АНА АҚЫНДЫ ЖЕТЕЛЕГЕН ТӘТТІ АРМАН
24.07.2025
746
0

Әулиеатадан шыққан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарованың есімін мектеп жасымнан естіп өстім. Бұған біздің буынның кітапты қолдан тастамай, жастанып жатып оқитын ерекше уақытта өмір сүргені себеп те шығар.

Өркениеттен тыс, үлкен қалалардан шалғай, ауылда өскен бізге Күләш Ахметова, Айша Көпжасарова, Шырын Мамасеріковалардай ақын апаларымыздың өзіміздің өлкеде қанаттанып, қазақ поэзиясының аспанында муза жырдың шырқау биігін бағындырып жүргені мифтей көрінетін-ді. Содан да шығар, бәлкім, балауса шағымда ару ақын әпкелерімді жырға қосып, өзімше іштей олармен тілдесетінмін.
Өлең жазу мойындасаң азап-ақ,
Жан дүниең маздап жанар мазаны ап,
Ақындықты жүргенде әзер көтерiп,
Әйел түгiл, арқасы бар азамат.

Өлең оты өрт боп шарпып дененi,
Сарсылғанда сөз таба алмай келелi,
«Әйел жаның ардақты ма бізден» деп,
Көз алдыма қыз-ақындар келедi.

Болғанменен саны сирек қанша олар,
Менен бұрын салып кеткен жол солар,
Жамбыл жерiн жыр-желекпен
көмкерген,
Күлән, Шырын, Күләш, Гауһар, Айшалар.

Рухани күш алып Күлән, Гауһардан,
Мейiрленiп Шырын тiлiнен бал тамған,
Жырларына қанып өссем Күләштің,
Айша әпкемнің ай көркiне арбалғам, – деппін сол өлеңдердің бірінде.
Зымырап, зулап өтіп жатқан жылдармен бірге замана беттерін асыға парақтап, мінеки, енді осы кісілердің өздері мен шығармалары жайлы көрген-білгендерімізді айтуға біздер де жарап қалдық.


«Ай көрікті Айша әкпем» десем дегендей!
Бүгінде сексеннің сеңгірін еңсерген ару ақын шығармашылықта ғана емес, өмірде де өзіндік табиғатымен ерекше өрнек салған жан. Ол – үш ұлы мен бір қызынан өрбіген немере-шөберелерінің асыл әжесі. Аяулы жары Бекжігіт екеуі жұп жазбастан айналасына ақ шуағын шашып келеді.
«Ақ шуағын шашып» дегеннен шығады, бұл жолы ақынның «Жалын», «Жазушы», «Атамұра», «Дәуір» баспаларынан әр жылдары жарық көрген кітаптарынан іріктеліп алынған «Ақшуақ» атты екі томдық өлеңдер жинағын сөзімізге арқау етпекпіз. Бұған дейін «Соны соқпақтар», «Жаз келеді», «Бақытым менің», «Тал бесігім – Таразым», «Аяулы қазақ қыздары», «Ана жүрегі» сынды лирикалық дүниелерді жырсүйер қауымға ұсынды. Айша ақынның еңбек, адамгершілік, имандылық, адал махаббат, достық, азаматтық ар-ождан, ұлттық құндылықтар, елге, жерге деген сүйіспеншілік бейнеленген бұл кітабы да философиялық ой-толғамдарға толы дәуір шындығын қозғаушы күш ретінде жыр өзегіне айналған.
Бірінші том «Махаббатым өзіңе, Азат елім!», «Ана – алтын діңгегім!», «Жақсы адамдар жанымда», «Ән – көңілдің ажары» деп аталатын төрт бөлімнен тұрса, екінші кітап бес бөлімге топтастырылған. «Махаббатсыз дүние бос», «Бітпейді жырым», «Төрттағандар», «Жатыңның жақсысын ал», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп келетін атауларының өзі-ақ екінші томның да жүгінің едәуір салмақты екенін аңғартқандай.
Жинақтың қай бетін ашсаңыз да, өзінің тереңдігімен, ақынның парасат-пайымымен байсалды ойларға батырады. Автор арзан күлкіден арылтып, дүние жалғанның қызылды-жасылды жарқылына алданудан сақтандырып, бір сәттік болса да шынайы бақыттың, адал еңбектің, кіршіксіз жан тазалығының – ақшасы көп болғанымен руханиятқа кедейліктен, үлде мен бүлдеге бөленіп, байлыққа малшынған дарақылықтан анағұрлым қымбат, анағұрлым бағалы екенін жеткізуге тырысады.
«Ұрпағы үшін от пен суға түсетін,
Қиындықтың тас бұғауын үзетін,
«Бақ пен байлық – балада» деп қазақтар
Үйретеді даналықтың ізетін» –
деп келетін «Қазақ» атты өлеңінде ұлттық дістүрімен, кодымен, өмір сүру дағдысымен жаһан халқынан ерекшеленетін ата-бабамыздың асқақ бейнесі менмұндалайды. «Езгіден арылған, Жүректе ар, иман, Отаным – тұғырым, Өзіңмен ғұмырым. Қырандай ұлдарың, Қырмызы қыздарың, Тәуелсіз Отаным, Өзіңнен от алдым» дейді ақын жігерлене («Тәуелсіз Отаным»).
Қауызын ашқан гүлдей Астанамсың,
Көркейткен көңілімді бас қаламсың.
Көк туын азаттықтың желбіреткен,
Сарыарқа төсіндегі ақ самалсың
(«Астанам»), –
деп Отанымыздың жүрегін оттай лаулап, шоқтай жалындата жырлайды. Айша Көпжасарованың азаматтық лирикасы мен деген әрбір қазақтың, мен деген әрбір ұланның томағасын сыпырып, түлетіп ұшыратын түкпірдегі ауыл деген алақандай ақ ордадан қанаттанатынын, күш алатынын, содан соң әлбетте, елін сүйген, жерін сүйген нағыз отаншыл, патриот болып өсетінін паш етеді.
Өлеңдеріндегі «Тілім менің – ар-ұжданым, бұл анық» деген жолдармен («Тілім менің»), «Дін, тілін ұмыттырған ата-анасын, Елде бір дерт кеткендей белең алып» («Ана тілім – беделім»), «Өзің­менен жырым көркем нәзік қой, Жауһар тілім мәңгілікке азық қой» («Ана тілім») сықылды тармақтармен ақын әпкеміз ана тіліміздің, баба тіліміздің құнарын қорғауға, қасиетін көздің қарашығындай сақтауға шақырады.
«Ризалық», «Абыз», «Жұлдызың биік», «Дүлділім» секілді Тұманбай Молдағалиевке, Әбіш Кекілбаевқа, Амангелді Карентаевқа, Димаш Құдайбергенге, т.б. тұлғаларға арнаған жырларда күллі қайраткерлік рухтың жалауы көтерілсе, «Қызым Айжан-Сараға», «Әже тілегі», «Айлин сұлу туғанда», «Зейінге», «Құлыным», «Ұл», «Келінім», «Анадан хат», «Перзенттерім-көктемім» атты тұрмыс-салт пен отбасылық баянды тіршілік суреттелген өлеңдерінен аналық мейірім, әжелік жұпар аңқиды.
Қазіргі эстрада жұлдызы, ән сүйер қауымның сүйіктісіне айналған атақты «Бүркіт» Айбектің осы Айша әпкеміздің ұлы екенін білетіндер Айша ақынның бірталай әндерге сөз жазғанын заңдылық санайды. «Мекенім – Қазақстан», «Мемлекетім», «Туған жер» деп аталатын талантты ұлы Айбек Жансейітовтің танымал әндерінің сөзін жазған аяулы ана Әбиірбек Тінәлиев, Аман Малдыбаев, Жорабек Шүленбаев сияқты белгілі сазгерлердің әндерінің мәтіндерінің авторы. Ал қазақтың көрнекті композиторы Мэлс Өзбековтің «Келші Құланға!» деген әнін білмейтін қазақ жоқ шығар.
«Көркің әсем көктем,
Құмырсқа бел, көкем,
Күлімдеші, күлші
Жүзің гүл, алма.

Жібек жолын асып,
Үмбет құмын басып,
Келші, сәулем, келші,
Біздің Құланға!» –
деп қайырмаланатын әдемі ән – осы.
Кітаптың соңғы беттерінің бірінен осы ән көзіңізге түскенде, өзіңіздің де ыңылдап, еріксіз әндетіп кеткеніңізді байқамай қаласыз. Өлең құдіреті, ән құдіреті, өнер құдіреті деген сол емес пе?!.
«Жазбай жүрсе қиналар айыпкердей жазалы,
Бір қолында – қаламы, бір қолында – қазаны,
Мың-миллион ойланып, толғатқанда оңаша,
Шапағатты, шуақты жыр туады ғажабы» –
деп ақын құрбысы, сыралғы досы, меркілік Шырын Мамасерікова әкпеміз Айша ақынға тегіннен-тегін жыр арнайды дейсіз бе?! Ақындар Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Айымгүл Жұмағұлқызы, Сәнтөре Пірманұлы, Нұржан Әлішовтердің арнаулары да Айша әпкеміздің сегіз қырлы, бір сырлы дарынына тәнті болатынын білдіріп, Құдай берген талантына, мағыналы да мәнді ғұмырына, салтанатты да сәнді шығармашылығына бастарын иетінін дәлелдейді.
«Майырып ап біреуін қос қанаттың,
Тағы келдім алдыңа, ақ халаттым.
Кәріліктен өзге дерт шипалы – деп,
Тәуелді қып өзіңе, Хақ, жараттың» –деп қуанса да, қиналса да Жаратқан Иемізге тәубе етуден жалықпайтын ақын Айшаның өлең қоржынында обал мен сауаптың айырмасы, мінәжат пен зияраттың ерекшелігі, пітір-садақа берудің парызы мен пайдасы, Құдайға құлшылық, Аллаға ғибадат-амал жасаудың жолдары мен жөн-жосығы, яғни мұсылмандықтың өнегесі мен үлгісі, дін ислам тақырыбы да шет қалмаған. Аузында тобасы бар, арқа сүйер Алласы бар ақылды ақын алдағы келер күндерінен тек қана жақсылық күтеді. Оның аруана жүрегін болашаққа деген наным-сенім тербетеді. Ұйқысыз түндерін де, мазасыз шақтарын да тәрк еткісі келмейтін, бір Тәңірге ғана мойынсынып, бір Хақ Тағаладан ғана пана тілейтін тегеурінді көңіл күйін әрдайым қиял көгіне шарықтатып, таңдай арайлы, балдай тәтті арман жетелеп отырады. Содан да шығар, жарқын ойлы, жасампаз ақынның әр өлеңі оқырманын иландырады.
Сөзімнің соңын:
«Сағынып жүрмін өзіңді, сағынып жүрмін,
Таңнан-таңға көз ілмей, сабылып жүрмін.
Елесіңнен есімнен жаңылып жүрмін,
Қадіріңді, қадірлім, жаңа ұғып жүрмін» – деген ынтық сезімге толы,
«Құлазып алаң кеуде,
Шанши ма, дыз ете ме?
Шашылып қалды-ау жерде,
Аппақ боп хризантема» – деген мұңды,
«Сең бұзылып, сағынтқан көктем шығар,
Ғайыптан деп жүрмеңіз өткел шығар.
Іңкәрлік күйін кешкен талай пақыр,
Жібектен жүнге айналып кеткен шығар» –
деп алып-ұшқан көңілді су сепкендей басып, сабырға жеңдіретін,
«Ұқпасам безіп кетер ем,
Жүректе барда от ерен.
Өзің болмасаң өмірдің
Сындарын қалай көтерем?» –
деп сезім мен көңіл ағысын салқынқанды, қанағатшыл бір арнаға тоғыстыратын ғашықтық жырлардың мысалымен қорытындылауды жөн көрдік.
Өйткені шығармалардың мазмұны бай, формасы ерекше. Абай хакімше айтқанда, «айналасы жұп-жұмыр, тегіс келген» Айша өлеңдерінің техникасы сөздің сарасын теңізден терілген інжу, маржандай мөлдірете алған.
Жинақтағы төрттағандардай, «Ұлым десе иіп кететін, Ұлтым десе ұйып кететін, Үлкенді көрсе иіліп кететін, Жаманды көрсе күйініп кететін» ақын Айша Көпжасароваға сексеннен асқанында да, тоқсанға қадам басқанында да қолынан қауырсын қаламы түспесін, дуалы ауызы құс тістесін, денсаулығына күш түспесін, өмірдің күзі келсе де қыс түспесін, өлеңінің жапырақтарын суық жел суырмасын, жанына, жаны мен жақындарына жамандық жуымасын дейміз.

Үміт БИТЕНОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір