САТИРАСЫЗ ҚОҒАМ АЛҒА БАСПАЙДЫ
17.04.2023
604
0

Қазақ әдебиетін сатирасыз елестету мүмкін емес. Өйткені әдебиет­ті сынмен түйреу арқылы, оны алға сүйрейтінімізді әсте естен шығармағанымыз абзал.

Сол секілді сатирасыз қоғам да дамымайды. Себебі қоғам мен адамды сын-сықақ пен әзіл-әжуа арқылы келеке етіп, келемеждеп, түрткілеп отырмасаң, еркінсіп, есінеп, қалғып кетеді немесе ауруы асқынып, ажалы ерте жетеді. Кезінде хакім Абай да өлеңге қатысты өзінің сын-пікірлерін айтқан. Сондықтан сатира қоғам мен әдебиет­тің дамуына қалтқысыз қызмет етеді деуге толық негіз бар.
«Сатирамен сурет­телер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді», – дейді академик Зейнолла Қабдолов. Бұл пікір біздің жоғарыда айтқан сөзімізді қолдап, қуат­тай түседі.
«Күнің барда – күліп жүр» дейді атам қазақ. Біз күлкіден кенде қалған халық емеспіз. Әзіл-қалжың айтуға келгенде, біздің алдымызға түсетін ел жоқ. Әсіресе астарлап айтуға, мысқылдауға ұстамыз. Қамшы салдырмаймыз. Мәселен, нағашы мен жиен, жеңге мен қайны, құда бала мен құдаша, құрдастар мен құрбылар, әріптестер арасындағы әзілдерді алып қараңызшы, тұнып тұрған қалжың-қылжақ емес пе?! Сондықтан да «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп кез келген адаммен еркін әзілдесеміз. Ойнап болса да ойымыздағыны айтамыз.
Қазақ – от­тан да, шоқтан да, сот­тан да қорықпайтын халық. Бірақ елге күлкі болудан қат­ты қорқады. Оны өлімге теңейді. Қазақ сатирасының көрнекті өкілі Сейіт Кенжеахметовтың «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» дейтіні – содан. 
2003 жылы «Ара» журналы жарыққа шықты. Кейін ол «Айқын» газетінің қосымшасы болды. Сонда журналдың да, қосымшаның да әрбір нөмірінде Көпен Әмірбектің, Мұхтар Шерімнің, Кемелбек Шаматаевтың, Үміт Зұлхарова және менің фельетондарым жиі жарияланатын. Мұны неге ұмытамыз?! Ал эпиграмма бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып келеді. Менің бірнеше кітабыма эпиграмма және пародия жанрында жазылған шығармалар енгізілді. Дәл осы фельетон, эпиграмма, пародия жанрында қалам тербеп жүрген Александр Алхан, Күләш Керімбекқызы, Төреғали Тәшен, Кәдірбек Құныпияұлы, Асхат Қылышбек, Үміт Зұлхарова, Олжас Қасым, тағы басқа авторларды неге ескермейміз?!
«Еге­мен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» га­­­­зетінде «Бұзаутіс», «Ай­қын­» газетінде «Ара.кz», «Ана тілі» газетінде «Оспанхана» ат­ты сатиралық бет­тер, ал басқа аймақтық және аудандық басылым­дарда сатиралық мүйістер мен бұ­рыштар бар. Қазақ телеарналары мен ра­дио­ларын­да сатиралық бағдарламалар мен ойын-сауықтық отаулар баршылық. Бұған «Фейсбук», «Тик ток», «Ютуб» «Инстаграм», «Телеграм» секілді әлеумет­тік же­лілердегі портал, сайт, канал, парақшаларды қо­сыңыз. Олардың тұрақты автор­ла­ры, озық ойлы оқырмандары, көзі қарақты көрермендері бар. Сондай-ақ жыл сайын мем­ле­кет­тік тапсырыс және демеушілер арқылы һәм ав­тор­лардың жеке қаржысымен қанша­ма сатиралық жинақтар тасқа басылып жатыр. Олардың бірін көрсек, енді бірінен хабарсызбыз. Сонымен бірге елімізде жиырмаға жуық сатиралық театрлар мен әзіл-оспақ отау­лары бар. Олардың бірі ашылып, бірі жабылып жатады. Соның өзі қазақ сатирасының өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізеді деп сенімді түрде айта аламыз.
Айтпақшы, былтырдан бері Жамбыл облыстық телеарнасында «Қаламгер» ат­ты әзіл-қалжыңға арналған бағдарлама ашылды. Бұл хабарды белгілі журналист Оралхан Дәуіт жүргізеді. Көрерменнің көзайымына айналған осы бағдарлама айына екі рет эфирге шығып тұрады.
Осы орайда 2019 жылы Арқалық қаласында сатира сардары Сейіт Кенжеах­­­метов атындағы «Мірдің оғы» ат­ты республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі ашылғанын айта кеткеніміз абзал. Осы өнер мерекесі 2021 жылы Тобыл қаласында жалғасын тапты. Оған Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарының әзіл-сықақ театрлары қатысты. Дәл осы сияқты «Айтқыштар – Ақтөбеде» ат­ты әзіл-сықақ байқауы Нұрлыбек Жұбатқанның ұйымдастыруымен 2002 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді.

Биылғы әдеби жыл қорытындысының өтетін жері мен уақыты және шыққан кітабын тапсыру керектігі туралы қазақ қаламгерлері толық құлақтанды. Соған қарамастан, біздің қо­лымызға екі-ақ кітап тиді. Оның бірі – Үміт Зұлхарованың «Келеке керек пе?» деп аталатын кітабы. Ал екінші кітап «Анау-мынау» деп аталады. Авторы – Самат Слямғазин. Үміт­тің жинағына сатиралық әңгімелер мен сықақ өлеңдер, фельетон мен тұрмыстық пародиялар, мағынасы майысқан мақалдар мен жағымсыз жаңылтпаштар топтастырылған. Негізі, Үміт Зұлхарова – қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Ол кез келген жанрда кең де көсіле жазады. Тілі мен ойы – ұшқыр, қаламы – үшкір. Көтерген тақырыптары – өзекті. Тіпті туынды та­қырыбының өзі оқырманды оқу­ға шақырып тұрады. Қане, нақты мысалға жүгінейікші. Мысалы, «Жын» ұсынған жұмыс», «Өй, бетімен кеткендер!», «Мұрындар мұңы», «Тесік тамақ», «Министрдің мәселе есебі», «Сот қанша пайда тапты?», «Кадр алмасу ойыны», «Депутат отыр партада», «Жемқорлар жыры» тағы басқа. Міне, енді осы тақырыптағы туындыларды оқымай көріңіз?! Оған сабырыңыз жетпейді. Қалай оқып қойғаныңызды сезбей қаласыз.

Күндіз-түні бір тынбай,
Мәселе шешкен нақтылап.
Құмар едім өзіңе,
Келдім, міне, шапқылап.
Сынап тастап билікті,
Кейде ерлеп қаласың.
Ештеңеге килікпей,
Кейде «терлеп» қаласың.
Сенің келіп алдыңа,
Халық талай сын айтқан.
Билік келіп алдыңа
Сені талай мұңайтқан.
Айналайын, Парламент,
Бәзбіреуге арман ең.
«Үндемеген жөн-ау» деп,
Дау-жанжалға бармап ең.
Жер сатылып жатқанда,
Жақ ашпаған Парламент.
Тілі үшін қайғырып,
Таласпаған Парламент.
Сен болмасаң маңдайым
Ашылмайды, Парламент.
Саған деген құмарым
Басылмайды, Парламент.
Бұл – автордың «Депутат­тың ариясы» ат­ты тұрмыстық пародиясы! Осы шығармадан-ақ қаламгердің шеберлігін байқауға болады. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген – осы!
Самат Слямғазин – сықақшылардың сапына енді қосылып жатқан сатириктердің бірі. Бұған дейін оның шығармаларын оқып көрмеппін. Қолымызға тиген «Анау-мынау» деп аталатын жинағына әзіл әңгімелері мен өтірік өлеңдері топтастырылыпты. Кітапты бір деммен оқып шығып, автордың сатира жазуға ебі де, құлшынысы да бар екенін байқадық. Сөз саптасы да көңілден шықты. Ең бастысы, тілінде тікен, айтар ойында астар бар. Сатирикке керегі де – сол.
Тіл басқарды тасбақа,
Жылжымады масқара.
Өзі білмей мемтілді
Үйретпекші басқаға.

Немесе:
Таудан төмен – еңісте,
Қаптап өсті шемішке.
Шемішкені шақсаңыз,
Сіз сөйлейсіз немісше.
Айналайын шемішке,
Сөйлет­тің ғой немісше.
Шыға тұра қазақтан,
Сен тидің бе неміске?! –
деп ой қорытады автор сатиралық өтірік өлеңдерінде. Тәуелсіздік алғалы бері отыз жылдан асса да мемлекет­тік тілдің есіктен сығалап жүргені – шымбайға батса да шындық.
Самат Слямғазин – әскери адам. Соған қарамастан, сатира жазуға әбден төселіп алыпты. Алдағы уақыт­та қазақ сатирасының теоретигі Темірбек Қожакеевтің «Сатиралық жанрлар», «Сатира негіздері» ат­ты ғылыми еңбектерімен танысып, жанрларды терең игерсе, Самат­тан тәп-тәуір сықақшы шығарына бек сенеміз!
Жақында Астана қаласындағы Ұлт­тық академиялық кітапханада қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр» ат­ты бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өт­ті. Бірінші томына автордың сатиралары топтастырылса, екінші томына қаламгердің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбат­тары енгізіліпті. Үшінші және төртінші томына «Жол-жөнекей» атауымен жазған шығармалары топтастырылыпты. Ал бесінші томы толық фотошежіреге арналған. Біз бұл мәлімет­ті газетке шыққан ақпарат­тан алып отырмыз. Кітапты іздеп, Астана мен Шымкентке сұрау салып едік, бірақ әлі қолымызға тиген жоқ. Сондықтан бұл кітап туралы келте қайыруға тура келді.
Қазіргі қазақ сатирасының мүйізі қарағайдай сатириктерінің бірі – Мұхтар Шерім. Өткен жылы оның «Біз ұялмаймыз» және «Ештеңенің керегі жоқ» ат­ты екі жинағы жарық көріпті. Бұл екі басылымға сықақшының соңғы жылдары жазылған сатиралық шығармалары топтастырылыпты. Екі кітап та қолымызға тимегендіктен, жинаққа енген туындылар туралы ештеңе айта алмай отырмыз. Бірақ оның «Фейс­бук» әлеумет­тік желісінде «Мистер Мұхтар» және «Қышқыл сөз» ат­ты сатиралық парақшалары бар. Сол жерден сықақшының шығармашылығымен толық танысуға болады.
Қазіргі қазақ сатира сардарларының бірі – Аймұханбет Бейсембек. Бұл кісі сонау Семейде тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Садықбек Адамбеков атындағы сыйлықтың иегері. «Бетің қисық болса…», «Өмірдің өзі күлкі», «Бірі – қалжың, бірі – шын», «Күлместерді күлдірген», «Қазағым-ай», «Сайтан алғыр сатира» ат­ты жинақтардың авторы. Бұл жолы бізге «Сақ-сақ күлген сатира» ат­ты жинағының электрондық нұсқасын жолдапты. Қаламгердің бұл жинағына сықақ әңгімелер мен өлеңдер, әзіл-қалжыңдар, эпиграмма мен пародиялар, фельетондар топтастырылған. Сайыпқыран сатириктің сықағы семсердей, тілі тікенектей, күлкісі күмістей, әзілі – әңгелектей әдемі һәм мәнді де нәрлі. Тек рахат­тана оқып, ішегіңіз қатқанша күле білсеңіз болды. Сенбейсіз бе, оқыңыз!
Бүгіні биліктің «көгіндегілер» –
Ертеңгі түрменің «төріндегілер».
* * *
Пара бермей, пара алатын
«креслоға» отырмайсың.
* * *
Алдымен «баксыңды» тық,
Содан кейін басыңды сұқ!
* * *
Полицей бар, сот та бар,
Жазықсыздар сот­талар!
* * *
Шайпау қатын – ердің соры.
Жемқор билік – елдің соры.
Бұл – мағынасы майысқан мақалдары. Ал енді тікенек сөздерін оқып көрелік:
Қазақ тілі – қатын балаға ұрсатын, пара алғанда «ұғысатын» тіл.
* * *
Орыс тілі – мемлекет­тік тілдің түпнұсқасы.
* * *
Қазақ тілін «мемлекет­тік тіл» дейді, Ал ол тілді министрлер білмейді.
* * *
Жазушы – жазғанын бастыра алмайтын, бастырса – сат­тыра алмайтын Жазушылар одағының мүшесі.
* * *
Журналист – мақтап жазса, атақ­ты болатын, сынап жазса, «шатақшы» болатын қаламгер.
Рас па? Рас! Өзін сынай білген елдің болашағы зор.
«Күлмес ханды» күлдіретін – сатира,
Қоғамдағы былықты білдіретін –
сатира.
Жебесінің қарауылына ілінсең,
Жонтеріңді тілдіретін – сатира.
Көңіліңді жаз қылатын – сатира,
Әзілімен мәз қылатын – сатира.
Газет, журнал соңғы бетке бастырып,
Гонорарды аз қылатын – сатира!
Сатираға әуестенсең жарқыным!
«Көк ит­терден» жараланар
балтырың.
Жүрек керек, сатирикке тіл керек,
Сөзін айтар айта алмаған халқының!
Әй, сатира! Сатир деген –
сайтансың!
Дәл өзіңдей шындықты
кім айта алсын?!
Сатирикті қарамайтын
беделің мен бетіңе,
Сатирасын оқығанда байқарсың!
Автордың өзі айтып тұрғандай Аймұханбет Бейсембектің қандай сатирик екенін өздеріңіз байқаған боларсыздар!
Темірбек Қожакеев – қазақ сатирасының теориясын жазып, негізін қалаған ғалым. Ол – ондаған оқулықтар мен монографиялардың және жүздеген ғылыми еңбектердің авторы. Таяуда ғалымның ұлы Мадет Қожакеев екеуміз ақылдаса келе, Қожакеев энциклопедиясын шығаруды қолға алдық. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Темірбек Қожакеев атындағы сыйлық тағайындаса деген ойға келдік. Ол сыйлық Қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан қаламгерлерге берілуі тиіс. Біздің осы ұсынысымызды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басшылығы мен мүшелері қолдайды деп сенеміз.
Сөз соңында айтарым, 1956 жылы Кеңес үкіметі Сатираны қолдау туралы қаулы шығарды. Сол жылы «Ара» мен «Шмель» журналы дүниеге келді. Сол кезден бастап сатира өсті, өркендеді, дамыды. Қай жерде қандай сын айтылса, дереу жауап берілетін. Сыннан нәтиже шығатын. Сол сияқты Қазақ сатирасына Үкімет тарапынан да, Жазушылар одағы тарапынан да қолдау қажет! Сонда ғана қазақ сатирасының көсегесі көгеріп, қадамы құтты да қайырлы болады.
«Күлкі – өлмес елдің өшпес күші» дейді қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов. Сол айтқандай, біз – күлкімен өсіп, өніп, өркендеп келе жатқан елміз. Сондықтан күлкіміз барда өлмейміз һәм өшпейміз!

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақ­стан Жазушылар одағы
Сатира кеңесінің төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір