АЛҒА ЖЕТЕЛЕГЕН…
07.10.2016
1116
0

23-bet1976 жылғы наурыз айының орта тұсы. Журналистикаға деген құштарлықтың жетегімен жаңадан шаңырақ көтерген Бөрлітөбе ауданының (бұрынғы Талдықорған облысы) орталығы – Лепсіге келдім. Төңірегін құм қоршаған қарапайым ғана станса алғашында көзіме оғаштау көрінгені рас. Үнемі үзілмейтін үйреншікті желінің ырғағымен ілгеріге ентелей ұмтылып, Сәрсен ағам ұсынған бір тілім қағазға қайта-қайта үңіле беремін. Айтып тұрғаным, ауылда бірге оқыған парталас досым Бейсеннің туған ағасы – Сәрсен Мінсізбаев. Осы ауданның «Балқаш өңірі» газетінде білдей бір бөлімнің меңгерушісі. Ауылдық Мәдениет үйін басқарып жүрген жерімнен осында шақырған да сол. «Оқушы кезіңнен баспасөз беттерінен көрініп, болайын деп тұрған баласың!» деп, қолтығыма су бүрікті. Өзім бір әкеден жалғызбын. Жалғыз әкемнен мектеп бітірген жылы айырылып, ауру шешемді көршілерге тапсырып, қызмет қуып келіп тұрғаным ғой баяғы.

Шеге заводының қарсысын­дағы жатаған үйге орналасқан редакцияны қиналмай таптым. Қуана қарсы алған Сәрсен ая­ғым­ды жерге тигізбестен газеттің редакторы Асхат Шаяхметұлына алып барды. Жүзі жылы, сырбаз жігіт екен. Жинап жүрген мақала­ларымның қиындыларын көрді де, біразына көз жүгіртіп: «Пәлі, республикалық, облыстық газеттердің бетін жаулаған, қаламы жүрдек азамат екенсің ғой… Керексің бізге…», – деді. Мақтағанды кім жек көрсін, танауым делдиіп, жетелеп келген ағама жымия қарадым. Дәл осы кезде бастықтың шақыруымен аласа бойлы сары кісі кірді. Мұн­таздай таза киінген, күлкі ша­қыр­ған өңіне от шашқан жанары сұлулық сыйлаған сүйкімді азамат мені кішісінбей жайдары жүзбен қол алып амандасты.

– Мына кісі редактордың орын­басары, республикамызға танымал жазушы – Асылбек Әлсеров, – деді редактор таныс­тырып.

Мен елең ете қалдым. «Мен туған ауыл» повесін құмарта оқы­ғаным бар. Бала кезімде тауға шығуды ұнатушы едім. «Аршалы», «Жамантас» жайлауына беттеп бара жатқанда жазушы шығармасының арқауына айнал­ған Ойжайлау Лепсі ауылы­ның таңғажайып табиғатына тамсана таңдай қағатынмын. Енді сол туған жер төсін түрлендіре сурет­тейтін сүйікті қаламгерім қасым­да отыр. Онымен қоймай: «Бұл жігіттің есімі таныс маған. Әсіре­се, әзіл-оспақ, сын мақалалары көздеген жерлеріне дөп тиіп жататыны бар…» дегені. Тіптен марқайдым.

Сонымен не керек, жарты сағаттың ішінде еңбекші хаттары бөлімінің қызметкері болып шыға келдім. Сол күннен бастап Асылбек аға мені өз қамқор­лығына алды. Әрбір жазған дүниемді ой елегінен өткізді, жақсы журналист болып қалып­тасуыма игі ықпал жасады. Несін жасырайын, әркімге еліктеп, әр жанрдың басын бір шалып жүр­ген кезімде сатира жанрына түп­кілікті бет бұрғызған да сол кісі еді. «Ұмытшақтыққа не дауа?» деген сықақ әңгімемді оқи отырып: «Бауырым, уытты жанрды игеру қолыңнан келіп тұрғанда, әркім жағалайтын жаймашуақ дүниелерді жаныңа серік етпей-ақ қой. Осы бағытыңнан тайма­саң түбінде сенен жақсы сатирик шығады» деп, болаша­ғыма жол сілтеді. Аға ақылы арқау болды ма, жауынгер жанрға деген ықы­ласым арта түсті.

Көрші тұрдық. Ертеңгісін жұмысқа бірге барып, кешкісін бірге қайтатынбыз. Ойы терең, айтары мол, көсемсөзімен көңіл түкпіріне көз жібере әңгіме тие­гін еркін ағытатын. Жастайынан жетім өскен, тұрмыс ауырт­палы­ғын тартқан жүдеу жігіттің жүрек күйзелісі әр сөзінен байқалып тұ­ра­ды. Жазған шығарма­лары­ның негізгі кейіпкерлері де өмір тауқыметін тартқан, түбінде сол қиындықты жеңіп шығатын пат­риот деңгейінде көрінеді. Шұ­рай­лы тіл, шырқыраған шындық, ар алдындағы адалдық, адам бойын­дағы асыл қасиет, шынайы махаббат – Асылбек Әлсеров туын­дыларының алтын діңгегі. Ол қозғаған оқиға, ой туғызатын нанымды деректер, өз орнын тапқан тартымды образдар оқы­ған оқырманын бейжай қалдыр­майды. «Ұрысай» повесіндегі қылмыскер әйел Шырайгүлдің бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Көңілдесі Қалабаймен қосылып күйеуі Сүйенішті өлтір­ген опасыз жан о дүниеге аттан­ғанымен, естен кетпес қорқы­ныш­ты елесі жылдар бойы жа­нымда жаңғырды. «Оралу» әңгімесіндегі аң аулап жүріп шөл далада зардап шегетін басшының өлер алдында тіршілікте жасаған опасыздықтарын еске алуы бас­қаға үлкен сабақ. Досына айтқан әңгімесі арқылы өрбитін қос ғашық жайлы повесі адалдықты аңсайтын жастар үшін баянды бақыт баспалдағы іспетті. Әсерлі басталып, әдемі аяқталады. Өзара әңгіме барысында: «Осы оқиғалардың бәрін өмірден алдыңыз ба?» деп сұрайтынмын. «Есіңде болсын, өмірден алын­ба­ған дүниенің ғұмыры ұзақ бол­майды, бауырым…» деуші еді.

Әңгіме, повестерінің көбі Лепсі кентіндегі он жылға жуық ғұмыр кешкен шағын баспанасында дүниеге келгенінің куәсі­мін. «Жазушы» баспасынан1972 жылы «Ауыл әуендері», 1974 жы­лы «Ауыл жігіттері», 1976 жылы республикалық «Жалын» баспасынан «Алыстағы арманым», 1978 жылы «Ар алдында», 1980 жылы «Таң алдында» атты кітап­тары жарық көрді. Үшіншісіне: «Жолымды қуып, ізбасарым бол, бауырым!», төртіншісіне: «Бал­қаш өңірінің» қара қазанында бірге қайнаған күндерден ескерт­кіш!» деп қолтаңба қалдырды маған. «Таң алдында» кітабына: «Әкемнің жақсы көретін інісі Тұрлыхан ағама естелік!» деп соңында қалған жалғыз ұлы – Айбар қол қойыпты. «Бір үзік сырлар…» деп аталатын повестер мен әңгімелер жинағы 1981 жы­лы, жазушы қайтыс болғасын бір жылдан соң 35 мың дана таралыммен «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты. Кітапқа қазақ­тың көрнекті жазушылары Дүкен­бай Досжанов пен Оралхан Бөкеевтің рецензия жазуы көп жайды аңғартса керек.

Осы жерден сәл шегініс жасайын. 1976 жылдың аяғында редакторымыз – Асхат Шаях­мет­­ұлы Ибрагимов қызмет бабымен Талдықорған облысының Киров ауданына ауысты да, орнына облыстан орыс тілді қазақ – Есбол Қуанышев деген азамат келді. Қалай екенін кім білсін, редакция ұжымының: «Орынбасар Асекең редактор болсын!» деген ұсынысы аудандық партия ко­митеті тарапынан қуаттал­мады. Жаңа басшы жайсыздық танытты. Ұжымда күнде кикіл­жің. Кінәлілердің басында Асе­кең тұрады. Береке жоқ жерде бәтуа бола ма? Шыдамы таусыл­ғандар жұмыстан кете бастады. Аудан басшыларының ұйғары­мы­мен жаңадан шаңырақ көтер­ген Мәдениет үйінің директоры қызметіне мен кеттім. Арада ай өткенде Асылбек Әлсеров те Қазақстан Жазушылар одағына қызметке шақырылды. Сөйтіп, жерлестері қадірін білмеген қарымды қаламгерді Алматыдағы әріптестері бағалады. Асыл арманына асыққан Асылбек ағаны теміржол вокзалынан жолаушылар пойызына орналастырған да өзім. «Тірі жүрсем, қанатымның астына аламын ғой, бауырым!» деп жылы сөйлеп, жымия күлгені әлі көз алдымда. Артындағы Күміс жеңгейге, қыздары мен ұлына көз қырын салуымды қайталап тапсыра берді. Бұл мені қолқанат іні санаумен қатар соңғы қоштасуы екенін ол кезде қайдан білейін…

Асекеңді жүрек, жоғары қан қысымы ауруы жиі мазалайтын. Таулы аймақ ескі сырқатты қоз­ғаса керек. Жаңа қызметтің дәмін бір апта ғана татып үлгерген қа­зақ­тың қабырғалы қаламгері қалалық ауруханада көз жұмды. Суыт хабар келісімен аудандық партия комитетінің хатшысы Совет Кенжебеков арнайы комиссия құрды. Отбасы мүшелерін Алматыға апару, Жазушылар одағындағы зиялы топпен жүздесу аудандық газет қызмет­кері Болат Жұматаев екеумізге тапсырылды.

Жерлес жазушылар: Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Сәкен Иманасов, Қастек Баянбаев бастаған қаламгерлер Одақ басшыларымен келісе отырып, Асылбек Әлсеровтың денесін Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерлеуді ұйғарған екен. Бірақ жарықтықтың зайыбы, ұлы әке мүрдесін Балқаш көлі жағасын­дағы өзі талай жыл қызмет жаса­ған аудан орталығы – Лепсіге әкетуді жөн деп тапты.

1936 жылы Алакөл ауданында (бұрынғы Андреев ауданы) дүниеге келіп,1980 жылы небәрі 44 жасқа қараған шағында фәни дүниемен қоштасып, бақилыққа аттанған қазақтың қарымды жазушысы, СССР Жазушылар одағының мүшесі – Асылбек Әлсеров көзі тірі болса, биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтер еді. Жаратушы Алланың құдіре­тіне не шара, аудан статусынан айырылса да, адамдары береке-бір­лігінен айырылмаған құтты мекен Лепсінің биік қыр­қасында тыныстап жатқан қадір­лі ағаның мәңгілік қонысына жуырда барып құран оқыдым. «Тірілер, ме­ні ұмытпаңдар?!» дегендей, тас мүсіндегі жас бейнесі күлімсірей қарайды…

Тұрлыхан КӘРІМ,
сатирик жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Талдықорған қаласы.

ПІКІР ҚОСУ