара тығыз байланыста. Яғни, «Маған мынадай кісі келіп тұр. Сіздерде істепті. Қандай адам?» деп хабарласып сұрағанда, жағымсыз пікір естісе, онда жұмысқа алмайды. Сондықтан бізде 40-тан асқан соң, денсаулығыңа жақсылап қарамасаң болмайды. Менің жасым – 52-де. Сап-сау жүріп, аяқ астынан қайтыс болып кеткен құрдастарым көп. Кейбірінің кенет­тен жүрегі тоқтап қалды. Ал енді біреулері ауыр күйзелістен көз жұмды. Біздің алдыңғы буын шектен шыққан еңбекқор болды. Демалмай, ғұмырдың рахатын сезінбей, жұмыс істей беретін. Есесіне, көбі қазір өмірде жоқ. Бейнетінің зейнетін көрмей, о дүниеге ат­танып кет­ті. Ал біздің замандастарымыз әрі жұмыс істеп, әрі уақытында демалғысы да келеді. Бізден кейінгі жас буын мүлде өзгеше. Олар қоғамның, елдің мүддесінен гөрі өзін, қара басын көбірек ойлайтын өзімшіл. Бұл жақсы үрдіс емес. Сондықтан қазақ жастарына эгоистіктен қашып, қоғамға пайда тигізуге, елдің дамуына үлес қосуға кеңес берер едім.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір